Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 3417 2 пікір 18 Қараша, 2022 сағат 14:25

Қаракер аттың өлімі

Бір күні біздің үйде таң атпастан абыр-сабыр басталды да кетті. Көптен бері есігімізді ашпаған туыстарымыз, «Ассалаумағалейкум» деп алақанымызды ала жүгірсе, теріс айналып кеткен ағайлар атамның айналасынан табылды. Есіктің алдындағы қара ағашта байлаулы тұрған ақсарбас қой шиыршық атады. Сол күні әкеміз үйге оралды. Жұрттың аузынан «Төрттік төбе талқандалып, заман тыншыды», – деген сөздерді жиі еститін болдық. Бәрін қойшы, әйтеуір әкеміздің ортамызға оралғанына бала көңілмен барынша мәз болдық. Сол күні ауылдық өкіметте істейтін жас жігіт атамның Қаракер атын әкеліп берді. Құлағын қайшылап, маңына жақындағандарға осқырына қарап, тықыршып тұрған жануар атамды көргенде басын мамағашқа тіреп, тынши қалды. Көзінен мөлтілдеп жас аққанын көріп, «жануар да жылайды екен ғой» деп ойладым. Араға он жыл салып барып қайта табысқан атам мен қаракер біразға дейін көңілімен сыр бөлісіп, сағынышын тарқатқандай болды.   

Қаракер – атамның қарындасының ағасына сыйлаған сыйы. Айтса айтқандай, түгі қара қызыл, түйедей биік, қоян жөн, қамыс құлақ, тұяғындағы шашасы ұзын, бауыр жүні сәл сарғыш, құйрық-жалы жер сызып жүретін. Атам оны: «Нылқы ат зауытының тұқымы» деп түсіндірген, бірде. Жергілікті халық «Нылқы ат зауыты» деп атап кеткені болмаса, бұл әскери аттарды бағып, баптайтын өкімет қарамағындағы ферма еді. Біз өскен өңірде Нылқы және Моңғұлкүре деген екі ат зауыты болды. Олар жергілікті өкіметке емес, Қытай астанасы Бейжіңге тікелей бағынатын. Десе де, оның алғашқы негізі сонау 1944 жылы құрылғанын естіп едім. Негізінде Ұлттық армияның құрамындағы жаужүрек қазақ сарбаздарын әскери атпен қамтамасыз ету мақсатында құрылыпты. Ондағы әскери аттар біз ертектерден ғана оқитын «шалқұйрықтардың», қазақ жылқысының, нақтылап айтқанда еуропалықтар прижеваль жылқысы атап кеткен кешегі сақ сайгүліктерінің сарқыты. Қазір ол ерліктер айтылмайды, ол жылқының тұқымы да қалған жоқ.

Осы тұста әскери аттар неліктен ұлан-ғайыр қазақ даласының осы екі нүктесінде ғана бағылды деген заңды сұрақ туатыны анық. Оны түсіндіру үшін Іле өзенінің Қытай жағындағы бөлегінің географиялық жағдайына азырақ тоқтала кетуге тұра келеді. Іле жайлы сөз болса:
Байқасаң Іле жердің ортасындай,
Егер де дене болса қолқасындай.
Тауы алтын, тасы күміс, ағашы жез,
Сулары еркек қойдың сорпасындай, – деп Таңжарық ақындай жеткізіп айта алмасымыз анық. Ақын тағы бірде Іле өзені мен оны құрап, оған құйып жатқан тарауларын:
Іленің басы Күнес жылжып аққан,
Сарқырап құйған бұлақ əр тараптан.
Қасында Шақпы деген бір тарауы,
Ағыны артығырақ шапқан аттан.
Қас деген сол жағында бір сіңлісі,
Баладай асау мінген жалбаң қаққан.
Жырғалаң, Көксу, Текес оң жағында,
Текіртіп мас адамдай атқа шапқан.
Қосылып бəрі келіп бір Ілеге,
Аптығын сонда барып, тыным тапқан, – деп толғайды.

Сол Ілеге құятын Күнес өзенінің бойында Аралтөбе деген ауыл, оның іргесінде сол аттас төбе бар. Оның бітімі де бөлекше, көрінісі де көз тоятындай еді. Көл бетінде жайланып жатқан жайын балық сияқты басы дөңгеленіп, құйрығы созылып барып, Күнес өзеніне құятын бір тармағына емініп кіріп жатады. Күнес деген сөз сақтардың Күнгес дегенінен шыққан. Таудың күнгейі деген мағына береді. Төбенің әр тұсы түгін тартса, майы шығатын құйқалы қара топырақты келеді. Алайда Аралтөбенің үстінде жалғыз адамның шамасы жетпейтін үлкен қой тастармен қаланған бірнеше зиратты кездестіретінбіз. Ондағы тастарға біз білмейтін таңбалармен имай-шимай жазу жазылған. Бір қызығы, таңбалар күн сәулесі түскенде ғана айқын аңғарылатын. Күн шығыстан арқан бойы көтерілгенде тастағы таңбалар алқызыл түске еніп, жазулардың бас жағы ғана анық көрінетін де төменгі тұсы бұлыңғыр тартып тұратын. Ал талтүсте таңбалар қызыл қоңыр түске өзгеріп, бас-аяғы толық әрі айшықты көрінетін. Кешке қарай тастағы жазулардың бас жағы солғын тартып, төмегі тұсы шұбарлана анық білініп тұратын. Осы көріністі тамашалу үшін қаншама күндерді төбенің басында өткізіп, бағып жүрген қозы-лақ, тайынша-торпақтан айырылып, әке-шешемізден таяқ жегенімізді санап бере алмаймын. Қанша жазалансам да осы тастардың құпиясын білгенше мазам кетіп жүрді.

Бұл тастардың менің есімде сақталып қалғанының тағы бір себебі болатын. Сол тастардан сәл қиыстау төбенің терістік тұсында Жансарбай атамның бейіті тұратын. Жасыратын несі бар, атамыз бақсы-балгер, емші, үй ішінен үй тігіп, талай есі ауысқан адамды емдеген кісі. Қылтамақпен ауырғандарға қайта тіршілік сыйлап, «Жан қалса, Жансарбайдан қалады» деген артына аңыз қалған адам. Ол жайлы тағы бірде айырым айтармын. Бірақ ол кісіні қазақтың ескі көзқарасы бойынша осы жерге жалғыз жерлепті. Біздің әулеттің исламға аса құлқымыздың соқпайтыны осыдан шығар. Бірақ осы күнге дейін аруақ аттап көргеміз жоқ. Әкем ара-тұра мені атамыз жатқан жерге ертіп барып, ол кісілер жайлы білетіндерін айтып беретін. Бұл жайлы қайта-қайта сұрай берген соң әкем қысқаша түсіндіріп берді. Бәрі бірде «Бөтен адамға тісіңнен шығар ма?» деп алдын ала уәде алып алатын:

– Тарихты қазбалай берсек, Еренқабырғаның арғы бетіндегі Жұлдыз жайлауы ежелгі сақтардық жасауыл атпен жауының еңсесін түсіріп, тізесін бүктірген қасиетті мекені. Қассақ атанып, қайырусыз жылқы баққан, қайғы-уайымсыз тіршілік еткен өлкесі. Ата-бабаларының алғаш рет атқа ер салып, тебінгісін тебініп, шіреніп садақ тартқан жері осы. Бергі беті Үйсін патшалығының ата қонысы. Қытай ханшайымы Ши Жүннің қалыңмалына берілген сайгүліктерде осы өлкеде бапталған. Оны ержеткенде түсініп аларсың. Кезінде Абылай хан ұзақ жорықтан қайтқан соң жасауылдардың соғыста мінетін сәйгүліктерін Жұлдыз жайлауына қыстатады екен. Бір жылы осы жерден өткенде жұт болып, жылқы да, жылқышы да, жасауылдар да тегіс қырылып қалады. Көктем шыға іздеушелір келіп, Ақ сөңке болып шашылып жатқан сүйектерді жинастырып, осы төбенің басына жерлеп, өзен бойындағы тастан белгі қалап, аты-жөнін таңбалап, жазып кетіпті. Кейін Абылайхан Ежанханға бірінші рет елші жібергенде Есенгелді атаңа ту ұстатып, осы өңірдің сайгүлігін жетелетіп жіберген, – деп түсіндірді.

Бала күнімізде бұл әңгімелер ертегідей сезілетін. Өсе келе өмірде болған оқиғалар екеніне көзіміз жете түсті. Әкемнің Жұлдыз жайлауы деп отырғаны Іле және Жоңғар Алатаулары түйіскен жеріндегі Желдікезең деп аталатын асудың Шығыс жақ беті. Кең көсіліп жатқан жазық дала. Шөбі аттың шашасынан аспайды, қар аз түседі, есесіне қара суық қаттылау болады. Қыстың күні суына мұз қатпайды. Мыңғырған мал таптаса да шүйгіні қайтпайтын жер еді. Оның үстіне жері жазық болғандықтан жылқылар шетінен су жорға болады. Құстай ұшып, құланмен жарысатын жүйріктерді жаратуға табылмайтын-ақ жер. Көкпар тартуға мінетін аттардың дені осы жайлауда бапталатын. Осы күні Абылайхан бастаған қазақ ұландарының ата қоныс үшін жүргізген соғыс жеңісінің бір ұшы Жұлдыз жаулауында жаратылған соғыс аттарының төзімділігі мен ептілігінде жатқан шығар деп ойлай беремін. Кейін торғауыттар Ресей жерінен қайта оралғанда Жұлдыз жайлауы солардың иеліне өтіп кетті.

Жұлдыз жайлауы туралы айтылымға сенсем те, тастарға бедерленген белгіні жылқышылар жазды дегенге сеніңкіремейтінмін. Өйткені, біз де сондай жазу жазбақ болып талай тырысып көрген едік. Бірақ теміріміз майырылып, қайламыз сынып, әр дәйім амалсыз қалатынбыз. Сөйтіп жүріп, тас бетіндегі талай таңбаны бұзып тындық. Ал одан қалғанын өткен ғасырдың 80 жылдарының орта шенінде белгісіз адамдар түнде келіп, түгелімен қопарып, көліктеріне тиеп, алып кеткенін естідік. Ауыл тұрғындары алыс-жақынға сұрау салып көргенімен бәрі бір дерегін таба алмады. Өкініштісі, сол тұста фотоаппарат деген болмады ғой. Тас таңбаларды суретке түсіріп, сақтап қойғанда бүгінгі күнде тарихымызды тануға үлкен олжа болар еді.

Қалай болса да, қаракер ат Іленің тұнығын ішіп, шүйгінін жеп өскен жылқы. Іленің екі бауырының да қасиеті көп. Ол жайлы тағы бір орайы келгенде айта жатармын. Ең бастысы, Ілеге құятын Қас өзенін сағалап Нылқы ат зауытының, Текеске құятын Шат өзенінің бойынан Моңғұлкүре ат зауытының құрылғаны тегін емес деп қана тоқтай тұрайын.

Бала күнімде бір рет атама еріп, Нылқы ат зауытына барғанда әскери аттардың ақылыдылығына тәнті болғаным есіме түсіп отыр. Барлық соғыс тәртібіне үйретілген аттар үстіндегі адамның ыңғайына бағынады. Шапса желдей есіп, қойған жеріне қазқытай қатып қалады. Жат десе, жата қалып, тұр деген белгі берілсе, көз ілестірмес тездікпен қарғып тұрады. Алдына қарай еңгейсең жалын күдірейтіп, артына қарай шалқая берсең құйрығын көтеріп, сенің сұлбаңды көрсетпеуге тырысады. Топты жылқыға қалай сұғынып кіріп, қалай сытылып шыққанын да сезбейсің. «Адамнан да ақылды-ау» деп ойлағанмын сол кезді. Тәртіп бойынша бұл жердегі аттар сыртқа берілмейді екен. Қаракер бір реткі әскери жаттығуда тас қақпанға аяғын қысып алып, жарақаттанған соң есептен шығарылып, союға жіберілген жерінен апамыз орнына басқа атты ауыстырып, ағасына беріп жіберіпті. Артқы аяғын сылтып басқанымен мінгенде сол кемшілігін білдірмей, майда жорғасынан бір тынбай жүруші еді.

Атам шетке тұрғызылып, күреске тартылып, сұраққа алынғанда сол тұстағы ауыл әкімі қаракерді тартып алыпты. Ол кісі оқымаған, қараңғылау адам екен. Ол кезде оқымаған, көңілі соқыр, арғы-бергіні салмақтамайтын, саңлаусыз адамдар билікке келді ғой. Жаман атқа жал бітіп, жаман адамға мал бітксе қиын екен. Оның бар жасайтын жұмысы таң ата жұртты жиып: «Суға баратындарың суға, малға баратындарың малға, егінге баратындарың егінге барыңдар. Енді, тараңдар әкеңнің аузын!» деген бұйрықпен шектеледі деседі.

Ауыл әкімі қаракерді тартып алғанымен қызығын көре алмапты. Жануар артынан келсе теуіп, алдынан келсе тістеп, мінсе мөңкіп, ешкімді маңына жуытпапты. Бір рет балалармен бұғынбақ ойнап жүріп, қара терге шомылып, ауылдың ат қорасының қараңғы бұрышында қалыш-қалыш етіп тұрған қаракерді көріп, әкеме айтып келдім. Әкем сол күннен бастап төніп тұрған қатерге қармай ел ұйқыға кеткен де бір күндік еңбегі үшін берілген бір қалаш (дөңгелек) нанның жартысын тұзға әбден матырып, қаракерге апарып беріп жүрді. Қаракерді жуасытамыз деп алысып-алысып әбден шаршаған әпербақан жігіттер ақыры оны ауылдың керек-жарағын таситын ат арбаға жегіп тынды. Жануар үстіне толтыра жүк тиелген ауыр арбаны ауылдың ұйқы-шойқы шаң басқан жолымен қинала сүйреп бара жатса да, біздің үйдің жанынан өткенде бойын түзеп, басын тік көтеріп, майда жорғасымен мамырлап өтетін. Оны көріп апамның жүрегі ауырып, көз жасын сығымдап отырғанын талай көрдім. Ол күндерде өтті ғой.

Сөйтіп, әкемнің қайта оралған, қаракердің үйге келген күні біздің әулет үшін орны толмас қуаныш болды. Ел тарап, өзіміз қалғанда атам бізді сыртқа ертіп шығып, қаракердің тізгінін әкеме ұстатты. Осыдан кейін әкемді қонаққа шақыратындар көбейді. Қайда барса да мені артына мінгестіріп алады. Атам денсаулығы сыр беріп жүргеніне қарамай таң атпастан тұрып, қаракерге жем-суын беріп, ерттеп, есіктің алдындағы мама ағашқа байлап қоятын. Бір күні көршіміздің қаңғыбастау ұлы қаркерді ұрлап мініп, екі күннен кейін әкеліп берді. Атам ашуланған жоқ, тек:

– Тәуке ханның тұсында болғаныңда басың шабылатын еді. Мына кер заманда дүниеге келгеніңе шүкіршілік ет, – деп қана қойды.
Білмегеніңді сұрап үлкендердің мазасын алу бар баланың басында бар жағдай ғой. Әкемнің жанын қоймай сұрап жүріп бұл сөздің де мәнін түсіндім:

– Баяғыда Тәуке деген хан болыпты. Ол өрістегі мың жылқыны барымталап кеткендерді қатарына тартып, әскерлікке алады екен. Ал мама ағашта байлаулы тұрған атты ұрлағандарды өлім жазасына бұйырыпты, – деп қана түсіндірді. Бір қызығы, атамдар бізге өткен тарихтың бәрін аңызға айналдырып, болмаса, ертегі сияқты түрлендіріп айтатын. Олардың сақтампаздығының сырын түсінбесем де «Үй өзімдікі деме, өй артында кісі жүр» деген сөздің төркінін біліп жүрдік.

Бір күні әкем екеуміз қаракер атқа мініп, Қарағайлысу деп аталатын ауылдағы қарындасының үйіне қонаққа аттандық. Көктем жаңадан шығып, жер бусанып, көк көктеп, дала қызғалдаққа малынып тұрған мамыражай кез еді. Ауылдан шыға қос қарлығаш ілесті. Қусақта кетпейді. Бірде алыстап ұшып, енді бірде қол созым жерге дейін жақындап, бізді қызықтырып отырды. Олар жетер жерімізге жеткенше бізден қалмай бірге барды. Мұндай қызықтардың қайсы бірін айтып тауысасың.

Бір жолы жазғы шабын кезінде қаракерді жылан шағып алды. Төрт аяғы көкке қарап, денесі күбідей болып ісінген қаракерді бәріміз қоршап отырып, бірге қиналдық. Біріміз жалын, біріміз құйрығын, енді біріміз аяғын сипалап, өзімізше аман алып қалудың амалын қарастырамыз. Сол кезде әлгі қос қарлығаш үйдің дөдегесіне қонып, қаракердің әр қимылын қалт жібермей бағып отырды. Қаракерді жылан шаққаны бізге емес, бүкіл ауылға уайым әкелді. Абыр-сабыр басталды. «Разбек ақсақалды шақыртыңдар, шақыртыңдар» деп үлкендер бір бірін жұмсап жатты. Бір кезде ауылдың төменгі жағынан құла атын басы-көзге төпелеп, ақсақалды қария келе жатты. Жиналып қалған дүйым жұрт бір серпіліп қалғандай болды.
Алдымен қаракердің көзін ашып көріп, жалын тарап тегістеп, ат пен өзінің арасына қамшысын тастады да күбірлеп бірнәрселерді оқи бастады. Бірде сұрланып, енді бірде қабағы қарсы түйіліп, тістеніп, тыпыршып, неше түрлі біз түсінбейтін бейнеге енді. Бір кезде үйдің қарсы алдындағы шөптің іші сылдырап, екі жылан шыға келді де қамшыдан бері өтпей басын көтеріп қақшиып тұра қалды.

- Арбасып тұр, - деп күбірледі үлкендер.

Біраздан кейін:

- Сүт әкеліңдер, - деді ақсақал.

Екі шара сүтті жыландарға қарай шашып жібергенде бірі сылық етіп құлады да, тағы бірі тапжылмай тұра берді. Жерде жатқан қамшыны алып, бір салып, әлгі жыланды өлтіріп тастады.

- Жыландар шағылысып тұрғанда басып кеткен екен. Шаққаны анау өлген жылан. Мынау ұрғашысы. Оған тимеңдер. Тезірек жылан шөп, теңбіл жапырақ, марал жусан теріп келіңдер, - деп жастарды жұмсады. Теріп әкелінген шөптерді қайнатып, суын қаракерге зорлап ішкізді.
Сосын:

- Жаңа сауылған сиыр сүтін дамыл-дамыл ішкізіп отырыңдар. Бесін кіре орнынан тұрады, - деп тапсырды.

Дастарқан жайылып, шай құйылды. Қазан көтеріліп, ет асылып жатты. Үлкендер Разбек ақсақалдан жылан тұралы сұрай бастағанда әкем мені ымдап шықырды. Айтылатын әңгімені тыңдап ал дегені еді. Сол жолы ақсақал жылан туралы бар білетіндерін айтып берді. Өкініштісі, соның біразы ғана есімде қалыпты.

- Біздің Іле аңғарында жыланның тоғыз түрі бар, - деп бастады сөзін. – оның алтауы улы, үшеуі усыз. Улы жыландар көбінесе құрғақ, тастақ, жерлерде, қараотты қағыр далада немесе изен-жусанды жерлерді мекендейді. Соның ішінде қысқаш бас сұр жылан өте улы келеді. Басы доғал келетін сарыбауыр жылан, көлбар жылан, ақ жылан усыздар тобына жатады. Естеріңде болсын, улы жыланның мойны жіңішке, басы үлкен әрі үш бұрышты келеді. Усыз жыланның басы кішілеу, сопақ келеді. Улы жыланның көбінің үстіңгі жақ сүйегінің алдыңғы жағында, кейбіреуінің артқы жағында бір жұп имектеу қозғалмалы тісі болады. Тісінің ортасы түтік сияқты қуыс келеді. Ауыз қуысының үстіңгі құлақ астында у шығаратын бір жұп безі болады. Сол без уытты сыртқа шығаратын жолдармен тұтасып тұрады. Усыз жыланда бір жұп имектеу тіс болмайды. Улы жылан адам мен малды көргенде қашпайды. Айбар көрсетіп, арбайды, жүректі болады. Усыз жылан сылдыр еткен дыбысты естісе, қашып кетеді.

Жылан үлкен кішілігімен де парықты болады. Ең үлкенін айдаһар деп атайды. Ұзындығы 10 метрге дейін жетеді. Оданда үлкен болуы мүмкін. Салмағы 10 келеден астам. Ең кішкене жылан соқыр жылан. Ұзындығы он неше сантиметр, салмағы бірнеше грам болады, - деп жылан жайлы айтып өткен соң жылан шаққан жағдайда қалай сақтану керектігіне көшті:
- Жылан адам және малды алғаш шаққан кезде сол жерді жіппен байлап, жыланның тісі тиген жерді пышақпен ойып, уытты сорып тастау керек. Ол үшін адамның тісі бүтін, ауыз қуысында жарақат болмауы керек. Болмаса сал адамның өзі уланып қалады. Осыдан кейін жылан тілін білетін адам болса тарымдап, оның улы не усыз екенін анықтап барып, ем қолданған жөн, - деп сөзін аяқтады. Бұдан ары да талай тәжірибе-кеңесін айтып еді. Оның көбі есімде қалмапты. Бұл өкініш емес,бабаларымыздың табиғатпен етене жүріп, ерінбей ізденіп, бізге табыстаған ұлағатты өнерін өзімізден кейінгілерге өнеге ете алмағанымыз ғана өзекті өртейді. Аталарымыздың осы білімі мен парасаты, көрегендігі мен білігін басқалар пайдаланып, ғылымға айналдырып, еншілеп кеткені ғана қинайды. Әкем үнемі айтатын: «Атаңнан алты батпан астым десеңде, жеті батпан жетпей тұрасың» деген сөзінің мәнін осындайда түсінемін.

Әңгіме осы тұсқа келгенде бауырым:

- Қаракер тұрды, қаракер тұрды, - деп сүйіншілеп жүгірді.

Сол кезде көзімнен жас ыршып кетті. Осыған дейін үйдің дөдегесінен тапжылмай қарап отырған қос қарлығашта бір сілкініп тастап, жаймен ұшып кете барды.

Ақымақ ауылбасының қорлығына шыдап, жылан шақса да тірі қалған қаракер кейін ауыл арасындағы көкпар тартыста мертікті. Топтың ортасынан көкпарды жұлып алып шыққанда көлденеңнен келіп әдейі соққан аттың екпінінен мойны үзіліп кетті. Ат жығылып, ел шұласып, әбігер болып жатқанда көптен бері көрінбей кеткен қос қарлығаш қалың нөпір топтың арасынан айналып ұшып, қаракердің қос құлағына келіп қонды. Мына көріністі көрген жұрт аңтарылып қалды. Шықылықтап, көптен үміт күткендей біраз айналып тұрды да аспанға тік көтеріліп, көзден ғайып болды. Сол күннен бастап біздің ауылға қарлығаш ұя салмайтын болды.
Атам қаракерді сойдырды да етін ауылдастарға толығымен бөліп берді. Тек қос жауырынның астынан өніп шыққан құстың қанаты сияқты сүйемдей ғана екі сүйекті өзіне алып қалды. «Жүйрік аттың қанаты болады» деген сөздің растығына сол кезде көзім жетті. Атам сол сұйемдей сүйекті қайтыс болғанша басына жастап жатты. Өсиеті бойынша жылдық асын берген соң ақ киізге орап, зиратының басына көміп қойдық. «Ат – ердің қанаты» деген ұғымды бала күнімнен осылай біліп өстім. Кейін қаракерді бұйірден соққан жігітте оңған жоқ. Машинеге тиелген шөптің үстінен құлап, оның да мойны үзіліп өлді.

...Еуропалықтар прижеваль жылқысы деп ат қойған таза қанды, кешегі сақ сайгүліктерінің ең соңғы тұяғы қаракер ат осылай мерт болды. Оның бар болмысын түсінетін, сырына қанық, күйіне жетік атам да, әкем де өмірден өтті. Біздің бойымыздағы сайгүлік мінез де сонымен бірге кетіп қалғандай сезіле береді.

Осы күні дүбірі жұртты дүрліктірген талай аттарды көріп жүрмін. Таза қанды ағылшын жылқысын да, құлағы қайшы алаб жылқысында мініп көрдім. Бірақ, бәрінің жүрісі қаракердей жайлы емес. Дүр даладан дүбірі өшкен сол сақ сәйгүліктерінің кісінеген үні қашан естілер екен?

Кім білсін, бір күні қайта оянатын шығар?!

Қажет Андас

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5496