Мемлекеттік қызметтің мәнін кетіріп жүрген жоқпыз ба?
Әсілінде ұлтқа, елге қызмет ету - Мұстафа Шоқай бабамыз айтқандай - «бір мухаббәт уәзифа болмақ». Әйткенмен бүгінде мемлекеттік қызметті ұлтқа қызмет ету емес, шен тағып, шекпен жамылудың, жылы-жұмсақ жерге өсудің трамплині ретінде бағалайды жұрт. «Баламды мемлекеттік қызметке «халқыңа қызмет ет!» деп емес, шекпен киіп, шіреніп «өс!» деп бердім» дейді ел іші осы күні. Мұнысы шындық енді. Мемлекеттік қызметте ештеңенің байыбына бармайтын, «агент» ойнаудан аспайтын, өңшең шикіөкпе жастарды көргенде, кадр жасақтау саясатының қан қақсап тұрғанын анық байқауға болады. Елдің ертеңіне кім тұтқа?
Бүгінде қай мемлекеттік мекеменің есігін ашсаңыз, алдыңыздан үстіне жейдесін жыртылардай тырыстыра ілген, бұтына шалбарын желімделіп қалғандай жабыстыра киген, мойнына қылғына галстук таққан, мұрты әлі тебіндеп те үлгермеген жас балалар атып-атып шығады. Атып шыққаны былай тұрсын, тап бір сол мекеменің тіреуі бір өзі секілді сыздана тіл қатқанда, баяғы «бюрократтарыңызбен» жылап көрісесіз. Қош. Айтпағымыз бұл емес. Айтарымыздың ауаны - әрбір саладағы мемлекеттік қызметке алынып жатқан жастардың сол өзі нан тауып жеп отырған жұмысының мән-жайын анық білмейтіндігі хақында. Мемлекеттік қызметтің қадірінің қалмай бара жатқандығы хақында.
Креслоға құмарлық құмар ойын секілді
Әсілінде ұлтқа, елге қызмет ету - Мұстафа Шоқай бабамыз айтқандай - «бір мухаббәт уәзифа болмақ». Әйткенмен бүгінде мемлекеттік қызметті ұлтқа қызмет ету емес, шен тағып, шекпен жамылудың, жылы-жұмсақ жерге өсудің трамплині ретінде бағалайды жұрт. «Баламды мемлекеттік қызметке «халқыңа қызмет ет!» деп емес, шекпен киіп, шіреніп «өс!» деп бердім» дейді ел іші осы күні. Мұнысы шындық енді. Мемлекеттік қызметте ештеңенің байыбына бармайтын, «агент» ойнаудан аспайтын, өңшең шикіөкпе жастарды көргенде, кадр жасақтау саясатының қан қақсап тұрғанын анық байқауға болады. Елдің ертеңіне кім тұтқа?
Бүгінде қай мемлекеттік мекеменің есігін ашсаңыз, алдыңыздан үстіне жейдесін жыртылардай тырыстыра ілген, бұтына шалбарын желімделіп қалғандай жабыстыра киген, мойнына қылғына галстук таққан, мұрты әлі тебіндеп те үлгермеген жас балалар атып-атып шығады. Атып шыққаны былай тұрсын, тап бір сол мекеменің тіреуі бір өзі секілді сыздана тіл қатқанда, баяғы «бюрократтарыңызбен» жылап көрісесіз. Қош. Айтпағымыз бұл емес. Айтарымыздың ауаны - әрбір саладағы мемлекеттік қызметке алынып жатқан жастардың сол өзі нан тауып жеп отырған жұмысының мән-жайын анық білмейтіндігі хақында. Мемлекеттік қызметтің қадірінің қалмай бара жатқандығы хақында.
Креслоға құмарлық құмар ойын секілді
Келешекте кресло иемденудің жалғыз һәм төте жолы екенін жете түсінген жас та, кәрі де бұл күні мемлекеттік қызметке әбден әуес. Бір кездері Елбасы министрліктердің «көкесінің», «акасының» балаларын жинап алып, кілең жастармен улап-шулап отырғанын ашық сынады. «Балабақша» деді. Оны ел-жұрт әлі күнге дейін аузынан суы құрып айтады. Содан кейін азды-кем сең қозғалды. Министрліктегі «бөбектерді» өңірлерге бөле бастаған-ды. Алайда алғашқыда қарқыны күшті бұл шаруа кейін саяқсыды. Оның асқынғаны соншалық, қазір әрбір мемлекеттік мекеменің өзінің «балабақшасы» бар. Оң-солын әлі танып үлгермеген бозөкпелер - мемлекеттік қызметшілер. Әрине, бәрін бірдей қаралаудан аулақпыз. Бірақ бүгінгі жағдай оның басым бөлігі осындай екеніне шүбә келтіртпейді. Қолына дипломын ала салысымен я әкімдікке, не бір кез келген мемлекеттік мекемеге мүйізі қарағайдай бір маман етіп отырғызып қою, одан соң қас пен көздің арасында одан «дөкей» шенеунік жасау сынды кадр саясаты қазақтың көсегесін көгертпейді.
Осындайда кешегі келмеске кеткен кеңес кезеңі тағы тіл ұшына оралады (көзімізді ашқалы көргеніміз сол болса, кайтеміз енді). Сол кеңестіктер кадр дайындау саясатында қандай амал-тәсілдер қолданғанын аға буын өте жақсы біледі. Сол мамандарды дайындауда миына құйылған саясаттың, ұстанымның беріктігі сонша, әлі күнге сол бағыттарынан жаза баспайды. Заман қанша аударылып, төңкерілсе де, мыңқ етпейтін мықты кадрлар. Өйткені олар кадрлық саясаттың барлық өткелдерінен өтіп, ыстық-суығына әбден төселген. Олар бірден бастық я бірден маман болып шыға келген жоқ. Кеңестік саясат оларды біртін-біртін әрбір салада пісірді. Шикілері қалып, шыныққандары іріктелді. Басқасын былай қойғанда, сонау октябрят кезеңінен бастап, коммунист болғанға дейін оны талай ыстық-суыққа салды. Нәтижесінде елге өлшеусіз еңбек сіңірген білікті басшы, білімді мамандар шықты.
Ал бүгін біз кімді «өсіріп» отырмыз? Шенеунік дайындаудағы бұл күнгі «қара дүрсін» тамыр-таныстық тәсілі қазақты пұшпаққа жеткізбейді деп қара аспанды төндіруіміздің төркіні тереңде. Кезінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Серік Әбжәліұлының «жұмыссыз жүріп босанған әйелдерге қосымша жардемақы бере алмаймыз, адамдар балалы болмас бұрын жағдайларын ойланулары тиіс» дегенін әмбе жұрт естіді. Депутат Розақұл Халмұрадов: «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің шенеуніктері көпбалалы аналардан жұрт алдында кешірім сұрасын! Ақшасы болмаса, көп бала тумасын дейтіндердің мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне моральдық құқығы жоқ», - деп талап қойғанын және білеміз. Бұл - бұл ма, кішігірім әкімсымақтардың халық алдында есеп беру кезінде трибунаға шығып алып, мұң-зарын айтқан елге «жалқаусыңдар, масылдыққа үйреніп алғансыңдар» деп ұрысқанын да көргенбіз. Қазір алып жүре алмайтын шоқпарды беліне байлап алып, өзі соған сүрініп-жығылған, кейде сол шоқпардың астында қалып қойып жатқан шенеунік көп.
Мемлекеттік қызметкер «терминатор-роботтың» туысқаны сияқты
Мемлекеттік қызметтегі дәл бүгінгі кадр саясаты білгір мемлекеттік қызметшіні емес, белгілі бір бұйрықты ғана орындайтын «терминатор-робот» мамандарды шығаруда. Ініне су құйып, суыр суырғандай әрекеттер әсте жарылқамайды.
Әлбетте, бұл жастардың мемлекеттік қызметке баруына қос қолдап көрсеткен қарсылық емес. Бірақ қазақ «орда бұзар отыз, қамал алар қырық» деп бекер айтпаған. Тағы бір мысал. Қазақ жас баланың қолына жетіге келгенше пышақ, қайшы секілді қауіпті заттарды бермеген. Аңдаусызда жазым болады дейді. Билік те сондай. Қауіпті. Не өзін, не өзгені жазым етеді. Кейде ойлайсыз: «Сонау 30-жылдары ұлттың қаймағын қалқып алып, зиялыларды қырып тастаған «шолақ белсенділер» осындайлардан шықты ғой» деп. Баяғының «қой асығы демегін, қолыңа жақса, сақа ғой» дейтіндері некенсаяқ...
Кеңестік кезеңдегідей оларды бірнеше қайтара қайнататын саяси мәні зор «қазандар» жоқ. Әттең, қажет-ақ. Әйтпесе екі күннің бірінде қарапайым тұрғындар мемлекеттік қызметтегі біліксіз мамандардан көресіні көріп жүр. Үміт - мемлекеттік қызметке көлденең көк аттыны өткізбейді деп сенім артып отырған наурызда күшіне енетін «ҚР мемлекеттік қызмет туралы» су жаңа Заңда болып тұр.
Дулат АМАНЖОЛ, аймақтық «Тіл және Рух» журналының редакторы:
- Мемлекеттік қызметке, билікке өмірлік тәжірибесі мол адамдар баруы керек. «Жастар келеді, намыстың сөзін сөйлейді, бәрін өзгертеді» дегендей құрғақ пафос пен арзан популизмнен арылуымыз қажет-ақ. Өйткені мемлекетіміздің дамуына бел шешіп қызмет ете алатын жастарды топтастыратын жас көшбасшы жоқ. Жастар жауапты қызметке тұрып, орынтаққа жайғасқаннан кейін ұстанымын, принципшілдігін, тегеурінділігін артта қалдырып, керісінше, масаттанып, мемлекет мүддесін, ұлт ұпайын, жастарды ұмытып кетеді. Жалтақтық пен жалпақшешейлігі алға шығады.
Айгерім АХАНОВА, ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі БАҚ-пен байланыс басқармасының бас сарапшысы:
- Өз басым жастардың мемлекет ісіне араласуын құп көремін. Әрине, мемлекеттік қызметтің талабы күшті, бәсекелестiк жоғары. Бірақ бүгінгі жастардың сана-сезімі, біліктілігі халыққа қызмет етуде қарымды дер едім. Мемлекеттік қызметке өту үшін конкурсқа құжат тапсыратын жастар саяси сауатты, патриоттық сезімге толы, өз ісін жетік меңгерген деп айтуға болады. Арманшыл, жан-жақты, амбициясы жоғары жастарды көп танимын. Мемлекеттік қызмет пен оқудың тізгінін қоса алып жүргендер де өте көп. Қазірде олар үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Бізде ұжымның 60 пайызы - жастар. Жұмыс барысында ақпарат алмасу, шаралар ұйымдастыру, шешім қабылдау кезінде шапшаңдық пен батылдық танытып, ұтқыр ойларын да білдіріп жатады.Осындай жастар ел экономикасының тұтқасын ұстаса, даму да, серпіліс те болатынына сенімім мол.
Автор: Қызғалдақ АЙТЖАНОВА
"Алаш айнасы" газеті