Сенбі, 23 Қараша 2024
Пікір 2510 10 пікір 14 Желтоқсан, 2022 сағат 15:22

Мамай соты: Қазақстанда әділетті сот бар ма?

Жанболат Мамай бұл күндері ел жұрттың көз алдында жас болса да саяси күрес жолын ерте бастап, қоғам белсендісінен саясаткерлік  сатыға көтерілген адам. «Демократиялық партияны құру» бастамашыл тобының жетекшісі. Биылғы «Қанды қаңтар» оқиғасынан кейін ұсталды, қамалды. Тоғыз айға жуық түрмеде жатты. Биыл 2 қараша күні үйқамаққа ауыстырылды. Іле-шала Алматы қаласы Бостандық аудандық сотында Жанболат Мамайдың соты басталды. Сегіз рет сот болып, осы желтоқсанның 5-іне сот белгісіз уақытқа кейінге қалдырылды.

Мен Алматы қаласының қарапайым тұрғынымын. Жанболат Мамайды әлеуметтік желіден бақылап келгенім болмаса, осы реткі сотынан бұрын жүздесіп көрмеппін. Мені «Қанды қаңтар оқиғасы» қатты оятты. Бұрындары жемқорлықты, әділетсіздікті білсек те оның қай деңгейде, ненің басты себеп болғанын толық түсіне алмаған едік. Жеріміз қанша байлыққа толы болса да, жарымай отырғанымыз байлығымыз  бар-жоғы 162 адам жағынан тоналыпты. Сыбайласқан топ ел билепті. Қазақстан қоғамын әділетсіздік жайлапты. Міне, бұл қазір ашыққа шыққан шындық.

Қ.Тоқаев Әділетті Қазақстан құру бастамасын көтерді. Күні кеше Әділетті Қазақстан құруды сайлауалды бағдарламасының тұғыры етті. Президенттік инаугурациясында: «Байлық не керек, адалдан жимасаң, билік не керек, әділдік құрмасаң», - деген сөз бар, қазақта. Бұл менің бұлжытпай ұстанатын өмірлік қағидатым», - деп ант берді халыққа.

Әділетті ел құруда ең алдымен сот әділетті болу керек. Елде әділетті сот  болмай, әділетті мемлекет құру туралы сөз айтудың өзі ұят. Бұл қарапайым адамғада түсінікті әліппелік білім. Мен Жанболаттың сотынан президент Қ.Тоқаев ант еткен әділетті көрейін деп бардым.

Жанболатқа үш айып тағылған. Жанболат 2021-ші жылы 18-ші қыркүйек күнгі митингде митингіге шыққандардың аяқ-қолын қайырып, үлкен-кіші, ер-әйел демей күшпен автозаққа қойша тиейтін  полицияларды «қарабетсіңдер» деген. Бұған Алатау ауданы полицейі: «Мені қаралады, ар-ұжданымды  жаралады», - деп арыз беріпті. Осы сотта талапкер болды. Бір қызығы бұл  айыптау болған оқиғадан кейін жылға жуық уақыт толғанда қозғалып, сотқа  жетіп жатыр. Сонда осы қаралау сөзі  аталмыш  полицейге естіген кезде  әсер  етпей, сотқа беруге мүмкіндігі болмай, айлар аунағанда әсер етіп, әрекеттенген бе? Ақылға симайды. Біз таң қалдық. Бұл айыптау дәлелденбеді.

Екінші айып: Несие кешірілетін болды деп Жанболат елге өтірік ақпарат таратты, елді дұрліктірді деген жәйт. Жанболат жақтас жинап, саяси күресте жүрген азамат. Халықты алдаудың қаншалықты ел сенімін кетіретінін ол өте жақсы біледі. Бізде сенбедік. Сотта бұл айып дәлелденбеді.

Үшінші айып: Қаңтар оқиғасына қатысқан (ұйымдастырушы деген айып тағылған, кейін  дәлелденбеген соң қысқартылыпты), тәртіп бұзған деген айып. Бізде сол «қанды қаңтар» оқиғасын  әлеуметтік желі арқылы бақылап отырдық. Жанболат шамасының жетісінше елді тәртіпке шақырды. Өзі арандатушылардан таяқ жеп, жараланды. Бұл айып та дәленденбеді.

Тағылған айыптар дәлелденбеген соң он екінші айдың бесінші күнгі сотта судья Жанболаттың іс-әрекетіне саяси сараптама жасау туралы прокурордың ұсынысына қосылып қарар қабылдады. Жанболаттың ісі саяси сараптама жасауға саясаттанушыларға жіберілетін болды. Бұл сараптама қашан жасалады? Белгісіз. Жанболаттың соты осылай белгісіз уақытқа созылды. Қазақстанда айыпталушыларға саяси сараптама жасау дегеннің қандай заңдық негізі бар екенін соттағы прокурорлар мен судьялар айта алмады. Жанболаттың адвокаты саяси сараптаманың заңсыздығын сотта дәлелдеді. Оны тыңдаған адам болмады.

Біз Қазақстан заңында адамдар саяси көзғарастары үшін айыпталмайды деген норма бар екенін үнемі естиміз, білеміз. Сондықтан да елімізде саяси тұтқын болудың заңдық негізі жоқ деп айтылады. Елде саяси тұтқын жоқ деп билік үнемі айтады. Сонда сотталушыға саяси сараптама тағайындау дегенді қалай түсінуге болады. Заңсыздық деп түсінбегеннен басқа не айтуға болады. Білмедік.

Мен бұл сот процессіне қалмай қатыстым. Дәл қазірге дейін әділетті соттың белгісін көре алмадым. Бұлай айтуыма және де сот барысында көргендерім мен түйгендерім себеп болды. Сот біз ойлағандай ашық болмады. Соттар сот залында болды. Біз сияқтылар басқа бөлмеде бейне экраннан көрдік. Сот екі рет басталмай жатып ақырласты. Судяның кеңесу бөлмесінен шықпауы. Куәгердің келе алмаувы деген сылтаулар. Біз таң қалдық. Бұл сотқа деген сотшылардың құрметсіздігі. Сотқа құрметсіздік заңға құрметсіздік. Сот қызыметкерлері бұлай болғанда құқықтық мемлекет құрамыз. Құқықтық мәдениет қалыптастырамыз деп үміттенудің өзі қиын енді.

Жанболаттың бұл соты бүкіл халықтың, халқаралық ұйымның бақылауында. Америка елшілігінен де адамдар келді. Сондықтан Әділетті Қазақстанның соты өзінің әділетті екендігін көрсеткісі келсе, сот кең залда тыңдаушылардың алдында ашылуы керек еді. Сотты мемлекеттік БАҚ бақылап, халыққа ашық таратуы керек еді. Теледидарымыздағы «ұлттық  арна» мен «хабар» арналарындағы саяси ток шоуда Жанболат Мамай сотының әділетті қоғам қалыптастыруда маңызы бар ма, жоқ па деп ұқсамаған тұрғыда талқылануы керек еді. Қоғам жағынан Қазақстан соты биліктің мантия киген нотариусы деген айыптауды жоққа шығару үшін жоғардағыдай тірлікті жасау керек еді. Бұл жағдайлардың біреуі де жасалмады.

Сот қазір Жанболаттан соттайтын ілік таба алмады. Мен бұл соттан қазірге дейін әділеттілікті көре алмадым. Мен толық түсіндім, біздің сот жүйесі әлі де билікке қарсы сөз айтқан адамдарды ебін тауып соттауға даяр екен. Мүмкін бұл көне Қазақстанда қалыптасқан ескі ойлау формасынан әлі арыла алмағандықтың себебінен болар. Сот билікке емес, заңға қызмет етуі керек. Жанболатқа соңғы сот үкімі шыққанға дейін мына сотта әділдік бар деп айта алмаймын. Жанболаттың жазықсыз екендігіне көзіміз жете түсті. Әділетті Қазақстанның әділеттілігі Жанболаттың сотында  талқыға түсті. Біз Жанболат сотталса Қазақстан сотында әділдік жоқ деп ашық айтамыз. Сот әділ болмаса, билікте Әділетті Қазақстан құрамыз деген ниетте жоқ деп қараймыз.

Наурызбай Тұңғатарұлы

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5512