Өлген империяны тірілтуге талпыныс
Биыл КСРО-ның тарих сахнасынан кеткеніне тура 31 жыл. Бұл аралықта посткеңестік кеңістікте жаңа буын өсіп үлгерді. Кремль соңғы уақытта "КСРО-ның ыдырауы үлкен геосаяси апат болды" деген ойын жасырмай айтуда. Ондай пікірді Путин де бірнеше мәрте айтты.
Путиннің сыртқы саясаттағы қадамдары мен ішкі саясаттағы ұлтты ұйыстыру әрекеттері КСРО-ны жандандыру идеясына негізделген. Мәскеу оны ашық мойындамаса да, әр әрекетінен аңғару қиын емес. 24-ақпан күні Украина жеріне басып кірген ресейлік танктерде КСРО-ның қызыл туы желбіреп тұрғаны соның айқын дәлелі. Соңғы уақытта Ресейдің ақпарат саласы кеңестік кезеңді мақтау-мадақтауды арттырды. Сталинді ұлы өсем ретінде дәріптейтін сериалдар түсірілуде, КСРО-ның қандықол жендеттеріне арналған жекелеген фильмдер жеткілікті. Том-том тарихи кітаптар жазылуда. Ресейлік саясаткерлер "ерте ме, кеш пе КСРО-ны қайта құру керек" дегенді ашық айта бастады.
КСРО-ның премьері болған Николай Рыжков күні кеше ғана КСРО-ны жандандыруға қатысты пікір білдірді. Ол 1922 жылғы формат негізінде КСРО-ны қайта құру мүмкін емес, алайда басқа долы бар деген ойда.
"Еуропалық бірлестіктерге ұқсас бірлестік құруға тырысуымыз керек. ЕО бар және оның арнайы органдары бар. ЕО іспеттес посткеңестік кеңістікте мемлекеттер бірлестігін құруға болады деп ойлаймын. Жаңа шарттарды қарастыра отырып жасауға болады ғой", - дейді ол.
Рыжков бұрынғы КСРО-ны қалпына келтіру мүмкін емес дейді ол. "Себебі мемлекет деген тірі организм іспеттес, бір орында тұрмайды, дамиды, өзгереді" деп түйіндеді ойын.
КСРО-ны аңсау Ресейде түрлі ұсыныстармен жалғасын тауып келеді. Ресейлік әсіреұлтшылдар "Ресейдің туын КСРО туына ауыстыру керек" деген ұсынысты айтқандарына бірнеше жылдың жүзі болды. Ал ресейлік коммунистер "Сталинді кесенеге қайта жерлеу керек" деген ұсынысты көтеруде.
Ка Мырза
Abai.kz