Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаң 2669 18 пікір 27 Желтоқсан, 2022 сағат 13:34

Челах тағы шулатты...

Қарап отырсақ, бүгіндері бір адам түсініп болмайтын теріс үрдіс басталған сыңайлы.  Кейбіреулер «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» деген ұғымдарды өздерінің күмәнді мақсаттарына пайдаланып, ұпай жинап қалуға тырысатындығы айқын байқалады.

Олардың ойынша Назарбаевтың кезінде істелінген істердің барлығы дерлік қате, шығарылған үкімдердің барлығы заңсыз, атқарылған жұмыстардың барлығы жарамсыз екен. Демек, қазіргі түрмеде отырғандардың барлығын, қандай қылмыс жасағандығына қарамастан, бостандыққа шығарып қоя беру керек пе? Бұл қаншалықты өмір шындығына сәйкес келеді? Мұның өзі баяғыдан бойға сіңіп қалған кезекті асыра сілтеу емес пе? Сонда өткенге әділдік тұрғысына шынайы баға беру қайда қалады?

Осындай бір көріксіз ойға жетелеген мынадай бір жағдай болды. Міне, біраз уақыт болды, Челах деген біреу әлемжелінің басты кейіпкеріне айналды. Бұл осыдан он жыл бұрын «Арқанкерген» деген шекара бекетінде 15 бірдей өрімдей қазақ жігітін қырып салған жауыз. Өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. «Қара бүркіт» деген түрмеде отыр. Кезінде оның қылмысы жан-жақты тексеріліп, лайықты үкім шыққан. Оны өзі де толық мойындаған. Енді Тоқаевтың билік басына келгендігін пайдаланып, ең болмаса жазасын жеңілдетуді ойлап, Тоқаевқа: «Мен барлық шындықты айтамын», - деп ұшбу хат жолдапты.

Ау, ол шындықты неге дер кезінде айтпады? Барлық сот отырысында да ләм-лим деп аузын ашқан емес. Ылғи мойындады да отырды. Енді келіп «біздің застава спецназ шабуыл жасады» деген ертегіні тауып алыпты. Ал егер спецназ шабуыл жасаса, неге тау арасына барып тығылады? Неге жақын арадағы әскери бөлімге барып, көмек сұрамайды? Таудағы тығылған жерінен ұсталғанда, оның дорбасынан өлген жігіттердің заттары қайдан жүр? Сол тығылып отырып, өзін түсірген бейнеден қорыққан баланың емес, жайбарақат, мамыражай отырған жігіттің бейнесін неге көреміз?

Оны қорғаушылардың айтатын уәжі - мұндай жап-жас жігіттің 15 адамды өлтіруі мүмкін емес дегенге саяды. Мүмкін болғанда қандай. Ол ылғи қазақ жігіттерінің ортасындағы жалғыз орыс. Тіл білмейді, менталитеті де бөлек. Жігіттердің әзіл-қалжыңын мазақ немесе келеке ету деп түсінуі бек мүмкін. Оған дәлел - оның өзінің бір жігітке ренжігендігін айтып қалуы. Міне, еш уақытта мұндайды есітіп көрмеген ол өзінше кек тұтып қалады. Ар жағы түсінікті. 30 патроны бар автоматпен қалың ұйқыда жатқан жігіттерді жайпап салады. Мұндайды үлкен жігіт түгілі, жас жеткіншек те істейді. Ыза кернеген адам не істемейді? Айтпақшы, осы Челах деген мылтық атудан алдына жан салмайтын көрінеді. Қорытындысы міне осындай.

Жарайды, мұны логикалық қисын делік. Ал оның елімізге белгілі Гүлжан Ерғалиева иелік ететін «Елмедиа» ютуб арнасындағы сот отырысындағы мықты бір заңгерлер дайындап берген мәтінді тыңдап көріңіз. Оның айтуынша, бұл бекеттегі жауынгерлерді өлтірген бұл емес, оған белгісіз біреулер шабуыл жасапты. Бұл Ағанас деген жігіт екеуі бекеттен аман-есен қашып шыққан. Жолда Ағанасқа оқ тиіп, қаза табады. Мұны құдай сақтап, еш жарақатсыз құтылып, бір жерге тығылып қалады. Кейін атыс біткесін, ақырындап бекетке қайтып оралады.

Ал енді бұдан кейінгі істеген істерін естісеңіз, жағаңды ұстайсыз. Оны қорғаушылардың айтуынша осынау жап-жас сәби тәріздес, күнәсіз періште бірнеше канистраға бензин құйып бекетті өртеп жібереді. Ондағы ойлағаны, бұлай істемесе, күні ертең сол жігіттерді өлтірген осы екен деп ойлауы қалуы мүмкін екен. Мұнда қисын да бар. Өйткені түгелдей өртеніп кеткен мәйіттерден істелінген қылмысты дәлелдейтін айғақ табу қиын екендігі белгілі ғой. Өртемес бұрын ол өлген жауынгерлерді аралап жүріп, аспай-саспай олардың қалта телефондарын, фотоаппаратын, басқа да заттарын жинап алады. Оның ойлауынша бұлардың өлген адамдарға мүлдем қажеті жоқ көрінеді.

Сонымен бекетті түгел өртеп болған соң, жолда жатқан Ағанастың денесін өзеннің жағасына сүйреп апарып, сол жерде өртеп жібереді. Бұдан соң сол маңайдағы жылқылардың бірі ұстап алып, тау ішіне сіңіп кете барады. Арғы жағы өздеріңізге белгілі. Мінекей, осындай әрекетті аса мұқияттылықпен, үлкен есеппен істеген адамнан, өлген жауынгердердің денесін асықпай-саспай өртеген жаннан бәрін де күтуге болады. Ал, «мен оларды өлтірген жоқпын,тек денелерін өртедім» дегені--қылмысын жасыру үшін істеген құйтырқы әрекеті. Қылмыстың ауырын емес, жеңілін мойындаса, жазасы да жеңілдеу болатындығын қасындағы адвокаттар миына әбден құйып қойған шығар.

Айтпақшы, Челахты кезінде бір емес екі бірдей, елімізге белгілі, мүйізі қарағайдай  адвокаттарың қорғағандығы белгілі. Ал мұндай заңгерлердің қызметі өте қымбат тұратындығын да құрия емес. Сонда осы жап-жас бала осыншама ақшаны қайдан алды екен?

Мұны бір деңіз. Екіншіден, осы Челахты шыр-пыр етіп қорғауда әлгі «Елмедиямыз» бәрінен де асып түсті. Аттай бір жарым сағатқа созылған хабары осы қылмыскерді тек ақтауға құрылған. Онда бастан-аяқ тек Челахтың екі бірдей адвокаты, шешесі мен атасына ғана сөз беріліп, Челахтың кінәлі екендігін дәлелдеген тергеушінің немесе қаза тапқан жауынгерлердің туған-туыстарын немесе адвокатын мұнда мүлдем жолатпаған. Тіпті сотта өзі мойындап тұрған, өлген жігіттердің денесін өртеу секілді ешкім ақтауға келмейтін ауыр қылмысын да мүлдем елеусіз қалдыруға тырысқан. Тіпті оны тек осындай сұмдық қылмысы үшін де соттауға болады емес пе? Жоқ, ол туралы жақ ашпайды. Неге? Өйткені мұны айтса, оның ешбір жазықсыз екендігіне үлкен күмән тууы мүмкін. Демек, мұндай «ұсақ-түйекке» көңіл аударып қажеті жоқ. Міне, осының өзінен-ақ бұл хабардың сыңаржақ, тек бір жақты қолдауға ғана арналғандығы анық байқалып тұр. Тіпті бара-бара, Челахтың шешесінің Ресейге көшіп кеткендігіне жан аши қалғандығын қайтерсіз. Демек, бұл хабарды шындықты іздеуші емес, тек қылмыскерді сүттен ақ, судан таза етіп көрсетуге құрылған шикілі-пісілі дүниеге жатқызуға мәжбүрміз. Мұндайлардың осынысымен қауіпті екендігін айтып жатудың өзі артық.

Жалпы, маған қайдағы бір Челах емес, анау өмірде көрер қызығы алда, кенеттен қыршын кеткен қазақтың 15 жігітінің тағдыры аянышты, сол алаңдатады. Қанша арман күйреді, қанша сәби өмірге келмей қалды, қанша жар сүйілмей қалды?

Айтпақшы, егер Ресейде бір қазақ солдаты осындай 15 орыс жігітін атып тастаса, оған біреудің жаны ашыр ма еді? Жалпы, осынау «ешбір жазығы жоқ, бейкүнә бозбала» жайлы сағыздай созылған «жырға» біржолата нүкте қоятын мезгіл жеткен секілді.

Жайберген Болатов

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364