Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 10305 0 пікір 7 Наурыз, 2013 сағат 03:38

Мұхан Исахан. Қазақстандағы өзбектер тарихы

(Ұстазым Сейітқали Мадуанидің рухына арнаймын)

Осыдан бес жыл бұрын жарық көрген Қазақстандағы өзбектердің өткен өмірі мен бүгінгі келбетін жан-жақты баяндайтын энциклопедиялық кітапта, өз-ағаңдар өздерін оңтүстік өлкеміздің автохонды тұрғыны ретінде көрсетіп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Бұл жағдай елі мен жерінің тұтастығын арыдан ойлайтын ел ағаларының аза бойын қаза қылды. Біздің де ішкен асымыз бойымызға тарқамай, біраз абыржыдық. Сөйтіп жүргенде Алматыдағы ұстаздарым Түркістанда тұратынымды ескеріп, бұл мәселеге қатысты маған тиісті жауап жазуды тапсырды. Апыл-тапыл Ташкент пен Шымкент мұрағаттарын бір сүзіп шығып, оңтүстіктегі өзбек қышлақтарын бір аралап шықтым. Әйтеуір аптығып жүріп марқұм ұстазым Сейітқали Мадуановтың жол көрсетуімен жауап жазуға татиды-ау деген біршама деректі қолға түсірдім. Десек те, зымыраған уақыт-шіркін тақырыпты толыққанды ашуға мұрша бермеді. Міне, сол кезде шиырлаған мақаланы ұстазымның (Сейітқали Мадуанов) дүниеден өткеніне жыл толуына орай қайта жариялап отырмын.

«Өзбек» атауы қайдан шыққан?

(Ұстазым Сейітқали Мадуанидің рухына арнаймын)

Осыдан бес жыл бұрын жарық көрген Қазақстандағы өзбектердің өткен өмірі мен бүгінгі келбетін жан-жақты баяндайтын энциклопедиялық кітапта, өз-ағаңдар өздерін оңтүстік өлкеміздің автохонды тұрғыны ретінде көрсетіп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Бұл жағдай елі мен жерінің тұтастығын арыдан ойлайтын ел ағаларының аза бойын қаза қылды. Біздің де ішкен асымыз бойымызға тарқамай, біраз абыржыдық. Сөйтіп жүргенде Алматыдағы ұстаздарым Түркістанда тұратынымды ескеріп, бұл мәселеге қатысты маған тиісті жауап жазуды тапсырды. Апыл-тапыл Ташкент пен Шымкент мұрағаттарын бір сүзіп шығып, оңтүстіктегі өзбек қышлақтарын бір аралап шықтым. Әйтеуір аптығып жүріп марқұм ұстазым Сейітқали Мадуановтың жол көрсетуімен жауап жазуға татиды-ау деген біршама деректі қолға түсірдім. Десек те, зымыраған уақыт-шіркін тақырыпты толыққанды ашуға мұрша бермеді. Міне, сол кезде шиырлаған мақаланы ұстазымның (Сейітқали Мадуанов) дүниеден өткеніне жыл толуына орай қайта жариялап отырмын.

«Өзбек» атауы қайдан шыққан?

Қазақ пен өзбек ежелден Орта Азия кеңістігінде қоян-қолтық араласып, қатар күн кешіп келе жатқан туыс халықтар. Географиялық орналасуында және кейбір мәдени ерекшеліктер болмаса, қазақ пен өзбектің тілі, діні, ділі бір. Түркі халықтарының ішінде бір-бірінен ең соңында ажырап, енші алған халықтар қазақ пен өзбек десек, сірә қателеспейміз. Бір кездері бір халық болған қазақтар мен өзбектер тағдырдың жазуымен XV ғасырдың екінші жартысында бір-бірінен бөлініп, бөлек отау тікті. Осы айырылысуға түрткі болған тарихи себептер мен өзбектердің көші-қон процестерін Х. Вамбери, В.Д.Греков, А.Ю.Якубовский, А.А.Семенов, Б.Ахмедов, Т.Сұлтанов, Б.Кәрібаев сынды т.б ғалымдар зерттеді. «Өзбек» атауының шығуы тегі хақында ғалымдар бірауыздан Алтын Орданы билеуші Өзбек ханның (1312-1342) атымен тығыз байланысты екендігін алға тартады. Алтын Орда империясы ыдырағанда Жошы ұлысының сол қанатындағы көшпелі тайпалар кезінде Өзбек ханның ұлысы болғандықтан, олар өздерін «өзбекпіз» деп атады. Осы ұлан-ғайыр аймақта 1428 жылы билік құрған Әбілқайыр ханның ұлысы «Көшпелі өзбектер мемлекеті» деген атпен тарих сахнасына шықты. Кейін, Әбілқайыр ханның өмірінің соңында (1469 ж.ө) көшпелі өзбек мемлекетінен өзбек, қазақ, ноғай ұлыстары бөлініп, жеке-жеке мемлекеттерге немесе ұлттарға айналды.

Ал, Маураннахр халқының «өзбек» аталуының себебі, Әбілқайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани хан 1500-1510 жылдары өзіне қарасты Дешті-Қыпшақ тайпаларын (көшпелі өзбектер) тайпаларын бастап келіп, Маураннахрдың билігін Темір әулеттерінен тартып алды. Бұдан кейін, Маураннахрда Шайбаниттер әулеті басқаратын өзбек мемлекеті пайда болды. Тарихшы Т.Сұлтанов бұл туралы: «Өзбек» сөзі Шибан ұрпағымен бірге Маураннахр мен Хорезм аумағына өткен тайпалардың атына айналды» - деп, тұжырымдайды (Т.Сұлтанов. Қазақ хандығының тарихы. 56  бет. Мектеп. Алматы, 2002).

Алайда, өзбектердің ұлттық құрамы бір текті емес, бірнеше кампоненттерден тұратыны белгілі. Тарихшылар өзбектердің «Орта Азиялық бөліктегі ежелгі отырықшы халық (М.И. сарттар), сондай-ақ, кезінде дербес мемлекеттер болған қарлұқ, оғыз, моңғолдар (М.И. Селжүк, Қарақан, Темір мемлекеттері) және қазақпен қаны да, тегі де бір көшпелі өзбектер» (К.Аманжолов, Қ.Рахметов. «Түркі халықтарының тарихы». 212 бет. Алматы, 1997) секілді әлеуметтік-ұлттық топтардан тұратындығын айтады. Бұны тарихшы М.Тынышбаев та өз шығармасында былайша баяндайды: «Өзбектер қышлақтарда тұрса, сарттар қалаларда өмір сүреді. Өзбектен «руың не» деп сұрасаң, «Кеңегес, Қыпшақ, Қатаған, Барын» деп жауап береді. Ал, сарттан ру сұрасаң, тек «қалалықпын» деп жауап қатады» (М.Тынышпаев. История Казахского народа. 178 б. Алматы,1993).

Осыған байланысты өзбек ұлтының тілі де біркелкі емес. Өзбек тілі - Хорезм өзбектерінің тілі, Ферғана жазығындағы өзбектердің тілі, Жызақ, Сұрхандария-Қашқадария өзбектерінің тілі болып бөлінеді. Тілші ғалымдар өзбек тіліндегі өзгешеліктерді былайша жіктейді: «Өзбек тілі негізінен Қарлұқ, Оғыз, Қыпшақ диалектісі болып бөлінеді (А.П. Ходжиев. «Өзбек тілі». Түркі тілдері энциклопедиясы. 564 б. Астана, 2002).

Тарихымыз не айтады?

Қазақ хандығы мен Өзбек хандықтарының қарым-қатынасына келетін болсақ, жалпы, екі мемлекет Орта Азия қалаларын алма-кезек иемденіп отырды. Қазақ хандығы күшейген кездері Ташкент, Ферғана, Хорезм, Самарханды жаулап алса, Бұқар, Қоқан хандықтары күшейген кездері Әулие-ата, Сайрам, Түркістан, Ташкент қалаларын өзіне қаратты. 1582-1598 жылдары Тәуекел хан Ташкент, Ферғана, Самарханды Қазақ хандығының құрамына енгізді. Есім хан билік құрған 1598-1628 жылдары Бұқар хандығы Ферғана мен Самарханды өздеріне қайтарып ала алды. Бірақ, бұдан кейінгі жылдары екі ғасыр уақыт Ташкент уәлаяты Қазақ хандығының құрамында болды. XVIII ғасырдың орта шенінде Хорезмде де Қайып хан мен Кіші жүздің ханы Әбілхайырдың ұлы Нұралы хан билік жүргізді. Алайда, Қазақ хандығы ыдырап, Хиуа мен Қоқан хандықтары күшейген кезеңде, керісінше оңтүстіктегі қазақтар оларға алым-салық төлеуге мәжбүр болды.

Бүгінгі Оңтүстік Қазақстандағы өзбектер негізінен Қоқан хандығы тұсында көшіп келе бастады. Әсілі, қоқандықтардан бұрын Қазақстанның оңтүстігін 1780 жылдары Ташкент билеушісі Жүніс қожа жаулап алған болатын. Жүніс қожаға дейін Ташкент пен Ходжент уәлаяты Қазақ хандығының құрамында болды. Бұған деректер келтірер болсақ, 1720-1739 Ұлы Жүздің орталығы Ташкентті Жолбарыс хан билеп тұрды. Ол жоңғар хандығына вассал ретінде мойынсұнып, салық төлеп тұрды. Жолбарыс ханға Ташкент уәлаятымен қатар, Сайрам, Шымкент, Түркістан, Ходжент атырабындағы көшпенділер мен диқандар бағынды (Зияев Х.З. Ценные материалы по истории Ташкента, Общественные науки в Узбекстане, 1971,  № 4, c.53,). Жолбарыс хан 1739 жылы өлгеннен кейін Ташкент билігін Төле би қолына алды. Төле биден кейін 1780 жылдары Ташкентті Жүніс қожа биледі.  (Маллицкий Н.К. Истории Ташкента под кокандским владычеством. Протоколы заседаний... Туркестанского кружка любителей археологии, год 5. Ташкент, 1900, с. 127.) И.Н.Гродековтың айтуына қарағанда Төле бидің көзі тірісінде Жүніс қожа оған қызмет етіп, ол өлгеннен кейін Ташкент билігін өз қолына алған (Гродеков Н.И. Киргизы и каракалпаки Сырдарьинской области. Т, І, Юридеческий быт, Ташкент, 1889, - VI, 298, 205 c.) Орыс зерттеушісі Ивановтың келтірген мәліметіне қарағанда 1798 жылы Жүніс қожа Ұлы Жүз жерлерін өзіне бағындырған (Иванов П.П. Казахи и Кокандское ханства. Записки института востоковедения АН СССР, т. 7, 1939, с. 92-128). Ал, Ә.Диваев Жүніс қожаға бағынышты халықтар ретінде өзбектермен бірге қазақтың Қаңлы, Шаңышқылы, Бағыс және Рамадан тайпаларын атап өтеді (Диваев А. Предание о возникновении азиатского города Ташкента. Протоколы заседений . Туркестанского кружка любителей археологии, год 5. Ташкент, 1900, с. 151).

Осы тұста ерекше тоқталатын жайт, Төле биден кейін Ташкентке әкім болған Жүніс қожаның Ұлы Жүз жерлерін билегенімен, өңірдің негізгі билеушісі өзбектер болды деп айта алмаймыз. Себебі, Жүніс қожаның тегі қазақ та, өзбек те емес. Яғни, Жүніс қожа тұсында Ташкентте қазақтың немесе өзбектің мүддесі басым болғандығы жөнінде нақты дерек жоқ. Десек те, Төле бидің қызметшісі болған  Жүніс қожаны өзбекке қарағанда қазаққа жақын болды деп жорамалдауға негіз бар. Бірақ, біздің бұл пікіріміз құр жорамал ғана. Ал, тарихи ақиқатқа көз жеткізу үшін Жүніс қожа дәуірін әлі де терең зерттеуіміз керек.

ХVIII ғасырдың екінші жартысында Ферғана жазығында өзбектің Мың руының (ХVІІ ғасырға дейін Мың руы Ұлы жүздің құрамында болған) биі Шахрух өзінің тәуелсіз иелігін құрды. Шахрухтың ұлы Нарбота бидің тұсында Ферғана жазығындағы тәуелсіз иеліктің іргесі кеңейіп, Қоқан қаласын астана етті. Осы кезден бастап бұл тәуелсіз иелік Қоқан хандығы деп атала бастады. ХІХ ғасырдың басында Қоқан хандығы күшейіп, Ұлы Жүз жерлерін жаулап алды.  Атап айтар болсақ, Әлім хан тұсында (1799-1809) 1808 жылы Ташкентті, 1809 жылы Шымкент, Сайрам, Әулие-Атаны басып алды. 1816 жылы Қоқан билеушісі Омар хан  Түркістанды жаулап алып, жеңістің құрметіне үлкен той жасады. (Бекмаханов Е. Казахстан в 20-40 годы ХІХ века. «Қазақ Университеті». C. 157-161 Алма-Ата 1992)

Қоқан билеушілері жаулап алған жерлеріне бекініс салып, онда салық жинаушы Қоқан әскерлерін ұстап отырды. Бұны хорунжий Потанин өз жазбаларында баяндайды (Записки о Кокандском ханстве хорунжего Потанина (1830) Вестник РГО, Спб, 1856, кн. 6, отд, 2, ч. 18, с. 262). Яғни, Қазақстанның оңтүстігінде өзбектер Қоқан дәуірінде сауда-саттық жасап, сондай-ақ, жергілікті қазақтардан салық жинау үшін жіберілген Қоқан әскерилерінің  келуімен пайда болғанын аңғаруға болады. Себебі, белгілі тарихшы И.Ерофееваның ғылыми еңбектеріне зер салсақ, өзбектердің ХІХ ғасырдан бастап Оңтүстік Қазақстанда қоныстана бастағанын байқаймыз. Айталық, И.Ерофееваның келтірген деректеріне қарағанда 1800-ші жылдарға дейін Шымкент, Сайрам, Түркістанда өзбектер көп тұрмаған. Болса да, аз мөлшерде тұрған болуы мүмкін. Мысалы, 1785 жылға дейін Сайрамда билік құрған Тұрсын ханның ұлы Күшік ханның кезінде Сайрамда негізінен Найман тайпасынан 1700 отбасының (М.И. 15-20 мыңдай халық) тұрғандығын, ал, Иқанда 1717 жылға билік құрған Құдаймеңде сұлтанның ұлы Тұрсын ханның иелігінде Қоңырат, Найман, кейбір Ұлы Жүз руларының өмір сүргендігін, Тұрсыннан кейін Иқанда оның ұлы Барақ ханның 1750 жылға дейін билік құрған кезінде 10 мыңдай Найманның және Қоңырат, Арғын, Дулат руларының қоныстанғандығы айтылады (И.В Ерофеева. Казахские ханы и ханские династии. Культура и История Центральной Азии и Казахстана. С. 76-80. Алматы, 1997).

Нағында, Түркістан аймағында ХІХ ғасырға дейін де өзбектер көп шоғырланбаған еді. Бұл хақында И.Ерофеева:  1738 жылға дейін Орта жүздің ханы болған Сәмекенің тұсында Түркістан аймағында тек Қоңырат, Арғын, Найман рулары ғана өмір сүрді.  Сәмеке ханнан кейін оның ұлдары Түркістан аймағын (Қарнақ, Сауран, Отырар, Созақ, Өгізтау) Әбілмәмбет хан (1739-1771) мен Сейіт хан (1741-1745) және Есім хан (1750-1798) билеп, бұл хандардың иелігінде Арғын, Қыпшақ, Қоңырат, Уақ рулары болды. Тіпті, Түркістанның соңғы ханы Әликеннің тұсында (1858-1860) бұл өлкеде Қоңырат, Қыпшақ, Сарыүйсін рулары өмір сүрді (И.В Ерофеева. Казахские ханы и ханские династии. Культура и История Центральной Азии и Казахстана. С. 76-95. Алматы, 1997) деп баяндайды.

Яғни, И.Ерофееваның XVIII ғасырда Сайрам, Иқан, Түркістан өлкесінде өзбектердің қоныстанбағандығын көрсетуі, олардың Отүстік Қазақстанға кейін Қоқан хандығы кезінде көшіп келгендігін дәлелдейді. Мәселен, XVII ғасырда Оңтүстік Қазақстанда болған Тобыл саудагері Тауыш Мерген де өз естелігінде: «Түркістан қаласын 1000-ға жуық қазақтардың мекендейтінін (Қазақ ССР тарихы. І том. Алматы: 1957, 172 бет) жеткізеді. Егер, Түркістан аймағында өзбектердің үлкен шоғыры қоныстанған болса, саяхатшылар оны да жазып қалдыратын еді. Ал, тарихшы-археологтар К.Байпақов пен А.Нұржанов Сайрам қаласы туралы зерттемесінде; XVI ғасырдан бастап Сайрам қаласында қазақтардың санының тұрақты түрде өсіп отырғандығын айтады (К.Байпақов пен А.Нұржанов. Ұлы жібек жолы және Орта ғасырлық Қазақстан. «Қазақстан». Алматы, 1992. 54-56 беттер)

Соңғы жылдары Иқандық Тухташ Мамаевтың тарихи және шежіре мәліметтерінің негізінде жазған «Иқон ва Иқонликлар» атты зерттеу жұмысы да біздің тұжырымызды қуаттай түседі. Тухташ Мамаев өз зерттеуінде Түркістан ауданындағы Иқан, Иба ата, Шаға, Сайрам ауданындағы Ақсу, Манкент, Қарабұлақ, Қарамұрт селосындағы өзбектердің Самархан, Хорезмнен көшіп келгендігін айтады (Мухаммадризо уғли Тухташ Мамаев. Иқон ва Иқонликлар. 26-27, 66 беттер. Ташкент 2003).
Тухташ Мамаевтың бұл дерегін тілші ғалым А.Ходжиев та растайды. А.Ходжиевтың көзқарасынша өзбек тілі Оғыз, Қарлұқ, Қыпшақ диалектісіне бөлінеді. Оғыз диалектісінде Хорезм өзбектері сөйлейді. Ал, Иқан, Қарабұлақ, Қарамұрт өзбектерінің тілі өзбек тілінің оғыз диалектісіне жатады. (А.П. Ходжиев. «Өзбек тілі». Түркі тілдері энциклопедиясы. 564 б. Астана, 2002). Бұл, Иқан, Иба ата, Қарабұлақ, Қарамұрт өзбектерінің Самархан, Хорезмнен көшіп келгендігіне нақты дәлел бола алады.  
Ал, Самархан, Хорезм өзбектері Оңтүстік Қазақстанға қашан көшіп келді дегенге келетін болсақ, оларды ХІХ ғасырда көшіп келді деуге толық негіз бар. Тарихшы-археолог М. Тұяқбаевтың айтуына қарағанда, Иқан мен Иба атаға өзбектер ХІХ ғасырда көшіп келген. Себебі, бұндағы өзбектердің қорымы ХІХ ғасырға тән. Ал, оған дейінгі Иқан төңірегіндегі қорымдарда қазақтар жерленген. Бұған өзіміз Түркістан төңірегіндегі өзбек ауылдарына экспедиция жасағанымызда да көз жеткіздік. Иқандық өзбектер ары кетсе бесінші атасының ғана моласын көрсете алады. Одан бұрынғы ата-бабаларының қайда жерленгендігін нақты нұсқай алмайды.

Жалпы, Қазақстанның оңтүстігіне Қоқан хандығы өз үстемдігін жүргізген кезде оларға қазақтың 150 000 отбасысы бағынған (ЦГА УзССР, ф. И-336, оп, 1 д, 1, л. 10-43, 54-55) Бұл - 150 000 отбасы дегеніміз адам санына шаққанда шамамен 600-700 мыңға жуық халық болады. Ал, қоқандықтарға 600-700 мың қазақты уысында ұстап тұру үшін қанша әскер керек еді? Біздіңше, Қоқан хандығы Оңтүстік Қазақстанды билеу үшін кем дегенде 60-70 мың әскер ұстап тұрды деп шамалаймыз.

Әйтседе, Оңтүстік Қазақстан тұрғындары Қоқан езгісіне ұдайы өз қарсылығын білдіріп келген. Мысалы, 1821 жылы қоқандықтардың езгісіне шыдай алмаған 12 мың қазақ Тентек төренің басшылығымен Сайрам мен Шымкентте көтеріліс жасады. Омар ханның көтерілісті басуға жіберген әскербасысы Абулқалым атлақ өзінің айлакерлігінің арқасында Сайрам мен Шымкентті басып алып, көтерілісті жаншыды (Добромыслов А.И. Города Сырдарьинской облости Казалинск, Перовск, Аулие-Ата и Чимкент. Ташкент, 1912.312 c.).  Осыдан кейін, Қоқандықтар өз билігін нығайту үшін Мәдәлі хан билік (1822-1842) жүргізген жылдары Оңтүстік Қазақстанда көптеген жаңа бекіністер сала бастады. Өзбекстанның мемлекеттік архивіндегі деректерде бұл бекіністерді: «Жаңақорған, Қошқорған, Дыңқорған, Шымқорған, Қамысқорған» деп көрсеткен. Бұл жаңа бекіністерге өзбектердің келіп қоныстанғандығын В.А Каллаур да өз жазбасында баяндайды (Каллаур В.А . К истории г. Аулие-Ата. Протоколы за седаний и сообщений членов Туркестанского кружка любейтелей археологии. Год 8, 1903, с. 11-18.) Ал, Өзбекстанның мемлекеттік арихивінде бұл жаңа бекіністердің әрбірінде шамамен 250 өзбек отбасысының қоныстанғандығы айтылады (ЦГА УзССР, ф. И-715, 1, 27, док. 210). Яғни, сонда қоқандықтардың әрбір бекінісінде 1000-нан астам өзбектің қоныстанғандығын шамалауға болады.

Задында, Оңтүстік Қазақстанды Қоқан билігінен азат ету мәселесі Қазақ билеушілерінің  назарынан бір сәт те тыс қалған емес. Мысалы, Кенесары хан 1841 жылы Ресеймен арадағы уақытша бейбітшілік келісімді пайдаланып, Оңтүстік Қазақстанды Қоқан езгісінен азат ету үшін 4 мың қолмен келіп, Жаңақорған, Жүлек, Ақмешіт бекіністерін шапты. Созақ бекінісін 18 күн қоршап ұстап, соңынан басып алды. Бірақ, Ресей  патшалығы Кенесары ханның күшейіп кетуінен қорқып, уақытша келісімді бұзуына байланысты, Кенесары хан Арқаға қайтуға мәжбүр болды. (Бекмаханов Е. Казахстан в 20-40 годы ХІХ века. «Қазақ Университеті». C. 254-255. Алма-Ата 1992)
Шерәлі хан (1842-1845) мен Хұдаяр хан (1845-1875) тұсында Қоқан хандығы әлсіреп, ыдырау және жойылу кезеңін басынан кешірді. Қоқан хандығының екі бүйірінен, бірі Арал теңізінен Сырдың бойын жағалай Орынбор генерал-губернаторлығының әскері, бірі Жетісудан Омбы генерал-губернаторлығының әскері келіп, бар-жоғы бес-он жылдың ішінде Қоқан хандығын жаулап алды. Осы кезде жергілікті қазақтар діні бір қоқандықтарға емес, Ресей әскерінің жағына шықты. Себебі, қоқандықтар өздеріне бағынышты жергілікті қазақтарды аяусыз азаптап келді. Оны Мәшһүр Жүсіптің мына естелігінен көруге болады:

«Кеше XVIII (бұнда қате кеткен ХІХ ғасыр болуы керек) ғасырдың ішінде қазақ уалаятында «Қоқан заманы» деген заман болды. Сонда қазақта мақал болып қалды «Ақ жалау барда малым бар деме, Әзірейіл барда жаным бар деме» деген сөз. Ол ақ жалау деген Қоқан хандарының ел шабатұғын қосыны екен. Ол ақ жалау ат үстінде жүргенде қазақтың малында, басында, қатын-қыздарында ерік болмады. Қазақты шапқанда қалай шапты, атқа мінер, сойыл ұстарын тегіс қырып, бесіктегі балалардың ұят жерін қаратып, еркек кіндіктен дәнеме қалдырмай, мал-жан, үй-мүкәмалын қосындағыларға олжалы қылып, қатындарын апарып күң орнына жұмсады. Жалғыз-жарым еркектерді ақ жалаудың үстіндегілергі хандарынан, қолбасыларынан жасырып, ұрлап, өлтірмей тірі алып кетіп, Ташкентте Қоқанның ар жағында Қанбағыс, Досбағыс деген еліне жиырма бес ісек-тұсаққа сатады. Сонан өлмей, тірі құтылып келген шалдармен сөйлесіп, осы әңгімені өздерінен естідім...» (Мәшһүр Жүсіп Көпеев. «Айқап» журналы 1913 ж.)

Сондай-ақ, Шымкент өңірінде қоқандықтардың шариғатта жоқ «қыз салығын аламыз» деген ісіне Сапақ би, Мәдәлі қожа, Телқожа батыр, Ырысқұлбек батыр, Мұсабек батырлардың қарсы шығып, Ордабасы тауында Қоқанның наместнигі Мырза биді әскерімен бірге жойып жіберген (Әбдіһам Шілтерханов. Шығармалары ІІ том. 70-72 беттер. Ордабасы. Шымкент 2007). Егер, Қоқан билеушілері шариғатқа сай халықты әділетті басқарған болса, Сапақ би, Мәдәлі қожа, Мұсабек батыр, Сыпатай батыр, Байзақ датқа, Қанай датқалар діні басқа Ресей әскеріне болысып, Қоқанға қарсы соғыспас еді. Қоқандықтардың қазақтарға жасаған шектен тыс зорлық-зомбылығына қарсы күрескен батырлар туралы хикаялар халық аузында әлі айтылады. Бұны Мәдәлі-қожа, Майлы-қожа, Құлыншақ, Жамбыл, Сүйінбайлардың жырынан көре аламыз.

Тарихи негізі әлсіз шығарма елді бүлдіреді

Әсілі, Оңтүстік Қазақстандағы өзбектердің басым көпшілігі Қазақтың Арғын, Найман, Қоңырат, Қаңлы, Қатаған-Жайма руларынан және түбі араб болып табылатын Қожалар мен Сунақтардан тұрады. Тарихшы З.Жандарбек бұл рулардың өзбектеніп кету себебін олардың Нахшбандийа тариқатын қабылдап, шариғатты қатаң ұстанып, әдет-ғұрыптағы жеті атаға дейін қыз алыспау салтын бұзғандығымен түсіндіреді (З.Жандарбек. Иасауй жолы және Қазақ қауымы. Ел-шежіре. беттер. Алматы, 2006. 232-233 беттер).

З.Жандарбектің бұл тұжырымы қисынды болғанымен, келісе қою қиын. Біздіңше, XVI ғасырдың басында Мұхаммед Шайбани хан көшпелі өзбек тайпаларын бастап барып Мәураннахрды жаулап алғанда, көшпелі тайпалардың түрі мен тілі өзгеріске ұшырап, кейін Қоқан хандығы кезінде қайта көшіп келген. Үш ғасыр уақытта өзге жерге қоныс аударған кез-келген ұлттың өзгеріске ұшырары анық. Бұған тарихтан көптеген дәлелдер келтіруге болады. Мысалы; Польшадағы Қарайымдар, Молдовадағы Ғағауыздар, Ирандағы Қашкайлар, Анадолы түріктері, Кавказдағы түркі халықтары, Қырымдағы ноғайлар бір кездері көшпелі ғұмыр кешіп, сол жердегі жергілікті халықтармен ұзақ уақыт тығыз қарым-қатынас жасауының нәтижесінде өзгеріске ұшырады. Тіпті, кешегі 30-шы үркіншілік жылдары Ауғанстан мен Иранға үдере көшкен қазақтар, бар-жоғы 50-60 жылда аздап болса да парсыланды. Сол секілді XVІ ғасырдың басында Мәураннахрға ауған көшпелі жұрт, жергілікті отырықшы халықпен біте-қайнаса араласуының нәтижесінде біртіндеп сарттанып (өзбектенді) кетті. Бұған тағы бір мысал; XVI ғасырға дейін Ұлы жүздің құрамында болған Қазақтың Қырық, Жүз, Мың секілді рулары бүгінде өзбек ұлтының құрамында өмір сүруде (Бұл шежіре З.Жандарбектің жеке қолжазба қорынан алынды). Сондықтан, біз бұл мәселеде Мәураннахрдағы табиғи түрде өзгеріске ұшыраған бұрынғы өзбектер XІХ ғасырда Қоқан хандығының Оңтүстік Қазақстанды жаулап алуымен Түркістан, Сайрам аудандарына келіп қоныстанды деп тұжырымдаймыз.

Рас, кейбір бейпіл ауыздар Сайрам селосында 100 пайыз өзбектердің тұруына байланысты, Ақсукент өңірін өзбектердікі деп айтып қалып жүр. Бұл түбірімен қате пікір. Сайрам қаласы Қасым хан билік құрған (1509) кезден бастап қазақтардың қаласы болып келді. Бұны өзбек зерттеушілерінің өзі де мойындайды (Мирахмад Мирхалдарұлы. Сайрамда бар сансыз баб. Зиярат орындары. 8 бет. Шымкент, 2004). Әз-Тәуке хан билік құрған 1680-1715 жылдары Сайрамдағы «Мөртөбе» (Тарихшылар «Мәртөбе» деп қате атап жүр. Негізінде «Мөртөбе» хан жарлығына мөр басылатын жер мағынасын береді) хан ордасы болып келген. Тәуке ханнан кейін Тұрсын хан мен Күшік хандар XVIII ғасырдың аяғына дейін Сайрамды билеп келді (И.В Ерофеева. Казахские ханы и ханские династии. Культура и История Центральной Азии и Казахстана. С. 76-80. Алматы, 1997).

Бүгінгі Сайрам селосын мекендейтін тұрғындардың басым көпшілігі арғы аталары арабтан шыққан қожа әулеттері. Сайрамнан табылған шежірелер мен ескі кесенелер осылай деуімізге әкеп саяды. Ал, аракідік кездесетін руы жоқ сарттар болса, Қоқанның бекіністердегі салық жинаушы әскерилері және сауда-саттық жасап келгендер. Қоқан дәуірінде бұндай көші-қон үдерісінің болғандығын тарихи деректер негізінде жоғарыда айтып өттік. Бүгінгі күні Сайрам селосында өзбектер көп тұрса да, біз Сайрамды Қазақ мемлекетінің ажырамас бөлігі деп танимыз. Себебі, Сайрам ауданындағы Қарабұлақ, Қарамұрт селосындағы өзбектер Хорезмнен көшіп келген келімсектер. Ал, Қазақтың Сиқым, Шымыр, Жаныс, Ошақты, Сіргелі рулары Сайрам өңірінде ежелден өмір сүріп келеді. Сондықтан, бес ғасырдан бері Ақсукент («Сайрам» парсышадан аударғанда «Ақ қала») аймағы Қазақ мемлекетінің меншігі һәм бұған ешкімнің дауы болмауға тиісті.

Түйін

Қазақстанда өзбек, Өзбекстанда қазақ мәселесі көтерілсе, бұдан екі мемлекеттің де ұтылатындығы даусыз. Әлеуметтанушы М.Ертаевтың зерттемелеріне қарағанда, Өзбекстанда 1.5 миллион қазақ тұрса, Қазақстанда ресми деректер бойынша 375 мың өзбек тұрады екен (М.Ертаев. Қазақ және Өзбек диаспораларының әлеуметтік-тарихи даму үрдістері. «Қазақстан Республикасының дипломатиялық және саяси өміріндегі Н.Төреқұловтың рөлі» атты конференция материалдары. 201-203 беттер). Бұл цифрлар екі ел үшін де этносаралық қарым-қатынастың аса маңызды екенін көрсетеді. Әсіресе, Өзбекстандағы қазақтардың диаспора емес, ирредент (тарихи себептермен өзге мемлекттің аумағына кірігіп кеткен ұлт шоғыры) екенін ескерсек, өзбектер үшін бұл аса нәзік мәселе саналады. Яғни, өзбек диаспорасы Сайрамда еншіміз бар десе, Қазақтар оның қарымтасына кезінде Ұлы жүздің орталығы болған Ташкент уәлаятын, Шыршықты, Мырзашөлді, Тамдыны, Баймұратты, Үшқұдықты, Қарақалпақстанды сұраса, оның өнбейтін дауға айналары сөзсіз. Сондықтан, өзбек диаспорасының өкілдері екі халықтың татулығына жарықшақ түсіретін тарихи негізі әлсіз шығармаларына қайта түзету енгізуі қажет деп білеміз.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371