Сенбі, 23 Қараша 2024
Арылу 2476 1 пікір 11 Қаңтар, 2023 сағат 12:52

Ресейдің «газ одағы». Смайылов не дейді?

Бүгін премьер-министр Әлихан Смайылов Қазақстан, Өзбекстан және Ресей арасында «газ одағын» құру бойынша ешқандай ресми ұсыныс келіп түспегенін айтты.

«Қазіргі уақытта үш жақты газ одағын құру бойынша ресми ұсыныс алған жоқпыз. Алған кезде оны қарастыра жатармыз», - деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап беріп.

Үкімет басшысының сөзінше, Ресеймен арадағы газбен қамту саласындағы ынтымақтастық мәселесі екіжақты келіссөздер арқылы жүргізіліп жатыр.

«Таяу уақытта «Газпроммен» келіссөздің келесі кезеңін күтіп отырмыз. Бүкіл қарым-қатынас коммерциялық және өзара тиімді шарттармен жасалады. Біз екіжақты форматтағы жұмысты жалғастырамыз», - деді Премьер-Министр.

Ал Ресей СІМ басшысының орынбасары Михаил Галузин өткен жылдың 26 желтоқсанында ТАСС-қа берген сұхбатында «Үштік газ одағын құруға айтарлықтай кедергілер жоғын әрі Ресейдің серіктестері осы бағыттағы іс-әрекетке дайын отырғанын» жеткізген.

««Үштік газ одағын» құру идеясы Ресеймен қатар, біздің әріптестеріміз: Қазақстан мен Өзбекстанның да қызығушылық тудырады. Осы саладағы өзара іс-қимыл энергетикалық қажеттілікті, халықтың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы мен әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін қажет.

Өзбекстан Республикасының жобаға қатысу, қатыспауына келер болсақ, президент Путин 9 желтоқсанда Бішкекте өткен ЕАЭО Саммиті аяқталғаннан кейін, баспасөз мәслихаты барысында ықтимал энергетикалық альянс құру бойынша жұмыс басталғанын атап өтті. Ресей серіктестері осы бағыттағы бірлескен іс-қимылдарға дайын. Идеяны жүзеге асыру үшін ешқандай маңызды кедергілер жоқ, бірақ, ең алдымен, үлкен жүйелі жұмыс атқарылуы керек. Әсіресе сараптамалық деңгейде. Қазір оны үш елдің құзыретті министрліктері жүргізіп жатыр», - дегенді айтты ол.

Айта кетейік, «Үштік газ одағын» құру идеясын Путин 2022 жылғы қараша айының соңында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге ресми сапары кезінде айтқан. Оның ойынша, Ресей газы Орталық Азия арқылы Қытай нарығына шықпақ.

«Ресей, Қазақстан, Өзбекстанда Кеңес заманынан бері біртұтас газ тасымалдау жүйесі қалыптасқан. Өзара ынтымақтастықты кеңейту үшін бізде үлкен мүмкіндіктер бар», - деген еді Ресейлік вице-премьер Александр Новак.

Президент Тоқаев елге оралғаннан кейін екі күн өткенде Қазақстан бұл идеяны қабылдамайтынын мәлімдеген болатын.

ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов Қазақстан Ресей және Өзбекстанмен газ мәселесі бойынша тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейтінін, бірақ газ одағын құру мәселесін талқыламағанын жеткізді.

«Ешқандай да газ одағы туралы келіссөз болған жоқ. Біз екі жақты әңгіме жүргізіп отырмыз, еліміздің солтүстік-шығыс аймағын газдандыру мәселесін шешу үшін Ресейге жиі барып жүргенімді білесіздер. Өзбекстанмен де қарым-қатынасымыз бар, өйткені біз Азия газ құбыры мен Бұқара - Ташкент - Бішкек - Алматы газ құбырының жүйесінде бірге отырмыз. Өзбекстанның газ мәселесі бойынша Ресеймен өз қатынасы бар. Кейде үшеулеп отырып, талқылайтын мәселе болады. Бірақ ол газ одағын құру деген сөз емес», – деді Ақшолақов.

Өзбекстан да Кремльдің жобасынан бас тартқанын хабарлаған еді.

«Өзбекстан көрші елдерден газ және электр энергиясын сатып алу туралы келіссөздер жүргізуде, бірақ «қандай да бір одақ не ұйым арқылы емес», - деді Өзбекстан энергетика министрі Жорабек Мырзамахмудов.

Мырзамахмудовтың сөзінше, Өзбекстан газ тапшылығын көріп отырса да, «ұлттық мүддесіне, экономикасы мен тәуелсіздігіне» қауіп төндіргісі келмейді. Өзбекстан газдың жетіспеушілігінен бірқатар өңірлерде электр қуатын қолдан өшіріп, Ташкент пен Ферғана алқабында газ құю станцияларының жұмысын тоқтатқан.

«Біз газ алу үшін өзге елдің саяси шарттарын ешқашан қабылдамаймыз», - деп атап өтті өзбек министрі. Ол Өзбекстанның Ресей және басқа елдерден газды қолайлы бағаға және келісімшарт негізінде сатып алатынын айтады.

«Ресейден газ жеткізу туралы келісім жасалған күнде де, ол одақ құру дегенді білдірмейді. Өзбекстанның Ресеймен ортақ шекарасы жоқ. Сондықтан газды көрші Қазақстан арқылы жеткізу туралы келіссөздер жүргізілетін болады. Осындай техникалық келісімшарт болады», - деді Мырзамахмудов.

Айжан Темірхан

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5391