Ақаңның ақ жолы
«Ана тілмен оқу бізге де керек
екендігіне еш талас болмасқа керек».
«Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен
жазылған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды.
А.Байтұрсынұлы
2022 жыл да өтті. Сонымен бірге ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған шаралар да мәреге жетті. Бір жағынан Ақаңның аруағы ұрпақтарына риза да болар. Ұлықтап жатырмыз, дүбірлі жиындар, конференциялар, мәдени іс-шаралар өтті, Түркияда, Алматыда, Торғайда Ақаңның еңселі ескерткіштері бой көтеріп, толық шығармалар жинағы жарық көрді. Әрине, ауыз толтырып айтарлықтай шаралар болды. Жалпы мерейтойларды өткізуде әжептәуір тәжірибеміз де бар ғой. Ал, екінші жағынан Ұлт ұстазының ұлағатты ойларынан қаншалықты тағылым алдық, ол ұлағатты ой-тұжырымдарды бүгінгі тірлігімізде қаншалықты ұстанып жүрміз, ол арнайы сараптау мен талқылауды қажет ететіні анық. Тұтас ұлтқа ақ жол көрсеткен Ұстаздың болуы сол ұлт үшін Жаратқанның берген бағы десек, Ақаңдай Ұлт ұстазы болған Алаш баласында не арман бар?
Шараны ұйымдастырушыларға мың да бір рақмет! Сәті түсіп Ұлт ұстазының 150 жылдығы бойынша ұйымдастырылған «Ақаң жүріп өткен жолмен...» атты ғылыми-танымдық экспедиция құрамында 2022 жылдың 13 – 17 қыркүйек күндері Ақымет Байтұрсынұлының туған жерінде болып қайттық. Алған әсерді айтып жеткізудің өзі қиын. Ұлы тұлғаға бас ию, туған топырағының қасиетті жерлерінде Ұстазға арналған жиындарға қатысу, Ақаң жерлестерімен, жақын туыстарымен, ел азаматтарымен кездесулер ерекше есте қалатын оқиғалар болды.
Бұрыннан мазалап жүрген ойлар сол сапар барысында тыныштық таптырмады, әсіресе, сапардың алғашқы күні Әулиекөлдегі Ұстаздың бюст-ескерткішінің алдында тұрғанда, шынымды айтсам, ескерткіш болса да, Ұлт ұстазына тура қарай алмадым. Сол сәтте заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбайдың бұдан бірнеше жыл бұрын жазылған «Ұлағатты ұстаз» мақаласындағы мына бір жолдар ойыма оралды. «Кейде, шіркін, сол сабаз қазір тіріліп келсе ғой дейсің. Бізге ұят болғанымен, ең үлкен мәртебеге енді ие боп, соны әлі дұрыстап игере алмай жатқан сорлы қазақ тілінің сауабына бір қалар еді-ау деп ойлайсың». Бұл мәтіндегі «сорлы қазақ тілі» деген тіркесті сөз абызы Әбекең тегін алмаған болар. Қазақ тілі сорлы ма, әлде сол тілінің қадір-қасиетіне жете алмай жатқан қазіргі қазақ қоғамы сорлы ма? Қалай айтсақ та, ақиқаттан аттай алмаймыз, қазақ қоғамы қазақ тілін әлі өз деңгейінде игере алмай жатырғаны, қолдана алмай отырғаны рас.
Сонау ХХ ғасыр басында ұлттың басты рухани қазынасы тілі бәсекеге қабілетті болмаса, ұлттың өзі де ұлттық сипатынан айрылатынын пайымдаған А.Байтұрсынұлы бұл бағыттағы жүрер жолымызды анықтап, айқындап кеткен жоқ па? Тағы да Әбіш ағамыздың сол мақаласынан үзінді: «Ұлттық тіл біліміне түпкілікті Темір қазық болар мәңгілік үлестер» (Ә.Кекілбай «Ұлағатты ұстаз»).
Ұстазы бар ұлттың білім жолындағы жүрер жолы анық та ашық болмай ма? Ал біздің бүгінгі мына жүрісімізді, «ұлттық тіл біліміне түпкілікті Темірқазық болар мәңгілік жолға» түсу орнына, тапа тал түсте адасып жүруімізді қалай түсіндіреміз? Ұлттық білім мен ұлттық тілге қатысты басты ұстанымын, ілімін ұстамасақ, қағидаттарын басшылыққа алмасақ, Ұлт ұстазы деп ардақтауымыздың өзі шартты болып шықпай ма?
Жалпы біз осы өз тарихымыздан өзіміз сабақ алатын өрелі қоғам деңгейіне жеттік пе? Жауап беру оңай емес. Осы тұрғыдан алғанда «біз бүгінгі қазақ қоғамында үлкен мәселеге айналған ұлттық білім беру мен ұлт тіліне қатысты Ұлт ұстазының ғылыми мұраларын толық зерделедік пе, тойын тойлап жатырмыз ал ойын ойлап жатырмыз ба?» деген сауал тағы алдымыздан шығатыны сөзсіз.
Бәсекеге қабілетті ұлт болу үшін ең алдымен керегі білім екенін ғұлама Абай бастап айтса, Ақаң «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек», «Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді» (А.Байтұрсынұлы, «Тіл-құрал») деп айтып қана қойған жоқ, сол білім беретін ұлттық мектептің іргетасын қалады, тұжырымын жасады. Ал бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанда әлі күнге дейін ұлттық мектеп туралы тұжырымдама жоқ. Сол ұлттық білім мен ұлттық тәрбиенің бесігі болатын бастауыш мектеп мәселесіне арнайы тоқталсақ.
Біз әлі толық түсіне алмай, түйсіне алмай жүрген осы мәселені сол ХХ ғасырдың басында Ақаң зерделеп, ұстанымын нақты жеткізген екен. Бұл «А.Байтұрсынұлын «ұлт ұстазы» атандырған ұлы ұстанымның қорытынды тұжырымы». (Т.Жұртбай, «Жас Алаш», №87, 1.11.22) .
«Әр жұрт баласын әуелі өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, әуелі өз тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқыту тиіс» .
«Әр халыққа керегі өз діні, тілі, жазуы сақталу. Солай болған соң, бастауыш мектеп , әуелі, миссионерлік пікірден, политикадан алыс боларға керек, яғни қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдық пікір, суық қолдан тыныш боларға керек» (А.Байтұрсынұлы, «Тіл-құрал») .
«Ел - бүгіншіл, менікі ертең үшін» деп ел ертеңі үшін тынымсыз, толассыз еңбек еткен Ақаң осы бастауыш мектептегі оқу ісіндегі біздің бүгінгі тірлігімізді көрсе, не айтар еді? Толассыз тәжірибе алаңына айналған бастауыш мектепте әлі ойлау, сөйлеу жүйесі толық қалыптаспаған бүлдіршіндерге біз күні кеше үш тілді 1 сыныптан бастап, тіпті балабақшадан бастап оқыттық. Әлемнің ешбір елінде болмаған бұл тәжірибенің нәтижесін қоғам көріп отыр, ата-аналар балалары мен немерелерінің шатпақ тілі арқылы сезіп отыр. Уызынан жарымаған бала басқаша қалай сөйлесін? «Бастауыш мектепте тұғыртас жоқ. Бар пәле содан. Бастауыш мектеп – уыз. Уыз орнында – көкшалап» деген Шерағаңның сөзіне (Ш.Мұртаза «Бір кем дүние») қосылмасқа амал жоқ. Бұл жолдың қате болғанына қазір бәріміздің көзіміз жетті. Бірақ үйреніп қалған «үштілділік» дегеннен арылу оңай емес екен. Батпандап кірген дерт мысқылдап шығады.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі қазақ тілінде білім беретін бастауыш мектепте келесі оқу жылынан бастап, орыс тілі екінші сыныптан, ал ағылшын тілі үшінші сыныптан оқытылады деп хабарлады. Бастама қолдауға лайық, дегенмен неге біз тағы да жартылай қадам жасадық? Барлық өркениетті унитарлы мемлекеттерде (Германия, Жапония т.б) шет тілдер бастауыш мектептен кейін оқытылады. Ана тілінде білім беретін мектеп табалдырығын аттаған қазақ баласы үшін орыс тілі де, ағылшын тілі де, басқа тілдер де шет тілі емес пе? Ал шет тілін біз қажеттілікке қарай қарым-қатынас тілі ретінде үйренеміз ғой. Оның үстіне дүние жүзіне кеңінен таралған ағылшын тілінің де, орыс тілінің де әбден жетілген әдістемелік оқу-үйрету жүйесі бар. Қажеттілікке қарай 3 ай мен 1 жылдың арасында түрлі деңгейде тілді еркін үйреніп алуға болады. Ал біздің бастауыш білім беру жүйемізде орыс, ағылшын тілдерін 2-3 сыныптан бастап, 10-11 жыл оқыту қаншалықты тиімді, қаншалықты қажет? Қазақ баласы 1 сыныпта-ақ «өз тілінің жүйесін біліп, жолын танып» алады дегенге сенесіз бе? Бұл тағы да қойыртпақ тілге бастайтын жол ғой.
Жалпы ағылшын тілін оқып-үйренуге ешкім қарсы емес және бұл үрдістің елімізде басталып та кеткенін айта кеткен жөн. Қаулы-қарарсыз, үгіт-үндеусіз-ақ арнаулы курстар, жеке оқыту, интернет арқылы әркім өзіне қажетті деңгейде тілдік дағдыларын жетілдіруде, ағылшын тілін үйренуге ұмтылуда. Дүние жүзінде мойындалған тілді білу алдына үлкен мақсаттар қойып отырған ел жастары үшін уақыт талабы, заман талабы. Бұл жағынан алғанда біздің жас ұрпақ үшін тамаша мүмкіндіктер туындайтыны сөзсіз. Ал орыс тілін біздің жас ұрпақ меңгермей қалар деп ойлаудың өзі артық қой.
Кешегі өз тарихымыздың ауыр кезеңдерінен сабақ алмаймыз ба? Жас ұрпақты орысша оқытамыз деп XX ғасырда шапқылағанымыздың зардабын бүгін тартып отырмыз ғой. Тілінен алыстаған орыс тілді ағайын ана тіліне асығар емес. Ертең уызынан орыс, ағылшын тілдерін ана тілімен қатар оқыған ұрпақ үшін қазақ тілінің орны қандай болмақ, бастауыш мектептен үш тілді қатар, тең үйренген ұрпақта ұлттық болмысты қалыптастыратын ұлттық тамыр қаншалықты сақталмақ, ұлттық намыс пен ұлттық сана қандай деңгейде болмақ? Бұл сұрақтардың жауабын табу оңай емес. «Ұрпағына ие бола алмаған жұрт ұлттықтан айырылады» деген Әбіш Кекілбайдың сөзі әрдайым есімізде тұрады» (ҚР Президенті Қ.Тоқаев). Сондықтан да қазақ баласының «өз тілінің жүйесін біліп, жолын танып алуы» тілдің ғана емес, тұтас ұлттың болашағы үшін маңызы бар мәселе.
Жоғарыда айтылған экспедиция барысында Қостанай, Арқалық, Торғайда және Батыс Қазақстанның Шыңғырлау ауданында өткен конференция, семинар, дөңгелек үстелдер барысында осы мәселе көтеріліп, «қазақ тілінде оқытатын бастауыш мектепте білім Ұлт ұстазы жолымен тек қазақ тілінде берілгені жөн, ал орыс және ағылшын тілдерін бастауыштан кейін, 5 сыныптан бастап оқыту туралы» ұсыныс айтылды және ұсынысты жиынға қатысушылар қолдады.
Тіл жанашырларының ұсынысын ескере отырып, тиісті мемлекеттік органға, ҚР Оқу-ағарту министрлігіне осы мәселеге қатысты арнайы жиын өткізу, мәселені қоғаммен ашық талқылау туралы ұсыныс түсіреміз.
Сонымен бірге бүгінде көпшілік қауымды ғана емес, тілші-мамандардың өздерін тығырыққа тіреп жүрген шет тілдік сөздерді қолдануға тоқталсақ. Ақаң қағидаты анық. «Жалғыз-ақ біздің мықтап қашатынымыз – жатшылдық (жат сөзшілік)» (А.Байтұрсынұлы, «Тіл-құрал»). Ал біз «сырттан алынған «есіктен кіріп, төр менікі» деген сөздерді», (Б.Момышұлы), жат сөздерді еркіне қоя беріп отырмыз. Жақсы, тоталитарлық жүйе кезеңінде бұл түсінікті болар, ал тәуелсіз елміз деп желпініп отырған бүгінгі күнімізде бұл қалай? Жаңа қазақ әліпбиі жобаларына жат әріптерді (в, ф, х, и) тықпалаудың өзі сол жат сөздер үшін екені түсінікті ғой. Әлде қазақ тілі сол жат сөздерді тіл қисынына, яғни өзінің тіл заңына сәйкес бағындырып ала алмай ма? Олай болса, донор тілсіз күн көре алмайтын тіліміз шынымен сорлы болғаны ғой. Жоқ!. Қазақ тілі - ғасырлар бойы өзінің өміршеңдігін дәлелдеген жасампаз тіл. Араб, парсы, орыс тілдерінен келген мыңдаған сөздер қазақ тіліне адал қызмет етіп жүр, түп-төркіні бөтен болғанмен болмысы қазақы. «Молда, мектеп, мұғалім, самаурын, бөшкі, бәтеңке т.б». Тағы да Әбіш ағамыздың түйін пікірімен ойымызды сабақтасақ. «Қазақ тілі дамуы жөнінен қазіргі дамыған тілдердің біреуі, өзінің тілдік функциялық дәрмені жағынан, қөркемдік стильдік мағына берушілік дәрмені жағынан, кәзіргі адамзаттың әрекет - аясын түгел қамтитын тілдік балама тауып беру ауқымы жағынан, біріккен ұлттар ұйымындағы халқаралық тілдердің кез–келгенінің алдында сәйкестік пен дәлдік, эквивалент тауып бере алатын тіл». Олай болса, қазақтың төл дыбыстарының таңбаларымен ұлттық әліпби үлгісін көрсеткен Ақаңның ақ жолына түсуге не кедергі?
Бұл арада әңгіме ұлттық санаға қатысты. Тоталитарлық жүйеден қатты зардап шеккен ұлттық санамыз ХХ ғасыр басындағы Алаш көсемдерінің деңгейіне жете алмай отыр. Қазіргі қазақ қоғамына өзінікін қор, өзгенікін зор санайтын бодандық психологиядан арылу қиын болып тұр. Қазіргі қазақ жазуын латын таңбалы әліпбиге көшірудің үлкен қиындықпен жүруінің басты себебі де осында жатыр Ұлт ұстазының осы мәселеге қатысты қадап айтқан пікірі - «Жат сөздер қазақ тілінің дыбыстық заңдылықтарына бағынуы тиіс. Өзге тілден енген сөздерді өзіміздің сөзімізге айналдыру үшін бұл-қажет нәрсе» (А.Байтұрсынұлы, «Тіл-құрал»). Қазіргі қазақ тіліне «жат әріптер» ғана емес, тұтас жат тілдік айтылым, жазылым ережелер енгені және сол «тіл бұзар ережелердің» (Ә.Жүнісбек) тіл тазалығы мен тіл табиғатына орасан нұсқан келтіріп отырғанын мойындайтын, ұлттық әліпби туралы тиянақты әңгіме айтатын, нақты шешім қабылдайтын уақыт келді.
Ұлттық әліпби, емле мәселесінде әңгіме аяқталған жоқ. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Бұл мәселеде асығыстыққа жол берілмейді. Жаңа әліпбиді енгізудің барлық аспектілерін мұқият тексеру, жан-жақты талдау және пысықтау қажет» дегенді босқа айтып отырған жоқ. Ұлт тағдырына, тіл болашағына қатысты жалпыұлттық маңызы бар ұлттық жазу, оның емлесі туралы мәселеде бізге енді қателесуге болмайды. Ал жазу реформасының басты мақсаты тіл табиғаты мен болмысынан туындайтын және жаттілдік ықпалдан қорған болатын ұлттық әліпби қалыптастыру екені нақты айтылғаны жөн. ХХ ғасыр басында қазақтың ұлттық жазуын қалыптастырған ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының жазу, әліпби, емлеге байланысты қағидаттары – бұл бағыттағы біздің басты ұстанымыз болғанда ғана ұлттық әліпби қалыптасатыны сөзсіз. Сондықтан да Ұлт ұстазы алдындағы басты парызымыз – ұлттық жазу жүйемізді (әліпби, емле) Ақаңның қағидаттары негізінде қайта құру. Бұл сонымен бірге «ұлы тұлғаның ұлағатты жолы ешқашан үзілмейтіндігінің» (ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Алматыда Ұлт ұстазы ескерткіші ашылуындағы сөзі) нақты көрсеткіші болар еді.
Қазіргі қазақ қоғамына, әсіресе өзін қор, өзгені зор санайтын бодандық санадан ада жас ұрпағымызға «менің тілім ешбір тілден кем емес, әлемнің барлық тілдерінен қазақ тіліне қызмет етуге келген сөздерді мен өз тілімнің дыбыстарымен айта аламын және жаза аламын» деген сенім қажет. Ендеше ұлттың рухани жаңғыруының басты көрсеткіші, басты рухани қазынамыз - ұлттық тілімізге толық ие боламыз десек, бұл бағытта бізге жартылай қадам, шала шешім емес, тіл тынысын ашатын тәуекелшіл қадам, нақты шешім қажет. Бұл осы тәуекел қадамды жасасақ, жат тілдің ықпалынан тынысы тарыла бастаған қазақ тіліне өз заңымен өмір сүруге мүмкіндік берер едік. Сондықтан да, ең алдымен, ұлт пен ұлт тілі болашағы алдындағы жауапкершілік пен міндетті түсіне де түйсіне отырып, шешім қабылдаған дұрыс деп ойлаймыз.
Болат Жексенғалиев
Abai.kz