Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Сайлау 2023: 2741 0 пікір 31 Қаңтар, 2023 сағат 16:39

«Халық» партиясы алдымен қамданды...

Кеше «Қазақстан халық партиясы» мәжіліс сайлауына түсуге мүмкіндігі бар жеті партияның алғашқысы болып кезекті сьезін өткізді. Жиын барысында Партияның жаңа төрағасы Ермұхамет Ертісбаев бастаған, орынбасары Ирина Смирнова қостаған, депутаттық додаға түсетін 52 үміткердің тізімін жариялады.

Президенттік сайлауда ерекше белсенділік танытқандарын алға тартқан Ертісбаев мырза жеңіске жеткен жағдайда, парламент партасына өзін емес, өзге әріптестерін алдымен отырғызуға дайын екенін жеткізді. Бұл сөздің партия құрамынан іркес-тіркес шығып кеткен Ғазиз Құлахмет, Жамбыл Ахметовтарға қаратып айтылғаны айтпаса да түсінікті. Қырғызстанда туылса да бұдан бұрын екі кезек қазақ парламентінің депутаты болған Смирова ханымның айтуынша негізгі заңға енгізілген «Жер – халықтың меншігі» деген бап та, президенттің 2024 жылдан бастап дүниеге келген нәрестеге жеке есепшот ашу бастамасы да атағы дардай «Аманаттың» емес, аталмыш партияның ұсынысы екен.

Ал Орталық сайлау комисиясының рұқсатымен жүргізілді делінген «Қоғамдық пікір» зерттеу иниститутының телефон арқылы өткізілген сауалнамасы бойынша (1200 адам қатысқан): дауыс берушілердің 48,6 пайызы «Аманатты», 6,2 пайызы «Ауылды», 5,4 пайызы «Ақ жолды», 4,8 пайызы ғана «Халық партиясын» қолдаған. Парламентке өтудің шекті дауыс мөлшерінің 7 пайыздан 5 пайызға түскенін, бұрынғы коммунитердің соны да жинай алмағанына қарап аусайдер санасаңыз, оңбай қателесесіз.

Қызылдар партиясы мәжіліс сайлауына партиялық тізімнен бөлек, мажориталлық жүйе бойынша 15 үміткер, мәсилихат сайлауына 700 мүшесін сақадай сайлап отыр екен. Миллионнан асып жығылатын үміткерлік жарнаны қалтасынан ойланбай суырып беретін шетінен бизнесмен, қармағында адамы бар атқамінерлер.

Ескі коммунистік партия сьезінің тағы бір жаңалығы бұрын «Нұр отанның» шашбауын көтеріп келген «Отандас ел» қоғамдық бірлестігі «Халық» партиясы жағына өтіпті. Депутаттықтан үміткерлер тізіміне енген ұйым басшысы Мұқан Мамытқан мырза: «Менің 27 жыл бойы айналысып жүрген мәселемнің бірі – көші-қон. Қандастар мәселесін шешуде ҚХП Ертісбаев ерекше қолдау көрсеткен еді» деп ағынан жарылыпты. Сырт көзге Мұқан мырза экспрезидент Назарбаевты Ертісбаевпен шатастырып алған жоқ па деген ой келетіні анық. Бұл жайында әлеуметтік желі де әр түрлі пікірлер айтылып жатыр екен. Бірі «"Отандас ел" атты республикалық қоғамдық ұйымды 20 жыл басқарып келе жатқан Мұқан Мамытхан да шиязға делегат боп қатысыпты. Демек, Халықты қандастарымыз да қолдайды деген сөз ғой сонда?» деп жазса, Руслан Ербота:«Қайталап айтайын, қандастар арасындағы отбасылық, туыстық, ағайындық, елдік, бірігіп кәсіп етудегі тамаша қарым-қатынастан, берік байланыстан асып кеткен электорат елде жоқ. Тіпті, бұрын бір ауыздан дауыс беріп келген зауыт жұмысшыларының ынтымағы бүгінде қандастардың бірлігіне жетпейді.

Елдің мәдениетіне, өнеріне, бизнесіне осыған дейін ерекше атсалысып келген қандастар осы ерекшелікті ескеріп, ел басқару жүйесінен шеттеп жүре бермей, саясатқа ден қойып, аудан, қала, аудандық, облыстық мәслихат, тіпті мәжіліс сайлауларына түсуі керек. Сайлауда тәуелсіз бақылаушы болып, азаматтық қоғамның дамуына үлкен үлес қосулары шарт» деп түйіндепті. «Халық» пен «Отандас ел» – Ертісбаев пен Мұқан әріптестігінің екі ұйымның, екі басшының саяси таңдауы екені, барша қандасқа өкілдік ете алмайтыны айтпаса да түсінікті.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963