Сенбі, 23 Қараша 2024
Сұхбат 4774 30 пікір 1 Ақпан, 2023 сағат 16:43

Үйсін мемлекеті – қазақ мемлекеттігінің қайнар көзі

Белгілі ғалым, жазушы, қытай ескі жазуының білгірі, физика ғылымдарының докторы, профессор Сұлтан Рамазанұлы Жанболат ақсақал биыл 86 жасқа толды. Қытай Халық Республикасының Үрімші қаласында тұрады. «Елжау Күнби», «Қас сақтар», «Үйсіннама» сияқты кітаптардың авторы.

– Сұлтан аға, айтыңызшы, «Үйсіннама» жазу идеясы сізге қалай келіп еді?

– Құрмаш деген жездем әңгімешіл адам еді. Үйге келген сайын ертегі айтқызатынбыз. «Қыз Жібек», «Арқалық батыр», «Ер Тарғын» дастандарын жатқа айтушы еді. Сол кісінің арқасында әдебиет пен тарихқа бала кезден бастап қызықтым. Бұл бірінші себеп. Екіншіден, «Үйсіннамаға» келуіме, әсіресе, Қытай тарихшыларының Үйсінге әділ көзқараспен үңіле бастағаны зор түрткі болды. Олар үйсіндер туралы бір жарым ғасыр бойы зерттеп келеді. Қытай жылнамаларындағы мағлұматтар өте айқын, жан-жақты. Хроникалық даталары да дәлме-дәл. Өзім Қытыйдың ескі жазуына жетікпін. Қажеттінің бәрін түпнұсқадан оқыдым. «Хас сақтар» және «Үйсін хикаясы» (тарихи трилогия) сияқты еңбектерімді жазу үшін қытайдың талай киіз кітаптарын ақтардым. Үйсіндер жөнінде қыруар тарихи естеліктер мен зерттеулерді жинақтадым. Осыншама дүниені о дүниеге ала кетпейін деп ойлап, осыларды қағаз бетіне түсірейін деп шештім. Сондағы фактілерге сүйендім. Сөйтіп «Үйсіннамаға» 30 жыл өмірімді жұмсаппын.

–  Үйсін мемлекеті тұңғыш Қазақ мемлекеті дегенге келісесіз бе? Ол қашан және қай жерде құрылды?

– Толықтай келісемін. Үйсін мемлекеті – Қазақ мемлекеттігінің қайнар көзі. Бұл – Қазақ-стан аумағында құрылған ең алғашқы мемлекеттік құрылым. Ежелгі Үйсіндерде мемлекеттік биліктің көшпелі халықтарға тән барлық нышаны болды. Айталық, басқару жүйесі, территориясы, экономикасы, мәдениеті және тұрақты әскері, тағысын тағы. Үйсіндер билеушісін Күнби деп атады. Үлкен күнбиден кейінгі мемлекеттік лауазым Кіші күнби деп аталды. Әскері оң және сол қанатқа бөлінді. Үйсіндердің әскери түзімінде – әр отбасындағы ер азамат әскер есептелді. Олар жайшылықта мал бағып немесе егін еге жүріп, шұғыл жағдайда жауға қарсы жорыққа аттанды. Ертедегі қытай жазбаларында: Бұл елдің «Бір жүз жиырма мың түтіні, алты жүз отыз мың жан саны және бір жүз сексен сегіз мың сегіз жүз әскері бар. «Батыс өңірдегі ең құдіретті ел», – делінген. Шамамен б.з.б. 161-160 жылдары үйсіндер Дунхуаң, Чилянсән өңірінен (қазіргі Қытайдың Гансу өлкесі) Жетісу жеріне қоныс аударып, тәуелсіз мемлекет құрды.

–  Үйсіндердің арғы тегі кім?

– Қытай көне жазбаларында «Күн иі» және «Күн роң» деген этнос атаулары кездеседі. Мұндағы «иі», «роң» деген иероглифтер жабайылар дегенді білдіреді. Сонда, «Күн роң» Күн жабайылары деген мағынаны білдіріп тұр. Осы «Күн жабайылары» б.з. дейінгі II ғасырлардағы қытай жазбаларында «Усүнъ» (Үйсін) деп аталды. Үйсіндер  күнге табынған. Олар өздерін «Күннен жаралғандармыз» деп қарайды. Сондықтан қытай тарихшылары Үйсіндердің көсемін «Күн мо – гүнъ мо» (Күн би) деп атайды деп жазады. Сонымен, үйсіндер көктен түскен жоқ, жерден де шыққан жоқ. Олар сақтардың ұрпағы. Сақтар дегеніміз ерте темір дәуіріндегі Ұлы далалықтардың ортақ аты. Демек, сақтардың тараған аймағы кең. Олар нәсілдік жағынан бір болғанымен, әр өңірде аты да әр басқа аталды. Мысалы, батыстағы сақтары скитайлар десе, Каспийдің солтүстік-батысындағыларды сарматтар, солтүстік-шығысындағыларды алаңдар деп атады. Аралдан Іленің аяғына шейінгілерді массагеттер десті...

– Дегенмен кейбір зиялы қауым арасында Үйсінді қазаққа қиғысы келмейтіндер де бар ғой?

– Ондайлар баршылық. «У-сүнның қазаққа қатысы жоқ, у-сүн қазіргі қазақтағы Үйсін емес», – деп айтысқандар болды. Шегелеп айтайын, қазақтың Ұлы жүзіндегі Үйсін – байырғы үйсіндердің тұқымы. Орта, кіші жүзде де, тіпті басқа түрік халықтарында да ежелгі үйсіндердің ұрпағы бар десем қателеспеймін. Меніңше, Қытай тілінің фонетикасы бойынша оқылатын «Wu sun – У-сүн» этнонимін қайдағы асси, асиан, асман т.б. этнонимдермен теңестірудің еш жөні жоқ. У-Сүн дәл бүгінгі Үйсін дегеннің қытайша таңбалануы. Мұндағы «У» дегенді  «А» деп оқу өзге ниеттің белгісі. Сондықтан қытайша таңбаланған У-сүнды Үйсін деп алу ешқандай дау жүрмейтін ақиқат.

Үйсін – қазақтағы ең ірі тайпа. Оның кең және тар мағынасы бар. Тар мағынада Ұлы жүздің бір тайпасының аты болса, кең мағынада Іле, Жетісу және Оңтүстік Қазақстандағы Ұлы жүз тайпасының жалпыла-ма аты. Қазіргі албан, суан, дулат сықылды тайпалар үйсіннен шыққан. Үйсін сонау 2000 жылдың алдында-ақ қытай жылнама-ларынан көрінеді. «Шынжаңның жергілікті тарихы» деген кітапта: «Ежелгі Үйсін – бүгінгі қазақ ұлтының арғы тегінің бірі» деп жазылған. Қытайлық тарихшы-ғалымдар Су Бейхай, Уаң Шюнсұң, Ләй Юниң, Нығмет Мыңжанұлы, Жақып Мырзақанұлы, Жақып Жүнісұлы т.б тарихшылар осы көзқарасты қолдап отырған жоқ па?! Тағы бір мысал келтірейін. Қытайдың мүйізі қарағайдай ғалымдары құрастырған «Цыхай» («Сөз теңізі») сөздігінде: «Қазіргі қазақ ұлтының ішінде Үйсін тайпасы әлі де бар», – делінген. Міне, ендеше! Көне қытай тіліндегі «У-сүн» дегеннің оқылуы үйсінге жоламайды емес, дәл өзі!

– Тарихта «Көшпенділерді» отырықшы жері жоқ, сыпыра көшпенді дейтін көзқарас қалыптасқан. Сонда Үйсіндер де көшпенді ел ғой?

– Үйсіндер жартылай отырықшы, жартылай көшпенді ел болған. Олардың заманына сай қаласы болды. Тұрғындарының бір бөлігі мал бақса, бір бөлігі егін екті. Олар қолөнермен де айналысты, болат та қорытты. Үйсіндерде  жылқы көп болды. Байларының 4-5 мыңға дейін жылқысы болды. Ол заманда адам аз, жер кең дегендей. Сондықтан жердің отына, суына қарай көшіп-қонып жүрді.

– Үйсіндердің Жетісуға қоныс аударудан бұрынғы қонысы туралы айтып өтсеңіз?

– Үйсіндердің Жетісуға келіп қоныстанудан бұрынғы жұрты Қытайлар мен Ғұн қағанатының батысында болатын. Анығын айтқанда, Қытайдың Хыши дәлізін, мөлшермен қазіргі Гансу өлкесін мекендеген. Ал Үйсіндердің ел болып, мемлекет құрған өңірі Шығыс Тәңір тауының (Тянъ-Шан) солтүстік бөктері. Қазіргі Баркөл, Боғда маңы, Үрімші атырабы десек қателеспейміз. Бүгінгі Жетісу өлкесі, Іле аймағы (ҚХР), Балқаш көлі, Шу, Талас өңірі, Ыстықкөл аумағы Үйсін мемлекетінің негізгі территориясы болып саналады. Бүгінде Үрімшінің солтүстігінен, Саяшыл көлі маңынан, Мичуан ауданындағы Дасаутаннан, сондай-ақ, Шиху қаласының батысынан Жың ауданына дейінгі аралықтан Үйсін обалары табылып отыр.

– Үйсіндер Ғұн Тәңір-құтының әміріндегі ел болғаны рас па?

– Үйсіндер Тәуелсіздік алудан бұрын ғұндарға құл, бодан болғаны рас. Алайда, олар ғұндарға бейбіт жолмен бағына салған жоқ. Ғұндар үйсін ордасына тұтқиыл шабуыл жасап, көсемі Нәндібиді өлтіреді. Ордасын ойрандап, халқының тоз-тозын шығарады. Бас иесіз қалған үйсіндер амалсыз бағынады. Осылайша ғұндарға жиырма жыл бойы тәуелді болады.

– Егер Нәндібиді шынымен де ғұндар өлтірген болса, не үшін оның баласы Елжауды Ғұн Тәңірқұты бағып есейтті деп ойлайсыз?

– Мөде аса айлакер кісі. Бұл соғысты ол Нүкістерге жаба салған. Аман қалған Елжауға шапағатшы болғансиды. Бұл әдейі жоспармен істелінген іс. Мөде күндердің күнінде үйсіндердің қайта бас көтеруінен қорқып, осы қадамға барды.

– Халқымыздың сонау алыс қарт тарихынан көркем кесте тіккен «Елжау Күнби» атты көлемді роман жаздыңыз. Айтыңызшы, Елжау кім болған?

– Елжау Күнби – аса парасатты жан, заманындағы іскер елбасы. Жаужүрек қаһарман, соғыс өнерінің шебері. Ол үйсіндердің жау қолынан қаза тапқан алғашқы басшысы Нәндібидің баласы. Елжау Күнби – тұңғыш қазақ мемлекетінің негізін қалаған әйгілі қолбасы.

Елжау Күнби шашылған қауымын қайта жинайды. Әуелгі қонысынан Іле аңғарына жұрт аударып, Кіндік Азияда құдіретті Үйсін мемлекетін құрды. Әсіресе қазақ дейтін ұлы елдің қалыптасуына, өркендеуіне Елжау Күнбидің еңбегі ұшан-теңіз! Елжау Күнби көршілері Ғұн қағанаты мен Қытайдың Хән патшалығы арасында тепе-тең, бірдей саясат жүргізді. Екеуінен төнуі мүмкін қауіпті де жадынан шығарған емес. Сөйтіп олардан іргесін алыстатып кетті.

– Сәби Күнбиді көк бөрі емізіпті деген аңыз бар...

– Бұл тарихи шындық. Тіпті бұдан екі-екі жарым мың жыл бұрын жазылған Қытай жазбаларында осылай айтылады. Ғұндар Үйсін елінің көсемі Нәндібиді өлтіреді. Сонда емшектегі нәресте  далада қалады. Баланы Бөжей деген адам қалың шөптің арасына жасырып қойып, қайтып келсе, жас нәрестені көк бөрі емізіп отырыпты. Мұны естіген Ғұн Тәңірқұты қайран қалады.Бұл шынында «Киелі бала» екен деп, өз тәрбиесіне алады. Ержеткен соң  Тәңірқұт оны әкесінің орнына Күнби етіп тағайындайды.

– Көне Қытай жазбаларын-дағы «Батыс Өңір» дегені қай өңірді меңзейді?

– Біздің қазақ сонау моңғол үстіртінен тартып, Қытайдың Хуаңхы өзені (Сарыөзен), сондай-ақ Қара теңіздің солтүс-тігіне дейінгі созылған ұлан-байтақ сахараны Ұлы Дала деп атайды. Бүгінгілер оны Еуразия құрлығы деп жүр. Ал, қытайлар бұл даланың өздері жақ шетін ғана Батыс Өңір деген екен. «Батыс өңір» дегеннің мағынасы кейін келе көп құбылды. Қазіргі күнде айтылып жүрген Батыс Өңірге – Шыңжаң өлкесі, Тибет, Моңғолия және Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан тағы басқа Орталық Азия елдері кіреді. Қытайдың «Ханнамасында»: «Үйсіндердің 120 мың түтіні, 630 мың  жан саны және 188 мың  әскері бар. Батыс өңірдегі ең құдіретті ел», –

делінген.

– Үйсіндердің батысқа – Іле өңіріне қоныс аударуының басты себебі не?

– Бұның басты себебі – дербес Тәуелсіз Ел болу. Үйсіндерді тәуелсіздікке жетектеуші – Елжау Нәндіұлы. Жаңағы айтып өткен бөрінің емшегін емген бала. Үйсіндердің батысқа бет алуы Ғұн мен Қытайдан алыстау. Оларға тәуелді болмау. Қысқасы осы. Үйсіндер Ілеге келген соң шаруашылығы өркендеп, халқы көбейді. Мемлекет қуаты артты.

– Қытайдың Үйсінге қыз беруінің мәнісі не деп ойлайсыз?

–  Қытайлар үйсінге қыз беріп, одан туған жиендерін билікке шығару арқылы Үйсін мен Ғұндарды өздеріне бағындыруды мақсат етті. Олар сол мұратына жетті де.  Б.з. бұрынғы 109 жылы қытайдың Шижүн есімді қызы Үйсін Күнбиіне тұңғыш рет келін болып ұзатылады. Бірақ ол үйсіндерде бес жыл тұрып қайтыс болады. Осы жерде бір нәрсенің басын  ашып айтқым келеді. Елжау Күнби ол кезде қартайған. Шижүнді үлкен немересі Жөншіге қосады. Алайда қытай қызы бұған мақұл болмайды. Қытай патшасы оған: «Сол елдің салтына бағын. Үйсіндермен бірге Ғұндардың көзін құртуға әрекет қыл», – деп бұйырады. Міне, осыдан-ақ қытайдың «қыз беру» саясатының мәнін түсіну қиын емес. Қытай тарихшысы Жаң Шиман «Үйсін қазақтары туралы зерттеу» деген еңбегінде: «Шижүн ханша өзінің төркінінен ертіп келген жүздеген күтушісімен ордада тірі жесір боп отыра берді. Тек құры атағы демесе, бір жылдан аса мезгіл Күнбидің дидарын бір-ақ рет көрген болатын», – дейді. Нығмет Мыңжанұлы: «Күнбидің қытай қызы Шижүнді айттыруы оған некелену үшін емес, тек саяси дипломатиялық мақсат үшін еді. Жаң Шиманның бұл пайымдауы шындыққа үйлеседі», – деп бұл байланысты растай түседі. Қысқасы, қытайдың үйсінге қыз беруі саяси одақтасудың тәсілі болып есептеледі.

– Шижүн өлген соң қытайлар тағы бір қызын Үйсін ордасына ұзатты емес пе?

– Ол рас. Шижүн өлген соң, Хән патшасы тағы бір қызын Үйсін ордасына ұзатады. Аты – Лю Жею. Ол алдыңғы ханшадай емес, үйсіндерге балдай батып, судай сіңді. Тіл үйренеді. Салт-ғұрыпты да игереді. Үйсінде елу жылдан астам тұрды. Одан туған үлкен ұлы Үйсінге Ұлы Күнби болды. Екінші ұлы Сакаға (Қазіргі Қашқариядағы Яркентке) хан болды.

– Үйсін мемлекетінің астанасы қай жерде болды?

– Үйсіндерде екі астана болған деген дерек бар. Жазғысы Өр Текестегі Саты сайының (ҚХР) аузында делінсе, қысқы астанасы Алматы облысының Есік қаласы маңында деген болжам бар. Қытайдың «Ханнамасында»: «Ұлы Күнбидің ордасы Чегу қаласында тұрады. Жері жазық, ауа райы жаңбырлы, салқын келеді. Тауларында қарағай, самырсын көп өседі», – дейді. Бұл бүгінгі Өр Текестің (Моңғұлкүре) ауа райына дөп келеді. Оны өзің де жақсы білесің. Солай емес пе? Қытайша Чегудің бірінші әрібінің мағынасы қызыл дегенді білдірсе, екінші әріп «гу» аңғар, сай деген мәнді білдіреді. Сонда Чегу дегеннің оқылуы Қызыл аңғар немесе Қызыл сай болады. Кейбір үйсінтанушылар «Қызылкүрең», «Қызылқорған» деп те атап жүр. Ал, Есіктен қорымынан табылған «Алтын адам» Үйсін мемлекетінің қысқы астанасы осы өңірде болғанынан дерек береді.

– Осы жерде менің ойымның үстінен түстіңіз. Олай дейтінім, менің туған жерім – Шапшал ауданы. Біздің жақтағы үлкен кісілер Моңғұлкүрені «Қызылкүре» деп айтады...

– Шапшал мен Моңғұлкүрені Үйсін тауы бөліп тұр емес пе? Бірі күнгейінде, енді бірі теріскей бетінде. «Халық айтса – қалт айтпас» деген. Сөзіңнің қисыны бар. Меніңше, бұл атадан балаға жалғасып келе жатқан сөзді ескермей болмайды. Осыдан-ақ үйсіндердің жазғы астанасы Өр Текесте екені өз-өзінен дәлелденіп тұрған жоқ па?

– Осындайда  Есіктен табылған «Алтын адам» Елжау Күнбидің үлкен ұлы Дулы емес екен деген ой көкейге келеді?

– Ойың дұрыс. Мені де сондай ой мазалап жүретін. Оның ежелгі Үйсін патшасы Елжаудың баласы Дулы екені шындық. Мен бүкіл өмірімді «Үйсіннамаға» арнаған адаммын дедім ғой. Үйсін туралы деректерді бұдан екі-екі жарым мың жыл ертеде жазылған көне қытай жазбаларынан оқыдым. Сонда Лиежаудың (Елжау) тақ мұрагер баласы жиырма жас шамасында қайтыс болғаны жазылған. Ойлаңызшы, Іле Алатауының шығысы Үйсін тауы деп аталады (Ұйғыр ауданы шекарасына дейін). Есік пен Үйсін тауының арасы ұзаса 350 шақырым жер. Сол Үйсін тауының теріскейі мен күнгей бетіндегі обалар Үйсін қабірлері деп аталады да, Есіктегі «Сақ қорғаны» боп шығады.

Бұл қалай? Бұл тарихқа көпе-көрінеу қиянат жасағандық болмай ма? Менің ойымша, Есіктен табылған «Алтын адам» сақ емес, Үйсін ханзадасы! Бұған жоғарыдағы айтқандарым дәлел. Екіншіден, белгілі археолог Кемел Ақышев «Алтын адам» жайында:«Есік обасынан екі адамның сүйегі табылған. Екі бейітте бір мезгілде қойылған. Екеуіне де үйілген топырағы бір. Бірінің жас мөлшері жиырмалар мөлшерінде», – дейді. Қараңызшы, бұл да қытай дерегімен сәйкес келіп тұрған жоқ па? Сонда Алтын Адам Үйсін Күнбиінің үлкен ұлы Дулының өзі. Тақ мұрагері.  Бұл – түбі бір басы ашылатын шындық.

– Үйсіндердің екіге ыдырауына нендей себеп ықпал етті?

– Тақ таласы себеп болды. Жаңағы айтқан екінші ханшадан туған (қытай қызынан) Өңкей мен Ғұн қызынан туған Өжеттің таққа таласуы себеп болды. Шижүн өлген соң, қытай тағы да үйсінге қыз берді дедім ғой. Содан туған Өңкей Ұлы Күнби болды. Демек үйсін екіге жарылғаннан бастап, екі үйсін арасында алауыздық қалыптасады. Осыдан Тәуелсіз де күшті Үйсін мемлекеті құлдырауға бет алады.

– Сұлтан аға, сонымен үйсіндердің ыдырауының соңғы саяси жағдайы қалай болды?

– Бұл ыдырау мен құлдырау үйсіндерді батыстағы қандас-тарымен қосылуға итермелейді. Сонымен олар бір мезгіл Нөнендерге (жужандар) бағынады да, ақырында Батыс Түрік қағанатына келіп қосылды. Бұны Түргеш қағанаты деп те атайды. Түргеш қағанаты – қазақтың дулат тайпасы құрған қағанат. Шежіреде түргештерді сарыүйсін дейді. Көрнекті тарихшы Нығмет Мыңжанұлы: «Дулаттар ежелгі үйсін бірлестігіндегі тайпалардың бірі. Олар Батыс Түрік қағанаты кезінде үстем орынға шығып, үйсін тайпалары дулат деп аталатын болды» дейді. Демек, дулат пен албан бар жерде үйсін бар деген сөз. Өйткені, кейінгі тарих беттерінде, үйсіннен гөрі, оның ішіндегі дулат, албан, шігіл көбірек түскен.

– Үйсіндер мәдениетіне жататын қандай ескерт-кіштерді айтар едіңіз?

– Үйсіндерде тіл-жазу мәдениеті, баспана мәдениеті, өнер мәдениеті дегендердің бәрі болды. Олар ағаштан ыдыс-аяқ, темірден әртүрлі қару-жарақтар жасады. Үйсіндерде ән-күй, музыка, сурет, би, мүсін өнері жақсы дамыған деуге болады. Құтыби ауданындағы Қызылқия жартасындағы суреттер соның айғағы. Ежелгі Үйсіндер ағаш үйлер мен киіз үйлерде тұрды. Моңғұлкүренің арғы ауылдарында қабырғасы бөренемен тұрғызылған, төбесін сырғауылмен жапқан ағаш үйлер бар. Бір қызығы, осы үйлер Үйсін қорымдарындағы ағаш үйлерге аумай ұқсайды. Есіктен табылға Алтын адамның  өзі-ақ, Үйсін мәдениетінің шырқау биігін  паш етіп тұрған жоқ па?!

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Еркін Нұрбайұлы

Abai.kz

30 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5370