Сенбі, 23 Қараша 2024
Өзгелер 2556 2 пікір 15 Ақпан, 2023 сағат 13:11

Чили және Қазақстан...

Бірталай экономисттер Чили мен Қазақстан экономикасын жиі ұқсастырып жатады. Ең басты ұқсастығымыз: экономикаларымыздың негізгі табысы шикізат экспортына тәуелді болғандығында. Біздікі – мұнай, Чилидікі – мыс, металдар.

Чили 1973-ші жылдардың басында ірі экономикалық дағдарысты басынан кешірді. Шамасы 15-20 жылдан кейін ғана аяққа нық тұрды. Ал тарихта «Чили ғажайыбы» деген атпен осы экономикалық өсуді сипаттайтын, жақтайтын, даттайтын біраз еңбектер жазылды.

1973 ж. атышулы генерал Пиночет А. әскери төңкеріс жасап, Чили билігін өз қолына алады. Себебі 70-ші жылдардың басынан бастап елдің жағдайы мәз болмады, азық-түлік тек карточкамен ғана сатылды. 1971 ж. Чили бюджетінің шамамен 70%-ын қамтамасыз еткен мыстың әлемдік бағасы 2 есе арзандап, бюджет тапшылығы артты. Мемлекет қарамағына өткен мыс өндіруші кәсіпорын жұмысшылары мен жүк көлігі жүргізушілері жер-жерден ереуілге шығады. Инфляция айына 25%-ға өсіп отырды!

1973 жылы қыркүйекте Пиночет билікке келгеннен кейін ол экономиканы либералдандыруға көшті. Бірақ Пиночеттің өзінің жоспары болмағандықтан, бұл жауапкершілікті бір топ экономисттерге жүктеген екен. Елде жеке меншік институты қалыптасып, шетелдік инвесторларға жол ашылады. Нарықтық экономикаға көшуін қолдаған АҚШ пен Париж клубы Чилидің миллиардтаған қарызын кешіреді, ал Дүниежүзілік банк несие береді.

Алғашында экономикада аздаған өзгерістер болғанымен, 1973 ж. жылдық инфляция - 500%, ал 1974 ж. - 370% болды. 1975 жылы бірнеше девальвация орын алғаннан соң, жергілікті валюта эскудодан - Песоға ауыстырылды.

1978 ж. мыстың әлемдік бағасы көтеріледі, бұл Чили бюджетінің кірісін арттырады. Инфляция төмендеп, ал жалпы ішкі өнім артып жатыр. Валюталық түсімдері молая бастаған соң, дағдарыстан әбден титықтаған ел экономикасы есін жия бастайды. Енді мыс экспорттық кірістің 70%-ын емес, тек 50%-ын ғана құрады, ал Чили экспортқа жеміс-жидек пен шарап шығара бастады. 1978 ж. жылдық инфляция 25%-ға дейін төмендеді! (1973 ж – 500%, ал 1978 ж. – 25%, шынында ғажайып секілді).

1973-75 жж. экономикалық реформалар шынында экономиканың қарқынды өсуіне алғышарт жасады. Алайда 1982 ж. сыртқы қарыз дағдарысы салдарынан экономика тағы бір соққыға ұшырады. Жаңа реформалар толқыны басталды.  1990 ж. қарай қайтадан экономикасы қарқынды түрде өсе бастады.

Көріп отырғандарыңыздай, Чили инфляциясын төмендету үшін 20 жылдай уақыт ішінде кем дегенде 3 рет реформа жасады. Әрбір реформа ауыр өтті, алдымен жұмыссыздық артып, жалпы ішкі өнім көрсеткіштері түсіп барып инфляция төмендеді. Инфляция ауыздықталғаннан соң барып экономикасы қарқынды дами бастады.

Жақында, экономист Қуат Акижановтың «Империализмнің жалғасына айналған - Неолиберализм» атты лекциясында болдым. Сонда ол кісі осы Чили ғажайыбын неолиберализмнің ашық мысалы ретінде келтірді. Себебі, Пиночет өзі әскери-авторитарлық режим құрғанымен, экономикасының тізгінін «Чикаголық жігіттерге» берген еді. Ал олар біз білетін классикалық либерализмге емес, неолиберализмге бет бұрды.

«Чикаголық жігіттер» - 30 шақты жас экономисттер (арасында әйел де болды негізі). Олар әйгілі Милтон Фридман ізбасарлары еді және еркін нарық теориясын құруға тырысты. Реформаның негізі «шок терапиясы» деп аталатын тұжырым болды. Аты қорқынышты реформаның, заты да қорқынышты болды. Оның негізгі қағидалары бойынша мемлекеттік шығыстарды қысқарту арқылы «Экономиканы қалпына келтіру» бағдарламасын жүзеге асырып, инфляцияны төмендету еді. Ол мақсаттарына жетті.

Бұл шаралар жұмыссыздықтың 1 жыл ішінде 9,1%-дан 18,7%-ға дейін өсуіне әкелді, ал өндіріс 12,9 %-ға төмендеді. Чили халқы үшін ең ауыр дағдарыстың бірі болды. (Филлипс қисығына сай қысқа мерзім ішінде инфляция төмендеуі үшін жұмыссыздық артуы керек, яғни теория орындалды десек болады)

Алайда Чили әлемдік нарыққа интеграцияланған соң, оның экономикасы әлемдік нарықтың бағыт-бағдарына тәуелді болды. 1982 ж. басталған әлемдік дағдарыс Чилиді де шарпыды. Өнеркәсіп саласы мен қаржы саласы толығымен күйреді, осы уақытта мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп, халықаралық ұйымдардан қарыз алынды, сөйтіп экономкасы 1983 ж. қайта тірілді.

Сонымен, 2020 жылдардың басына қарай Чили Латын Америкасындағы ЖІӨ көрсеткіші бойынша көш бастаған, инфляциясы төмен ел болды. Алайда, сарапшылардың айтуынша ел көрсеткіші өскенімен, халқының басым бөлігі әлі де қиын жағдайда өмір сүруде және реформалардың барлығы түптеп келгенде олигополиялар мен жұмысшы халық арасындағы теңсіздікті арттырды деген тұжырым бар.

Менің қорытып айтайын дегенім, кез келген жоғары инфляцияны төмендету «ауыр» болады. Кез келген түбегейлі реформаны жасауға ұзақ уақыт кетеді және қоғамның бүкіл институттары бірге жұмыла әрекет етіп, әділдік пен тиімділігін қамтамасыз еткенде ғана оң нәтиже көре аламыз. Әрине ол да жағымды процесс емес. Алайда қоғам болып реформа талап етсек, оның ауыр зардаптарын да қабылдауға дайын болуымыз керек. Оның басқа оңай жолы жоқ.

Аякөз Қанетова

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502