Сенбі, 23 Қараша 2024
Сайлау 2023: 2610 9 пікір 15 Ақпан, 2023 сағат 14:06

ОСК сайлау процессі туралы «Ашық сабақ» өткізсін!

Қазақстан Респубикасы Орталық
сайлау комиссиясының төрағасы Н.М.Әбдіров мырзаға!

Құрметті Нұрлан Мәжитұлы,

Президентіміз Қ. Тоқаев мырзадан бастап, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың барлығы «Жаңа Қазақстан» жасаймыз деген ұранды қолдап, оның іс жүзінде жүзеге асуына барлық күш-жігерін салып жүргені анық. Қоғам «Жаңа Қазақстан» деген ұранды, бұрынғы «Ескі Қазақстан» кезіндегі әділетсіздіктен құтылу, мүмкіндігінше, оларды өзгерту деп қабылдайды.

Демократиялық қоғамдағы басты әділетсіздік – адам құқығы мен еркіндігінің бұзылуынан басталады. Адам құқығы – демократиялық институттардың іргетасы, негізі болып табылады. Ал демократиялық құрылымдардың ішіндегі ең маңыздысы, ең бастысы – ерікті, әділетті сайлау жүйесі. Демек, «Ескі Қазақстаннан» құтылудың басты шарттарының бірі – халықаралық ұйымдардың тарапынан да, өзіміздің азаматтардың да сынына ұшырағын бұрынғы сайлау жүйесін өзгерту. Әрине, егер Сіз бұрынғы (және өзгермеген күйі әлі де мұрты сынбай тұрған) сайлау жүйесін  әлемдегі ең әділ, ең ашық та жария түрде өтетін процесс деп тапсаңыз, «Жаңа Қазақстан» деген ұран – орынсыз, алдамшы, жасанды ұран күйінде қалады.

Өкінішке орай ма, әлде қуанышымызға қарай ма, Қазақстан Парламенті тарап кетті. Олардың әлеуметтік желінің бетін бермейтін «батыр» депутаттары осы бір жылдың ішінде «Сайлау туралы» заңға көңіл аударған жоқ. Ол түсінікті де. Өздері сол сайлау жүйесінің арқасында Парламентке келген жандар, сайлау мәселесіне келгенде жақ ашпайды екен. Демек, ертеңгі сайлаудан кейін заң шығарушы органға келген адамдар да өздерін осы орынға әкелген заңды сынға алып, оны өзгерту мәселесін күн тәртібіне шығармайды. Бұл – әділетсіздікті пендешілік жеңген дерттен арылу мүмкін емес деген сөз.

Бірақ, халыққа – әділдік керек. Сайлаудың әділ өтуі керек. Келіңіз, сайлау туралы заңды өзгертуді жаңа жасақталатын Парламенттің еншісіне қалдырып, ең болмаса, қазіргі қолданыстағы заңның әрбір бабының, әрбір әрпінің сақталуын қамтамасыз етейік. Ашығын айтайық, бұл – Сіздің және Сіз басқарып отырған Орталық сайлау комиссиясының қолында. Біздер – азаматтық қоғамның өкілдері, тәуелсіз байқаушылар қолымыздан келген көмегімізді беруге дайынбыз.

Біздің ұсынысымыз – өте қарапайым. Сайлау процесі кезінде байқаушылар мен сайлау комиссиларының арасында қолданыстағы «Сайлау туралы» заңның кейбір баптарына екі түрлі ұғым, екі түрлі түсінік қалыптасатынын жиі кездестіреміз. Бұл – сайлау комиссиясының төрағасы мен байқаушылар арасында түсінбестік тудырады, кейде оның соңы кикілжіңге де алып келеді. Қысқасы, біздер заңның бабын оқып шығып, «бұл жерде заңға сәйкес мынадай іс-әрекет жасалуы керек» десек, сайлау комиссиясы тарапынан сол заң бабына басқаша түсінік беріледі (немесе ешқандай түсінік берілмейді...). Өз басым, мақсаттары бір (сайлау комиссиясының да, байқаушылардың да мақсаттары – сайлаудың заңға сәйкес өтуі) екі топтың арасындағы осы түсінбестікті тоқтатып, нүктесін қоюдың бір ғана жолын көріп тұрмын. Ол – Орталық сайлау комиссиясының мүшелері мен байқаушылар ұйымдарының өкілдері бір жерде бас қосып, сайлау процесінің әрбір кезеңін, сол кезеңге байланысты заң баптарына сілтеме жасай отырып, теледидардан түсініктеме беру. Сайлау комиссиялары мүшелері мен тәуелсіз байқаушылардың бірлесе отырып өткізетін бұндай «Ашық сабақтары» 2000 жылдары жиі болып тұратын. Кейде жергілікті округтік сайлау комиссиялары өздерінің мүшелерін оқытатын семинарларға байқаушыларды шақырса, біздер де байқаушыларға арналған тренингтерге сайлау комиссиясының мүшелерін қатыстыруға тырысатынбыз. Сол семинарлар мен тренингтерде заң баптарының екіұдай түсінік тудыратын мәселелері анықталып, біржақты көзқарас қалыптасатын.

Меніңше, бұндай «Ашық сабақтың» «Хабар», «Қазақстан» сияқты мемлекеттік телеарналарда өткені дұрыс. Сонда ғана Орталық сайлау комиссиясының мүшелері дауыс беру  барысының әр кезеңін ауызша түсіндіріп қана қоймайды, практикалық тұрғыда көрсетіп береді. Оның бәрі бейнетаспаға түсіріп, сайлау комиссиялары мүшелерін, байқаушыларды оқыту семинарларында әдістемелік құрал есебінде пайдалануға болады. Екіншіден, бұл – Орталық сайлау комиссиясының ашықтығы мен жариялылығының нақты көрінісі болар еді деп ойлаймын. Бұндай хабарды ұйымдастыруға және қоғамға ұсынуға телеканалдар да мүдделі деп ойлаймын.

Құрметті Нұрлан Мәжитұлы, біздің тарапымыздан Ұсыныс жасалды. Енді Сіздердің жауаптарыңызды күтеміз.

Құрметпен, Дос Көшім,

«BAQYLA» қоғамдық қозғалысы атынан  

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502