Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 3222 11 пікір 16 Ақпан, 2023 сағат 19:46

Мәжіліске қанша партия өтеді?

Енді сәлден соң наурыздағы Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауының додасы қыз-қыз қайнайды. Үгіт-насихат 18 ақпанда басталады. Тіркеуден өткен саяси партиялар мен мажоритарлы жүйе бойынша өзін-өзі ұсынған үміткерлер сайлауалды үгіт-насихатын жүргізуге тас-түйін дайын отыр.

Сарапшылар биылғы сайлауды тартысты өтеді деп болжайды. Өйткені сайлау туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, халық қалаулыларының 70 пайызы партиялық тізіммен сайланса, 30 пайызы мажоритарлық жүйе бойынша сайланбақ.

ОСК осы уақытқа дейін 7 саяси партияны тіркеді. Одан бөлек өзін-өзі ұсынған кандидаттар да куәліктерін қолдарына ала бастады.

Біз күні кеше ғана «Usbanov arnasy» телеграм каналында «Мәжіліске қанша партия өтеді деп ойлайсыз?» деп, сауалнама жүргіздік. Сауалнамамызға ұзын-саны 1576 адам қатысып, дауыс берді.

Респонденттердің 27 пайызы (429 дауыс) – Мәжіліске 4 партия өтеді деп таңдаса, 25 пайызы (400 дауыс) – 3 саяси партия Мәжілістен орын алады деп есептейтінін білдірген. Ал сауалнама қатысушыларының 23 пайызы (355 дауыс) – Мәжіліске осы жолы 5-тен көп партия өтуі мүмкін дейді.

Сонымен, сауалнамамыздың есебі бойынша, ең көп дауыс жинаған - «Мәжілісте 4 саяси партия болуы мүмкін» деген нұсқа төңірегінде болжам жасап көрейік. Мәжілістен орын алуы мүмкін 4 партия қайсы? Олардың Мәжіліске өту мүмкіндігі қандай? Қараңыз:

Бірінші – «Аманат» партиясы. Бұрынғы «Нұр Отан», қазіргі «Аманат» партиясы сайлауға партиялық тізім бойынша – 90 үміткер ұсынған. Бұл партия бейресми түрде – «билік партиясы» деп аталады. Немесе биліктегі айқын басымдыққа (доминант) ие партия. «Аманаттың» ресурсы жеткілікті.

2021 жылғы Мәжіліс депутаттарының сайлауында «Аманат» партиясы 71,09 пайыз дауыс алған болатын. «Осы жолы партияның құрамы 75 пайызға жаңаланды», - дейді басшы-қосшылар. Десе де, партия тізімі әртүрлі. Арасында есім-сойлары елге мәшһүр азаматтар бар. Солардың бірі – бұрынғы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов. Партияда, Аймағамбетовтен бөлек, «Жаңа Қазақстандық» экс-депутаттар мен спорт, мәдениет саласының өкілдері де бар. Қалай дегенде де, «Аманаттың» адами ресурсы да, материалдық ресурсы да партияға «фаворит» статусын сақтап тұруға мүмкіндік береді.

Екінші – «Ақ жол» партиясы. Биыл додаға түсіп жатқан жеті саяси партияның ішінде «Ақ жол» өзінің бренд атауын ауыстырмаған аз партияның бірі. Өзінің тұрақты электораты бар партия. Әлдебір жазармандар «Ақ жолды» әл-әзірден аутсайдерлердің тізіміне қосыпты. Обьективті бағалайтын болсақ, бұл қате.

Астанадағы ақ жағалылар да «Аманатқа» басты оппонент партия – осы «Ақ жол» деп ұқса керек, сайлау додасы басталмай жатып, партияға қарсы ақпараттық шабуылдың күшейгенін көріп отырмыз.

Партияның бұрынғы мүшесі Азамат Әбділдаев шығарған лаңды барша жұрт көрді. Бізді қойып, халықаралық БАҚ шулап, жазды. Осы сөзінен кейін «Ақ жол» дереу жиналыс жасап, оны партиядан қуды, мандатын тартып алды.
Партияның тағы бір мүшесі Бөріхан Нұрмұхамедовтің де сиезде шығарған шуы іске аспай қалды. «Ақ жол» президенттік және парламенттік сайлауларда әбден ысылған партия. Мұндай бірлі-жарым арандатуға сүріне қойған жоқ. Қалай болғанда да «Ақ жол» өзін Алаштың ізбасары, бизнестің партиясы санайды. Бизнес партиясы дегеніміз – өзінің тұрақты электораты бар, бизнес орта құрған, ірілі-ұсақты бизнес өкілдері қолдайтын партия деген сөз. Партияның өткен Парламент шақырылымында жасаған депутаттық сауалдарының дені осы шағын және орта бизнес өкілдерінің құқығы мен талаптарын қолдауға бағытталғанын және ескерген жөн. Яғни, «Ақ жолдың» екі ұпайы түгел. Бірі – партияның тұрақты мүшелері болса, екіншісі – бизнес ортадағы электораты.

Бізше болса, қазіргі талас осы үшінші орынға болатын талас. Сарапшылар пікірі екіге жарылады. Бір тобы – «Республика» партиясын атаса, екіншілері – «Ауыл» дейді.

«Ауыл» жайлы аз кем тоқталайық, «Ауыл» партиясы 2015 жылы құрылған. Қазір тұрақты мүшелерінің саны – 300 мыңға жуықтайды екен. Төрағасы Әли Бектаев – Сенатта депутат.

Осыған дейінгі электоралды процестердің барлығында «Ауыл» партиясы тыс қалған жоқ. Осы жолы «Ауылдықтар» додаға Қазақстан президенттігіне үміткер болған үш адамды қатар қосыпты. Бірі – мажоритарлық жүйемен түсіп отырған Төлеутай Рақымбеков болса, екіншісі – өткен жолғы кезектен тыс өткен президент сайлауының ең аты мәшһүр үміткері Жигули Дайрабаев. Ал үшіншісі – партияға жаңадан қосылған, былтыр «Ауылға қарсы күрес жүргізген» Қарақат Әбден. «Ауылдың» тәжірбиесі мен материалдық потенциалын таразыға қояр болсақ, осы жолы Парламенттен орын алып қалуы әбден мүмкін.

Ал «Ауылмен» үшіншілікке таласатын – ең жас партиялардың бірі «Республика» партиясы. Бұл партия осыған дейін не істеді, не қойды? Бұған біз бүгін баға бере алмаймыз. Өйткені партия Мәжіліс тарардың алдында ғана құрылған жас партия.

Әлеуметтік желімен жақсы жұмыс істей алады, цифрлы технологияны меңгерген. Құрамында елге таныс бизнес өкілдері мен медиа тұлғалары көп партия. Бірақ, саясатта тәжірибесі аз адамдардан құралған деуге болады. Көбінесе елдің алдында жүрген медиа тұлғаларды партияның фронтмендері ретінде көрсетіп, солар арқылы ұпай жинауға әрекет жасауға ұмтылады. Сайлау додасы басталмай тұрып, партия ұсынған үш бірдей үміткерді ОСК тізімнен алып тастады. Оның бірі – Сырымбек Тау, қалған екі азамат өз еркімен құрамнан шықты. Десе де медиа кеңістікте «Республиканың» ықпалы үлкен екенін ескеруіміз керек.

Біз жоғарыда жеке-жеке тоқталған 4 саяси партия Мәжілістен орын бұйырып қалуы әбден мүмкін деген партиялар. Ал енді өзге үш партияның артықшылығы мен кемшіліктеріне аз-кем тоқтала кетейік…

Жаңа тіркелген партиялардың бірі – «Байтақ» жасылдар партиясы. Үміткерлер саны көп емес –18 адам. Парламентке өтуі мүмкін деген пікір күмән ұялатады. Жаңадан құрылған партияның төрағасы Азаматхан Әміртайдың өзі партияның атынан сайлауға түспей, бірмандатты жүйе бойынша түсіп отыр. Бұл партияға деген сенімсіздікті көрсетеді. Артықшылығы – жас партия. Ұстанған бағыты мен концепциясы нақтыланған партия.

Одан кейін партиялық тізім бойынша 19 үміткер ұсынған «ЖСДП» партиясы бар. Өздеріңіз білесіздер, осыған дейінгі электоралды процестердің барлығында байкот жариялап келген. Бірақ осы жолы Парламент сайлауына түсеміз деп бекініп отыр. Алайда үгіт-насихат басталардың алдында партияның төрағасы Асхат Рахымжанов туралы БАҚ-та негативті жаңалық тарады. Ресми тіркеуден өткен партия төрағасы журналистердің қазақша сұрағына қазақша жауап бере алмай, алдағы уақытта қазақ тілін үйренемін деп ақталды. Бұл партияға ұпай бермейтіні түсінікті. Қазір қазақ қоғамы өте қырағы, сергек қоғам. Сондықтан партия додадан үмітті болса, фронтмендерін қазақ қоғамына бейімдеуі керек, я болмаса қазақтілді азаматтарды алға шығаруы керек.

Сайлауға қатысатын соңғы партия бұрынғы Коммунистер – қазіргі «Халық» партиясы. Алайда бұл партияда баяғы Қарағанды университетінде 20 жыл марксизмнен сабақ берген, Елбасының қасында жүрген Ертісбаевтың беделі керемет емес. Дәл осы сайлау науқаны басталардан бұрын партия өз ішінде алауыздыққа тап болды. Партияның бірқатар танымал азаматтары даулы мәлімдемелер жасап: «Бұл партия Парламентке өтпейді, болашағы жоқ»,- деген сөздер айтты. Осындай даудан кейін партияның Парламентке өте қоюы екіталай.

Әзірге партиялардың жағдайы осы. Сіз не дейсіз?

 

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5471