Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 3313 2 пікір 17 Ақпан, 2023 сағат 12:24

Құлақ салар кім маған, сөзімді кім салмақтар?

Үйрендік

Төңіректі жарық қып күн шыққанда Шығыстан,
Не боп кетті үнемі қуанатын туысқан?!
Көрші-көлем дегенде жақсы ісінен үйреніп,
Жүрміз бе осы шынында жаманынан жиреніп?!
Жерімізге қол салып, айырғанда қоңыстан,
Арақ-шарап ішуді тез үйрендік орыстан.
Майдай жақты біздерге өзге дәстүр, жат ұстам,
Жыртық шалбар кигенді алып келдік АҚШ-тан.
Қасиетті Меккеде елді аузына қаратқан,
Шолақ шалбар дегенді алып келдік арабтан.
Жаңалыққа біздегі елдің әбден еті өлген,
Пәрәнжіні бет жапқан алып келдік шет елден.
Көбейгенде қым-қиғаш ұрыс-керіс шатысқан,
Алдау-арбау дегенді үйрендік біз Батыстан.
Киносынан үндінің үйренгендей өлеңді,
Үйрендік біз Қытайдан бақа-шаян жегенді.
Ағылшынша ән салып, өшіру де шырақты
Шетте жүрген тамсанып жастарға да ұнапты.
Өзге тілде шүлдірлеп, үлгі қылған қаңсығын,
Кім түсінер жан сырын ән  шырқаған әншінің.
Айтатұғын бос өкпе салдыр-салақ күйге ендік,
Тамақ жеуді төсекте, қол жумауды үйрендік.
Ата салтын жоғалтпай, тазалықты сүйген жұрт,
Шешпей аяқ киімді төрге шығып үйрендік
Бұрын баба сөздерін көкірекке түйген жұрт,
Ұрлық жасап үйрендік, кісі өлтіріп үйрендік.
Маса үймелеп қоқыста жылап жатса шарана,
Оны да біз үйрендік деп айтуға бола ма?
Жап-жас жастар өрімдей өзіне өзі қол салып
Жатқанда да таң қалмас қалыпқа енді барша жұрт.
Мейманасын байлардың, көрген күнін жарлының
Жинағандай қоржынға алып келдік барлығын.
Құлақ салар кім маған, сөзімді кім салмақтар,
«Не болды деп ұрпағым?» – аунап жатыр аруақтар.

Талғам

Әркімнің де қалауы бар өзі сүйіп ұнатқан,
Кейбіреуге шалап артық қымыз бенен шұбаттан.
Сарқыт жесе қалған астан кейбіреулер күні үшін,
Дастарханда айран-асыр біреу отыр у ішіп.
Тек ботқаны талғажау қып, етсіз тағам таңдаған,
Қазы-қарта, жал-жаяны аузына алмас жандар бар.
Кедейлерге  жүрек сазса, тамақ таңдар  кез емес,
Бақа-шаян жеп күнелткен кісілер де аз емес.
Неге керек көп алдында мүләйімсу, көлгірсу,
Сорпа болып көрінеді кейбіреуге сылдыр су.
Есек озып арғымақтан,бәйге алса да әлдекім,
Біліп тұрсаң, арта қоймас оған деген құрметің.
Кей пысықтың салпыншағы сылдырласа кеудеде,
Көптен асып, елден озып, қызық көріп жүр деме.
Біреулердің мінген аты және киген шапаны
Қызғаныштың құлы болған тоғышарға батады.
Жатыпішер надандардан аса алмаса білімір,
Бай-мырзаның қорасында малын аңдып ұры жүр.
Дайын асқа ие болмай, қылар болсаң сәл шыдам,
Қолыңды соқ, адам көрсең бұлақ көзін аршыған.
Талғам деген сондықтан да әр адамда әртүрлі,
Сен өмірді бағалама өз талғамың арқылы.

Бөлінеміз неге біз?

Қараймыз ба шекеден өсіп-өнген жұртқа біз,
Бөлінеміз нәсілге, бөлінеміз ұлтқа біз.
Өз қотырын қасыған мақтан сүйер пендеміз,
Бөлінеміз руға, бөлінеміз жерге біз.
Ұқсас болып тұрса да тамырдағы қанымыз,
Бөлінеміз ұрғашы, еркек болып бәріміз.
Жүргеннен соң жер басып, атқан сайын таңымыз,
Бөлінеміз бай болып, кедей болып тағы біз.
Есік пен төр арасы  –  бұл ғұмырда тым қысқа,
Бөлінеміз бастық боп, басқа болып жұмыста.
Қонаққа деп, бізге деп бөлмені де бөлеміз,
Түсінбеймін, бөлуді неге жақсы көреміз?
Көп кісіге ұнайды, бірақ, осы бөліну,
Ауылдасқа, туысқа жақын болып көріну.
Туыстан да жат артық болып жатса кей кезде,
Басқаларға іш тартып, өзгереміз ілезде.
Өмір деген мұхитта бір болса да кемеміз,
Өзім және өзге деп бөлінумен келеміз.
Бөлу деген жақсы емес, ал көбейту  –  жақсы амал,
Көп болса екен адамдар көбейгенді бақ санар.

Түсінесің

Таршылықта түсінесің тауқіметтің ауырын,
Жақсылықты түсінесің көрсең дұшпан жәбірін.
Ауырғанда түсінесің дәрінің де шипасын,
Қараңғыда түсінесің жарықтың да қадірін.

Болса бойда сарқылмайтын қанағат пен сабырың,
Соғып тұрса денеңдегі алпыс екі тамырың.
Жалғыз қалсаң түсінесің дос-жаранның керегін,
Қиналғанда түсінесің қуаныштың қадірін.

Жасыратын несі бар?

Жасыратын несі бар, кезімде тіл ұстартқан,
Бір кездері жанымда жүрген жандар іш тартқан
Неге екені белгісіз, сенесіз бе енді сіз,
Өрісімді тарылтып, қадамымды қысқартқан.

Көрінбейтін дұшпаным Өсекторды жайлаған,
Батыраштай тасада айбалтасын сайлаған.
Көкірекке салар мұң әрекеті солардың
Жігерімді жаныған, намысымды қайраған.

Болды бірақ жақсылар қолтығымнан сүйеген,
Сүрінгенде демеген, аршып алған күйеден.
Өнегесі, үлгісі, шапағаты дарыған,
Егер тәуір мінезге болып жүрсем ие мен.

Не шаттанып, немесе құлазыған күйге енсем,
Жамандықтан жиреніп, жақсылықтан үйренсем,
Тағдырыма ырзамын шынықтырған отқа сап,
Бұйырған-ау маған да – жақсы құрмет, сый көрсем.

Ұрпағыңды жылатпа!

Одыраңдаса орысың, қоқиланса қытайың,
Тоналғаны намысың, жоғалғаны ұпайың.
Келімсектер қопарса жердің астын, жер үстін,
Жүргенсің ғой аңғармай жайын оң мен терістің.
Әлпештеген ұл-қызың кетіп жатса шет елге,
Қаның менен теріңді төккенсің ғой бекерге.
Кім көрінген еліңде жүрсе сені басынып,
Есті емессің, есерсің езге айналған, осыны ұқ!
Желіккендер жеріңе құсып-тышып, ластаса,
Ата-баба үлгісі өзгергені басқаша.
Жарқылдағы жат жұрттың көздің алдын тұмшалап,
Өзге тілде сөйлесең, өз тіліңді қор санап,
Маймыл-сынды мәз болсаң қылығына өзгенің,
Ойың жұтап, ес кеміп, киерің хақ таз кебін.
Алаяқтар көбейіп, адал жандар азайып
Жатқан болса, осыдан артық не сөз жазайық?!
Қандастарың қи жинап, құмар болса байлыққа,
Тұлға болам деймісің қандай елге, қай жұртқа?!
Айтсам деймін жырымды сөзді тыңдар құлаққа,
Қазір жылап жүрсең де, ұрпағыңды жылатпа!

Өткен өмір – көрген түс

Асықпайтын, саспайтын періште де емеспін,
Біреу шағып тастайтын шемішке де емеспін.
Алға қарай жүрсем де, алаңдаймын артыма,
Етегінде тұрған соң жетпіс деген белестің.

Асырауға отбасын жетіп тұрған білімім,
Жүрсем деген бақ тасып көп кісінің бірімін.
Жер бетіне аз уақыи келіп-кетер мейманмын,
Мұхамбеттің үмбеті, Тәңірінің құлымын!

Кінә тағар біреулер айтпасам да сөз оғаш,
Жарық күнге келгенмін жалаңаяқ, жалаңаш.
Өткен өмір – көрген түс, қызық-шыжық аралас,
Кейбіреулер соның да қызуына шала мас.

Жерұйық

Жерұйық қой тегінде ата-бабаң тұрған жер,
Анаң сүтін емізіп, сән-салтанат құрған жер.
Болса-дағы әрқалай топырағы торқадай,
Жүргенде де табанға жұмсақ болар туған жер.

«Жер менікі!» – дегендер жер қойнына түскенде,
«Жер менікі!» – деп сонда айта алмайды еш пенде.
Туған жердің қорға сен әр тасын, әр жотасын,
Дұшпан келсе жеріңе, аттан қарсы, сескенбе!

Несібесін теріп жеп, тірлік кешкен сеніммен,
Құтты мекен бабаңның қан мен тері төгілген.
Туған жердің өзіңе бір пұшпағы бұйырсын,
Жейтін дәмің таусылып, қоштасқанда өмірмен.

Өмір – айқас алаңы

Қарап тұрсаң, ғажайып, өмір – айқас алаңы,
Бұғы, бұлан, еліктер – қасқырлардың тамағы.
Ағын суда шоршыған үндемейтін балық та
Шығып қалса жағаға қарай алмас жарыққа.
Емін-еркін інінде өмір сүрген кей тышқан
Іннен шықса құтылмас мысық деген жыртқыштан.
Қиқу қосып, құс салған біледі оның сырын ел,
Қаз-үйректер бүркіттің тырнағына ілінер.
Қанаты бар құстарға сөйлеу болса бір арман,
Сөйлей білген тоты құс тор ішіне қамалған.
Түйеқұстың, алайда, сермесе де қанатын,
Аспаны жоқ ұшатын, көлдері жоқ қонатын.
Аяғы жоқ болса да жорғалаған жыланның,
Жете алады тырмысып биігіне қыранның.
Құмырсқаның керемет тірлігіне қарашы,
Солай еңбек ете ме адамзаттың баласы?!
Гүл-бақшада шырынын сорып жүрген гүлдің де
Ара менен сонаның айырмасын білдің бе?!
Оң мен солын әлі де айырмаған адамдар,
Бір Алланың жасаған ғаламына қараңдар.
Үлгі, өнеге, тағылым – барлығы да бар онда,
Соның бәрі жазылған қасиетті Құранда.

Қалай ғана кешірем?

Кім шашады тікенді жаңа өмірдің жолына,
Сабыр қыла алар ма өткен халық мың сыннан?!
Жанып жатқан көмірді кім ұстайды қолына,
Жайнап тұрған өмірді кім қияды қыршыннан?!

Көңіл айту орнына тап болғанға азапқа,
Кінәсізді кінәлап, жазықсызды жазғырып,
Доңыз қылық көрсетіп жатқандар көп қазақта,
«Сорпа-сумен, сүйекпен итті алдайтын» мәз қылып.

Қалай ғана кезінде тауып айтқан ұлы Абай,
Жалақорлар жалбақтап, қолын ұстап патшаның,
Аярланған арсыздар адам құнын сұрамай,
Арам жолмен тапса да, жоғын жоқтар ақшаның.

Үйіндегі өзінің тірлігіне шүкір қып,
Ұл мен қызы таяқ жеп, болса-дағы қансоқта,
Тауысса да төзімін көрсетеді күпірлік,
Сатылады пенделер шен мен шекпен, мансапқа.

Көбейгенде сұлтандар саналмайды құл санға,
Тоғышарлар тайраңдап, езілгенде есіл ел,
Қанша сабыр қылсам да, қанша көзді жұмсам да,
Ондайларды, айтшы өзің, қалай ғана кешірем?

Ақылбек Шаяхмет

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5470