Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5119 0 пікір 3 Сәуір, 2013 сағат 04:24

Сәкен Сыбанбай. Қазақы тәрбие қайнары

Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» атты кітабы - ұлттық педагогика үшін таптырмас құрал.

Келін кісіге құлдық ұрмайды, құрмет көрсетеді

...Жақында ғаламтордан бір ақынның жаңа діни беташарын оқыдық. Сол туындысына жазған алғысөзінде автор келіннің үлкендерге сәлем салуын Алла тағалаға серік қосқанмен бірдей етіп сипаттап, ақырында: «Келіннің екі жағына арнаулы екі адам тұрып алып, оны зорлықпен буддистердің тас құдайларына шоқынатынындай етіп келсе-келмес, балаға да, жатқа да, тойға келгеннің күллісіне және күллі жұрттың көзінше тоңқаңдатудың еш керегі жоқ», - деп салыпты.

Өкінішке қарай, қазір қазақтың салт-дәстүрі мен ислам шариғатын бір-біріне қарсы қойып, өздері де жетік біле бермейтін мәселені өзгеге «ұғындырмаққа» ұмтылып, ақырында өздері шатасқанымен қоймай, жастардың да наным-сенімін бұзып жүргендер аз емес. Әйтпесе әр халықтың ғасырлар бойына қалыптасқан өз әдет-ғұрпы, салт-санасы, жөн-жоралғысы бар екені, ондай ұлттық дүниетаным үлгілерінің діни қағидаларға қайшы келмейтіні, қайта көп жағдайда өзара үндесіп, үйлесіп жататыны баяғыдан мәлім емес пе?

Осы мәселе туралы қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы атамыздың келіні Зейнеп Ахметова өзінің «Бабалар аманаты» кітабында анық та қанық етіп жазыпты:

Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» атты кітабы - ұлттық педагогика үшін таптырмас құрал.

Келін кісіге құлдық ұрмайды, құрмет көрсетеді

...Жақында ғаламтордан бір ақынның жаңа діни беташарын оқыдық. Сол туындысына жазған алғысөзінде автор келіннің үлкендерге сәлем салуын Алла тағалаға серік қосқанмен бірдей етіп сипаттап, ақырында: «Келіннің екі жағына арнаулы екі адам тұрып алып, оны зорлықпен буддистердің тас құдайларына шоқынатынындай етіп келсе-келмес, балаға да, жатқа да, тойға келгеннің күллісіне және күллі жұрттың көзінше тоңқаңдатудың еш керегі жоқ», - деп салыпты.

Өкінішке қарай, қазір қазақтың салт-дәстүрі мен ислам шариғатын бір-біріне қарсы қойып, өздері де жетік біле бермейтін мәселені өзгеге «ұғындырмаққа» ұмтылып, ақырында өздері шатасқанымен қоймай, жастардың да наным-сенімін бұзып жүргендер аз емес. Әйтпесе әр халықтың ғасырлар бойына қалыптасқан өз әдет-ғұрпы, салт-санасы, жөн-жоралғысы бар екені, ондай ұлттық дүниетаным үлгілерінің діни қағидаларға қайшы келмейтіні, қайта көп жағдайда өзара үндесіп, үйлесіп жататыны баяғыдан мәлім емес пе?

Осы мәселе туралы қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы атамыздың келіні Зейнеп Ахметова өзінің «Бабалар аманаты» кітабында анық та қанық етіп жазыпты:

«Мұсылман болуды «алдымен араб болу, солардың салтын ұстау» деп түсінетіндер беташарды дұрыс көрмейді екен. Келіннің сәлем салуы исламда жоқ, Құдайға қосақ қосқан күнә екен. Енді ата-бабаларымыздың сол «құдайсыздығын» түзеу үшін қайсыбір тойларда келінге сәлем салғызбайтын «білгіштер» өзінің туған халқының ғасырлардан аман өтіп келе жатқан салтына топырақ шашып, сандырақ уағыздарын сарнатып жүр. Құс екеш құс та ұясына саңғытпайды. «Қазақтың желісі үзілмей келе жатқан салты неге исламда жазылуы керек еді?» деу ойларына кіріп те шықпайды. Қазақ - исламнан бұрын да өмір сүріп, ел болған халық. Дін ұлттан жоғары тұрса, онда ол халық ұлт ретінде жойылмай ма?! Ислам, христан, будда деген ұлттар бар ма? Жоқ! Қазақ, орыс, түрік, қытай, т.б. деген ұлттар бар. Дін - адамның сенімі, Жаратушыны іздеуі, оны тануы, ішкі ниет тазалығы, рухани пәк сезім иірімдері. Дүниежүзіндегі алуан түрлі ұлт өкілдері ислам дінін қабылдаған, бірақ өмір сүру, қалыптасу жолындағы тек өзіне тән әдет-ғұрып, салт-санасын да ұстайды. Сонда қара орамалға тұмшаланғандар мен иегінің астына қауғадай сақал өсіріп, ақ дамбалының балағын далбаңдатқандар «таза» мұсылман екен де, қалғанымыз кәпір болғанымыз ба? Кәпір деген кім өзі? Ол - Құдайға сенбейтін, обалды түсінбейтін, сауапты жасай алмайтын, парызды өтемейтін, күнәні мойындамайтын, тіршілігіне шүкіршілік етпейтін адам. Мұны маған бір кездері ата осылай түсіндіріп еді.

Ал келін сәлеміне қайта оралсақ... Келін адамға құлдық ұрып, табынып жатқан жоқ. Ол үлкенге кішілік, ізет-ілтипат көрсетіп тұр. Қазақта «адамға табынба, жаманға жалынба» дейтін сөз бар. Қазақ кісіге табынбаған, құрмет көрсетіп, бас иген. Құдайдан кейінгі қадірлейтіні - салт-дәстүрі... Құранда, не пайғамбарымыздың ұлағатты хадистерінің қай жерінде «ата-анаға, жасы ұлғайған қартқа құрмет көрсетпе» деп жазылған екен?» (187-бет).

Қазақтың шынайы мінез-құлқын, өзге ұлттардан ерекшелеп тұратын болмыс-бітімін, төлтума мәдениетін сақтап қалу үшін нағыз күрес қызуға тиіс шақ емес пе қазір? Ендеше біз неге әлі күнге әлгіндей «өзгенің қаңсығына таңсық» көрсеқызарлыққа, қала берді көрсоқырлыққа жол беріп отырмыз? Әлде әзірге оларға Зейнеп апайдың жазғанындай дәлелді пікір, дәйекті сөз арқылы ғана қарсы тұруға мәжбүрміз бе? Сөздің сүйектен өтетіні, жөн уәждің жүйесін табатыны рас болса, түйсінген жан түпкілікті нәтиже шығара алса, соған да тәубе дерміз.

Батырды басқа қырынан танытқан кітап

«Бабалар аманаты» - автордың баяғы «Шуақты күндерінің» жалғасы іспетті, оқыған жанның ойына ой, біліміне білім қосатын, көкірегіне сәуле құятын дүние екен. «Сөз анасы - сәлем» атты бөлімінде қарапайым сәлемдесуден бастап, содан әрі бастау алатын бүкіл ұлттық дүниетанымның қыр-сыры сипатталады. Жоғарыда шағын ғана үзіндісі келтірілген келін сәлемі туралы керім ой, келісті пайымдар бүгінде өзі де ұл өсіріп, келін түсіріп, немере сүйіп отырған Зейнеп апамыздың өмірдегі көрген-түйгенінен тұжырылғаны анық. Арды ойлаған аналардан ауысып, жол көрсеткен жеңгелерден жұғысқан қазақы әдет-әдеп, иба-инабатты бойына сіңіріп өскен ол кісіні нағыз ұлттық тәлім-тәрбиенің білгірі десек те жарасар.

Алайда, солай бола тұрса да, З.Ахметова белгілі бір мәселеге қатысты өз көзқарасын, байыптаған байламын кітабының кейбір керекті тұстарында ғана, негізгі әңгімеге орайластыра әдіптеп, жігін білдірмей жинақы кірістіріп отырған. Негізінде басты әңгіме арқауы, шығарма өзегі - бабалар аманаты - Батыр атамыздың баяндауында ұсынылады. Тақырып үйлесіміне қарай  мәнді мәслихатты батырдың ұлы - жақында ғана бақи дүниеге аттанған жазушы Бақытжан Момышұлы оқыс сауалдармен ширықтыра түсіп, тосын тұжырымдармен тұздықтап отырады. Автордың ұзақ жылдар жүргізген күнделігінің негізінде жазылған кітап осыдан отыз-қырық жыл бұрынғы оқиғаларды күні кеше ғана өткендей, тап қазір ғана болғандай көз алдыңызға келтіріп, сондағы Момышұлы шаңырағында айтылған әңгіме, шертілген сырларды шешен тілмен тәспірлеп, табиғи реңмен сипаттайды.

Жалпы, бұл кітап Бауыржан Момышұлы атамызды қалың оқырман қауымға жаңа қырынан көрсетіпті. Рас, жарты әлем танитын, жауы да мойындаған Момышұлын өз елі, өз халқы тіптен жақсы біледі. Дұрысын айтқанда, «білеміз» деп ойлаймыз. Сырт келбетін, батыр тұлғасын, түрлі кітаптарда, басылымдарда суреттелген қатқыл мінез, қатаң болмысын, әскери адамдарға тән темірдей тәртіпке айрықша мән беретін ұқыптылығын, қара қылды қақ жаратын әділдігін, көңіліне ұнамаған көрінісін бетің бар, жүзің бар демей айтып салатын туралығын білеміз дейміз. Ал ол кісінің ішкі ой тұңғиығына, пайым-парасат көкжиегіне, рухани әлемінің тереңіне бойлау - таңдаулылардың ғана басына бұйырған бақыт. Зейнеп Ахметова беті бірде буырқана толқып, бірде шымырлай шалқып жатқанымен, астында ағысы білінбейтін мың қатпарлы иірімі мол ұлы мұхиттай тұлғаның сол ел назарынан тыс ерекше қасиеттерін ашуға ұмтылыпты. Кітапты оқыған адам Баукеңнің тек батыр ғана емес, Отанын, жерін халқын сүйетін патриот қана емес, адал мен әлсізге - жанашыр, аяр мен арсызға - жаны қас нағыз азамат қана емес, сан қырлы тұлға екенін тани түседі.

Ең әуелі, Бауыржан атамыздың ұланғайыр білім-парасат иесі екенін ұғамыз. Өз саласын ғана жақсы біліп, басқа дүниеге басын қатырмайтын басшы-қосшы, зиялы-оқымыстыларды да көріп жүрміз ғой. Ал Баукеңнің  өмірдің кез келген түйткіліне байланысты өз байламы, қандай күрделі сұраққа да күлбілтесіз жауабы бар жан-жақты адам екенін анық аңғартады мына кітап. Екіншіден, қанша жерден жауынгерлік тәртіп қанына сіңіп, әдетіне айналғанымен, ол да - ет пен сүйектен жаралған адам, әке, ата. Ол кісінің отбасылық дастархан басындағы, келген меймандармен құрар кеңесіндегі ұнасымды әзіл, үйлесімді әңгіме, жарасымды қонақжайлығын, талай жыл батыр атасына шай құйып, қызмет қылған, бабын тауып, батасын алған Зейнеп апай аса ризашылықпен суреттейді. Немересіне - бүгінде белгілі журналист болған Ержанға деген аталық мейірімі, ер-азаматқа лайықты тәрбие беруі - өз алдына бөлек жыр.

Кітаптан ұғынар үшінші түйін: Бауыржан Момышұлы - ұлттық ұғымдардың білгірі, қазақ болмысының қорғаны бола білген адам екен. Әлгі амандасудан басталған әңгіме ақыры ғасырлар бойы сақталып келе жатқан салт-сана, әдет-ғұрып, жөн-жоралғылар туралы терең ойларға, текті тұжырымдарға ұласады. Жетілік ұғым кереметтері (жеті ғалам, жеті қат көк, жеті қазына, жеті жұт, адам өмірінің жеті кезеңі, т.б.), табиғаттың тылсым құпиялары, адам мен табиғаттың егіздігі, қазақ халқының төлтума философиясы, Ұлыстың ұлы күні - Наурыздың тағдырлы тарихы мен танымдық сипаты, бедерсіз бүгіні мен белгісіз ертеңі сөз болады.

Кітап оқырманды «әркім өз отбасында қазақы тәрбие жүргізіп, балаларына ұлттық үлгіде тәлім берсе, халқымыздың намысы биік, рухы жоғары, қоғамнан алар үлесі қомақты бола түспек» деген ойға қалдырады. Мұның жарқын мысалы - батыр атаның осы өнегесімен өсіп-өніп отырған Момышұлы әулеті.

* * *

«Адамға ең алдымен тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы» деген екен ұлы ғұлама Әбу Нәсір әл- Фараби. Қазір бізде білім туралы, оның сапасы туралы сан-сапалақ бағдарлама да көп, байбалам да аз емес. Ал тәрбие жөнінде толымды әңгіме жоқтың қасы. Ұлттық педагогика, ұлттық тәлім хақында тіпті жұмған аузымызды ашпаймыз десек те болады. Балаларымыздың компьютерді меңгергеніне, техника тілін біліп, ағылшынша үйренгеніне мәзбіз. Ал олардың жүрегіне ұлттық болмыстың, қазақы тәрбиенің дәнін еге алдық па? Ертең олар түрі - қазақ, тілі - қазақ, бірақ ділі - дәлдүріш, не нағыз қазақ емес, не басқа емес, дүбәралар болып шықпай ма? Яғни, біліммен қатар тәрбиені де ұмытпаған дұрыс-ау.

Бұл орайда қазақы тәрбиенің қайнарындай, ұлттық ұғым-түсініктердің түгін тартса майы шығатын кенішті қойнауындай ұлағаты мол «Бабалар аманаты» - кез келген ата-анаға, кез келген өрелі өренге таптырмас дүние. Жастар түгілі, жасамыстардың өзіне берері көп бұл кітапты оқушылар мен студенттерге арнайы факультативті дәріс ретінде оқытуға да әбден болар еді.

Бауыржан Момышұлы айтқан ақылдар

  • Алатын кезде - алға озып, беретін кезде - артта бұғып қалатын, алғаны мен бергенін жіпке тізіп санайтын адамнан аулақ жүр. Ондай адамнан құтылудың өзі - үлкен олжа.
  • Адам өмірге, мынау жарық дүниеге жылап келеді, ал ата-ана, туған-туыс айналасы шат-шадыман қуанады. Кетеріңде өзгелер жылап, өзің ризашылықпен қуанып кететіндей істе...
  • Жақсы адамның жақсылығын айтқын, мейірленсін. Бірақ жағымпазданып, өтірік мақтама! Нашар адамның жамандығын бетіне бассаң да, жала жаппа!
  • Біреуді өсектеп келген адамға сенбе, басқаға сені өсектейтініне сене бер.
  • Өзіңді сыйлайтын жерге қайта-қайта жылтыңдап бара берме, қадірің кетеді.
  • Құрмет ету мен құлдық ұрудың аражігін ажыратуды үйрен. Жүректен шығатын мақтау бар, артында есеп тұрған ауыздан шығатын жағымпаздық бар.
  • Өзгені «беске» білуге тырысқанша, өзіңді «үштікке» білуге күш салсаң, олжалы болғаның.

(Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» кітабынан алынды)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371