Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәдениет 2595 5 пікір 9 Наурыз, 2023 сағат 12:40

Ай мен әлем

Айманда бәрі бар. Атақ, абырой, қызмет, дос, жолдас... Алайда Айманды қазақ көрермені мен тыңдарманы біле бермейді. Ол рас. Өйткені Айманның өнері – киелі, текті өнер. Мұхтар Шаханов айтпақшы, «Кез келгеннің уысына түспейтін, кез келгеннің бақшасында піспейтін» асқар да асқақ дүние.

Скрипканы виртуоз музыкант­тардың аспабы дейді. Жалпы, музыка ғажап әлем, тылсым дүние. Әлемде осы музыканы, саз әле­мін түсінбейтін жан жоқ шығар. Музыкаға адам тұрмақ жануар­ да елтиді. Естеріңізде болар, әйгі­лі «Қыз Жібек» фильміндегі аққу­лардың биі... Оператор Асхат Ашрапов пен режиссер Сұлтан Қожықов қос аққудың биін түсіре алмай әлекке түскенде композитор Нұрғиса Тілендиев өзінің атақты «Аққу» күйін жазып алып, дыбыс күшейткішпен қойған. Содан кейін қос аққу жұпта­са жүзіп, бас түйістірген болатын. Міне, музыканың құдіреті, қасиеті!

Шүкір, Айманға дейін де қа­зақта скрипкашылар болған. Солардың бірі Түркістан легио­нында болып, еліміздің азат­тығы үшін кү­рескен Әлім Алмат болатын. Әлекең әйгілі ­нарком Темірбек Жүргеновтің жиені. Дәл осындай екінші қазақ неміс тұтқынын да, Совет лагерін де көрген Әйтікеш Толғанбаев еді. Әттең, біздің тарих кез келген жерге тиіп кет­сең құпия да кең дүние. Зерттеу­ші мен іздеуші болса тарихтың қойнауында талай қызық та шыжық жетіп артылады.

Жалпы, скрипканың қазақ­қа бөтендігі жоқ. Өйткені оның арғы атасы өзіміздің қобыз. Өнер көгінде музыкалық аспап бар да, оған арналған шығармалар бар. Оны жазатын сазгерлер де санаулы. Бұл енді нағыз таланттар­дың басына бұйыратын бақыт. Ол туралы кейінірек айтармын. Мен, музыка зерттеушісі емеспін. Алайда Николо Паганини, Арканджел­ло Корелли, Джованни Баттиста Виоти, Антонио Вивальди, Анри Вьетан, Эжен Изан, Генрик Венявский, Леопольд Ауэр, Фриц Крейслер, Пабло де Сарасате, Яша Хейфец, Иегуди Менухин және осы скрипкамен әлемге танылған тағы басқа дарындыларды жақсы білемін. Кеңес дәуірінде де Да­вид Ойстрах пен Леонид Коган­дар аңызға айналды. Жалпы, скрипка десе Николо Паганини бірінші болып ойға оралады. Себебі Паганини шы­ғар­ма­ларындағы тылсым күштің ­барына амалсыз мойын ұсына­сың. Еуропадағы скрипка саласы­ның, ұлы романтизмнің көш бас­таушысы осы есім.

Алты жасынан өмірінің соңы­на дейін «Сайтанның скрипкасын» арқалаған дарынның шы­ғармалары ұшан-теңіз.

Алты жас демекші, Айман­ға алғаш батасын берген әлем­ге мәшhүр композитор Арам Ха­ча­­турян еді. Ол Алматыға, Абай атын­дағы опера және балет теат­рында әйгілі «Спартак» бале­тіне дири­жерлық етуге кел­ген. Қазақ хал­қының мақта­ны­шы Рамазан Ба­повтың осы Спар­такты билеп, Москваны аузына қаратқан кезі. Аталған пре­мьераға Арам Хачатурян ар­найы келгенде Қазақстан Компо­зи­торлар одағының басшысы Ерке­ғали Рахмадиев бір топ жасты Хачатурянға таныстырады. Солардың ішінде Айман да болған. Ол К.Байсейітова атындағы музыка мектебіне Арам Ильичті алып келген еді. Айман сонда Арам Хачатурян­ның концертін орындаған. Жас талантқа риза болған ұлы композитор Айманның нота дәптеріне қол­таңба калдырған: «Талант пен шыдамдылық қана шыңға шы­ғарады». Бұл хас шебердің жас та­лантты жазбай таныған сәті. 12-ге жаңа толған жас талантқа Ха­чатурян осылай батасын берген.

Жалпы, Айман музыкаға ерте келді. Әкесі Қожабек Москва­дағы Тимирязев атындағы ауыл шаруашылық академия­сын бі­тір­ген көзі ашық азамат бол­ған. Анасы Рахиля – қазақ кыз­дарының арасынан шыққан ал­ғашқы шаңғышы. Қожабек Москвадан келе сала барын салып ауыл шаруашылық саласына білегін сыбанып кірісіп кетті. Алматының іргесіндегі «Қызылтудан» қалаға барып келіп қызмет етті.

Көре алмас қыз­ғаншақтар мен НКВД-ның шабармандарының кесірінен Қожекең де «халық жауы» болып сотталды. Алайда Сталиннің өлі­мі нақақтан күйген көптеген жанды қорлық пен зорлық­тан құтқарды. Солардың бірі де бірегейі Қожабек Мұсақожаев. Соғыстан кейінгі кезең Қазақ елінің шарықтау кезі болды. Ол әдебиетте, өнерде, білім мен ғы­лымда, әсіресе театр, кино, музыка саласында самғау уақыты еді. Адам тек қарынның ғана қамы емес, рухани азықпен бір­­ге тәрбие алу қажеттілігін Қожа­бек ұға білді. Сондықтан да үйел­мелі-сүйелмелі төрт қы­зын К.Байсейітова атындағы музы­ка мектебіне берген. Айман ол кезде онша белгілі емес Нина Пат­­рушеваның класына тап болды. Жал­пы, өнерде та­лант­тың ба­ғын аша­тын ұстазы, тәрбиешісі, бағбаны.

Жақсы мұғалім тек жөн сіл­теу­ші, жол көрсетуші ғана емес ол сыр­­ла­сың, мұндасың тіпті қор­ғаның да.

Айманның бағына осындай ұлағатты ұстаз, тынымсыз тәр­биеші кез болды. Патрушева бала сүймеген әйел болса да, бар білімін, тәжірибесін шәкірттері­не арнаған аяулы жан. Бүгінде ­Нина Патрушеваны Қазақ­стан­да музыка әлемі білетін ­бол­са, ол ең алдымен осы Айман Мұсақожаева, Марат Бисенға­лиев, Гауһар Мырзабекова, ­Аида Аюпова сынды әлемге танымал скрипкашылардың арқасы. Шы­ны керек, Нина Михайловна қа­зақ скрипкашыларының ұстасы да ұстазы да болды. Ал осы топтың ішінде Айманның орны ерекше. Белградтағы халықаралық конкурс музыка әлеміндегі үлкен додалардың қатарына жатады.Сербияның астанасы саналатын бұл қала Еуропадағы әдемі шаһарлардың бірі. Сава мен Дунай өзендерінің түйіскен тұсында орналасқан. Бұл конкурс бүгінде екінші қатарға кеткен. Оған себеп Кеңес одағының құлауы болса, екіншіден 90-шы жылдардағы Югославиядағы азаматтық соғыс өнер, мәдениет, ғылым, білім, руханият сияқты қасиетті ұғымдарды кейінге шегерген. Ол шақта бәрі басқаша еді. Он жеті жасар Айман осы конкурста бас жүлдені жеңіп алды. Алматы тұрмақ Қазақ­станды жөнді білмейтін жұрт­шылықтың алдында қаршадай қыз П.Чайковскийдің 1-концертін орындады.

Таудан құлаған қар көшкіні жөңкіп барады. Жол-жөнекей ештеңеге алаңдамай, ешкімге қарайламай екпіндей көшкен. Міне, осы сәтте ақ көбікке қосыла үлкен үйдей тастар да домалай жөнеледі. Аппақ шаңға көмілген боп-боз дүние. Толқын да тол­қын. Тек ақ толқын ақ көбік...Осы мезетте ала бұлттың арасы­нан бозалаң сәуле көрінген. Тура қара түнгі прожектордай. Лазерьмен жұқа темірді кескендей жо-жоқ тескендей ғана.

Сол сап-сары дүние бірте-бір­те бүкіл ғаламды ақ нұрға бө­леп барады. Бұл сурет Чай­ков­­­ский­дің осы 1-концертін есті­­генде есі­ме түскен. Иә бұл сәу­­лені, бұл суретті саз тілінде сөй­лет­кен қар­шадай қазақ қызы Айман бола­тын. Белградтың бас жүл­десін қан­жығаға байлаған өрелі өнер­пазға қазылар да, көрермен ­де тәнті болды. Аты аңызға айнал­ған Леонид Коганның өзі Айман­ды Москвадағы консерватория­ға шақырды. Паганинидің жо­лын жалғаушы испан елінің майтал­ман музыканты Пабло де Сарасате атағынан ат үркетін алып тұлға. Ұлы композитордың айт­қанындай «Алдымен Ұлы жүрер қоғамда өзгелер кейін тұ­рар». Сарасате де Паблоның әкесі баск елінен. Сондықтан да Сарасатенің скрипкасында еркелік, еркіндік, тентектік пен тектілік жатыр. Айманның орын­даған осы Сарасате де Паб­ло­­ның «Андалуз романсын» тың­дау керек.

Ат үстінде тау ішін аралаған қан­дай ғажап. Міне, осы кезде Айманның әуендері сарғайған са­ры күзде ойнақтаған еліктей. Тау аңғарындағы тентек өзен­нің таң­ға жуық теріскейден құла­ған сәтіндегі сарылындай жанға жайлы. Пах, дүние! Кең дүние әлемді осыншама сұлу, қарасаң көз тоймайтын, сөз жет­пейтін ғажап­стан жасаған Ұлы күшке амалсыз бас иесің. Ол ұлы саз, ұлы әуен, музыка дүниесі. Айман осылай ойла­нады, осылай толғанады. Он саусағы майысқан, жо-жоқ қа­йыс­қан қыздың көз жасындай әуез.

Айман үшін әр концерт үл­кен дайындық, ел-жұртқа бере­тін есеп-емтихан. Сондықтан да Айманның күн тәртібі жарты жыл, бір жылға дейін белгіленіп қойған. Астанадағы өзі ректор­лық ететін Өнер университеті бір басқа, концерттік гастроль бір басқа. Онымен қоса қоғамдық жұмыстар жетіп артылады.

Бүгінде елімізде екі үлкен музы­ка ордасы бар. Алғашқысы Құрманғазы атындағы консер­ватория болса, екіншісі – Аста­надағы Өнер университеті. Кон­серватория­ны ашқан да, аяғынан тұрғыз­ған да Ахмет Жұбанов бол­са, Өнер университетін өмірге әкелген Айман Мұсақожаева. 90-шы жыл­дары қайта құру емес, қайта қырудай заман болды. «Байтал түгіл бас қайғы» демек­ші, ел іші тоз-тоз болып кеткенде өнер­де өлермендер ғана қалды. Әртістер мен ақындар бәрін тас­тап біреуі базар жағалап, біреу біреуді ағалап, енді бірі кеденші, екіншісі еден жуып кеткен кезде Айман да айдалада қалған. Осындай күндердің бірінде Рес­публика күніне орай үлкен кон­церт өтті. Сол концертке Н.Назарбаев келді. Айман дас­тарқан үстінде оған мектеп не кол­ледж бе, әйтеуір өнер ордасын ашсам деген тілегін айтты.

– Онда Ақмолаға бар, – деді Н.Назарбаев.

– Оған кім барады? – деді Айман аң-таң болып.

– Саспа, жақында сол қалаға астанамызды ауыстырамыз, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Көп ұза­май елорда да көшті. Осындай ала­сапыран кезде Айман әпкесі ­Раиса екеуі Ақмолаға келген. Пойыз­дан түскенде ақ боран, үскірік ­жел, Айманды «аймалай» жөнелді. Басына киген ақ шляпасы желмен бірге ұшып кетті. Аңтарылып әрі-бері тұрып қалды. Не ілгері кете алмай, не пойызға қайта міне алмай меңзең күйге түсті.

– Енді неғып тұрсың? Кет­тік, – деген Раисаның дауысы Айманды селт еткізді. Абырой бол­ғанда қаланың әкімі Москва­да оқы­ған Әділбек Жақсыбеков болып шықты. Орынбасары өзі­не жақын композитор Төлеген Мұхамеджанов екен. Төлеген жұ­мысқа сол күні бірінші рет шы­ғыпты. Екеуі қаланы аралап музыка колледжінің ғимаратын көрді. Түскі аста Төлеген болашақ армандарын айтып Айманға кел де кел деді. Екі ұдай күй кеш­кен Алматының қызы не де болса нар тәуекел деген. Белін бекем буып, жоқтан бар жасауға яғни астанадан музыка академия­сын ашуға кірісті. Бұл 1998 жылдың қаңтар айы болатын. Не оқу орны жоқ, не сабақ беретін мұғалімдер жоқ. Тіпті алда-жал­да ашылған күнде ұстаздар мен студенттердің жататын жатақха­насы жоқ қалада қалып, бәрін нөлден бастаған Айман еді.

Мен әлемнің біраз елін ара­лаған адаммын. Режиссер болып шетелге шығуым Италиядан бас­талды. Иә, Италия әлемдегі атақ­ты суретшілер мен музы­кант­тардың, архитекторлар мен киногерлердің отаны. Осы ел­де сосын керемет кинофестиваль бар. Ол Венециядағы кино­фестиваль. Бұл фестивальға бар­ған да арманда, бармаған да арманда. Мен бұл қаланың тар көшелерімен жүргенді ұнатам. Әр үй, әр квартал өз алдына тарих. Қала берді гандолға мініп түнгі Венецияны тамашалаған қандай ғажап. Венеция сонымен қатар Антонио Вивальдидің отаны. Ұлы дарынның өскен мекені. Вивальди бала күнінен скрипкаға құмар боп өсті. Әкесі шаштараз һәм әуесқой скрипкашы болған. Антонио осы аспапты ес білгенінен көріп өскен дарын. Ол тек виртуоз музыкант, жақсы ұстаз ғана емес асқан шебер скрипач және ұлы композитор. Бүгінде музыка әлемінде Вивальдиді білмейтін жан жоқ. Тек музыка ғана емес оның аты әлемдегі ұлылардың тізімінде және артында қыруар мұра қал­дырды. Айтпақшы Антонио шір­кеуде әжептәуір священник болатын. Алайда Вивальди музыканы таңдаған. Ұмытып барады екенмін, Айманның арғы аталары Қазақстанға XVIII ғасырдың соңында Сауд Арабиясынан келген қожалар. Исламды қазақ даласына таратуға келген діндар­лар болатын. Ағайынды жігіттер Мұсақожа, Сартқожа, Сейітқо­жа, Қарақожа. Олар Алматы­дағы мұсылман мешітін алғаш ашқандар. Қазіргі көк базар­дың түбіндегі мешіттің іргетасын қа­лаған қожалардың ұрпағы. Вивальдидің скрипкаға арналған концерті Айманның репертуарында бар.

Адамның кейде қиялдайтын кезі болады. Осындай да кейде скрипка болмаса симфониялық оркестр не болар еді деп ойласам тұла бойым тітіркеніп кетеді. Себебі скрипкасыз оркестр қызсыз көктем, арусыз ауыл іспетті. Және скрипка текті де арқалы аспап. Оның үстіне бозторғай емес қарлығаштың қанатының суы­лы қонған. Скрипканы тарту, ойнау бір бөлек те оған жан беру, тірілту, сөйлету сыбырлап құлағына дем үрлегендей бойыңды шымырлату бір бөлек.

Импровизация нотадағы шы­ғарманы ойнау емес ойлау, өрнектеу, көкейіңдегі өксікті төрт саусақпен тербеу. Әр саусақ са­дақтан атылатын жебедей бірде қатты, бірде жай. Қара тырнақтың астындағы әр клетка, әр иірім құпия әуенге толғатқан. Жарық дүние­нің есігін ашуға тырмысқан ұлы сәбидей біресе ауыр, біресе мейірімді, оған таныс Отан – ана­сының жатырын тырс-тырс түртіп бірте-бірте бүйірін баяу ғана тепкілеген тербеліс ырғақтар. Бұл толғақта тек ащы ауру айқай ғана емес, мұнда Күн мен Түннің Ақ пен Қараның, Ай мен Күннің, Жақсы мен Жаманның арпалысы жатқандай ах ұру мен жанардан тамған көз жасы бар. Өйткені өмірге адам келгелі жатыр.

Айман мен Вивальдиде осы құдірет – Ананың толғатуындай толқын-толқын толғаныс бар. Айман Вивальдиді дәл осылай ойнайды. Баяғыда ұстазым Асқар Тоқпанов «Операға бар­ғанда көзімді жұмып отырам. Сонда басқа әлемге барғандай күйге енем»дейтін. Мен де Айман­ның концертін көзімді жұ­мып тыңдаймын. Айтпақшы, Айман арқалап жүретін және ешкімге ұстатпайтын скрипка Страдиваридің скрипкасы. Ол – Мемлекет меншігінде. Әлем әртісі. Баяғыда бала күнгі бір әңгіме есімде қалыпты. Біздің ауыл темекі егетін-ді. Бұл да ма­шақаты көп жұмыс. Сонда бригадир Өмір Үсенов деген ағай Социалистік Еңбек Ері атанды. Соны естігенде Мыңғой әжеміз «...Е-е-е алса алсын айналайын, ол байғұс маңдайы да, таңда­йы да терлеген жан ғой» деген еді. Сол сөз менің есіме қазір еріксіз еске түседі. «Маңдай терлегенді естігем, ал таңдай қалай терлейді» деп. Бірақ кейуана әжеміздің сөзінде бір шындық бар. Ол ерен еңбекке тағылатын теңеу болар деп пайымдаймын. Айман сол маңдайы да, таңдайы да терлеп жүрген Ер қыз. Қазақстанның Еңбек Ері. Сосын ел-жұрт біле бермейтін ерекше бір қасиеті – ол Айманның күлкісі. Оны тек тыңдау керек. Жалпы, Айманды тыңдау нағыз қуаныш, шын бақыт.

Талғат Теменов,

Қазақстанның халық әртісі, театр және кино режиссері

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394