Оймақтай ойлар
Іңкібіді мен Кігібінің дегені болып...
Қазақтың классик жазушысы Мұхтар Мағауин бір шығармасында НКВД-ны Іңкібіді, КГБ-ны Кігібі деп жазыпты. Сол Іңкібідінің іріні Кігібінің күңкіліне ұласқан секілді. Өйткені, осы жүйеде қызмет атқарған генералы бар, басқасы бар, әлдекімдердің есімін есте қалдыру науқаны жер-жерде қызу жүріп жатыр.
Мәселен, кезінде Қостанайда қызмет атқарған Серік Шәкібаев деген кісіге көше атын беру туралы мәселе көтеріліпті. «Үлкен Түркістанның күйреуі» деген кітап жазған, қазақтың ардагер перзенті Мұстафа Шоқайды қаралаған автордың қазаққа қандай еңбегі сіңіп еді? Отыз жетінші жылы Аманкелді ауданында Іңкібіді бастығы болған генерал Таутан Арыстанбековке облыс орталығынан көше берілді. Осы жүйенің бірнеше адамына ескерткіш тақта орнатылды. Алаш арыстарының кіндік қаны тамған өңірде кім көрінгенге көше аты беріліп жатыр. Бәлшебектердің пәлесінен құтылу оңай емес екен.
Өмірдің заңы осындай
Кірпінің инелері болса да, тасбақаның тас сауыты болса да аңдыған дұшпанға жем болады. Биік әрі берік қорған да, терең қазылған ор да жасанған жауға уақытша ғана бөгет болады. Өмірдің заңы осындай.
Жас ұрпақ не дер екен?
Мұражайдан көп бұйым көресің. Сәбит Мұқанов ұстаған қамшы дейді. Онымен кімді ұрды екен? Әбділда Тәжібаев ұстаған қалам дейді. Онымен кімнің үстінен арыз жазды екен? Әлдебір бәлшебектің алтыатары дейді. Онымен кімді атты екен? Тағы бір коммунистің шапаны дейді. Оны кімдер жапты екен? Бір депутаттың төсбелгісі дейді. Одан басқа қандай белгі қалды екен? Елбасы алған марапат дейді. Қашан, қалай, қандай еңбегі үшін алды екен? Осыны көріп жүрген жас ұрпақ не дер екен?
Көріп жүрміз
Ораза айында шайтандарға кісен салынады дегенге сенейін десем, Ібіліске ілескендер арамызда әлі же өріп жүр. Қажылыққа барып, шайтанға тас лақтырып келген мұсылмандардың тасынан аман қалған шайтандар сайран салып жүр. Соның бәрін көзіміз көріп жүр.
Халық көрпе ме?
Бір тілші депутатқа: «халықты көрпе қылып алдыңыз» – деген уәж айтыпты. Депутат не айтарын білмей қалды. Халық көрпе болса, оны жамылуға да, астына төсеуге де болады ғой. Журналист соны меңзеп тұрған секілді. Көрпенің тысын да, астарын да былғап жүргендер көп.
Мың шүкір!
Ақын ағам Ғафу Қайырбеков кезінде өзі туып-өскен өңірін сағынып келгенде:
«Білмеймін, бұл дүнияда ақын көп пе?
Шығарған даңқыменен атын көпке.
Қашанда, туған топырақ, сені іздесем,
Ғажайып, кездесемін Ақылбекке» – деп маған өлең арнаған екен.
Ақын досым Әбжан Әбілтай Қостанайға келген сапарының бірінде: «Келгенім көптен елге бұл, Жететін шығар пәрмені. Сергісін біраз ер көңіл, Ақылбекке алып бар мені» – деп жыр жазыпты.
Көрнекті ақын Қасымхан Бегманов:
«Бабалардың ұлы жолын жалғапты,
Атқа мініп қумағанмен қалмақты.
Қара өлеңде самұрықтай самғапты,
Бұл өмірдің ауыр жолын таңдапты.
Түп атасы Қобыландыдан тарайтын,
Қостанайда бір ақын бар ардақты» – деген екен.
Сүйтіп, мен де жырда аты аталған кейіпкерге айналыппын. Мың шүкір!
Асабалардың жеген асы адал ма?
Жиын-тойларда жиі боламыз. Тойдың көрігін қыздыратын асабалар ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейді. Анайы анекдот айтады, ақ сақалды қариялардың жанына келіп, сүйреңдеп бата береді, әдепсіз ойындарды ойнатады. Ызаңды келтіреді. Сондайда «асабалардың жеген асы адал ма?» деген сауал ойыма оралады.
Адам аз
Күрек бар қар тазалайтын. Сабын бар кір тазалайтын. Алайда, ақыл айтар адам аз жан тазалайтын.
Үмітімді үзбеймін
«Думаны дурактар жайлап алған» – деп еді бір досым. Тағы бір досым «Мәжілісте мәңгүрттер отыр» – деді. Екеуінің де сөздерінің жаны бар. Алайда, ақымақтардың жанында ақылдылар, мәңгүрттердің маңайында ар-ұяты барлар бар шығар деген үмітімді үзбеймін.
Болады
Жылыта алсаң қарды су қылуға, суыта алсаң суды мұз қылуға болады. Лаулап жанған отқа ғана емес, ошақ түбіндегі шоққа да ас пісіруге болады. Қаламның ұшымен ғана емес, тұқылымен де жақсы жырлар жазылады.
Сырқат мұғалімдер және қоқыс жәшігі
Көрген көзде жазық жоқ. Бюллетеньді дәрігерлер сырқаттарға береді. Ал сайлау бюллетенін жәшікке топырлатып салған комиссия мүшелері болған мұғалімдер де сау адамдар емес секілді. Әйтпесе бюллетеньді қайтеді?
Жәшік туралы не деуге болады?! Сайлау нәтижесін білдіретін жәшік болмағаннан кейін оны қоқыс жәшігі деп атаса да болады.
Айыру қиын
Базарға барсаң – барлығы жаңа. Сыртын бояп қойып, жаңа тон дейді. Қорабын бояп қойып, жаңа көлік дейді. Кешегі нанды бүгін пісірген дейді. Кешегі сүтті бүгін сауылған дейді.
Жаңа Қазақстан да сол секілді. Ескісі қайсы, жаңасы қайсы, кез келген кісі айыра алмайды.
Өз ойым
Ыбырай Алтынсаринның «Кел, балалдар, оқылық!» деп аталған өлеңінде: «Оқысаңыз, балалар, Шамнан шырақ жағылар, Тілегенің алдыңан Іздемей-ақ табылар» – деген жолдар бар. Барлығы түсінікті. Еш қате жоқ секілді. Түпнұсқада да осылай жазылған. Менің ойымша осы шумақтың үшінші және төртінші жолдарындағы «тілегенің» және «іздегенің» деген сөздердің орны ауысып кеткен. Қисынға жүгінсек, тілегенің қаншалықты көп болса да іздегенде табыла бермейді. Ал іздегенің тілемей-ақ алдыңнан шығуы мүмкін. Өз ойым осы.
Қабыл бола ма?!
Өзі тойып тұрса да өзгелерге бермесе, аш-жалаңаш көшеде жүргендерді көрмесе, түн ұйқысын бөлсе де де елге көңіл бөлмесе ұстаған оразасы қабыл бола ма?!
Тауып айтқан екен
Жақында ғана Ғаламтордан жаны күйзелген бір кісінің пікірін оқыдым. Дәрігерлердің қатесінен қайтыс болғандар молада жатыр, сайлау комиссияларындағы мұғалімдердің қатесінен кейін ақымақтар Парламентте отыр, – деп жазыпты. Тауып айтқан екен.
Рас екен
Сахнада да, теледидарда да қатын болып киінген еркектер көбейді. Оларды еркек деуге де болмайды. Қыз-келіншектер ер азаматтардан шалбарды да, темекіні де, сыраны да, басқаны да тартып алғаннан кейін жасаған қарымтасы ма, әйтеуір, барлығы дерлік әйелден аумайды. Киім киісі, жүрісі, тұрысы, күлісі жынысы әйел екенін дәлелдейді. Әйелдерді еркектерден көп дейді деген рас екен.
Жалғасы бар...
Ақылбек Шаяхмет
Abai.kz