Импорттан қашан құтыламыз?!
«Үкімет 30 жыл бойы импортты қолдап келе жатыр. Қазіргі таңда нарықта импорттың үлесі 80 пайызға жетті», деп мәлімдеді Қазақстан сауда кәсіпорындары қауымдастығының президенті Жібек Әжібаева ханым.
Президенттің «Орта, шағын бизнесті дамыту» тапсырмасына сай, 2022 жылдың аяғында Үкіметтің «Қазақстанда жасалған» атты бағдарлама қабылдағаны белгілі. Әжібаева ханым ол жобаның да шикі тұстары көп екеніне тоқталды: «Отандық өндірушілерге арналған жобаны естігенде қуанып қалдық. Алайда, оны қолға алғанымызда бағдарлама тек екі бөлімнен тұрды. Олар сертификаттау (куәландыру) және техникалық стандарт. Нақтылап айтқанда, біз өнімімізді шығаруымыз үшін алдымен құжаттарымызды заңдық тұрғыда реттеуіміз керек, содан кейін ғана бізді сертификаттаудан өткізеді. Біздің ойымызша, бұл жобаның басы жоқ. Өйткені біз шетелден келетін өнімдерге бәсекелестік танытуымыз керек,» - дейді.
Әжібаеваның уәжінше, әрбір ведомство өз алдарына заң шығарады. Ал ол жерде кәсіпкерлердің мүддесі көзделмейді. Экспортқа тауар тасымалдайтын азаматтар көптеген кедергіге ұшырайды. Ал азық-түлік тасымалдайтын теміржол вагондары аз. Сонымен қатар еліміздегі әрбір тауар сақтайтын қойма өз бағасын, көлік логистика өз бағаларын қояды. Өйткені өзара тұрақты келісім жоқ. Оларды тасымалдағанның өзінде – бұл өнімнің қымбаттауына әкеледі.
«Мәселен, сүт өнімін алайық. Отандық өнімнің үлесі - 20 пайыз. Ал қалғаны көбіне Беларусь пен Ресейден әкелінеді. Ең сорақысы, ол өнімдерге «Айналайын» деп қазақша ат беріп қояды. Ал шын мәнінде, бұл біздің өніміміз емес. Енді бұл мәселенің алдын алу үшін ең алдымен, Үкіметтің қолдауы болуы керек. Бүгін біз өз тарапымыздан тағы бір ұлттық бағдарламаны ұсындық. Оның мақсаты – министрден бастап, барлық саладағы отандық өндірушілерінің басын қосу. Онда арнайы жоба талқыланып, кәсіпкерлеріміздің жолын жеңілдету тетіктері қарастырылса дейміз. Былайша айтқанда, «біз мынаны жасадық, енді мынандай ұсыныс бар» дейтін сөзімізді естіп, құлақ асатын Үкімет болғанын қалаймыз», - дейді Қазақстан сауда кәсіпорындары қауымдастығының президенті.
Әжібаева отандық өндірушілерге арналған арнайы тариф белгіленуі керек деген пікірде.
«Бүгінгі жағдайда отандық өндірушілерге біз мүлдем қолдау жоқ демейміз, бар. Бірақ өте аз. 30 жылда бизнесіміз орта буынға жетіп қалу керек еді. Бірақ әлі мүгедекпіз. Өйткені шетелдік өнімдер нарықты басып кеткен. Оларға жеңілдік көп. Екіншіден, біздің мемлекет шетелдік компаниялармен келісімге келген кезде өз тарапын елемейді, қорғай алмайды», - деп сөзін түйіндеді ол.
Сайтхуджа Томирис Маратқызы
Abai.kz