Оймақтай ойлар
Жарық және қараңғы
Күн жарықта жалғанды жалпағынан басып жүрген кісі қараңғыда жол таппай қалуы кәдік.
Қараңғыға көзі үйренген кісі жарықта көзілдірік кимей жүре алмауы да мүмкін.
Өзгергенін көрмей тұрмын
Сайлау да өтті. Наурыз да өтті. Сол кісілер қайта келді. Жаңарамыз, өзгереміз деген сөзді айта берді. Өзгергенін көрмей тұрмын. Сөздеріне сенбей тұрмын.
Ел көзінше ант беретін, ертеңіне жалт беретін сумақайлар көктемде еріген қар суындай ағып кетер десем, сай түбінде, күн түспейтін жерде қалған сірескен мұздай жаз шықса да сақталып қалады екен.
Үндемей қалу да қылмыс
Танымың мен білігің болса дәстүр мен ғұрып былық пен шылыққа айналып кеткенін көре тұра үндемеуге бола ма? Азамат азып, жұрт тозып, алаяқтар озған дәуірде үндемей қалу да қылмыс.
Өмірде не болмайды?!
Кейде осы жайды айтпай-ақ қойсам деп ойлайсың. Бірақ, айтпасқа болмайды. Қостанай облысын отыз жыл бойы билеген шовинист Андрей Бородин деген болған. Біздің бір қаракөз ағамыз сол кісімен бірге қызмет істеген екен. Мансабын өсірген шығар немесе басқа жақсылығы болған шығар, анығын біле қоймаймын. Сол кісі жасы ұлғайып, қайтыс болар алдында: «Мені Бородин жатқан зиратқа жерлеңдер!» – деп өсиет айтыпты. Жеңгеміз татар қызы еді. «Өсиетін орындау керек!» – дейді ғой. Сүйтіп, партиялық номкенклатурада болған марқұм не христиан моласы емес, не мұсылман зираты емес, екеуінің ортасындағы жерге жерленген.
Тағы бір ұлты қазақ көршіміздің әйелі орыс еді. Қартайып, жасы жетіп қайтыс болғанда үйіне қондырмай, «өліктен қорқамын» – деп мәйітханаға апарып тастапты. Ертеңіне үйінің алдына әкеліп, қоштасу рәсімін жасапты.
Өмірде не болмайды?!
Әлі де айтарым бар...
Отыз жасымда орда бұздым демеймін. Алайда, ойымдағыны айттым. Жаласын жауып, алдыма келгендерді ыңғайын тауып тістедім, артымнан келгендерді тептім. Аллаға шүкір! Қиын-қыстау күндерден аман-есен өттім.
Қырыққа келіп қамал алдым деп те айта алмаймын. Биік қабырғадан секірдім. Жаным қысылғанда терең ордың ар жағына бекіндім. Аллаға шүкір! Осы күнге де жеттім.
Елуде біраз жүкті еңсердім. Алпыста ауырсындым, теңселдім. Жетпісте жеті белестен асқандай болдым. Әйтеуір, өмірді зайғы өткізбедім. Көкейдегі біраз арман жеткізбеді.
Алла ғұмыр берсе, әлі де айтарым бар...
Есептеген кісі бар ма?
Біздің қазақ: «Көзбен көрген шын, құлақпен естіген өтірік. Құлақ пен көздің арасы бір-ақ тұтам жер емес пе?» – дейді. Көз бен ауыздың арасын, мұрын мен ауыздың арасын, құлақ пен ауыздың арасын есептеген кісі бар ма? Көріп тұрса да, иісін біліп тұрса да, арам екенін естіп тұрса да асай беретін жебір ауыздарды қайтеміз?
Баспалдақ
Далада тұрған баспалдақ әбден былғанған болса, баспалдақты төменгі басқыштан бастап тазалаған кісі жоғары шыға алады. Ал жоғарыға шығып алған кісі болса, сол жоғарғы басқыштан бастап тазаласа ғана төмен түсе алады. Олай жасамаса, біреуі төменде, екіншісі жоғарыда, жауын-шашынның астында қалады.
Айыра алмаймыз
Әдемі болса да тауысты құс патшасы дей алмаймыз. Сөйлей алса да тотықұсты депутат қылып сайлай алмаймыз. Адамдарға келсек, бәрі бола береді. Өйткені, арғымақ пен мәстекті, бұлбұл мен шымшықты айыра алмаймыз.
Халық шешуі керек
Көптеген мемлекетті басқарып отырған патшаларға өз халқының көңілі толмаса да жергілікті поп па, молда ма, басқа да дін өкілдері оны Алланың ұйғарымы дейді. Осындай желеумен озбыр басшылар таққа отырса халық қиналады. Халық – Алланың бір аты. Олай болса, тәж пен таққа кім лайықты екенін халық шешуі керек.
Пайдасы болмайды
Түбі тесік шелекке су құю керек пе? Адамдар болмаса дария бар екенін ескертер, дария жанынан құдық қазғанның еңбегі еш кетер. Өнімі болмасын білсе егер, шөлге не құмға егінді кім себер?! Сөздің де айтатын наданға пайдасы болмайды қоғамға.
Жас кезінен ақылды бол!
Жас кезінен ақылды бол! Бұл жалған өтер де кетер. Аяғыңды аңдап бассаң, өз ақылың өзіңе жетер. Жас ұлғайған сайын ақыл қосылады деу бекер.
Әркімнің бір ойы бар
Біреу сиырым сүтті болса екен дейді. Біреу өгізім мықты болса екен дейді. Біреу бием құлындаса екен дейді. Біреу бизнесім құлдырамаса екен дейді. Біреу жиған-тергенімді офшорға тыға берсем дейді. Біреу сүйенгенім тіреу болып тұра берсе екен дейді.
Біреу Алладан малымды сақта деп тілейді. Біреу жанымды сақта десе, ізгі мұсылман арымды сақта деп тілейді.
Қала көп пе, мола көп пе?
Әр ауылдың жанында, қалалардың маңыңда толып кеткен қорымдар. Жер астына мәйіттерді жасырған Жердің өзі үлкен қорым секілді. Бейіті жоқ, құлпытасы жоқ азаматтарды санаған кім бар?! Жойқын сілкіністен, табиғат апатынан, сел мен көшкіннен кейін жер астына жұтылып кеткен мекендер қаншама?!
Ол аз десеңіз, қаладағы автокөлік қорымы, темір-терсек үйілген жерлер, қырылған киіктер көмілген орындар, Арал жағасындағы кемелердің моласы тағы бар. Сібірде танкілер моласы деп аталған жер бар. АҚШ-тың Аризона штатында әлемдегі ең үлкен ұшақтар зираты бар.
Жер бетінде қала көп пе, мола көп пе? Жауабы екіұшты.
Не таптым?!
Көзімді жаптым. Құлақты жаптым. Ауызды жаптым. Не таптым?!
Көрінбей көзге қалған көп. Естімей сөзді қалған көп. Айтайын деген лепесті ешкім де тыңдай алған жоқ.
Балта мен балға
Балта мен балғаның айырмасы – біреуі ағаш жарады, біреуі шеге қағады. Екеуі де адамның кәдесіне жарайды. Екеуінің де басы темір болғанмен, сабы ағаш. Ағаш сол сабынан қорлық көрсе, шеге сол темірден зардап шегеді. Қағылған шегені тістеуік суырып алады. Әрқайсысы өз міндетін орындайды.
Адамдар болса сексеуілмен сексеуілді ұрып сындырғандай кейде балта мен балғаның, кейде тістеуіктің рөлін орындайды.
Біреудің айтқан ақылы
Бір кісінің айтқан ақылы: Тамырын қопар өспесін десең биік ағашты мәуелі. Өтпесін десең өзеннен арғы жағаға, көпірді қират әуелі. Үй ішіңе қи толтырсаң сасыған, жинайсың сонда пәлені.
Қай жер болар екен?!
Кезінде Күн-көсем атанған Лениннің Қостанайдағы ескерткіші Совет Одағы тұсында облыстық партия комитетінің алдында тұратын. Еңселі ғимараттан шығып бара жатқан кісі секілді еді. Кейін облыстық әкімдіктің жаңа ғимараты алдына көшірілді. Онда сол ғимаратқа кіріп бара жатқан секілді еді. Содан кейін ол жерден де алынып, Жеңіс бағының шетінен орын алды. Әйтеуір, қаланы аралап шықты. Ендігі баратын орны қай жер болар екен?!
Бір қызығы, бұрын октябрят, пионер, комсомол, коммунист болғандар болмаса, қазіргі ұрпақ оны мүлде танымайды.
Өмірге қонақпыз ба?
Өмірге қонақпыз дейміз. Солай-ақ болсын! Бірақ, тек киім киуге, ішіп-жеуге ғана келдік пе? Келгеннен кейін кеткенге дейін қолдан келетін істі атқаруға тырысу керек қой.
Мұндайлар да болады
Басында қалпағы болса да, қалпағының астында ештеңе жоқ. Үстінде киімі болса да, киімінің астында пейілі мен мейірі жоқ. Аузында тілі болса да айтатын сөзі жоқ. Мұндайлар да болады.
Бәрі керек
Қазан қайнаса, оның бетін жабуға қақпақ керек. Қазық қағатын болсаңыз тоқпақ қерек. Ағаш жарсаңыз балта керек. Шеге қақсаңыз балға керек. Сол керекті қажетке жарата алсаңыз болғаны. Керек нәрсе көп. Бірін тауып, бірін таба алмасаңыз кімге өкпелейсіз?
Төрде және босағада
Төрде отырғандардың барлығы бірдей ақылды емес. Босағада отырғандардан да сұрау керек ақыл-кеңес.
Жалғасы бар...
Ақылбек Шаяхмет
Abai.kz