Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаң 2951 20 пікір 7 Сәуір, 2023 сағат 12:22

Петропавл мен Павлодарды қазақшалайтын кез келді!

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде еліміздің солтүстігіндегі жағдай туралы, соған байланысты қанша уақыттан бері ұлт жанашырларының көтеріп, шеше алмай жүрген – Петропавл мен Павлодар қалаларының аттарын қазақшалау мәселесі туралы үлкен айқай-шу болып жатқанын білеміз.

Бұл мәселелерге жаңадан сайланған депутаттар да өз пікірлерін білдіріп жатыр. Бізді бір таңғалдырып та, мазамызды кетіріп жүрген нәрсе, ол депутаттар (Қазыбек Исадан басқасы) негізінен бәрі бірінің-бірі ауыздарына түкіріп қойғандай мынадай пікір айтуда: «Ол мәселені Астанада, біздің деңгейде шешуге болмайды, ол сол жердің халқымен келісіліп шешілетін мәселе. Ол ұлтаралық араздық тудыруы мүмкін».

Тіпті күні кеше айтыста билікті сынаудан ешкімге дес бермейтін, өзін ұлттың жанашырымын деп шырылдағанда алдына жан салмайтын Ринат ініміз де депутаттың шапанын киіп, төсбелгісін таққаннан кейін әңгімесі өзгеріп сала беріпті.

Әй айналайындар-ау, баяғыда еліміздің солтүстігінде Целинный край құрып, Мәскеуге бағындырамыз дегенде Хрущев ешкімнің келісімін сұраған жоқ. Тек Жұмабек Тәшенов сияқты халқымыздың біртуар ұлы қасқайып қарсы тұрмағанда, бұл күні әңгіме басқаша болар еді. Немесе Ерейментау сияқты қазақтың қара шаңырағында неміс автономиясын құру мәселесіндеде ешкім бізден рұқсат сұраған жоқ. Жарайды, олар тарихтағы, Кеңес үкіметінің кезі ғой. Ал енді күні кеше ғана Астананың атын он қайтара өзгерткенде кім-кімнің келісімін сұрады?.. Осы күнге дейін еліміздегі ұлтараалық келісім бұзылмасын, ұлтаралық араздық туып кетпесін деп шыдап, үндемей келдік емес пе?.. Сол ұлтаралық келісімді Петропавлдың орыс ұлтының өкілдері өздері бұзып отыр емес пе?.. Ендеше неге біз осы жағдайды ұтымды пайдаланып, «зеркально» жауап бермейміз?..

Петропавлдың, Павлодардың, Өскеменнің аттарын қазақшалайтын уақыт жетті деп есептейміз. Тек қана аттарын қазақшалап қоймай, жалпы еліміздің теріскейін қазақыландыратын кез келді! Ол үшін: осы аталған қалалардың орталық алаңдарында, көрнекті жерлерінде Абылайдың, Кенесарының, Бөгенбай мен Қабанбайдың, Мәшһүр Жүсіптің, Алаш арыстарының ескерткіштерін орнату қажет. Келесі жолы кешегідей бесінші колоннаның өкілдері өздерінің «халық кеңесін» құрардың алдында терезеге қарап, жер кімдікі, шаңырақ кімдікі екенін білсін!

Екіншіден, еліміздің сыртқы және ішкі миграция саясатын қайта қарап, «оңтүстік-солтүстік», «оңтүстік-шығыс» бағыттарындағы көштерге қосымша дем беру қажет.

Солтүстік пен шығысты қара көз қазақтармен толтырмайынша бұл проблема күн тәртібінен түспейді. Оңтүстік пен батыстың қазақтарын көшуге материалдық тұрғыдан ынталандыру қажет. Бүгінгі күнгі заңмен қарастырылған ынталандыру шаралары жеткіліксіз деп есептейміз. Теріскейге көшуге ынталы отбасыларға ол жерлерден дайын, жайлы үй, отыз-қырық сотық жер телімі, отбасы мүшелерінің кем дегенде екі адамына кепілді түрде жұмыс немесе жұмыспен қамтамасыз еткенше мемлекет есебінен жәрдемақы төленгені дұрыс.

Бүгінгі күні ауылдық жерге келген отбасыларға салынған үйлердің сапасы төмен. Соған байланысты көптеген көшіп барған адамдар кейін қарай кетіп жатады. Сондықтан көшіп барған адамға, өзіне арнап салынып жатқан үйдің құрылыс жұмыстарын өзі бастан-аяқ өзі қадағалап, өзі қабылдап алу, мәртебесін беру қажет. Сонда ертеңгі күні мына үйдің төбесінен су тамшылап тұр, мына жердің сылағы түсіп жатыр, қыста дұрыс жылымайды деген арыздар болмайды.

Теріскейдің тек қана ауылдарына ғана емес, облыс орталықтарына да қазақтарды молынан орналастыру шараларын қарастырған жөн. Ол үшін Петропавл, Павлодар, Өскемен, Көкшетау қалаларында жылына әр қалада екі-үш көп этажды үйлерді мемлекет бюджеті есебінен салып, тек қана көшіп барған қазақ отбасыларына берген жөн. Бұл жұмысқа орта және ірі бизнес өкілдері де сырт қалмай, белсене араласуы тиіс деп ойлаймыз.

Қорыта келгенде іргемізді бекітіп, еліміздің теріскейін қазақыландыру кезек күттірмейтін мәселе екенін билік басындағылар да, жаңадан сайланған халық қалаулылары да ертерек түсінгені және бұл мәселені ұлттық идеяға айналдырғанымыз қажет.

Сәмет Ықласұлы

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404