Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Жаңалықтар 1334 0 пікір 10 Наурыз, 2023 сағат 12:09

БАҚ-тың сапасы салалық журналистикаға байланысты

Ақпарат ағыны жылдам ауысып отыратын қазіргі әлемде журналистиканың сапасын түсірмеу ­- заман талабы. Осы орайда салалық журналистиканы дамыту деген мәселенің басы көрінеді. Әсіресе, елімізде, салалық журналистиканы дамыту бірнеше жылдан бері қолға алынып кела жатқан шаруа. Кейінгі уақытта, қуанышымызға орай, қазақ тілді контентті тұтынатындардың саны әлдеқайда өскен. Бүтіндей қазақ тілінде сөйлейтін буын өсіп келеді. Сондықтан аудиторияның қажетін қанағаттандыру үшін, қазақ тілді, оның ішінде, салалар бойынша толық мәлімет беретін журналитиканы дамыту аса маңызды. әр сала бойынша терең білім алған журналитстің материалы өтімді келетіні айтпаса да түсінікті. Мысалы, дамыған елдердің бұқаралық ақпарат құралдарынан байқағанымыздай, тілшілер ғұмыр бір тақырыптың, бір саланың төңірегінде қалам тербейді.

Журналист Баубек Сағындық салалық журналистиканың ең басты артықшылығы -нақтылық екенін айтады.

«Бүгінде журналистер қоғамда қызу талқыға түскен тақырыпты қағып алып, жазып, халықтың назарын аударып жатады. Әрине, көпшіліктің қызығушылығын оятқан тақырыпты деру жариялау журналистің міндетінің бірі. Бірақ кейін ол тақырып өз құндылығын жоғалтады. Сондықтан тақырыпты ашып жазу үшін бір не екі күні, болмаса бір апта ғана уақыты болуы мүмкін.Бірақ журналист шын кіріссе, кез келген тақырыпты ашып жаза алатыны белгілі»,-дейді ол.

Осы орайда еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі салалық журналистиканы дамытудың маңызын түсініп, әр түрлі шараларды қолға алды. Кәсіби журналистердің біліктілігін шыңдау мақсатында семинарлар мен курстар ұйымдастырып келеді.

2021 жылдың өзінде еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен министрліктің бірлескен күш-жігердің арқасында мемлекеттік және жеке меншік БАҚ-тың 4000-нан астам журналисі еліміздің әлеуметтік-экономикалық өмірінің маңызды салалары жөнінде ақпараттандыру бойынша тегін оқытудан өтті.

Дайындалған журналистер жалған ақпаратқа қарсы күресте, сондай-ақ қазақстандықтарды жан-жақты объективті ақпараттық ағартуда БАҚ пен әлеуметтік желілердің қазақстандық сегментін дамытуға елеулі үлес қосары анық.

Республикалық және өңірлік медиа журналистері IT-саласы, медицина, дін, этносаралық қатынастар, экология, қаржы және экономика, аграрлық сектор, құқықтану мәселелерін ақпараттық жария етудің қыр-сыры мен ерекшеліктері бойынша тағлымдама алды.

Бұдан басқа, Министрлік «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қоры базасында медиамамандарды оқыту мақсатында мультимедиялық білім беру-ақпараттық платформасын іске қосты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, М. Нәрікбаев атындағы КазГЮУ, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, Халықаралық бизнес университеті, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің жетекші оқытушылары тренингтер мен семинарларды жүргізді.

2021 жылдың қыркүйегінен бастап М. Нәрікбаев атындағы КазГЮУ бастамасымен бакалавриат студенттері үшін «Журналистика: аналитика және тергеулер», сондай-ақ Әл-Фараби Атындағы ҚазҰУ-дың магистратура студенттеріне арналған «Экологиялық журналистика» екі жаңа білім беру бағдарламасы іске қосылды. Экологиялық журналистиканың дамуы қазақстандықтарды қоршаған ортаның игілігіне әрекет етуге ынталандырмақ.

Салалық журналистиканы дамыту жоспарының маңызды бөлігі ретінде Министрлік, салалық ұйымдар мен салалық кәсіптік одақтар арасында 2021-2023 жылдарға арналған келісім жасасқан болатын. Келісім әлеуметтік-экономикалық және еңбек қатынастарын реттеудің жалпы қағидаттарын, салалық журналистерді даярлау жөніндегі Тараптардың өзара міндеттемелері мен жауапкершілігін айқындайды.

Экс-министр Аида Балаева Қазақстанда салалық журналистиканың жолға қойылып келе жатқанын айтқан болатын.

«Қазақстанда кадрларды даярлау және қайта даярлауды көздейтін жоспар бар. Біз жекелеген университеттермен меморандумға қол қойдық – медицина, ауыл шаруашылығы, экология, дін және т.б. салада журналистерді дайындайтын боламыз. Олар кәсіби дәрігер немесе эколог болмайтыны анық, бірақ олар белгілі бір саланың даму ерекшеліктерін түсінетін болады. Қазірдің өзінде 300-ге жуық журналист сертификат алды, бұл жұмыс жалғасын таба береді»,— деген еді.

Сондай-ақ, бұрынғы ақпарат министрі мемлекеттік және жеке БАҚ журналистерінің біліктілігін арттыру мақсатында шетелдік медиа мектептермен жұмыс істеп жатқанын атап айтқан.

Министрлік меншік нысанына қарамастан журналистердің кәсіби біліктілігін арттыру барлық журналистердің дамуына жағдай жасау міндеттерінің бірі екенін атады.

Медиа индустриясының менеджерлер тобының жетекшісі Қайсар Жұмабайұлының айтуынша, журналистика саласы сау бәсекелестікке түсіп, сапалы біліммен қамтамасыз етілгенде ғана еркін нарыққа шыға алатынын айтады.

«Журналистеріміздің мәртебесін көтеріп, олардың мүддесін қорғайтын, ынталандыратын толыққанды жақсы заң шығару біздің міндетіміз. Себебі олар жауапкершілігі үлкен міндетті атқаруда. Қоғамдағы тұрақтылық журналистердің кәсібилігі мен белсенділігіне байланысты. Сондықтан министрлік уәкілетті орган ретінде бізбен бірлесіп жұмыс істеп, сәйкесінше тұрғындарға дұрыс басымдықтарды қалыптастыруға көмектесеміз»,-дейді ол.

Қазақстанда журналистердің құқығы жаңаша реттелмек. Яғни, «Масс медиа туралы» жаңа заң қарастырылып жатыр.

Айта кетейік, құжат Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы қоғамдық қатынастарды, телерадио хабарларын тарату субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін және бұқаралық ақпарат құралдары бостандығының мемлекеттік кепілдіктерін реттейтін болады.

Осы заңның көмегімен журналистердің құқықтық жағдайын жақсарту, бұқаралық ақпарат құралдарының мәртебесін анықтау (бұқаралық коммуникацияның жаңа құралдары – интернет-ресурстардың, әлеуметтік желілердің пайда болуын ескере отырып), БАҚ-ты мемлекеттік қаржыландыру көзделіп отыр. Реформаланады, атап айтқанда, гранттық қаржыландыруға және дәстүрлі газет-журналдарды субсидиялауға көшу, мемлекеттік органдар мен БАҚ арасындағы өзара іс-қимыл мәселесі шешілмек (журналистер сауалдарын қарау мерзімдері қаралады және мемлекеттік органдардың қызметі әлеуметтік желілер жетілдіріледі), бұқаралық ақпарат құралдарын тіркеу тәртібі өзгереді, телерадио хабарларын тарату саласындағы тенденциялар өзгереді, онлайн-жарнама реттеліп, бұқаралық ақпарат құралдарының өзін-өзі реттеу тетіктерін жолға қою мақсат етіліп отыр.

Қорытындылай келгенде, бүгінде салалық журналистиканы дамыту өте өзекті тақырып. Салалық журналистика дамыған жағдайда, әр сала бойынша тереңінен бойылап, тақырыпты түбегейді ашып жаза алатын зерттеуші журналистердің саны артады. Сәйкесінше, ақпаратты тұтынып отырған халық сапалы ақпаратқа қол жеткізеді. Бұл өз кезегінде жалған ақпараттың тарауынан, келеңсіз мәселелердің тууынан қорғайтынын ұмытпауымыз керек.

 

Abai.kz

0 пікір