Қазақстан Қарулы күштері: Біздің білетініміз...
Қару-жарақ пен әскер ұстау шығыны – әлем бойынша бюджеттік шығыны көп бап болып есептеледі. Ендеше тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан Қарулы Күштерінің алдында үлкен екі мәселе болды: бірінші — қаржы тапшылығы уақытында Советтер Одағынан қалған материалдық-техникалық база мен кадрларды сақтап қалу; жаңа әскери доктрина қалыптастыру және соған сай озық үлгіде қарулана бастау. Бірінші мәселені Қазақстан – Екінші дүниежүзілік соғыс уақытында қолданылған әдіспен шешті: үш-алты айлық офицерлік курстар ашып, нәтижесінде қорғаныс саласында жаппай кадр тапшылығы көрінісін болдырмады.
Ал әскери доктрина қалыптастырып, соған сәйкес озық үлгіде қарулана бастау мәселесі шын мәнінде айтарлықтай қиын еді. Қару-жарақтың барлық дерлік түрі – Советтер Одағының Орта Азия Әскери Округы мен Түркістан Әскери Округынен мұраға қалған ескі еді. Дәл сол уақытта аймақта да бірнеше ұрыс ошақтары пайда болып, олардың сипаты қарудың кейбір түрлері бойынша – IV, V толқындағы жабдықтармен жарақтану міндетін тудырды. Сонымен бірге Қазақстанға — көршілері мен әлемдік қауымдастыққа өзінің бейбіт ел болатынын дәлелдеу қажеттілігі де болды.
Осының бәрін шешіп үлгерген шақта және әжербайжан-армян қақтығысын сараптап өткізе бастаған шақта ресейдің украинамен соғысы жаңа әскери ұстаным жасауға мәжбүр етті.
2022 жылдың 1 наурыз күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге қатысты пікір білдірді, ол Қазақстан екі елді татуластыру үшін араағайын бола алатынын айтқан болатын.
– Айтып отырған сөздерімнің бәрі Украинада болып жатқан жағдай аясында маңызы арта түседі. Біздің позиция еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау тұрғысынан ғана көрінуі керек. 2010 жылы ЕЫҚҰ саммитін өткізген ел ретінде біз Еуразиялық бөлінбеу қағидатын сақтау жөн деп есептейміз. Бұл туралы мен 10 ақпанда Мәскеуге барған кезімде де айттым, – деді Президент.
Президент Минск келісімі қағаз жүзінде ғана қалғанын айтып өтті.
– Осының бәрі Украина аумағындағы әскери қақтығыстарға алып келді. Геосаяси жағдай жоғары деңгейде ушығып кетті. Тенденция солай байқалады. Сол себепті екі мемлекетті ортақ тіл табысуға шақырамыз. Келіссөздер үстелінде келісімге келу керек. Қалай десек те қақтығыстың кез келген түрі бейбітшілікке зиян келтіреді. Бейбітшіліксіз даму болмайды. Қазақстан өз тарапынан жан-жақты қолдауға, оның ішінде екі елдің арасында араағайын болуға дайын, – деді Президент.
Бұрынғы Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев «қазақстандық бітімгерлер қақтығыс аймағына жіберіле ме?» деген сұраққа да жауап берді.
– Бұл жерде біз біржақты ұстанымдамыз. ҰҚШҰ жарғысына сәйкес, Қазақстан бітімгершілік күштерін ҰҚШҰ елдерінің аумағынан тысқары жерлерге тек БҰҰ мандатына сәйкес жібере алады. ҰҚШҰ елдерінің бітімгершілік күштері қатысушы мемлекеттердің аумағында ғана қолданылады. Ал қақтығыс аймағы ұйымға қатысушы елдердің аумағына кірмейді. ҰҚШҰ аясында қақтығыс аймағына бітімгершілік күштерін жіберуге мүмкіндігіміз жоқ. Бірақ БҰҰ деңгейінде шешім қабылданса, Қазақстан әлемнің кез келген нүктесіне бітімгерлерін жібере алады. Бұл мәселеге қатысты Ресей бізге жүгінген жоқ, жүгінбейді де деп ойлаймын, – деп түйіндеді сөзін Мәулен Әшімбаев.
Саясаттанушы Жұмабек Сарабеков болса:
«Бүгінде Мәскеу мен Киев арасындағы қақтығыс шарықтау шегіне жақындап келе жатыр. Соғыс қимылдарының басталғанына бір апта болды және осы уақыт ішінде Ресей Қарулы күштері Украинаның ең ірі қалаларын толықтай қоршауға алып отыр. Бұл туралы Зеленский мырза кешегі Еуропарламентке жасаған үндеуінде айтқан болатын. АҚШ және Еуропа мемлекеттері әскери агрессияны бастағаны үшін Ресейге қарсы өте қатал және ауқымды санкциялар енгізе бастады.
Атап айтқанда, ресейлік бизнес батыс мемлекеттерінің нарығынан толықтай дерлік аластатылды. Одан бөлек, Ресейдің резервтік қорларына едәуір шектеулер енгізіліп жатыр. Салдарынан Мәскеу нағыз экономикалық аласапыранға ұшырап отыр. Батыстық ойыншылар санкциялар арқылы Мәскеуге қысым көрсетіп, әскери операцияны тоқтатуды талап етуде.
Алайда ресейлік саясаткерлер әскери қимылдарды соңына дейін жалғастыратынын ашық айтып отыр. Яғни, Киев өз мойнына НАТО-ға кірмейтіні туралы міндеттеме алып, Қырымды Ресейдің ажырамас бөлігі ретінде мойындамайынша, Мәскеу өз операциясын жалғастыра бермек. Алайда Зеленский мұндай қадамдарға бара алмайтыны түсінікті.
Өз кезегінде, бұл Ресей әскерилерінің Киевті соңына дейін жаулап алып, қазіргі украин билігін аталған талаптарды мойындауға күшпен мәжбүрлеуі мүмкін деген сөз. Бірақ Мәскеу үшін Украина астанасын басып алу оңайға түспейтіні де анық. Қазір украиндықтар жалпыұлттық деңгейде Ресей армиясына төтеп беруге барынша тырысып жатыр. Одан бөлек, бірқатар Еуропа мемлекеті Украинаға қосымша қару-жарақ пен қаржылық қолдау көрсетуге дайын екенін білдіріп отыр.
Осының бәрін ескере отырып, Ресей мен Украина арасындағы соғыс жағдайының ұзаққа созылып кетуі әбден мүмкін екенін айту керек. Тиісінше, адам шығындары мен гуманитарлық дағдарыстың да ауқымы кеңейе бермек. БҰҰ хабарлауынша, бүгіннің өзінде Украинадан 650 мыңға жуық босқын қашып шыққан. Жалпы, текетірестің соңы немен аяқталатынын қазір дөп басып айту қиын.
Мысалы, ресейліктер басып алған украин территорияларының болашағы қалай болмақ? Мәскеу бұл аймақтарды Луганск пен Донецк сияқты дербес республикалар ретінде мойындай ма? Одан кейін санкциялық шектеулерге Ресей қанша уақыт шыдай алады?
Әрине, Киев пен Мәскеу, жалпы Ресей мен батыс мемлекеттерінің арасындағы геосаяси дағдарыс Қазақстанға теріс әсерін тигізіп, жаңа қиындықтар әкелетіні түсінікті. Ең алдымен, экономика саласына. Мәскеуге қарсы енгізіліп жатқан ауқымды санкциялар елімізді тікелей шектемесе де, жанама түрде ықпал етеді, себебі Ресей мен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыстар осы күнге дейін тығыз байланыста дамып келді.
Әрине, тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстан ұлттық экономикасын қорғау бойынша әртүрлі қадамдарға бара алады. Оның ішінде Ресей экономикасына, рубльге деген саясатты өзгерту. Атап айтқанда, санкцияға ұшыраған компаниялардан өзімізді алшақ ұстауымыз керек. Одан кейін ұлттық экономиканы әртараптандыру, импортты біртіндеп отандық тауарлармен алмастыру сияқты қадамдарды жалғастыруымыз керек.
Ал Қазақстанның геосаясаттағы ұстанымдарына келсек, украин оқиғасынан кейін біздің көпвекторлы сыртқы саясатымыз үшін де қиын кезеңдер туып отыр. Себебі Ресей мен Батыс жаңа қырғиқабақ соғыс жағдайына көшіп жатқан кезде, тараптардың біреуін таңдау керек деген сияқты талаптар қойылуы мүмкін. Бірақ оған қарамастан, Қазақстан көпвекторлы бағыттан бас тартпауы керек деп ойлаймын. Әйтпесе, геосаяси күреске килігу еліміз үшін орасан экономикалық және саяси шығындар әкелетіні түсінікті» дегені көп ой салады.
Бұл орайда атқарылған істер мейлінше жедел әрі тыңғылықты жүзеге асырылды деуге болады.
Бүгінгі Қазақстан Қарулы Күштері – біз қысқаша атап өтуге тырысқан осындай трансформациялар мен ахуалдардан қалыптасқан әлеуетті ұйым. Қазір қарулы күштеріміз стратегиялық міндеттерге қарай — «Батыс» (Атырау), «Шығыс» (Семей), «Оңтүстік» (Тараз) және «Астана» аймақтық штабтарға бөлінген. Әскер түрлеріне қарай – жаяу әскер, әуе қорғанысы күштері және әскери-теңіз күштері болып бөлінген. Өз кезегінде олардың құрамына Зымыран және артиллерия әскерлері, десанттық-шабуылдау әскерлері мен, химиялық, биологиялық, радиациялық қауіпсіздік пен инженерлік қамтамасыз ету міндеттелген Арнайы әскерлер кіреді. Әскер қатарына жоспар бойынша да, келісім-шарт негізінде де алады. Қазақстан Қарулы Күштеріндегі әскер саны – Ұлттық Гвардия және басқа да әскери жасақтарды қоса алғанда 120 мың адамға жуық.
Әлемде мемлекеттердің әскери әлеуетіне мониторинг жасап отыратын ұйымдар өте көп. Арнайы орталықтарды есепке алмағанда, түрлі ғылыми ұйымдардың жанындағы зерттеу бөлімдерінің өзінің саны біршама. Біздер әлемдік алдыңғы қатарлы БАҚ-тар жиі тілге тиек етіп, жүгінетін бір-екеуін таңдап алып, онда Қазақстанға қандай баға берілетінін шолып өтсек.
Ондай ұйымдардың ішінде Global Firepower назар аударуға тұрарлық. Ол беретін мәліметтердің БАҚ-тардағы әскери-сараптамалық мақалаларға жиі дереккөз болатыны өз алдына, бұл орталықтың өзінше мейлінше әділетті жасаған рейтинг жүйесі бар. Олардың түсіндіруінше, мемлекеттің әлем бойынша әскери әлеуеті 50 көрсеткіш бойынша бағаланады. Рейтингтің басты артықшылығы ретінде — «ұсақ, бірақ технологиялық дамыған мемлекеттердің – ірі, бірақ даму жағынан әлсіздеу мемлекеттермен бәсекелесуіне мүмкіндік беретіні» айтылған. Сонымен бірге, рейтинг түзу кезінде қару-жарақтың санына емес – түрлерінің көп болуына басымдық беріледі. Мысал, 100 дана мина жойғыш кемесі бар ел – 10 дана авианосеці бар елге теңесе алмайды екен. Мұны қандай да бір деңгейде әділетті деуге болады. Ядролық әлеует есепке алынбайды, бірақ ядролық державалар мен ядролық қаруы туралы қауесет бар мемлекеттерге бонустық ұпай беріледі екен. Теңізге шығатын жолы жоқ мемлекеттер еш ұтылмайды. NATO мүшелері – теориялық тұрғыдан ресурстардың біршама біркелкі таралуына байланысты «кішкене бонус» алады. Ағымдағы саяси және/немесе әскери билік есепке алынбайды. Ақыр аяғында – жағырапиялық факторлар, логистикалық икемділік, табиғи байлықтар мен жергілікті өндіріс рейтингтің нүктесін қояды екен.
Мінеки, аталып көрсетілген көрсеткіштерге сүйене отырып, Global Firepower – 2017 жылғы әскери әлеует рейтингінде Қазақстанды 133 мемлекеттің арасында 55-інші орынға қойыпты. Бұрынғы одақтастарымыз Беларусь, Өзбекстан, Украина мен Ресей — біздің алдымызда. Қазіргі украинадға соғыс бұған көп өзгеріс енгізді.
Енді осыларды жаңа жағдайға бейімдей білсек көп нәрсені ұтамыз.
Қорыта келгенде, қазақ қоғамы осындай әскери рейтингтерге салқынқандылық, сыни көзқарас танытуға тиіс. Олай болатын себебі бейбіт өмір сүруіміз сіз бен біздің еліміз туралы сындарлы пікірімізге тікелей тәуелді.
Abai.kz