Жұма, 27 Қыркүйек 2024
Билік 2821 12 пікір 13 Сәуір, 2023 сағат 10:09

Жаңаөзен – Астана: Унитарлы мемлекетке унитарлы еңбек саясаты керек!

Жаңаөзен мұнайшыларының Астанадағы ереуілі туралы бұл күндері аз жазылып жатқан жоқ. Әмбеге аян боп қалған жайттарды қайталамай-ақ қояйын да, осы оқиғаның себептері мен салдары, басты сабақтарына ғана тоқталайын.

Біріншіден, мұнай мен газ саласына түбегейлі реформа керек! Халыққа тиесілі жер қойнауындағы байлықты сатып, шылқып байыған ат төбеліндей топтың 30 жыл ішінде еңбек ресурстарын жоспарлап, жергілікті жұртты тиісті жұмыс орнымен қамтамасыз ету жөнінде стратегиялық бағдарламасы болмауы осындай масқара жағдайларға әкеп соқтыруда! Бір күндік пайдасын ғана ойлаған оңбағандар! Осы жылдар бойына бұл салаға жауапты болған барлық шенділер мен квазимемлекеттік компаниялар басшыларының мәселесін май шаммен қарайтын кез келді!

Екіншіден, жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасында болып тұратын еңбек дауларын шешетін өркениетті де тиімді механизм бізде әлі де қалыптаспаған. Заңдарымыз не шикі, не тек қана жұмыс берушінің сойылын соғады. Сол заңдарымыздың бетін маңдай терімен ел байлығын еселетіп жүрген қауымға қарай бұру – бүгінгі парламенттің басты міндеттерінің бірі деп санаймын.

Үшіншіден, еңбек адамының құқын қорғау ісі біз де тек қана қағаз жүзінде қалып отыр. Ал кез келген өркениетті елде бұл мәселемен тәуелсіз кәсіподақтар айналысады. Бізде болса, олардың үні баяғыда өшкен. Не олар жоқ, ал бар болса, жұмыс берушіге тәуелді. Сол себепті жұмыскерлер арасында ондай әлжуаз кәсіподақтардың беделі жоқтың қасы. Әйтпесе, кешегі ереуілдің бас-қасында солар жүріп, мәселені соншалықты ушықтырмай-ақ, заң аясында тиісті талаптарын қойып, жұмыскерлер атынан келіссөз жүргізіп, ортақ мәмілеге келуі тиіс еді ғой?!

Төртіншіден, нағыз жемқорлық пен коррупцияның қайнар көзіне айналған тендер мәселесін де қайта қарайтын уақыт келген сияқты! Мәселен, осы жолғы наразылықтың себебі – компания қатысқан тендер нәтижесі болып отыр екен. «Жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды». Сондай әділетсіздік болды ма, болмады ма? Әлде жұмысшылар бәсекеге түскен компаниялардың өзара талас-тартысының құрбаны болып отыр ма? Олай болса, неге шұғыл түрде сол тендерді ашық та жария жағдайда қайта өткізіп, барша жұрт, соның ішінде, мұнайшылардың өздері куә болып, әділетті шешім шығармасқа?! Сонда наразылықтың түп себебі де жойылар еді ғой!

Бесіншіден, пайдалы қазбаларды өндіруді ғана емес, сонымен бірге осы маңызды саладағы қызмет көрсету (сервис) ісін толайым отандық компаниялардың қолына беріп, ондағы монополияны жою керек! Осы салада шағын және орта бизнеске даңғыл жол ашылуы тиіс. Еркін әрі әділетті бизнес ортада әрекет еткен отандық бизнес өзі-ақ қосымша жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздықты ауыздықтай алады.

Наразылық танытқан азаматтарды құқық қорғау органдары тұтқындап, полиция бөлімдеріне алып кетті. Яғни, билік қанша мақтағанмен, таяуда ғана өзгерген заңдар бәрібір де бейбіт митингіге шыққандарды бұзақы санап, осындай қатал шара қолдана алатын болып тұр. Мұндай қатқыл іс-қимылдар сол сәтте елдің ашу-ызасын туғызып, «екінші Қаңтар» басталып кету мүмкіндігі жайында әңгімелер айтыла бастады! Сол себепті, алтыншыдан, митингілер, жиналыстар мен шерулер өткізу туралы заңнаманы уақыт пен қоғам талаптарына сай жетілдірген абзал.

Жетінші мәселе тіпті сорақы боп барады! Мұнай мен газ еліміздің батысында өндірілетіні белгілі. Ал Жаңаөзен секілді моноқаладағы жұмыссыздық жайы баршаға аян. Яғни, өздері байлықтың үстінде тұрып жатса да, соның рахатын көре алмай отырған ел! Әрине, осындай жағдайда жергілікті жұрттың: «Осы мұнай мен газды сатудан түскен қаржы кімнің қалтасына түсіп жатыр? Неге біз оның қызығын көрмейміз? Неге қаламыз бен ауылымыз Астана секілді көркеймей жатыр?» деген сұрақтар қоюы  орынды.

Бірақ, мұндай заңды сауалдар Қазақстан секілді біртұтас, унитарлы мемлекетте аймақтық эгоизм секілді аса қауіпті дертті асқындырып жіберуі әбден мүмкін! Ал ол үшін басты жауапкершілік – билік жағында: халыққа тиесілі байлықты өндіру мен сатудан түскен қаржы біржақты емес, әділетті бөлінсе, соның ішінде сол байлықты өндіріп жатқан аймақтардың да қажеттіліктері мен мұң-мұқтажы ескеріліп отырса, мұндай сұрақтар қойылмас еді!

Унитарлық ел екенбіз,  олай болса унитарлы елімізге унитарлы еңбек саясаты керек! Яғни, әр аймақтың ерекшеліктерін ескеріп, өндіру күштері мен еңбек ресурстарын кең байтақ еліміздің аумағында бірдей орналастыратын уақыт жетті. Соның бір бағыты – аймақ экономикаларын диверсификациялап, яғни, әртараптандырып, тек қана жергілікті қазба байлықтарын өндірумен шеткелмей, басқа да, сол аймаққа ыңғайлы салаларды дамыту қажет.

Әйтпесе, билікке «сонау Жаңаөзеннен Астанаға келген бір мекеме жұмыскерлерінің проблемасын шештік», - деп тоқмейілсу әлі де болса, ерте: елде дәл осы іспеттес қаншама мекемеаралық дау-дамай, шешімін таппаған еңбек жанжалдары, таза экономикалық сипаттағы проблема бар десеңізші! Міндет – солардың алдын-алу, әйтпесе, кеш болады: кез келген әлеуметтік не экономикалық талап дер кезінде өз шешімін таппаса, саяси сипатқа ие бола бастайды.

Қазіргі транзит заманының бір ерекшелігі сол: Жаңа Қазақстан идеясына жаны қарсы кландар мен топтар осынау, объективті сипаттағы проблемалар мен түсінбестіктерді өздерінің пасық та сасық саяси мақсаттарына пайлаланып кетуі де әбден ықтимал.

Ал ондай арамза әрекеттердің арты нендей трагедияға ұласатынын кешегі Қанды Қаңтар көзімізге қан сорғалатып көрсеткен жоқ па?!

Әміржан Қосан

Abai.kz

12 пікір