Ант сәтінде ай тұтылады
Әңгіме
Бұл бір қызық күн болды.
Жұмысқа қабаржыңқырап келсем, солбырайып, ұнжырғасы түскен жалғыз мен ғана емес, жағалай жұрттың барлығы тым жабырқау сияқты.
Үлкен наряд бөлмесінің кіре берісіндегі үнемі доминошылар үймелеп отыратын ұзын үстел де қоңырайып бос тұр. Ауысымға ертерек келіп, лездемеге дейін құмардан шығып қалуға тырысатын ең ойыншыл жігіттердің өздері о жаққа бет бұрмастан бірден жиналыс залына өтіп жатыр. Бәрі де бір-бірімен ерін ұшымен әрең күбірлесіп, енжар есендеседі.
Әсіресе, электровоз жүргізуші серіктестерім Ақан мен Толяның тұрпаттары таңырқатты. Бұрын анау-мынауға қабақ шыта қоймайтын адамдар-тын. Бұлар да жүндері жығылып, үрпиісіп қалыпты. Жайшылықта кеудесін күй кернеп, ыңылдап ән салып жүретін Ақаңа тағы бір қайырылып қарасам, үн жоқ, көзі кіртиіп, жүдеп отыр.
Шынында да, біртүрлі көрініс еді. Әйтеуір, қашан көрсең жарқыл қағып, шат жүретін кеншілер қауымына жараспайтын-ақ мінез.
Рас, қазіргідей түнгі ауысым қарсаңында түрлі көңіл күйі билей беруі мүмкін. Мың құбылған тылсым дүние әсеріне не деп болған. Әй, бірақ жолдастарымның дәл мұншалықты көңілсіз кейпін бұрын-соңды көрмеппін-ау.
Бір ғажабы, тыстағы тіршіліктің ауаны да таң қаларлықтай тосын-тын. Мезгіл сәуірдің орта тұсына іліккенімен, Ақшатаудың қыс ызғары қайтып бітпеген сол түні де демін ішіне тартып, булыға алабұртып, ерекше қызынып тұрғандай сезілген.
Іркес-тіркес тау қойнауында орналасқан бұл елді мекенде екі шахта бар. Бірі кенттің солтүстігінде, екіншісі оңтүстік шетте орналасқан қос өндіріс ошағының жолдары жер астында жалғасып жатады. «Центральнаяда» қазу, қопару жұмыстары жүргізіледі. Ал біршама уатылған кен қырға «Капитальная» арқылы шығарылады. Біз осы Көлік-тасымалдау учаскесінің жұмысшыларымыз. Мен де электровоз машинисімін. Әрі бригадирмін. Жасым жиырмадан жаңа асқанымен басшылар анау қырық-қырық бестердегі Ақан ағаларым, Анатолий Шабалкин бастаған бес-алты адамға жетекші етіп қойған. Тәрізі, «диірменде туған тышқан дүбірден сескенбейді» демекші, менің кеніш түбінде туып-өсіп, әкемнің де, тіпті, шешемнің де шахтада еңбек етіп, іспен бала кезден-ақ етене таныс екенімді ескерсе керек. Оның үстіне әскер қатарынан оралғаныма көп өте қойған жоқ, берілген тапсырманы тақ-тұқ, тиянақты орындауға тырысатын әдет бар.
Шахта жұмысының реті де әскери тәртіпке ұқсас. Әрбір кезекті іс алдында учаске бастығы мен ауысым мастері бригадалар мен жеке адамдардың күнделікті міндеттерін нақпа-нақ белгілеп береді. Осыдан соң ғана қауіпсіздік ережесін сақтау кітабына қол қойып, киім ауыстырып, фонарь, улы газдан қорғағыш секілді керек-жарағыңды алуға жөнелесің.
Шамдары самаладай жарқырап, бір іргесі кен-байыту фабрикасымен ұштасқан аумағы ат шаптырым эстакададан қысы-жазы салқын леп ұрып тұрады. Мен, әдетте, тобымызбен оқпандағы тор көтермеге табан тіреп, шахта шыңырауына заулап түсіп бара жатқан сәтте сонадайдағы аспалы будкада отыратын есепші қыз Шолпанға «сәлем» жолдап үлгеремін. Бес саусағымның ұшын бүріп әкеліп әдемілеп «өбем» де, осы «сезімді» соған қарай серпе «шашып» жіберемін. Сүйемін сені деген сөз. Ақиқатында, мұным әшейін еріккендік немесе кезекті «комплименттің» сиқы. Болмаса жай назар аударудың белгісі ғой. Әйтпесе әкетіп бара жатқан махаббат емес. Өзін жек көрмейтінім де рас. Бірақ жөндеріміз басқа…
Қасымдағы кенші ағаларым әлгі әрекетіме «ай, жыныңды ұрайын-ай!» дегендей, бір-біріне көз астымен қарап, жымыңдасып тұрады.
Шолпан менен екі-үш жас кішілігі бар, аққұба жүзі дөңгеленіп, нәркес көздері мөлдіреп, әрдайым жымиып қана жүретін бір сүйкімді бала. Еліктің асығындай ғана, талдырмаш қыз. «Сәлемдемеме» қозғалақтап, иығынан құлаған білектей бұрымын артқа қарай серпе тастап, төбесіне тымпита тартқан жаулығын одан сайын қос қолдап қатайта байлап, үстіндегі шап-шақ қара күпәйкесін қымтана түсіп, ақсия күліп жауап қатады. Осынысы маған бір ауысымға молынан жететін «азық». Күні бойы кеудені шуаққа бөлеп, іш жылытады.
Бірақ осы жолы ол қарындасыммен амандасудың сәті келмей қалды-ау деймін. Тұнжырап жүріп өзін көрген-көрмегенімді аңдамай да қалыппын.
Тетіктері өзара байланысты конвейер ретіне бағындырылған шахта жұмысының өзі артық-ауыс қимылға мойын бұрғыза бермейді. Әсіресе, бірер сағаттай қалыпты ырғаққа түскенше жан-жаққа қарайлауға мұрша жоқ. Түсе сала көп бөгелмей, даяр тұратын бос вагонеткаларды тіркеп алып, жауапты тапсырмаға жөнеген жойғыш зымырандарша бірімізден кейін біріміз электорвозды гу-гу еткізіп, алты-жеті шақырым межедегі лава түкпіріне қарай заулап бара жатамыз.
Көлік – «К14М». Лыпып тұратын өте жүрдек машина…
Біздің кеніш те кәдімгі метрополитен туннелінің бір түрі. Алайда ондағыдай сән-салтанат жоқ, әрине. Түкпір-түкпірге көлбете бағытталған ұзақ сонар тас үңгір. Қаракөлеңке. Сыз. Төбесі де төмен. Қуаты үш жүз сексен вольттық троллейге созсаңыз – қол жетеді. Әйткенмен, кен исі кеулеген бұл орынның да өзіндік романтикасы жеткілікті. Шахтер шамдары тұс-тұстан жер асты жұлдыздарындай жылтылдаған мұндағы мезгіл өлшемі қырдағыдан басқаша сияқтанады. Ұшқыр техникамен ерсілі-қарсылы қаншалықты ойқастап жүрсеңіз де, уақыт біршама баяу… мимырт жылжитын секілденеді.
Үш жүз метр төменде келетін ой салмағы да өзгеше. Ал ән салсаңыз, кенет штректі керней күңгірлеген өз үніңізге өзіңіз таңырқай құлақ түріп, алғашқыда бір сәт «апыр-ай, әжептәуір даусым бар екен-ау! Бұрын неге айтпай жүргенмін» дегендей аңтарылып қаласыз. Бірақ көкірегін әуен буған Ақанның бір әнін естіген кісі мұндай райынан тез қайтар еді. Оның кейде сон-оу-у түпте, оңашада жүк-көлігін реттеп жүргенде өз-өзінен көңіл сарайы ашыла түсіп, әуелете тербейтіні болады. Дауысты тым қатты да көтермейді. Ақырын… Баяу ғана қозғайды. Бірақ тас құбыр іспеттес алып өзектің тұңғиық түкпірінен лекіп ескен майда леппен үзіп-талып жететін қоңыр самал үн арқа шымырлатады.
Қара торға-а-й,
Ұштың зорға-а-ай.
Бейшара, шырылдайсың,
Жерге қонбай!..
Әне, ән деп соны айт!
Кен орнын серілер рухы кезіп жүргендей күй кешіп, тебірене елтіп, одан сергіп, серпіліп, желпініп, қанаттана түсесіз.
Тегінде, Ақан жан-жүрегі нұрлы, терең адам. Әнінің әсерлі шығатыны да содан шығар.
Анда-санда шешіліп, өз тіршілігінен де сыр шертіп қояды. Әсіресе, оқта-текте сәті түсіп қалатын жиырма-отыз минуттік үзілістерде демалыс камерасында шәй ішіп отырып шүйіркелесеміз.
Еркебұлан деген бес-алты жасар сүйкімді ұлы бар. Ерке десе ерке. Атына заты сай. Небір шалдуарлығын көргенбіз. Ақан шолжың баласын не істесе де басына шығарып, ә, бұл ақылды тентек қой деп шаң жуытпайды. Аузынан тастамай айтатыны да көбінесе соның қылықтары. Осы жаманымды жеткізсем, оқытсам дейді. Тәтең келешекте ұл ма, қыз ба, Еркебұланға бір серік тауып берсе жаман болмас еді деп қиялдайды. Жеңгеңнің үлкен қалада тұрғысы келеді. Құдай бұйыртып, амандық болса, күндердің күнінде жағдайды жөндеңкіреп алып, Қарағандыға көшсем дейді…
Арманы көп.
Жеңгімізді жақсы көретінін де білемін. Жақсы көрмей қайтсін, отызды орталағанда зорға алған сұлуы көрінеді. Жеңгей сұлу десе сұлу. Күнде көреміз, кеншілер асханасында жұмыс істейтін сұрша келіншек. Ақаннан бірталай жас. Сымбатты әйел. Бірақ түсі суық. Тіпті, жанарында мейірім ізі жоқ, қатыгездеу… Және жан баласын менсінбейтін кекір мінезділеу секілденеді. Жүздескен сайын бет қайтарып тастар ма екен дегендей өз-өзіңнен біртүрлі қаймығып тұрасың.
Ақанның өзі орта бойлы ғана, ақсары келген жігіт ағасы. Бәлендей ерекшелігі де жоқ… Көп қазақтың бірі.
Бұл да ғұмырымның мәні ұрпағым деп білетін ағайындардың тобынан...
Бірде осы Ақаң токқа түсіп қалды.
Шахтада айнала төңірегіңнің бәрі көк темір, толған автомат... Күн сайын неше қилы аласапыран жағдайлар кездесіп жатады.
Бір қарбаласта іздей қалсақ, Ақаным көрінбейді. Жаңа ғана төбе көрсетіп жүрген адам аяқ астынан жоқ болып кетті. Шамасы, жарты сағаттай күттік-ау. Одан, Алла-ау, бұл қайда деп оқпан сыртындағы жолайрықты айналсам, отыр бүрсиіп электровозының түбінде… Оңбай жығылып, бір жерін жаралаған адамның кейпі. Үсті-басы алба-жұлба. Каска қисайған. Көзден парлаған жас. Бағжаң-бағжаң етеді. Үрейім ұшты.
– Ақа-оу, не боп қалды?!
Үні әлден уақыттан кейін барып әрең шыққан.
– Өй, мынау… Тып-тыныш, түп-түзу тұрған доғаны жаңалай қояйын деп… Ұстай алғаны иттің…
– Ой, сен де! Байқамайсың ба енді!
Бірден түсіндім. Ток тартқан. Босай қалғанда электорвоз үстіне шығып, көліктің троллейге жалғастырылатын серіппе «мүйізі» – жез доғаны алмастыра қоймақ болған ғой. Сол сәтте аяғы тайып кеткен бе, әлде күшпен қайырып ұстап тұрған сырғауылдан айрылып қалған ба, қолы оқыста төбедегі сымға тиеді.
Мұндайды бастан кешкен жігіттерден естігенмін, ток өткізгіш троллей турникке тартылғандай қос қолыңмен жармастырып бір минуттей ұстап тұрады екен де, осы уақыт ішінде тәубеңе түсіріп алып, анадайға бір-ақ лақтыратын көрінеді.
Өлтірмейді, әйтеуір. Өйткені электр тізбегінің бір ұшы жерге қосылған. Әйтпесе үш жүз сексен вольт өртеп жібермей ме!
Мен көргенде Ақанның енді ғана есін жиып отырған кезі секілді.
Кейінірек реті келгенде өзінен адам өмір мен өлімнің шекарасында… Қыл үстінде тұрған шақта не ойлап үлгереді екен деп сұрадым. Ыңғайсыз болса да, тосын нәрсені білуге құмарлық билейді екен...
Ондайда кісінің көз алдынан өмір белестері іркес-тіркес зулап өтеді дейді. Қуанған, опынған тұстарыңды да тиіп-қашып таразылап қаласың. Ата-ана, бала-шаға, жора-жолдастың кескіндері елес беріп өтетін көрінеді.
– Оның ішінде шешем байғұс тұралап, күйреп қалатын болды-ау деп қиналдым. Жұмысқа шығарда ұйықтап жатқан Еркебұланымды оятып алмау үшін оқталып барып, маңдайынан иіскемей кетіп едім. Бәрінен бұрын соныма қатты өкіндім,– дейді…
Жеңгей де елестеген шығар. Кім білсін. Оны айтқан жоқ, бірақ.
Мен қырықтың о жақ, бұ жағындағы Ақанды кей-кейде шал деп атаймын. Өзі Ақшатауға көршілес Ақтоғай ауданы совхоздарының бірінен үш-төрт жыл бұрын көшіп келіп қоныстаныпты. О жақ ежелден айрықша өнер дарыған өлке. Содан ба, Ақаң өлең-жырға да жүйрік. Пейілі түссе неше қилы қисса-дастандарды еркін көсіліп, жатқа соғады. Мәселен, қызынған бір шақтарында екі бүйірін тірене қомданып:
«… Шешініп киім, етігін,
Мойнына қыздың мінді енді.
Бағлан өскен хан қызы
Көтеріп тазды жүрді енді.
Салбыратып аяғын,
Емшегіне ұрды енді.
Желке шашын тізгін қып,
Былай жүр деп бұрды енді!», –
деп Кейқуаттың кесір салатын сәтін маңдайы бусанып, жанары шоқтай жайнап, шабыттана жырлап отырған кездерінде тек мен емес, маңайдағылардың бәрі айтушы жадының күштілігіне қайран қалып, аузын ашып, көзін жұмады. Ол ел шежіресін қаузау жағына келгенде де қамшы салдырмайды.
Мүмкін, «шал» деп сондай сұңғылалығына да сай атап кеткен шығармын.
Өзі белгілі ақын-жазушылардың тасқа басылған шығармаларымен қатар, қайда жүріп жинай бергені де белгісіз, солар айтыпты-мыс деген ауызша аңыздарды да мүдірмей желдіртеді. Арасында құлаққа тосындау… анайылау дүниелер де қаптап жүреді. «Пәленше жәкең бір ақын әйелмен айтысқанда былай деп қатырыпты» немесе «түгенше ағаң әлдебір шенеунікке ыза болғаннан мынандай өлең жазып жіберген екен» деп естуге ерсілеу бір шумақтарды шұбыртады.
Былайша қарасаң, ұйқасы да, мағынасы да келіскен… кәдімгі өлең! Мен бәрібір осыларды әлгі адамдардың айтқанына сеніңкіремей:
– Қой, ей, шал, мүмкін емес ол!– деп аң-таң боламын.
Соны қызық көретін Ақаң күнде бір өнер шығарып келеді. Әдейі жаттай ма, әйтеуір, қызықты «хамсалары» бір таусылмайды. Соған қарағанда, әлгіндей тұздықты сөзге өз жанынан да бірдеңелерді қосып жіберетін болуы керек.
Ақан да мені көңіл күйіне қарай бірде Жындыбала, бірде Балабастық дейді. Онысы астарсыз емес.
Бізде белгіленген тәртіп бойынша әр тартқанда жиырма вагонеткадан артық жүк тіркеуге тыйым салынады. Жоспар өз алдына, бірақ шахтада да «Қанағат қарын тойғызады» дегендей жазылмаған қағидалар бар. Көп асаймын деп апатқа ұрынбау керек. Және жер астында да тасымал қозғалысын қадағалайтын инспекторлар жұмыс істейді. Ереже бұзып солардың назарына іліксең, бүкіл бригадаға айыппұл салынады. Сақ жүруге тырысасың. Әйтпесе қуатты көлік қырық-елу вагонетканы да қиналмай тарта береді ғой…
Ал Ақаң әлгі заңға мойынсұнбайды. Өйткені жоспар артығырақ орындалып жатса, ол да бригада үшін талай табыс. Сол себептен де әр жолы міндетті түрде, кемінде, төрт-бес вагонды артық тіркеп алады. Кейде осынау шектен де асыңқырап кеткенін аңдағанда:
– Өй, мынауың не, Ақа! Нарушение бар болғырдан аулақ жүрейік те осы! – деп тіктеу келіп қалатын кездер де кездеседі.
Үндемейді. Өз дегенінен қайтпайды да.
Бір ғажабы, бақылаушылар да Ақанға ескерту жасап көрмепті. «Шалды» қатты сыйлағандықтан, тәртіп бұзушылығын байқаса да байқамаған болатын сияқты.
Бұлары, бір жағынан, маған да қолайлы. Қолың босаңқырап, арқаң кеңіңкіреп… Оған қоса жұмысың жүріңкіреп жатса бас қатырып нең бар!
Қалт еткен мүмкіндік туса нағыз еңбек майданы қызып жататын «Центральная» жаққа тартқым келіп тұрады. Бірталай босаған кездерде электровозды түпкірдегі тасалау бір орынға қаңтарып қойып, жаяу кезіп, забой аралап кетемін. Мұндай «саяхаттың» да рахаты жоқ емес. Төркіншілеген әйелдей, жортып жүріп, талайдан кездеспеген жігіттерді жолықтырып, арқа-жарқа қауқылдасып қаласың.
Одан соң проходкашылар кейінде ғана өтіп, қопарушылар таяуда жарып кеткен үңгірлерді бетке аламын. Асыл сымнан арнайы жасап алған ұзындығы бір құлаштай иілгіш істігім бар… Мүмкін мұны істік деуге де келе қоймас, себебі, басы екі елідей ілмек. Тар қуыстарда тығылып жататын жақұт тас үлгілерін тартып алу үшін қажет нәрсе.
Төбеден жақпар тастар салбырап тұратын қауіпті үңгірлерде дымыңды шығармай, ерніңді жымырып, башпайларыңның ұшымен ғана санап басып, еппен қимылдайсың. Әйтпесе қуысты кернеген ауаға қысым түссе жоғарыдағы тас сау етіп қопарылып кетуі ықтимал. Кей жердегі өткелек өте тар. Сондықтан отыра қалып, қазтабандап шойнаңдау керек. Қайсыбір тұстарда жау тылындағы барлаушыдай жата кетіп, жер бауырлай жылжып, жыланша ирелеңдеуге тура келеді. Абайламасаң мерт болуың оп-оңай. Әйткенмен, сонадай жерде бұйығып жатқан меруерт пен ақықтың түр-түрін ұстап көргенше тағат таптырмас құмарлығың есті алып, алды-артты ұмытасың.
Мұнда не табылмайды дейсіз! Қасиеттері сан алуан аквамарин, аметист… берилл… висмутин… Кридит, пирит, раухтопаз, сфалерит, флюорит… Шеелит… Айта берсе жер жүзінде сирек кездесетін небір металл түрлерінің көпшілігі осында.
Бір кереметі, табиғат-ана бұлардың бәрін бетіне сызат түспейтіндей етіп жер асты тауларының қойнауына сұп-сұр саз-балшыққа орап, қымтап ұстайды. Көлемдері кішігірім табақтай… Кейбірі жұдырықтай ғана минерал кесектерін былай алып шығып, қатты ағын судың астына ұстай тұрсаңыз болғаны, лезде көздің жауын алып, сәулесі бет шарпып, жарқырап шыға келеді.
Бірінің пішіні тулаған теңіз жалдарына ұқсайды. Екіншісі құлақтары шошайған кішкене қонжықтың кескінін еске түсіреді. Үшіншісі – жапырақтары салбыраған кәдімгі мәжнүн тал. Төртіншісінің түрі – әдемілеп ұштап, тайпақ сауытқа толтыра салып, шашырата сәндеп қойған қырлы қарындаштар…
Бірі көгілдір, бірі жасыл, бірі күлгін… немесе қара-қошқыл… Жалт-жұлт етіп, мың құбылады.
Жер асты «патшалығының» ертегі іспеттес осынау ғажайыптарына елігушілер көп. Кен құймаларын жинаумен әуестенушілер біздің тастарды іздеп сонау Ресейден де ат арытып келіп жатады.
(Басқасын айтпағанда, дүниені дүрліктіріп, көкке жиі самғап жататын ғарыш кемелері жабдықтарының дені біздің алақандай Ақшатаудың молибдені мен вольфрамынан жасалатынын мына жұрт біле бермейді-ау, әттең! Сырын тұңғиық тереңіне бүккен… құбатөбел, қайран атамекенім!).
Табиғаттың пенде баласына өзекті жан екенін ескертіп, тәубесіне келтіріп отыратын әдістері жеткілікті. Мысалы, манағы Ақанды қорқытқан токпен салыстырғанда жарқылдаған найзағай оттары жүз есе қатерлірек қой. Немесе алып кемелердің өздерін қақпақыл ойнатқан сұрапыл толқындарды алыңыз. Болмаса жүз жылғы емендерді тамырымен қопарып тастайтын алапат дауылдарды елестетіңіз. Яки тұтас қалалары сел астында қалдыратын қияпат топан су… Міне, осылардан үрейлілігі ешбір кем түспейтін тағы бір құбылыс бар. Ол – өлі тыныштық.
Тыныштықтың неліктен сонша қорқынышты болатынын кім білген. Әйтеуір, бір сәт жым-жырт кеңістік аясында оңаша қалған адамның бойын сұмдық үрей билер еді.
Түннің бір мезгілінде шахтада да тым-тырыс үнсіздік орнай қалады. Төңіректің тымықтығы сонша – төбеден құлаған бір түйір тастың тырсылы отыз-қырық қадам жерден анық естіледі.
Дегенмен, осынау тылсым тыныштыққа сырттай құлақ түріп, бой үйретіп үлгерген адам әлгіндей арбауға түскен жан иесін одан сайын шошытып ермек қылуға құмартады.
Мен де дәл сондай бір шақта лава жақтан келе жатып, тұтқиылдан, жүк тізбегін реттеп, күйбеңдеп жүрген Ақанның үстінен түстім де, «мұны бір қатырайын!» деген тентек ой келді.
Оның жүк керуенінің бас жағына тап келген екенмін, жалма-жан маңдайдағы шамды өшіріп, екі темір арбаның арасына жасырынып отыра қалдым.
Әшейінде орысшаға орашолақ Ақаң осы тілде санауға келгенде сандуғашша сайрайды. Аңдап отырмын, тізбектің соңынан ілгері қарай, бір жағынан, шынжыр тіркеулерді тексеріп, екіншіден, шығарып жалғап алған вагондарын күбір-күбір етіп санап келеді.
Айнала маңай алакөлеңке.
Ақан тура тұсыма келген кезде:
– Һайт, пәтшағар!– деп ақырып, орнымнан елбең етіп атып тұрдым.
Ол қалбалақтап артқа серпілді. Естен айрылғаны меңірейген түрі мен аузында қалған соңғы сөзді мағынасыз қайталауынан-ақ көрініп тұр.
Бір уақытта «семнадцать… семнадцать… семнадцать…» деп қос қолын алдына қарай дәрменсіз сермелеп, шалқалай-шалқалай барып, тас қабырғаның жиегіне гүрс етіп құлады.
Иман үйірердегі «Ләһ-илло- Алласы» немесе «Кет, пәлекет, кеті» сол «семнадцаттың» ішіне сыйып кеткен сияқты.
Абырой болғанда, штрек жиегіндегі жылға мен жақта қалған. Әйтпесе ес-түссіз жығылған адамның малмандай болатыны өз алдына, әжептәуір терең суға тұншығып қалуы ғажап емес қой.
Одан әлде қиқ еткен, әлде шиқ еткен түсініксіз дыбыс шықты.
Әйткенмен, есін тез жинаған.
– Алда ғана, әкеңнің аузын-ай! Сен екенсің ғой! Иттің баласы… Суылдатып… жүректі ұшырып!..
Қолына сала құлаш бұрғылау штангасының қайдан түсе қалғанын білмедім, мені әлден мезгілде жетпіс бір атадан түк қалдырмай боқтап, тізбекті айналдыра тырқыратып қуып келе жатты.
– Өй, шал, жындымысың?! Мұның не? Ойынды білмейсің бе?!.
Вагонеткалардың ара-арасына бұғып, жан ұшырып жүрмін. Жақын келсе оңдырмайтын түрі бар.
Содан екі-үш күндей қашқалақтап, маңайына жоламауға тырыстым.
Ашуы ұзаққа созылған жоқ. Бір күні:
– Ей, жынды неме! Кел, жарайды. Тимеймін,– деп шақырып алып, бауырына қысты. Жолдастарына:
– Мына нақұрыс, сөйтіп, өлтіре жаздады мені!– деп күліп, бірталайға дейін айтып жүрді.
Енді, міне… Сол көңіл хошының бірі жоқ. Бұл сапар ән де… Жыр да, сыр да айтылмады. Әрқайсымыз шахтаға түскен бетте өзімізге тиісті міндеттерімізді үн-түнсіз атқаруға кірістік.
Жалғыз-ақ, ауысымның орта тұсына қарай Анатолий келіп сұранған. Бұл да, шынында, әдетте жоқ өте тосын жәйт еді. «Мазам кетіп тұр. Қырға көтеріліп, үйге барып келмесем болатын емес. Мастерге сездірмей-ақ қоярсың» дейді.
Бұл жағдайын Ақанға да ескертіп қойғандай. Ол екеуміз бір-бірімізге қарап, мән-жайды айтпай-ақ ұғыстық. Демек, Толя қайтып оралғанша отыз вагонеткадан сүйрей тұрамыз.
Бір мезет екеуінен: «Осы, сендерге не болып жүр? Ел аман, жұрт тынышта соншама түнеріп не күн туды?!» деп сұрағым келді де, батпадым. Бір-бірімізге оқшырая қарап біраз тұрдық та бет-бетімізге кеттік.
Қысқасы, вагон шығарушымыз бар… машинисіміз бар… Бүкіл бригада өкпелескен баладай, еш тіл қатыспастан тұнжырай жүріп, ауысымды да өткіздік.
Таңертең душқа түсіп, киім ауыстырған соң үнсіз қол алысып жөн-жөнімізге тарағанбыз.
Көше-көшені аралап, тау баурайын өрлей салған тастақ жолмен үйге жеткенше жерлеуге алып шыққан екі адамды көрдім. Бір мезет «Мыналардың бәріне не болған бүгін?! Қырылып қалған ба, немене?..» деген шалт ой қылаң беріп, дереу іштей: «Е, Жасаған ием, күпірлік етсем кеше гөр!» жалбарынудан өзге лаж қалмаған.
Жолай кездескен біреулер амандаса сала көздері ежірейіп:
– Кеше түнде байқадың ба, ай тұтылды ғой!– дейді.
Бұрын-соңды ондай кереметті кездестірмегендерін айтады. Өйткені күнде көріп жүрген кәдуілгі күміс табақ ай тұрып-тұрып, өз-өзінен өрттей алаулап зәрені алған. Әйтеуір, Құдай сақтады, әлдебір апаттан аман қалдық деп бақырайысады.
Жұмысқа келе жатқанда ту төбеде толықсыған аппақ айдың сол жақ жиегіндегі алқызыл жолақты көріп мен де таңырқағанмын. Бірақ соған мән бермеппін. Сол жіңішке бояу біртіндеп ғаламшардың тұла бойына өрлей шауып, аса қорқынышты әсер туғызатын көрінеді. Оны байқап үлгермеппін…
Баяғыда шалдардың әлдебір қасиетті адамдар ел-жұртымен бақұлдасар сәтте… немесе қайсыбір қандықол қарақшылар қарғысқа ұшырарда ай тұтылады дейтінін құлақ шалушы еді. Әйтеуір, жер қара, күн жылыда айдың «өртенуі» жақсылыққа жорылмайды…
Ақанның реніш себебі де сол күні-ақ мәлім болды. Үйдегі жеңгеміз Алматыдан фабрикаға іссапармен келген біреумен қолұстасып… қашып кетіпті.
Ақанға жағдайын кең жүрекпен түсінуін сұрап… Өйткені мұның күрмеуі мол қым-қуыт өмір екенін айтып… Сөге-жамандамауын, ағайын-туыс алдында абыройын төкпеуін өтініп, әркімнің осынау жарық дүниеге бақытты болу үшін келетінін жеткізіп… көз жасын көлдетіп, жеті-сегіз парақ хат жазыпты.
Тоқ етерін айтқанда, ғұмыр бойы армандаған бақытымды енді таптым. Сен де бақытты бол, соған шын жүрегіммен, барлық ынта-шынтаммен тілектеспін деген ғой.
Сөзінің соңында «ыңғайы келгенде Еркебұланды алып кетеміз, әзірше жүре тұрсын» депті…
***
Таяуда Еркебұланды көріп қалдым. Осы... Алматыда…
Зіңгіттей жігіт болыпты. Түр-тұлғасы әкесінен айнымайды. Тіпті иегіндегі шұқырына дейін ұқсай қалыпты. Бірақ әкесіне қарағанда түсі сұстылау… Әрі бойшаңдау екен.
(Қарап отырсам, содан бері де арада жиырма жылдан аса уақыт өтіпті-ау!).
Бірден танығанмын. Ол да мені таныды. Бірақ амандасқан жоқ. Амандасу қайда, мені көргенде өз-өзінен жиырылып, қанын ішіне тартып, бейнебір ата жауын кездестіргендей тістене… сұрлана қарап, теріс бұрылып кетті. Өмірге деген бітіспес өші… кегі бар адамдай. Баяғы бейкүнә… Балғын Еркебұлан емес. Мүлде басқа адам. Көзіне ұялаған мұң… Мұң да емес, қатып қалған қасырет табы да бой тіксінтті.
Мен де, неге екенін, өзімді оның алдында кінәлі адамдай сезініп, қолайсызданып, маңайдан тезірек ұзап кетуге тырыстым.
Сонау ай тұтылған сәттер еске түсті. Сөйтсем, ол басқа-басқа, осы Еркебұланның бейқам балалығының… еркелігінің, жоқ, тіпті, бүкіл… жақсылыққа… ізгілікке деген сенімінің өлген күні екен ғой!
Мен де сол жылы күзге қарай оқуға аттанғанмын.
Кейін естідім, қашып кеткен жеңгеміз бірталайдан кейін Ақшатауға қайта оралыпты. Әлгі үлде мен бүлдеге орап, ұжмақ өмір орнатуға уәде беріп, алдап- сулап ілестіріп кеткен адамы үйлі-баранды бір қуаяқ болып шыққан. Біраз уақыт ермек қылған соң із жасырып, далаға тастап кетсе керек.
Ақан, әрине, әйелін қайта қабылдамайды. Туған-туыс… ағайын-бауыры бірнеше мәрте аяғына жығылып келген екен, қара тастай қатып ап, жібімей қойыпты. Қателікті кешіре алмапты.
Өзінің мінез-құлқы да адам танымастай кілт өзгеріп кеткен дейді. Достан да, дұшпаннан да көңілі қалып, ешкіммен қатыспайтын халге жеткен. (Мен оны құтырып жүріп, сонау сапар шахта астында жүрегін сыздатып, қорқытқаныма өкінемін. Ішіне кім кіріп-шығыпты, дегенмен, со кездің өзінде отбасында әлдебір қолайсыз кезеңдерді бастан кешіп, жан ауыртып жүргені анық қой).
Жеңгей кейінірек елі жағында… Ақтоғайда тағы да тұрмыс құрады. Естуімізше, онысының да қиюы келмеген-ау. Екі ортада тәлкек болған тағы да Еркебұлан…
Ал Анатолий «тамыр» әлгі жолы сұранып кеткеннен қайтып келген жоқ-тын. Алдында зайыбымен қырғиқабақ болып шыққан ол да түн ортасында қайта айналып барғанында әйелі мен көңілдесі екеуінің үстінен түскен ба-ау… Екеуінің бірін өлімші қылып сабаған ба-ау… Әйтеуір, бейшара, әйелімен ажырасқаны бір басқа… сотты болып, шатылып, басымен қайғы болып кетті…
Шолпанның тағдырынан бейхабармын.
Бір ғажабы, сол түні мен де бір бойжеткенмен жүз шайысып қалған едім. Содан бері оны көрген де емеспін.
Құлтөлеу Мұқаш
Сенің терезең... Хикаят, әңгіме, эссе. – Алматы: ЖШС РПБК «Дәуір», 2021. – 134-б.
Abai.kz