Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4223 0 пікір 26 Сәуір, 2013 сағат 07:20

Алмаз Мырза-Ахмет. Жазушы жазбасы

Мен оны баспалдақтан көтеріліп келе жатқанынан-ақ жазбай танимын. Оның ауладан басталатын жүрек соғысындай бірқалыпты тықылы сәт сайын үдей түсіп, үшінші қабаттағы мен жалға алған жалқы бөлмелі пәтердің қоңыр есігі алдына дейін келеді де, подъездің бұрыш-бұрышына сіңіп жоқ болады.  Сосын ол ұйыған тыныштықты тыңдағандай демін ішіне тартып, біршама уақыт қимылсыз тұрады. Бірер сәт өткен соң, саусағының ұшымен батылсыздана тықылдатқанын естисің. Есік ашылған бойда өз үйіне келгендей рұқсатсыз еніп, жазу үстелімдегі шимай-шатпақтың кейбірін құлықсыз аударып-төңкеріп, оқыған болады да, күндегі әдеті бойынша төсекке келіп жайғасады. Сықырлаған темір төсектің тербеткенін жек көрмей өзі де көмектесіп, балалығы ұстап кететіні де бар. Ондай кездері көңілсіз көздері бөлменің ішін аралап, адасып келіп мені шалып қалады да, бұл әрекетіне қысылғандай иығын көтеріп, езу тартқан болады. Мен есікті кілттеймін де, жазу үстелімдегі темекімді аузыма қыстырып, терезені ашамын. Осы кезде ол күндегі әдеті бойынша:

- Сен кімсің өзі? - деп, сеңдей бұзылып, өзінен-өзі ұрыс бастап кететін еді. Бұл әрекетіне таңдануға болмайды, осылай күнде қайталап сұрайды, кеше де, оның алдында да, бірінші күні келгенде де осы сұрақ еді, себебі, әуел баста бұл кейіпкердің сөзін өзім солай жазып қойғанмын.

Мен оны баспалдақтан көтеріліп келе жатқанынан-ақ жазбай танимын. Оның ауладан басталатын жүрек соғысындай бірқалыпты тықылы сәт сайын үдей түсіп, үшінші қабаттағы мен жалға алған жалқы бөлмелі пәтердің қоңыр есігі алдына дейін келеді де, подъездің бұрыш-бұрышына сіңіп жоқ болады.  Сосын ол ұйыған тыныштықты тыңдағандай демін ішіне тартып, біршама уақыт қимылсыз тұрады. Бірер сәт өткен соң, саусағының ұшымен батылсыздана тықылдатқанын естисің. Есік ашылған бойда өз үйіне келгендей рұқсатсыз еніп, жазу үстелімдегі шимай-шатпақтың кейбірін құлықсыз аударып-төңкеріп, оқыған болады да, күндегі әдеті бойынша төсекке келіп жайғасады. Сықырлаған темір төсектің тербеткенін жек көрмей өзі де көмектесіп, балалығы ұстап кететіні де бар. Ондай кездері көңілсіз көздері бөлменің ішін аралап, адасып келіп мені шалып қалады да, бұл әрекетіне қысылғандай иығын көтеріп, езу тартқан болады. Мен есікті кілттеймін де, жазу үстелімдегі темекімді аузыма қыстырып, терезені ашамын. Осы кезде ол күндегі әдеті бойынша:

- Сен кімсің өзі? - деп, сеңдей бұзылып, өзінен-өзі ұрыс бастап кететін еді. Бұл әрекетіне таңдануға болмайды, осылай күнде қайталап сұрайды, кеше де, оның алдында да, бірінші күні келгенде де осы сұрақ еді, себебі, әуел баста бұл кейіпкердің сөзін өзім солай жазып қойғанмын.

Алғашында бұл сұраққа әр күні әртүрлі жауап айтып, көңіліндегі түйінді шешкім келген, кейін бұным бос әурешілік екенін түсіндім. Сондықтан ең дұрысы жауапсыз қалдыру. Ол бейқамдық суреті салынған бет-әлпетіме қарап, тіпті ашуланып жылай бастайды; бұл да дағдыға айналған әрекет. Бастысы көңіл аудармау керек. «Сен біздің маңдайымызға тағдыр жазатындай кімсің?» дейді ол, өксікке тұншығып. «Менің өмірім - маған тиесілі!» «Несіне қинай бересің мені?» Басында қызық болған, қазір құлағым үйренген, жүрекке тимейді, айта берсін. Әйтеуір, өзім жазған сөздер, өзім жазған қимыл-әрекеттері, одан артық ештеңе де емес.

Кей кезде жылағаны күлгенге ұқсап кетеді, ондай сәттерде ол өз тағдырына ішек-сілесі қатып, күліп жатқандай болатын. «Сен өзіңді кіммін деп ойлап жүрсің?» Жылайды, шыңғырады, күледі. Негізінде мен бұдан ләззат аламын. Рахат емес пе? Құрсағындағы төрт-бес айлық нәрестесін ұрғылып, мені қарғайды-ай кеп. Шарасынан шығып кетердей алақтаған жанарына қан құйылып, жаныма жетіп келеді де: «Сұмырай!» «Қатігез!» «Өлтір мені!» деп айқайлайды. Иә... Мен ләззат алатынмын. Қандай сәттер еді?!

...Енді қолжазбаның барлығын өртеу керек...

 

*        *        *

Бұл оқиға санама маза бермеген соры сопақ астаудай бес-алты беттік әңгімені жазу барысында басталды. Тегі, жазушы дегеніміз - жазудың жалшысы емес пе? Әңгімедегі кейіпкерлерім шынайы болу үшін айналамнан соларға ұқсайтын адамдарды іздейтін әдетім бар еді. Шыны керек жігітті іздемеген жерім жоқ: вокзалға бардым, орталық базарды аралап, ел көп жүретін дүкендерді кездім; автобусқа мініп қаланы әрлі-берлі шарладым. Бір жігітті ептеп ұқсатқан едім, бірақ мінезі келмеді. Жан-жағына таңырқай қараған «тауық көз» қыздың қолынан ұстап, мен тұрған «Қарлығаш» аялдамасы алдынан өтіп барады екен. Алғашында өз шешімін өзгертпейтін бірбеткейлігін байқап, таптым-ау деп қуанғаным рас. Күткен автобусымның екі-үшеуін өткізіп, кейіпкерімді бақылаған болдым. Өзін-өзі ұстағаны, қызбен сөйлескендегі байсалдылығы, кейде ұялшақ бала сияқты аузын басып күлгені, сөз жоқ қиялымдағы суреттермен сәйкес келіп жатты. Енді мінезін сынайын деп әдейі бардым да иығыммен қағып өттім. Ол болса жағама жармасқаны. Жоқ, Данияр (менің кейіпкерім) дәл мынадай қылыққа бармас еді.

Екі күннен соң саябақта басқа жігітті кездестірдім, қызының қолшатырын іздеп жүр екен. Түр-тұлғасы келеді. Дегенмен дауысы тым нәзік, сенімділік жетіспейтін сынды. Төбелеске шақырып, тарпа бас салып ем, кешірім сұрады да, көзімен жер сүзген қалпы қолшатырын сылтауратып, жедел кетіп қалды. Қорқақтық - қатігездіктің анасы емес пе? Сірә, қатігез шығар... Менің санамдағы кейіпкерім қатігез емес, ол - сабырлы, кешірімді, мейірімді.

Жігіт таппай табаным тозған соң, кейіпкер қызды іздеуге көштім. Заман талғамды ма, әлде мен талғамдымын ба, әйтеуір әрекетімнен түк шықпады. Шыны керек, ойымдағы әңгіме кейіпкерлерін тірідей көріп, түрлі жағдайдағы әрекетін бақылап, сеніп, сезініп жазбаған соң осал дүние жасауың мүмкін. (Сондықтан көп эксперименттер жасаймын). Алты ай бойы алқымыма тығылып, ендігі түсім түгілі, өңімді иеленіп алған оқиға желісі жазуға жедел отыруға мәжбүрледі. Әйпесе ауырып қалатыным тағы бар. Мүмкін, жазушы болу дегеніміз - шарасыздық шығар?

Жалға пәтер алдым. Жалғыз бөлме. Диван, жұпыны үстел, жоғарғы жақта темір төсек, циклоптың жанарындай сығырайған терезе, алдында ауладағы қоңыр күзге үрке қарап екі-үш гүл тұр. Пердені жууға алып кеткен екен, бұрыштағы істен шыққан теледидардың сопақша қарашығынан өзімнің шағылысқан кескінімді, және тағы бір жылт ете қалған бейнені көріп қалдым. Жан-жағыма қарадым, ешкім жоқ сияқты. Қабырғада қонжықтарымен ойнаған аюдың суреті ілінген.

Пәтер үшінші қабатта. Қаланың бұл маңы аса тыныш екенін өзім де білемін. Оны үй иесі, жер ортасы жасқа келген Бақыт есімді кемпір қайта-қайта астын сызып айта берді. Пәтерді жалға алғысы келген бәзбіреулер хабарласқанынан, жазушылығыма қызыққанынан бірер сыр шертті де, марқұм күйеуінің құпия өлімін іліп-шалып өтті. Сосын көрші, маңай жайлы ұзан-сонар кінәраттар мен реніштерді тұздықтай отыра, тұтас ықшам ауданның мәселелеріне қармақ лақтырып, зор ықыласпен үлкен әңгіме қозғаған болды.

- Жазушы болу дегеніміз - жазықсыздардың жанын жалдау емес пе? Сосын жазғандарыңды маған оқыт, жарайма, балам? - деді кететін кезде.

Тез құтылғым келгендіктен, шыбындаған аттай басымды шұлғып:

- Жақсы, жақсы - дей салдым. Жазылған дүниенің ыстығы басылмай адам баласына көрсетуге болмайтынын түсіндіріп жататын уақыт жоқ.

 

*     *     *

Жалғыздықтың даналыққа апаратыны күмәнді. Жалғыздық деген - қалың ой, өзіңмен арпалысу, өзіңе көз салу, жаныңды қопару. Кейде одан қорқасың. Себебі жалғыздық бет-бейнеңді көз алдыңа әкелетін айна іспетті. Ондай кездері (психологиялық білімің болса) іштей сөйлесіп отырып-ақ, жаныңның мәселесін анықтап алып, өмірдің мәнін жоғалтып алуың мүмкін.

 

*        *        *

Әңгімемді тыныштықта жазу үшін жалға пәтер алу әдетім. Алғашқы түні пәтерге сіңісіп алайын деп диванда жантайып жатыр едім, көзім ілініп кетіпті. Түн ортасында әлдекімнің тұншығып жылағанынан ояндым. Басымды көтерсем бір қыз терезе жақтағы төсекте басын төмен салып, тізесін құшақтап отыр екен. Қара шашы, бетін жасырып, ұйпалана тізесіне төгіліп жатыр, көйлегі ескі, кей жері жыртылған. Оқыстан басын көтеріп, қарап қалатындай. Көзі қандай екен? Қорқынышты фильмдегідей тұтас қап-қара болса ше? Ең  дұрысы тыныш жата беру. Қойныма жылан салып жібергендей денем мұздап сала берді. Өтірік ұйқысыраған болып қозғалдым да, диванның арқалығына қарап жатып алдым. Көзімді тарс жұмып, енді келуін күтіп ем, келмеді. «Құлағымның түбіне демалып, қан ұйып қалған көздерін таңдана жұмып-ашып, шашымды иіскеп, мен қозғалған сәтте бұрышқа дыбыссыз жетіп барып, отыра қалатын шығар» - деп ойлап жатқанда ұйықтап кетіппін. Сол түні үйде жалғыз еместігімді түсіндім.

Таңертең түлен түрткендей өзімнен-өзім оянып кетіп, түндегі оқиғаның не өңім, не түсім екен айыра алмай ойым онға бөлініп, санам сарсаңға түсті. Пәтердің теріскейге қараған терезесі көңілсіздік көлеңкесімен күресе алмай, бөлмені еңсеңді езетін мұң көмкеріп тұрды. Бұндай кездері қозғалмай жата бергің келді. Жоғары жақтағы төсекте түндегі қыз әлі отырған сияқты. Мен ояндым дегендей тамағымды кернеп алдым да, басымды жайлап көтеріп, төсек жаққа қарадым. Ешкім жоқ екен. Жүрегім орнына түсті.

Кейін ол қызды тағы көрдім, екі рет. Мүмкін көрмедім бе? Бірде әдеттегідей таңертен тамақтануға сыртқа шықтым да, әңгіменің ауанымен есікті кілттеуді ұмытқаным есіме түсіп, пәтерге қайтып барғанмын. Баспалдақпен көтеріліп келе жатқанда байқадым, кілт салатын ұңғыдан қап-қара көз жылтылдап қарап тұрды. Мен алғашында орнымда бөгеліп қалып, сосын түк байқамағансып келдім де, есікті кілттедім, сосын жедел баспалдақтарға қарай ұмтылған едім. Ендігәрі, пәтерге көтеріліп келе жатқанда құлыптың ұңғысына қарамайтын болдым. Мүмкін ол қарап тұрған шығар... Соңғы рет өрттің ішінен көргенмін.

 

*        *        *

Жазайын деп жүрген әңгімемнің желісі Нұргүл деген қыз жайлы еді. Он жетінші көктемінде ауылға қонаққа келген қалалық жігітке балалығын сыйлағаннан бері, оның бар ойы қырман жақпен шығып, бағзы қорымның тұсынан оңға бұрылып, тікелей қалаға бастап апаратын жол жақта еді. Көңілінде үлкен қателік жасағанын әлі жете түсінбей, қол бұлғап шақырған ересек өмірге қадам басуға қаймығып жүрген өтпелі кезеңі. Дегенмен санасында сақталып қалған сол бір түн анда-санда елес беріп, балғын денесін қыдықтайтын.

Нұргүл бірде түс көреді. Түсінде көрші үйдің иттері соңына түсіп алып, қуып келе жатыр екен дейді. Азуларынан қан көпірігі ағып, арсылдап кеп, енді қабайын деп жатқанда, сол маңнан өтіп бара жатқан сыныптасы Данияр құтқарып қалыпты-мыс. Тік мұрын, салпиған ерін, сығыр көз, тас түйін қабағы күнге күйген қара торы бетіне үйлесімсіз орнаса салған, шағын денелі, қайда қоярын білмей әуреге салатын ұзын қолды, қамыт аяқты Данияр неге екені белгісіз ауыл қыздарының көңілінен шықпайтын еді. Бұл оқиғадан соң Нұргүл «құтқарушысымен» ауылдың шетіндегі өзен жағасына дейін серуендеп барады-мыс. Он жыл бірге оқыса да Даниярға көңіл аударып, көзіне тік қарап көрмеген қыз, енді сыныптасын кірпік астымен зерттей бастайды. Бір мезетте, қарусыз көзбен-ақ қарапайым қойшы баласының жанынан керемет тұнықтықты, жылылықты, есін біліп, етегін жиғалы ешкімнен көрмеген мейірімділікті, ешбір құрбысы байқамаған сымбаттылықты табады. Енді қараса екеуі аппақ гүлге оранған қырда аспанға қарап, армандап жатыр. Данияр жүрек сандығына сақтап келген сырын ашып, Нұргүлды жақсы көретінін айтады. Екеуі бір-бірін жаңа көргендей қауышып, рауандап атып келе жатқан таң шапағына шомылып, аймаласады екен дейді. Осылай Нұргүлді ес-түссіз Даниярға ғашық қыламын. Асау аттай тулаған жүрегі кеудесіне сыймай, ғашығын құшып: «Данияр, алыстан іздеген бақытым мұншалық жақында жүргенін көрмеген соқыр екенмін, мен де сені ...» деп, ағынан жарылар сәтінде анасы оятып жібереді. Жүрегі дүрсілдеп оянып, түс екенін түсінген Нұргүл ешнәрсені көңіліне алмастан, әдеттегідей, оқу құралдарын жинастырып, мектепке шығады. Дәл осы кезде түс пен өңнің арасында келе жатқан Нұргүлге көрші үйдің иттері тап бермесі бар ма? Әлі әсері тарқап үлгермеген, таң ата көрген түсіндегідей. Жанұшыра қашқан қызды, одан сайын өршеленген иттер қуа жөнеледі. Ішіндегі ала төбет екі секіріп, құлаған Нұргүлдің кеудесіне мініп, азу тістерін сақылдата бетіне төніп, ырылдап, енді қабатын сәтте «қанқ» етіп, оң жаққа қарай құлайды. Жанарын жас жуып, өзінің өкісігіне өзі тұншыққан Нұргүл көз алдының бұлдырап бара жатқанын сезеді-мыс. Есін жиса Даниярдың құшағында, ағыл-тегіл жылап жатыр. Данияр болса «жаным-ау, жыламашы енді, жыламашы...» - деп жұбатып әлек. Нұргүл болса, жігіттің бауырына одан сайын тығыла түсіп, өксігі тіпті үдеп, қаттырақ құша түскен. Ол өзін соншалықты қорғансыз сезініп, сол қорғансыздығының дауасын Даниярның құшағынан тапқандай болады. Сосын жастарын сүртіп, құтқарушысынан көз алмай: «Данияр, мені қорғашы, мен сені түсімде көрдім, мен саған ғашықпын!» - деп айтуға оқталып жатқанда анасы ұйқысынан тағы оятып жібереді. «Жын қақты ма ей, жылап жатқаны несі? Бар сабағыңа!» деп зекіп жатыр екен. Түсі ме, өңі ме? Түсі ме?..

(Осы кезде психологиялық таластар мен көрермен санасына миға шабуыл әдісін қолданамын. Керемет әңгіме болады.)

Қыз қорқып үйден шығады. Жо-о-оқ, көрші үйдің иттері кездеспейді. Аман-сау сабағына барады. Тек әлдене өзгерген, Даниярдан жанарын жасырып, өзімен-өзі арпалысып жүр. Бір жағынан тағы оянып кетіп, жүрегіндегі қауыз жарып келе жатқан сезімі түсінің ішіндегі түс болып шығар ма екен деген күдік, тіпті күдік емес - қорқыныш, бір жағынан, түндегі тәтті сәттерді аңсаған көңілін жегідей жеген жалғыздық. Ол шынымен Даниярға басқаша көзбен қарай бастайды. Бүгінгі түс - махаббатты алдамшы дүние ретінде қабылдаған жас тәнді алты ай қыстың мұзын еріткен көктемдей жібітіп, Нұргүлді нұрлы өмірге қайта әкелгендей еді. Оның көз алдынан Даниярдың түсіне еніп алып ернінен, көзінен, мойнынан ыстық жалын боп сүйгені, жұмсақ төстерін батылсыздана өрмелеп келген тарамыс саусақтарымен сипағаны, қарулы қолымен қыпша белін құшқаны кетпей қойды. Екінің бірі көңіл аудара бермейтін қойшының ұлында ең асыл, ең қадірлі мінездермен қатар, сергелдең сезімге, ессіз құмарлыққа жетелейтін сиқыр бар сияқты көрінді. Сондықтан болар, бірінші би кешінде өзі алғашқы қадам жасап, Даниярды биге шақырады. Нұргүл өзіне ғана мәлім түстегі тәтті сезімнің өн бойына жан бітіп, қиялдан өмірге айналып бара жатқанына сене алмағаны рас. Бұл менің түсім емес, бұл менің тағдырым деді ішінен. Сосын ғашығынан үйге дейін шығарып салуын өтінеді. (Әрі қарай қарапайым.) Әрине, екеуі табысады. Қараңғы түннің құшағында бірін-бірі тауып, ағынан жарыла, сағына қосылып, таң ата аспандағы сансыз жұлдыздардың бірін өз есімдермен атап, екеуі түс пен өң арасындағы шекараны бұзады. Кеңістік тарылғанда - жылдамдықтың артатыны рас. Түндегі ыстық құшақтар, таң ата қимас қоштасуларға жалғасып жаз күндері көзді ашып-жұмғанша өтіп кетті. Оқуларын аяқтап бірі жұмысқа, бірі оқуға Қарағандыға келген еді.

Осы жерге дейін жазып келдім де, тосын жағдайға тап болдым.

Екеуінің қаладағы алғашқы кездесуін жазып жатқанда ашық тұрған тереземнің сырттынан жігіт пен қыздың әңгімелескен дауыстары еміс-еміс естіліп тұрды. Жазуымды тоқтатып, тың тыңдап ем, ерегіскендей ауыздарын ашпай қойды емес пе? Жаза бастасам қайта сөйлейді. Сыбыр-сыбыр, күбір-күбір.

Ертеңінде Нұргүл мен Даниярдың ауылда қалған балалықтары ұстап, бірін-бірі қуып, ойнап жүрген сәттерін жазып жатсам, кешегі екеу тағы тереземнің алдына кеп, теңгенің сыңғырындай күлкісін шашып, асыр сап ойнасын кеп.

Үшінші күні қалалық алдап кеткен жігіт Нұргүлге кеп, Данияр екеуі ұрысып қалуын жаздым. Қызығы, әлгі белгісіз екеу тура менің тереземнің алдына келіп ұрыспасы бар ма?!

Бәрін түсіне қойдым. Бұлар менің әңгімемдегі кейіпкерлер. Не істесем екен?! Қалай болғанда да эксперимент керек. Өз кейіпкеріңмен ойнау деген аса қорқынышты, және аса қызық. Мен әңгімеме былай деп жаздым: «келесі күні Даниярдың үйіне хат келді. Хатта оның осындай осындай уақытта, осындай жерде өлетіні жазылған, егер көнсең өз еркімен кел, ғашығың мен құрсағындағы бала тірі қалады... Өлгісің келмесе аяғы ауыр Нұргүл өмірден озады, өзің тірі қаласың...»

Не істер екен? Ертеңінде терезеден телміріп Даниярды күттім, ол кеш қарайғанда әңгімеде жазылған тұсқа келді, таң ата әлгі қалалық жігіт жазым қылғанша өз өлімін еш қорықпастан күтті. Көз алдымда өткен сол түнгі спектакль ешқашан ұмытылмайтын шығар! Қандай керемет! Жазушының іздейтін ләззаты осы емес пе? Ақ пен дақтың махаббат үшін айқасы! Жасасын кейіпкерлер!

Ал Нұргүл мен ойлағаннан да мықты болып шықты. Ол Даниярға жазған хатымды тауып алып, жарты айдан астам сол жерге келіп, таң атырып отырды. Бір күні бөлмеме кіріп келмесі бар ма?

- Отырыңыз... - дедім.

Әр қадамын асықпай басып, жалға алынған пәтердің әр бұрышына, әр затына көз тастап, жазу үстеліме жақындап келді. Жазғанымнан түк өңбей, бір орыннан қозғалмай тұрған жазбаларымды аударып-төңкеріп көрді де, өз есімін байқап қалды ма, маған жалт қарады. Мен оның көзінен қалалық жігіттің елесін көргендей болдым. «Иа, мен кінәлім!» - дегім келіп еді, Нұргүл ернін жымқырып, жанарын тайдырып әкетті де, темір төсекке сылқ етіп отыра кетті.

Темекімді алдым да, терезенің алдына жайғастым. Әңгіменің нүктесін қоя алмай, созып жүріп алғанымды, соның кесірінен осы келеңсіз оқиғаға тап болғанымды ойладым. Енді жетпегені өз кейіпкерімнің ақыл айтқаны еді. Асықпай оттығымды жағып, темекімді тұтата бергенде, Нұргүл қатылданған дауыспен:

-  Сен кімсің өзі? - деді.

- Мен жазушымын. Бір әңгіме жазып...

- Біздің тағдырымызды жазып жатырсың ба?

- Тағдырларыңыз лауһуль мағфуз тақтасына жазылып қойылған, менікі қайталау шығар...

- Оны аман алып қалуға болар еді ғой!

-  Өлім мәңгіліктің дүниеге келуі емес пе? - дедім күмілжіп.

- Сен Даниярды өлтірдің... Солай ма?

- Данияр өмірде болған ба, жоқ па? Әлде түс пе бәрі, осының аражігін ажыратып алған дұрыс!

Нұргүл өте әдемі екен, мен жазғаннан да сүйкімді, мен ойлағаннан да керім. Кейіпкерімді басқаша қабылдау дегеніміз өзімнің оқырман кеңістігінде тұрғанымның дәлелі. Әйтпесе, мен оны қандай қылып жазсам, ол сондай кейіпте болуы керек еді ғой. Тіпті, ой елегіне салып көрсек бұл оқиғалар тізбегі Нұргүлдің өңі, менің түсім болуы мүмкін емес пе? Ол жауап берген жоқ.

-  Иә, мен жазушымын - дедім, алғашқы сұраққа оралып.

- Біздің тағдырымызды қайта жазу мүмкін  емес, түзетуге болады ғой енді...

-  Даниярды аман алып қалу мүмкін емес еді, оның таңдауы өз қолында емес пе?

-  Өлім жайын сіз айтпаңызшы...

-  Мен Даниярды өлтірдім...

-  Бұның бәрі түс деңізші! Оятыңызшы мені! - ол шыдамай, жастан булығып, жылап жіберді. Мен сұрақ пен жауаптан шатаса бастадым. Нұргүлдің есікті тарс еткізіп шығып кеткенін естідім, қағаз бен қаламнан басымды көтермей отыра беріппін.

Осы оқиғадан соң күнде келетін болды. Айқай-шу, ұрыс. Түсінікті сұрақтар мен түсініксіз жауаптар.

-  Сен кімсің өзі? - дейді, бір күні темекімді тұтататын кезде.

-  Мен Даниярмын - деп, ерегістім. Ол көз тайдырмастан таңданып отырады да:

- Сен Данияр емессің ғой, неге мені аңдып отырасың, Даниярды қайдан білесің?

- Мен оны өлтірдім! - дедім де, ешқандай эмоциясыз темекімді құшырлана будақтаттым. Ол бұған дейін айтпаған сөздерін аямай жаудырып, шығып кетті.

 

*    *    *

-  Сен кімсің өзі? - деді бірде.

-  Мен сенің тағдырыңды жазып жатқан жазушымын.

 

*    *    *

Жаз бойы өңдіріп ештеңе жаза алмадым. (Шындығында Нұргүл екеуміз жаза алмадық.) Әр қилы жазып көрдім, бірде оның көңілі толмайды, бірде мен айтқандарына келісе алмаймын. Мүмкін емес нәрселерді жаз дейді, қалай жазам? Ертең оқырман сенбесе қажеті не? Ол үшін қалай болғанын білмеймін,  мен үшін қызық.  Кейіпкерімнің басын түрлі сынға тігем де, эмоциясын бақылап отырам. Ғаламат қой қыздардың эмоциясы, табиғаты, мінезі, қабылдайтын шешімдері.

Қаланың ең әдемі жігітімен таныстырдым, сенбеді. Ең дәулеттісімен жүздестірдім, көнбеді. Екінің бірі мінбейтін көлікті, кимейтін киімді сатып бердім... Алыс шетелдерге, тіпті жеке аралды жалғыз өзі демалу үшін жалға алдым. Әлем оның ашса алақанында, жұмса жұдырығында болды. Кез-келген казиноларға барып, картаның бірінші таратылымнан қарапайым ойыншылардың түсіне де кірмейтін ұтысқа қол жеткізді. Ол болса «маған ештеңенің қажеті жоқ, байлығың да, басқа да. Керемет болсаң Даниярды тірілтіп берші...» деп әркез тік келіп, арты ұрыспен тынып, жазғанымның бәрін өшіріп, қайта шимайлауға тура келіп жүрді...

Бір күні әдеттегідей сырттан кешкі тамағымды ішіп, асықпай баспалдақпен пәтерге көтеріліп келе жатқанмын. Қап-қара көз қарап тұр ма деп есікке қарауға қорқушы едім, бүгін не жазсам екен деген оймен келе жатып, байқамай көзім түсіп кетті. Пәтердің есік ашық тұр. Бөлмеге жүгіріп кірсем, еденде құлаған орындық, люстрада жіп ілініп тұр. Өз-өзін өлтіргісі келген. Терезеден енген жел жіптің ұшымен ойнап жүр. Әлде бұл елес-қыздың еркелігі ме?

Жазу үстеліме барсам әңгімемнің күнде жазып, қайта өшіретін бетінде: «ұйқыдан оян» деген жазу тұр. Нұргүл өзі жаза алмайды. Себебі ол кейіпкер. Кім жазды сонда?

Мен саған көрсетейін, қазір...

Көрпе-жастық, үстел, барлық жазбаларымды бөлме ортасына үйдім де, астынғы жағынан тұтатып едім, қою түтіні бұрқырап жана бастады. Баспалдақтан түсіп бара жатқанда есіктен әлгі елес-қыздың қарап тұрғанын сездім. Аялдаманың қабырғасына сүйеніп, үшінші қабаттағы өртеніп жатқан пәтер терезесінен далаға ұмтылған жалын бейнесіндегі қыздың толық сұлбасы көрінді. Ол аласұрып, айқайлап, аузынан от бүркіп жатты.

Өрікпіген жүрегімді басайын деп, қалтамнан темекімді алдым да, тұтата бергенде, тосыннан шыққан:

-  Сен кімсің өзі? - деген дауыстан шошып кеттім...

Abai.kz

Автор туралы дерек:

Алма Мырза-Ахмет - Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының тумасы. Қарағанды Мемлекеттік Университеті, Филология факультетінің магистранты. Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің «Үздік әдеби шығарма» номинациясының 1 орын иегері. Республикалық «Қасым» журналының жауапты хатшы қызметкері.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377