Жәди Шәкенұлы. Оспан батырдың шаһидтікті таңдауы (Басы)
29 сәуір Оспан батырдың атылған күні
Оспан батыр туралы жазбалардың көбінде оқиға 1949 жылға дейін егжей-тегжейлі баяндалып келеді де, оның соңғы өміріне қатысты әңгімелер аса тереңге бармайды. 1949 жылғы жаңа Қытай мемлекетінің орнауы және олардың Оспан батырды өлім жазасына кесуі себепті біраз дүниенің беті әлі ашылған жоқ. Десе де, коммунистердің Шынжаңды иелеуінен Оспанның демі үзілерге дейінгі соңғы өмірі жайындағы жұмбақ сырларға үңіліп, осы мәселелер төңірегінде аз да болса ой толғауды жөн көріп отырмыз.
Оспанның қызылдармен «ырғасуы»
Осы оқиғалар төңірегінде Нұрғожай батыр бастаған Оспанның үзеңгілес серіктерінің бізге берер мағлұматы да біршама мол. Нұрғожай батыр коммунистер мен Оспанның алғашқы қарым-қатынасына аялдағанда, өз естеліктерінде мынадай сыр шертеді:
«1949 жылы жазда Гоминдаң мен Гоңшандаң (Қытай компартиясы) соғысының хабарлары үнемі келіп тұрды. Гоминдаң әскери басшылары қаша бастады. Америка консулы да болып жатқан уақиғаны айтып тұрды. Мәккирнан:
- Мал-жаныңды жергілікті үкіметке бір-ақ өткіз. Америкаға кет, мал сомасын біз береміз, - деп те айтты. Оспан:
29 сәуір Оспан батырдың атылған күні
Оспан батыр туралы жазбалардың көбінде оқиға 1949 жылға дейін егжей-тегжейлі баяндалып келеді де, оның соңғы өміріне қатысты әңгімелер аса тереңге бармайды. 1949 жылғы жаңа Қытай мемлекетінің орнауы және олардың Оспан батырды өлім жазасына кесуі себепті біраз дүниенің беті әлі ашылған жоқ. Десе де, коммунистердің Шынжаңды иелеуінен Оспанның демі үзілерге дейінгі соңғы өмірі жайындағы жұмбақ сырларға үңіліп, осы мәселелер төңірегінде аз да болса ой толғауды жөн көріп отырмыз.
Оспанның қызылдармен «ырғасуы»
Осы оқиғалар төңірегінде Нұрғожай батыр бастаған Оспанның үзеңгілес серіктерінің бізге берер мағлұматы да біршама мол. Нұрғожай батыр коммунистер мен Оспанның алғашқы қарым-қатынасына аялдағанда, өз естеліктерінде мынадай сыр шертеді:
«1949 жылы жазда Гоминдаң мен Гоңшандаң (Қытай компартиясы) соғысының хабарлары үнемі келіп тұрды. Гоминдаң әскери басшылары қаша бастады. Америка консулы да болып жатқан уақиғаны айтып тұрды. Мәккирнан:
- Мал-жаныңды жергілікті үкіметке бір-ақ өткіз. Америкаға кет, мал сомасын біз береміз, - деп те айтты. Оспан:
- Отанымда тұрамын. Қашпаймын, жердің арғы бетінде жатқан Америка маған Шығыс Түркістан үкіметін құрып бере алмайды. Американың сөзі де өтірік. Рузвельттің екінші дүниежүзілік соғыстағы әрекеті бізге белгілі. Екі тауды бір-ақ күйретіп, дүниенің үлкен базарын іздеген. Америка қазір Біріккен Ұлттар Ұйымындағы ең үлкен ел еді. Бүкіл Түркістанды орыстар жұтып отырса да, оған үш жүз жылдан бері көрсеткен көмегі жоқ, - деп маған кесіп айтты» («Азаттықтың өшпес рухы», Алматы:«Сардар» ,2008 ж.160-бет).
Міне, бұл - жаңа келе жатқан қызылдарға қарата Оспан батырдың алғашқы айтқаны. Және де оның жай ғана адам емес, халықаралық жағдайларға назар аударып, оған баға бере білетін көрегендігінің дәлелі.
Осыдан кейін Оспан Үрімжі өңірінен Жемсары-Шонжыға қарай бет алады. Бұл кезде қызылдардың Гансу өлкесінің Ланжу өңірінен өтіп, Шынжаңға беттеп келе жатқан хабары жетеді. Бұған қарата Оспан: «Біз ешқайда бара алмаймыз. Малды кәсіп еткен көшпелі қазақпыз. Баркөлге барып мал семіртеміз» («Азаттықтың өшпес рухы», Алматы:«Сардар», 2008 ж. 162-бет) деген жауап береді. Сөйтіп, Шонжыдан Мориға қарай көшкен Оспан ауылы Баркөлдің Бәйгетөбе деген жеріне келеді.
«Осы жерден Үрімжіге баруға Уаң Жыңның 30 мың әскері басып өтіп кетті. Құмылда бірнеше күн тұрған екен. 1949 жылы 20 қарашада Пекиннен, яғни Гоңшандаңнан (Қытай компартиясы) төрт өкіл келді. Оның бірі - ұйғыр Әмет, бірі - дүңген, бірі - қытай болатын. Оларға Оспан, Жәнімхандар: «Осы жер малға жайлы екен. Осы жерде қоныстанып отырсақ», - дегенді айтты. Уәкілдер мақұл болып кетіп қалды. Оспан оларға: «Бұрынғы Шынжаң демократиялық өлкелік үкіметімен жасаған он бір тармақты тоқтам бар еді. Осы тоқтам бойынша ұлттық билік өзімізде болатын болсын», - деген талабын қойды. Өйткені Жаң Же Жұң "Шынжаң азаматтары, өздеріңді өздерің басқарып кету үшін оқыңдар. 15 жылдан кейін ел болып бөлініп кетесіңдер", - деп уәде беріп, тоқтамға қол қойған едік. Осы бірауыз сөз бізге үлкен медеу болған еді. Өйткені Гоминдаңның соңғы кезінде батыс терістік бес өлкенің бастығы болған, оған қосымша Шынжаңды билеген Жаң Же Жұң сол орнында қалып, оны Гоңшандаң (Қытай компартиясы) батыс терістік бес өлкенің бастығы етіп белгілеген еді. Бұл адамның орнында қалуы - Оспанға үлкен медеу берді» («Азаттықтың өшпес рухы», Алматы:«Сардар», 2008 ж.162-бет).
Дәл осы кездегі оқиғалар жөнінде бүгінде көзі тірі, Оспан батыр заманының тірі куәгерлерінің бірі Уақит Халелұлы өз естеліктерінде былай дейді: «1950 жылы ақпанда Шынжаң өлкелік үкіметі, әскери орны, Шонжы ауданындағы Уақит Халелұлы, ақиқатқа қайтқан полк бастығы Ма, бұрын Оспанға хатшы болған Құрманбай, Оспанның сенімді қызметкерлерінің бірі болған Құмархан Жаңқабайұлы қатарлы адамдарды құралды бір бан (взвод)әскер қосып, Уақитқа жан құрал (тапанша)беріп, ат пен азық-түлік қос артатын бірнеше түйемен, жиырмадай адам құралып, Оспан мен Жәнімханды қайтарып келуге жібереді. Бұлар Баркөлдің Бисан тауы Башаңзы жеріндегі Оспан, Жәнімхандарға келеді. Оспанның үйінде - Оспан, Жәнімхан, Қапас, Нұрғожай, Шердиман, Дәлелхан, Қанатбай, Шаймардан ішінде бірнеше адаммен бірлікте отырғанда, барғандар үкімет жағының жіберген жағдайын айтып, жазған хаттарын береді. Жәнімханұлы Дәлелхан алдымен сөз бастап: «Коммунистік партия басшылық еткен жаңа үкімет кең алқапты орманды, шөпті жерді бір-ақ алып жанған өрт болып келеді. Біз өртті көріп тұрып өздігімізден түспейміз», - деген қарсы пікір айтады. Уәкілдер: «Өрт болып келген үкіметті көрмедік. Халықты тура жолға бастап, қызмет істеп жатқан үкіметті көрдік. Халықтың малы қолында, дін еркіндігі өзінде. Үкіметтен жамандық көргеміз жоқ. Өрт деп қарау - өз көзқарасыңыз» дегенде, Оспан: «Тайталасты қойыңдар, тамақ ішіңдер», - деп екі жақтың сөзін тоқтатып қояды. Үш-төрт күн өткен соң барған адамдарды Оспандыкіне шақырып барады. Оспан-Жәнімхандар алдыңғы қатынасқанадамдарымен бірге отырып, Оспан: «Сендер үкіметтің бізге жазған хатын, айтқан ақыл-нұсқауын жеткіздіңдер. Біз бұрын Шың Шысай зұлымдығына қарсы, Шығыс Түркістанға қарсы әрекет алып барып жауластық. Жаңа үкімет келгенде Баркөлге келіп, үкімет құрып, күш жинап, жаңа үкіметке қарсы тұрайық деп келгеміз жоқ. Үкімет бізге қандай көзқарас қолданады. Бұқара қылып ала ма, жаулық көзқараста бола ма? Мойны ұзақ жерден байқайық деп Баркөлге келіп отырмыз. Біз де албаты үкіметпен қарсыласып, өліп-өлтіруді қаламаймыз. Бізге де тыныштық керек. Біз үкіметке сендік, бұқара боламыз. Өлкедегі үкімет басшыларына жолығып талабымызды жеткізіп, бұқара болғандығымызды айтып, үкіметтің ақыл-нұсқауын алып, сенім байлауға - мен інім және ақылшым Қанатбайды, Жәнімхан қажы інісі және ақылшысы Шаймарданды сендермен бірге Үрімжіге жібереміз. Бұл біздің бірлікке келген ақылымыз. Сендер қайтып барғанда, үкімет басшыларына ахуалымызды толық айтыңдар. Хат та жаздық», - дейді. Қанатбай, Шаймарданды өкілдерімен бірге Үрімжіге жібереді. Өкілдерден үш адам Қанатбай, Шаймарданды ертіп, өлке басшыларына жолықтырды. Өлке басшылары оларды жақсы раймен қабылдап, ақыл-нұсқауын айтып, көптеген сәлем-сауқат беріп, бұрынғы барғандарды үйлеріне қайтарып, Зәкішің, Нәзірлерді (Зәкішің үкімет әскери орнында, Нәзір өлкелік баспахананың орынбасары болған) оларға қосып, Оспан, Жәнімхандарды орнықтыруға қайта жібереді».
Осы жайлар әңгіме болғанда Дәлелхан Жәнімханұлы 1949 жылы 15 желтоқсанда (бұл уақыт туралы жоғарыда «1952 жыл, ақпан» деп көрсетілген - Ж.Ш.) Қанатбай және Шаймардан Ермекұлынан Үрімжідегі коммунистік партияның бастығы Уаң Эңмао, Бұрхан Шаһиди, Тау Сио және генерал Фиң Дехұй атына арналып, бір хат берілгенін айтады. Ол хаттың мазмұны: «Хаттарыңызды алдық. Қыстың қатты суық күндерінде жолға шыға алмадық және Үрімжіге бара алмадық. Солай болса да, орнымызға уәкіл етіп екі кісі жібердік. Сіздермен бет көрісіп, жағдайларымызды түсіндірумен бірге, берген нұсқауларыңызды алып қайтады» (Д.Жаналтай. «Қилы заман, қиын күндер», Алматы, 2000 ж., 88-бет).
Міне, осы оқиғаларға қарағанда жаңадан келген қызылдар Оспанға қарата бірі өз жағына тартуға тырысқаны, екінші жақтан алдамалай тұру саясатын қолданғаны байқалады.
Ал жаңағы екінші барған уәкілдердің, яғни Зәкішіңнің Оспанға: «Біз саған қызылдарға сен, сенбе деп уәде бере алмаймыз. Өзің шешсең, өкінбейсің», - деп айтқан екіұшты жауабы да қайта бүлінуіне себеп болды деушілер де бар. Қалайда осы екінші реткі адамдардың келуімен Оспанның бүлінгені туралы айтушылар көп. Нұрғожай батыр өзінің аталған естелігінде бұл жайлы Оспанның Шаймардан мен Қанатбайды Үрімжіге жібергеннен кейін, тағы да шақырушылар аттандырған Уаң Жынның: «Оспан келсін. Менің күш-қуатымды көрсін. Көп болса, жанында мың үй бар шығар. Бір үйге бір аэропланнан жіберемін», - деп күш көрсетіп қайта шақыртқанын жазады.
Ал Оспан болса, бір жағынан, олардың өз істегенін өзіне істеп, сенім білдіру райында болса, енді бір жағынан, «әліптің артын» бақты. Ал үшінші жақтан, өзінің ең сенімді деген адамдарын көрнеуде коммунистерге бағынышты қылып, олармен әр күні астыртын байланыста болып, қарсы жағының жан дүниесі мен шынайы іс-әрекетіне барлау жасады. Коммунистердің «бәрін жарылқап тастаймыз» дейтін тәтті сөзінің шын-өтірігін білгісі келді.
Осы арада Оспан жайындағы тағы бір аңыз еске түседі. Гоминдаң аталатын қытаймен ұзақ жыл соғысып, оның 40-50 мың армиясын жайратып салған батыр коммунист қызылдар келген кезде маңдайларындағы бес жұлдызды белгісін меңзеп: «Мен Гоминдаңмен он жыл соғысып, алты жұлдыздың әрең дегенде біреуін ғана кеміткенім бе?!» - деп күйзеле күрсінген көрінеді. Бұл, мейлі, аңыз болсын, ақиқат болсын, бірақ Оспанның мінез-құлқы мен өрлік рухын ашарлық шындыққа жақын әңгіме еді.
Зәкішің бастаған топ жеткізген Уаң Жын айтты деген соңғы сөздің Оспанға жасаған әсері мүлде басқаша болды. Яғни «коммунистерге сенуге болмайды» дейтін ішкі күдігін растағандай жүрегін мұздатып, жанын түршіктірді. Өз таңдауын дұрысқа балап, еңсесін қайта көтерді.
Коммунистермен ат кекілін кесісуі
Шын мәнінде, қызылдар мен Оспанның бірігіп кетуі Кеңес Одағын қуаттайтын топтар мен бұрынғы «Шығыс Түркістан республикасының» орнын иелеп отырған «үш аймақшылдарды» қатты алаңдатты. Кеңес Одағының жол-жорық көрсетуіне және оның идеясындағы саяси-әскери топтарға өлердей қарсы болған Оспан батырдың қызылдардың сеніміне бөленуі «жалған төңкерісшілдердің» бет-пердесін айпарадай ашып қана қоймай, олардың жау санаған адамын тарих сахнасына қайта көтеріп шығатын болды. Сыртта АҚШ және Кеңес Одағы өз ұпайларын түгендейтін күштерге қолдау көрсетуге жанталасса, іштегі ымыраға келмес алауыз топтар да бас пайдасын ойлап, бақай қулықпен арпалысқа түсті. Сөйтіп, ендігі жерде бағынышты болған Шынжаңдағы жергілікті топтар ішінде қызылдарға кім бұрын жақсы көрініп қалар екен деген қызғаныш пен бақталастық қатарынан өмір сүрген тайталасқан жағдай қалыптасты. Олардың ішінде жақсы көріну ниетіндегі жағатсығандармен жаулық пиғыл танытып үрке қараушылар да бар еді.
Ерлікпен басталып, өрлікпен жалғасқан ұлт азаттық қозғалысын «бүлікке» балаған «Үш аймақ» Оспанға бұдан бұрын да шошына қарайтын еді. Бұл туралы «Шыңжаңның Үш аймақ төңкерісі тарихы» («Ұлттар» баспасы, 2000 жыл) атты кітаптың 340-бетінде: «Оспан, Қалибек, Жаужап (моңғол) бүлігі арт-артынан туылғандықтан, үш аймақтың жағдайы күннен-күнге ушығып, мүшкіл халге кіріптар болды. Ұлттық армия әскери күшінің жеткіліксіздігі тұтас үш аймақ үкіметіне ауыр қатер төндірді», - деп жазады. Мұндағы айтылып отырған «Үш аймақ» Кеңес Одағының ойыншығына айналған жалған Шығыс Түркістаншылар еді. Оспанның армандағаны діні, тілі таза нағыз түркілік ел болу болатын. Сондықтанда өз идеясына немесе халықтың шынайы тағдырын қорғаушыларды жоғалтуды мақсат еткен «үш аймақшыларға» қатер төндіруін жоққа шығаруға болмайды.
1949 жылы 14 тамызда ҚКП өз өкілі Дың Личұнды Мәскеудегі сапарынан Алматы арқылы Құлжаға жіберді. Ол «Үш аймақтағы» қызыл қытайшыл топпен тығыз қарым-қатынаста болып, азғана уақыт ішінде Шынжаң жағдайы жөнінде ҚКП орталығына 85 телеграмма жолдаған екен. Демек, дәл осы кезде Кеңес Одағы мен Қытай қызыл партиясының мүлде құпия, ішкі ымыраға келе отырып, «Шынжаң мәселесін» біржола шешкенін анық аңғаруға болады. Осы жылы 27 тамызда «Үш аймақ» басшыларының Кеңес Одағының ұшағына отырып, Иркутск қаласынан өтіп, Байкал көлі маңына барғанда өртеніп, күлге айналуы - соның бір мысалы. Әрі оқиғадан 3-4 күн өте сала, яғни 2 қыркүйек күні, Үрімжідегі Кеңес елшісінің орынбасары шұғыл түрде Құлжаға барып, Дың Личұнды Үрімжіге аттандырып, Бұрхан Шаһидимен бірлікте жұмыс атқаруға шақырып, көндіреді. Демек, бұл «үш аймақшылардың» Ахметжан, Ысқақбек, Аббасов, Дәлелхан секілді «көне» басшыларының көзі құртылғаннан кейінгі іш пен сырттың сәйкесе отырып, Шынжаң мәселесін дереу қолға ала бастаған алғашқы әрекеті еді. (Бұл туралы мәліметтерді «Шыңжаңның үш аймақ төңкерісі тарихы» атты кітаптың 419-420-беттерінен табасыз). Ал ұшақтан құлағандардың өлімі Шынжаң мәселесі бір жағына шыққанша жасырын ұсталып, қазанның ішінде ғана жұртқа жария болды. Олардың «сүйегі» аталғантанығысыз мүрделер 1950 жылдың 15 наурызында ғана Құлжаға жеткізілді. Ендігі жерде кеңестіктердің кеңесін бұзбайтын, Қытай билігіне басы байлаулы «қып-қызыл», жаңа «үш аймақшылар» тарих сахнасына көтерілді. Сөйтіп, қыркүйектің басында «Үш аймақ» жақ ҚКП орталық комитетінің жол-жорық көрсетуіне негізделіп, Шынжаң мәселесін шешудің көп түрлі жолдарын қарастырып, ҚКП-ға жауап хат жазды. Аталған хаттың 6-тармағында: «...Жәнімхан, Қадуан, Оспан, Қалибек, т.б. көп саяси және әскери қылмыстыларды жазалап, мал-мүлкіне дейін мүсәдралауды» сұрады. («Жұңго Шынжаңның тарихы және қазіргі жағдайы», Үрімжі: «Шынжаң халық баспасы», 2006 ж. 313-314-беттер).
Осы арада қытайшыл немесе кеңестік қызыл топтағылардың аталған тұлғалардың күш біріктіріп бірлікке келуінен қатты алаңдағанын да байқаймыз.
(Жалғасы бар)
Abai.kz