Жұма, 22 Қараша 2024
Бұ не мазақ? 7420 26 пікір 25 Сәуір, 2023 сағат 12:23

Қазақ Үкіметі тағы да қазақ тіліне қарсы шықты!

ТІЛ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫНАН МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢДЫ ҮКІМЕТ НЕГЕ АЛЫП ТАСТАДЫ?!

2023 жылы 20 сәуірде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл комитетінің «Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдама жобасын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің қаулы жобасынан «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы Заң әзірлеу маңызды мәселе», деген ең басты тұжырым алынып тасталды!

Тіл Тұжырымдамасы 2023 жылғы 11 сәуірде ашық нормативтік құқықтық актілер порталында (Ашық НҚА порталы) жарияланған.

Сонымен қатар ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптамаға және Ғылым және жоғары білім мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңеске, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына және ҚР Жоғары оқу орындарының қауымдастығына сараптамаға жолданды.

Қоғам тарапынан 11-24 сәуір аралығында ашық порталда Тұжырымдама жобасына 4103 қаралым жасалынып, 126 пікір түсті. Барлығына жауап берілді.

Пікірлер негізінен мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау, тіл оқыту орталықтары оқытушыларының мәртебесін айқындау, жалақыларын көтеру, латын әліпбиіне көшу мәселелерін қолдаған.

Ешқандай түбегейлі қарсы пікірлер жазылмаған. 4103 қаралымның барлығы қолдап, ешкім қарсы шықпаған. Тек 11 дизлайк қана бар.

ҚР Үкіметінің қаулысы жобасында:

«Тілдік, этнодемографиялық және саяси жағдайларды ескере келе, қазақстандық қоғамның бірегейлігін нығайту факторы болып табылатын «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы Заң әзірлеу маңызды мәселе.

Мұндай Заң мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің мәртебесін нақты белгілеуге, оны пайдалану саласын айқындауға, қолданыс мәдениетін арттыруға зор мүмкіндіктер береді. Аталған Заңды қабылдаудың алғышарттарын қалыптастыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілетін болады», -деп тайға таңба басқандай айқын жазылған болатын!

Осы «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы Заң әзірлеу маңызды мәселе», - деп басталатын ең басты тұжырым  Жобаның «Тіл саясатын дамытудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері» деген 5-бөлімінің «Тілдік ортаға негізделген тіл саясатын жүргізу» атты 1-тарауының «Мемлекеттік тіл және қоғамдық салалар» деген 3-параграфынан алынып тасталып отыр!?.

Тұжырымдама жобасының алғашқы дұрыс нұсқасы Ашық НҚА порталына 11 сәуір күні орналастырылды. Ал мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау қажет деген талапты алып тастап, өзгертілген бұрыс нұсқасы 20 сәуір күні қайта орналастырылды.

Үкімет не үшін алып тастады Тұжырымдамадағы Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек деген талапты?!

Тұжырымдамадағы «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы Заң әзірлеу маңызды мәселе», - деген ең басты талапты елдің бәрі талқылап, қолдап жатыр ғой?

1.Сонда Үкімет халық талабына қарсы ма?

2.Әлде, Тәуелсіздігіне 32 жылдан асса да, көлеңкесінен қорқатын біздің билік Тұжырымдаманы қарап, қолдаған 4103 адамның 4092 адамын  есептемей, қарсы басылған 11 дизлайктан шошып отыр ма?

3.Жоқ, қазақ қазынасынан тендер алып отырса да, Қазақ тіліне қарсы шығуды әдетке айналдырған, жалпы ұлт мүддесіне қарсы жұмыс істейтін 3 сайттың сынынан қорқып отырсыңдар ма?

Онда, бұл масқара әшкереленген соң бас көтеретін қазақтілді жүздеген БАҚ пен миллиондаған наразылық танытушыларға не дейсіздер ертең, Көлгінов мырза мен Балаева ханым?!

Біз бұл мәселені текке айтып отырған жоқпыз. Өйткені, біздің Қазақ билігінің Қазақ тіліне - Мемлекеттің Мемлекеттік тіліне қарсы шығып отырғаны бір бұл емес!

1.Бұрынғыларды айтпағанда, бер жағынан бастасақ, 2011 жылы елде қоғамдық резонанс тудырған, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап етіп, Президентке жазылған әйгілі 138-дің хаты жазылуына да, тура осы Үкіметтің тура осындай өзінің 2010-2020 жылға арналған Тіл туралы мемлекеттік бағдарламасынан өздері ұсынған талапты алып тастауы болатын. Тіл бағдарламасындағы «2013 жылдан бастап халықпен, көпшілікпен тығыз жұмыс істейтін мекемелердің барлығы тек мемлекеттік тілде жұмыс істейді», - деген талапты орыстілді троллдардың сынынан қорқып алып тастады. Ал орыстілділердің қарсылығын оншақты есе көп басым дауыспен басып тастаған қазақ тілді қауымға қараған жоқ! Өйткені біздің билік о бастан бүгінге дейін тек орыс тіліндегі контентті ғана оқиды. Сол кезде біз Ашық хат жазып, Мұқтар Шаханов бастаған ұлт жанашырлары митингіге шыққан болатынбыз. Бес мыңға жуық халық «Сарыарқа» кинотеатрының артындағы алаңда билікке ел талабын жеткізді. Бұл ашық хатты мыңға жуық ел қолдады.

2.2017 жылы басталып, 2018 жылы және 2020 жылы жалғасқан Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап етіп Президентке жазылған Ашық хатқа жүздеген әлемге әйгілі ұлт зиялылары бастап, бүгінде 130 мыңға жуық адам қол қойды. бұрынғы межелерден 1000 еседей көп тарихи рекордтық деңгейге жетіп отыр. Ұлт мүддесі үшін бұрын мұншалықты қалың қол жиналған емес. Бұлар тек интернетке қолы жеткендер ғана. Бұл біржарым айда ғана 122 мыңға жеткен Ел патриоттары артында смартфон пайдалана алмайтын миллиондаған халық тұрғаны айқын. Бұл қалың қол ішінде тек қазақтар ғана емес, әртүрлі ұлт өкілдері де (50-ге жуық) жеткілікті.  Белгілі журналист, қоғам қайраткері Максим Рожин бастаған көптеген орыс ұлты өкілдері де Мемлекеттік тілді талап еткен Ашық хатты қолдап, қол қойып, нағыз отаншыл патриоттықтарын көрсетті.

Яғни, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау күн тәртібіндегі күннен-күнге күшейіп келе жатқан ең өзекті мәселе болып тұр. Сондықтан да «Қазақ үні» порталында 1 миллионға жуық адам оқып, 1 мыңға жуық пікір жазылып қолдау білдіруде. Әлеуметтік желілердегі қаптаған қолдаушылардың санын есептеу мүлде мүмкін емес.

Дәл бүгін қол қоюшылар саны 129 602 адам қол қойды.

Ал былтыр 2022 жылғы 27 сәуірде Мемлекеттік тіл туралы заңды талап еткен «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалын Мәжілістегі 4 фракцияның 41 депутаты қолдап қол қойды. Ал осы депутаттық сауалда көтерілген Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап еткен еговтағы петицияны қолдаушылар бір айда 500 мыңнан, яғни жарты миллионнан асып кетті.

Ал енді салыстырыңдар биліктегі мырзалар, 3 сайт, 11 дизлайк пен 130 мыңнан - 500 мыңға дейін қол қоюшылардың қайсысы басым екенін?!

Бұл туралы өткенде Парламентке жаңа үкімет құрамына бекітілуге келгенде Үкіметтің вице-премьері Алтай Көлгіновке де, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке де айтылды.

Осы Тіл тұжырымдамасы жобасында біз талай мысал еткен Малайзияның мемлекеттік тілді дамытуы жақсы келтірілген.

«Алыс шетелдерден тіл саясатындағы нәтижелі тәжірибені Малайзия үлгісінен көреміз. Тәуелсіздігін алған малайлар 1963 жылы 30 %-ті құраса, қытайлар 60 %-ке жуық болған. «Малайзия тілі мен әдебиеті бойынша кеңес» атты ғылыми-зерттеу және баспа орталығы құрылып, елдегі тіл саясатын жүзеге асыру, ғылыми, әдістемелік және ұйымдастыру жұмыстары осы мекемеге жүктелген. Кеңестің тиімді жұмысының нәтижесінде мемлекеттік тіл деп жариялаған малай тілі қоғамның барлық саласында жетекші тілге айналған. Малайзияда тек малай тілі мемлекеттік мәртебеге ие. Қазіргі кезде малайлар жалпы халықтың 60 %-ін, қытайлар 22,6 %-ін, ал ондаған ұлттар қалған бөлігін құрайды.

Малай тілін дамытудың тәжірибесін Қазақстанда қолдануға болады», - дейді. Ал Қазақстанда қазір қазақтардың саны 70 пайыздан асып кетті.

Біздің талап: Тіл тұжырымдамасы 2023 жылғы 11 сәуірдегі бастапқы нұсқасы қайта қойылып, тұтастай қабылдануы тиіс!

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары:

Қазыбек ИСА,

Максим РОЖИН,

Ермұрат БӘПИ,

Самат МҰСАБАЕВ,

Ринат ЗАЙТОВ,

Еділ ЖАҢБЫРШИН,

Нартай СӘРСЕНҒАЛИЕВ,

Асқар САДЫҚОВ,

Ержан БЕЙСЕНБАЕВ,

Нұрлан ӘУЕСБАЕВ.

Abai.kz

26 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3217
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5261