Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 2913 8 пікір 25 Сәуір, 2023 сағат 13:45

Қытай елшісі не дейді? Біздің СІМ не дейді?

Қытайдың Франциядағы елшісі: «Кеңес шекпенінен шыққан елдердің мемлекеттігі – заңсыз».

«Адамзат тағдырының біртұлғалануы» идеясын көтеріп отырған Қытай басшысы Ши төрағаның сенімді өкілі, Қытайдың Франциядағы елшісі Лушайенің ішінде өзімізде бар 14 егеменді республикаға ұстанған көзқарасы осындай. Елшінің сәуірдің 21-күні Францияның LCI телеарнасына берген сұқбатында айтқан сөзі кұллі батыс жұртының жағасын ұстатты.

Тілшінің «Қырым Украинаның жері ме?!» деген сұрағына Қытай елшісі Қырымның ежелден Ресейдің жері екенін, Кеңес билігі кезінде Хрущевтың Украинаға бөліп бергенін айтқан. Онымен ғана шектелмей «Халықаралық заңнамада кеңестен шыққан республикалардың нақты статусы жоқ, өйткені ешқандай халықаралық келісім-шарт олардың егеменді мемлекет статусын рәсімдемеген» деп салған. Елшінің ойынша Біріккен ұлттар ұйымы мойындаған бүрынғы кеңестік республикалардың егемендігі заңсыз екен. Оған салсақ БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесінің тұрақты жорасы болып табылатын Қытайдың Украина мен Қазақстанға берген ядролық кепілдігінің де құны көк тиын сияқты.

Елшінің ұшқары пікіріне бірінші болып Украина мен Балтық елдері Литва, Естония, Латвия республикалары қатаң позиция білдірді. Қытайдың өз елдеріндегі елшілерін шақырып, түсініктеме беруін талап етті. Олардың тулайтын жөні бар. Қытай елшісі БҰҰ-ның заңын менсінбегенімен Балтық елдері қазір әлемдегі ең қуатты әскери ұйым – НАТО-ның толыққанды мүшесі. Солтүстік Атлант шарты ұйымының жарғысына сәйкес ұйымға мүше кезкелген елдің егемендігіне қол сұғу – аталмыш ұйымға соғыс ашу болып табылады. Жексенбі күні Еуроодақтың 80 депутаты мәлімдеме жасап, Макрон билігін Қытай елшісін елдерінен қууды талап етті. Оған Франция сыртқы істер министрлігі дереу жауап қайтарып, Қытай тарапқа елшінің айтқандары жеке өзінің пікірі ме, жоқ, ресми Бейжіңнің ұстанымы ма, нақты түсініктеме беруін талап еткенін жеткізді. Олар кеңес құрамында болған республикаларды да тізе қоса отырып бұл сандыраққа тойтарыс беруге шақырды. Ұзақ жыл озбырлыққа ұшырап, соңында тәуелсіздік алғандарын есіне салды.

Қытай елшісі Лушайе 1964 жылы туылған. Қытай Халқаралық қатынастар инититутын бітірген. 1987 жылдан бастап дипломат жұмысын бастаған. Көбінесе Африка елдерінде болған. 2016-2019 аралығында Қытайдың Канададағы елшісі міндетін атқарған. Соңғы жылдары Қытайдың Франция мен Мараккодағы төтенше өкілеттігі бар елшісі. Елшінің шектен шыққаны бір рет ғана емес дейді Франция басылымдары. Коронавирус кезінде «Францияның қарттар үйіндегі қариялар аштық пен күтім көрмегендіктен қырылып жатыр» десе, Стратегиялық зерттеу орталығының Қытайға қатысты айтқандарын сынап, қызметкерлерін «сүмелек» деп балағаттаған. «Тайуанды қайтарып алсақ, Шынжаңдағыдай қайта тәрбиеден өткіземіз» деген. Есірік елшіге Франция тарабы осымен үшінші мәрте ескерту жасап отыр екен.

Бұл мәселеге байланысты Қытай Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы кеше дүйсенбі күні: «Қытай Кеңес құрамынан шыққан республикалардың егемендігін мойындайды. Кеңес одағы құлап, аталмыш елдер тәуелсіздігін жариялағанда Қытай алғашқылардың бірі болып олардың егемендігін мойындаған» деді. Ал бұқаралық ақпарат құралдары Батыстың «өз қуырдағын өзіне қуырып» елшінің пікір білдіруге құқы бар екенін алға тартып, онда тұрған ештеңе жоқ, «Балтық елдері орыстан ала алмаған өшін бізден алғысы келеді», «ақпараттық соғыста жеңілмеуміз керек», - деп жазған еді.

Қазақстан СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Қытайдың Франциядағы елшісі Лу Шаеның «Бұрынғы КСРО елдерінің егемендігі халықаралық құқықта мойындалмаған» деген даулы пікіріне қатысты мәлімдеме жасады.

Айбек Смадияров Қытай сыртқы істер министрлігінің берген түсініктемесін қолдайтынын жеткізді.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Франциядағы Қытай елшісінің ұстанымын елемейтінін хабарлады. Оның айтуынша, елшінің ұстанымы жалпы Қытай саясатын  аңғартпайды. Алайда Бейжің билігі елші Лу Шаеның пікірін қолдап-қолдамайтын ашып айтпады.

«Мен Қазақстан мен Қытай арасындағы байыпты қарым-қатынас туралы айтатын барлық тармақты тізіп шықтым. Қытай Сыртқы істер министрлігі өз елшісінің әрекетін түсіндіріп, өз ұстанымына толық реакциясын білдірді», - деді Смадияров.

«Бұл елші Францияда жұмыс істейді, ол жерге қалай нота жібереміз? Ол Парижде жұмыс істейді. Сөздерді аударып, мүлде басқа тақырыпқа әкелмейік», - деді Айбек Смадияров.

Сондай-ақ ол 1992 жылы 2 наурызда Қазақстанның БҰҰ-на мүше болғанын еске салды. Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық байланыстардың тарихына тоқталып, 2022 жылғы 23 желтоқсанда қабылданған құжатқа сәйкес қос ел бір-бірінің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтейтіндігін жеткізді.

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371