Сенбі, 23 Қараша 2024
Қауіп еткеннен айтамын 3341 42 пікір 28 Сәуір, 2023 сағат 12:51

Қытаймен визасыз байланыс: Бақ па, сор ма?!

Бұдан екі күн бұрын сәуірдің 26-сы күні Сыртқы істер министрлігінің Қытаймен визасыз байланыс мерзімін ұзарту жөніндегі заң жобасын қоғамдық талқылау аяқталды.

Әдеттегідей жұрт пікірі екіге жарылды. Жақтаушы топ визасыз байланыстың экономикалық тиімділігін алға тартса, наразы топ визасыз байланыс елде Қытайдың жұмсақ күшінің тамыр тартуына әкеліп соқтырады деп алаңдайды.

Еліміздің Сыртқы істер министрлігі былтыр да коронавирусқа қарсы шаралардың алынбағанына қарамастан елден ерек «жомарттық» танытып, «індет ошағы» болып табылатын Қытай, Үндістан, Иранмен 14 күндік визасыз барыс-келісті жолға қойған еді.

Бұл жолғы заң жобасында Қытаймен визасыз байланыстың уақыты 14 күннен 30 күнге ұзартылып, керек болса бір ғана өтішішпен жалғасты ұзарта беруге болатыны жазылған. Мұның қай тараптың мүддесіне сай жазылғаны айтпаса да түсінікті. Тағы да бір көңілге қонбайтын жері - екі тарап та өздері қарсы алмайтын адамдардың тізімін белгілеп, елге кіргізбеуге құқылы екен. Осыдан-ақ таяқтың ұшының кімге тиетіні бесенеден белгілі болып тұр. СІМ өкілі журналистың: «Қазақстан паспортымен барған қандастарды Қытай тарабы бұрынғы қылмысы үшін тұтқындауы мүмкін бе?!» деген сұрағына міңгірлеп, анық жауап бере алмапты.

Қытай тараптың 2017 жылдан бастап, ондағы қазақтарды телефонынан құран аяттары, ватсап мессенжерлері болғаны үшін жаппай лагерге тоғытқаны белгілі. Экс-депутат, әнші Бекболат Тілеухан мен әйгілі ақын Мұқтар Шахановтың Үрімжідегі шығармашылық кешіне қатысып, олармен бірге фотоға түскені үшін қазақтың талай жастары қудалауға түсті. Қытай халықаралық қысымнан қаймығып, біраз аяқтарын тартқанымен, жымысқы саясатынан әлі бас тартқан жоқ. Өзіміздің Нарынқолмен шекаралас Қытайдың Моңғұлкүре ауданының тумасы, Шынжаң сыртқы істер мекемесінің орынбасар бастығы Қасым Оқанұлының 2021 жылдан бері із-түссіз кеткені белгілі болып тұр. Қасым ағамыз әр жылдары Дүниежүзілік қазақ құрылтайына Қытай қазақтары делегациясын бастап келіп, екі елдің мәдени барыс-келісіне ұйытқы болған екен. Мұқтар Шаханов сияқты қазақтың беткеұстар азаматтарының Қытайдың лауазымды шенеуніктерімен кездесуіне, құрметпен қарсы алынуына мұрындық болған екен.

Ал экономикалық жағына келсек таяуда Шынжаң өлкесінің басшысы ілімізге сапарлап келді. Қытайдың жоғарыдағы батыс елдері «геноцид» деп бағалаған мұсылман азшылыққа озбырлығынан кейін Шынжаңның экономикасына Еуропа мен АҚШ нарығы тарс жабылды. Шынжаңның мақта мен қызанағына, олардан алынатын өнімдерге де қатаң тыйым салды. Шенеуніктеріне санкция салды. Қазақстан мен Орта Азия Шынжаңның бірден бір сауда әріптесі болып тұр. Коронавирус қарсаңында елімізде сұйық май бағасының шарықтап кеткені белгілі. Оған басты себеп ретінде шикізаттың тапшылығы айтылды. Артынан мәлім болғандай ашкөз кәсіпкерлер май алынатын дәнді дақылдарды вагондап Қытайға жөнелтіп отырған екен. Індетті сылтауратып Қытай шекараны жапқанда, Қазақстан халқының аузынан жырып қалған сол шикізат өнімдер кеден бекеттерінде кептеліп шіріп кетті.

Жақындағы Үкімет отырысында Президент қазіргі күрделі геосаяси жағдайға орай үкіметке азық-түлік қауіпсіздігіне ерекше мән беруді тапсырды. Дайын шикізатты Қытайға жөнелте берсек өзіміздің күніміз не болады? Қытайдан туристер ағылса, зат бағасы арзандай ма, керісінше қымбаттай ма? Бұл мәселелердің түйткілін шешуге Үкімет қауқарлы ма? Парламент партасына жаңадан жайғасқан «Жаңа Қазақстандық» депутаттар бұл мәселеге не айтады?!

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

42 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371