Қала құрылысы бетімен кеткен жоқ па?
Біз әдетте қоғам өміріндегі бір маңызды мәселелерді талдап, талқылағанда, ол мәселелердің бүгінгі жағдайын өткен кезеңдермен, көбінесе Кеңес Одағы кезеңімен салыстырып жатамыз.
Әрине ол кезеңде жалпы алғанда адам қызығарлық көп нәрсе жоқ. Қызыл коммунистердің қалған-құтқан өкілдері немесе солтүстіктегі көршілеріміздің бұқаралық-ақпарат құралдарының агрессивті үгіт-насихатының құрбаны болып жүрген отандастарымыз болмаса, қоғамымыздың негізгі бөлегі ол уақытқа қайта оралуға ешқандай зауқы жоғы сөзсіз. Дегенмен, ол кезеңнің де біз үлгі алатын көп тәжірибелері бар екенін айта кеткен жөн. Сондай мәселелердің бірі – ол Кеңес Одағы кезіндегі қала құрылысын жоспарлау және оның барысын қадағалау мәселесі. Біреу білер, біреу білмес ол кезде әрбір қала мәртебесі бар үлкенді-кішілі елді мекендер сол қаланың сәулет және қала құрылысы бөлімі дайындаған, қала құрылысы кеңесінде мақұлданған және жергілікті атқарушы органының (ол кезде қалалық атқару комитеті немесе халық тілімен айтқанда горисполком) құжатымен бекітілген «Қаланы салудың бас жоспарын» («Генеральный план застройки города») қабылдайтын. Бұл жерде мен ешқандай Америка ашайын деп отырған жоқпын. Өйткені қалалардың ондай бас жоспарлары бүгінгі күні де жасалады, мақұлданады және бекітіледі. Айырмашылық басқада, ол сол жоспарлардың орындалуы мен орындалуын бақылауда.
Енді осы мәселенің айналасында, сол екі жүйенің: Кеңес одағы және бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның кезіндегі қала құрылысы бас жоспарының жасалуы мен орындалуы төңірегінде кеңірек сөз қозғасақ. Мен өзім қызмет жасап, куә болған жетпісінші жылдардың аяғы мен сексенінші жылдардағы осы қала құрылысын жоспарлау мен оны қадағалау мәселесіндегі Торғай облысының орталығы болған Арқалық қаласының тәжірибесіне тоқтағым келіп отыр. Ол жылдары Арқалық қаласы 70-80 мың тұрғыны бар шағын қала болатын. Қаланың келбеті мен сәулеті, оның бүгіні мен ертеңі тек қана қала басшыларының ғана емес, сол кездегі облыстың бірінші басшыларының да қатаң бақылауында болатын. Әлі есімде, Торғай облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің қала құрылысына байланысты арнайы өткізген бір жиналысында қала басшылары мен қаланың бас сәулетшісін қалада салынып жатқан кейбір сұрықсыз ғимараттар үшін жерден алып, жерге салғаны есімде. Қалалардың бас жоспары бүгінгі күні қандай түрде жасалатыны маған беймәлім, ал сол сексенінші жылдардағы қаланың бас жоспарында алдағы бес-он жылдары қалада қандай құрылыс салынуы тиіс, қай жерде тұрғын үйлер, қай жерде әкімшілік ғимараты, сауда орындары немесе мектеп, аурухана және бала-бақша сияқты әлеуметтік сипаттағы нысандар нақты көрсетілетін. Тіпті жоспарланып жатқан шағын аудандардағы тұрғын үйлер мен басқа мақсаттағы ғимараттардың қабаттар саны мен биіктігі де реттеліп көрсетілетін. Бас жоспарда жаңадан салынатын аудандарда тек қана таза құрылыстық нормалардың (СНиП) сақталуын ғана емес, оның өзіндік, басқалардан өзгеше бейнесі болуын және қаланың тұтастық ансамбліне үйлесімді болуына айрықша көңіл бөлінетін. Және осы талаптардың бәрінің дәл және нақты орындалуы қатты қадағаланатын. Сол кездері өзіммен көрші тұрған қаланың архитектура бөлімінің қызметкерінің айтуы бойынша, қаланың әрбір аумағы сол өкілетті органның қызметкерлеріне бекітіліп берілетін. Ол қызметкерлер өздеріне бекітілген аумақтарды аптасына екі рет аралап, нәтижесі бойынша бас архитектор өткізетін апталық арнайы жиналыста есеп беретін. Анықталған кемшіліктер, бас жоспарға сәйкессіздіктер мен оны бұрмалаушылықтар, салынған құрылыстан кейінгі төңіректі уақытылы қалпына келтірмеу сияқты фактілерге өте қатаң түрде бұлтартпау шаралары қолданылатын.
Тағы бір сол кездегі, бүгінгі күнге үлгі болатын, тәжірибе – ол жаңа шағын ауданның құрылысы басталмай тұрып ол жерге барлық қажетті инженерлік инфрақұрылым (су, жылу, электр қуаты, газ желілері) тартылуы. Сонымен қатар, жаңа шағын ауданда тұрғын үйлермен қатар барлық әлеуметтік инфрақұрылым да (мектептер, бала-бақшалар, емханалар, т.б.) салынып бастайтын. Тұрғындар жаңа қоныстарына көшкенде сол әлеуметтік нысандар дайын болып, тұрғындарға өз қызметтерін көрсете бастайтын.
Ал енді бүгінгі күнге келсек, осы мәселе тұрғысында жағдай қалай? Біріншіден, бірден айта кетейік, мен жоғарыда ескерткендей, бүгінгі күні де Қазақстанның барлық қалалары, тиісті органдармен бекітілген, қала құрылысын салудың бас жоспарлары бар. Қазір де бұрынғыдай әр облыста, қалада өздерінің архитектура және қала құрылысы басқармалары мен бөлімдері қызмет атқарады. Оның сыртында әр облыста сәулет-құрылыс саласына мемлекеттік бақылау жасайтын, осы сала бойынша аттестаттау, лицензиялау, аккредиттеу мәселелерімен айналысатын мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармалары жұмыс істейді. Бұрын да осылай болатын. Аса көп өзгеріс жоқ. Бүгінгі күні де осы қызметтерді атқаратын, олардың жұмыстарын заңдастыратын, оларға бақылау жасайтын қызметкерлер де, мемлекеттік органдар да жеткілікті. Бірақ, бірақ түпкі нәтиже аспан мен жердей. Тағы да бір қаланың тәжірибесіне сүйенсек. Бүгінгі күні өзім тұратын Ақтау қаласын алайық. Ақтауда да қала құрылысының бас жоспары бар.Ол тиісті қалалық органдарда қаралған, қала құрылысы кеңесінде (градсовет) тыңдалып, мақұлданған. Бірақ өздеріңіз түсініп отырған шығарсыздар, бас жоспар бір басқа, ал қаланың нақты бейнесі тіпті басқа. Қазіргі күні қала құрылысы толығымен коммерциялық негізге көшкен сияқты. Өйткені кез-келген қаржылық мүмкіндігі мол кәсіпкер қаланың өзі таңдаған жерінен алақандай бос жер тапса, еш қиындықсыз рұқсат құжаттарын алып жатқанының куәсі болып жүрміз. Ол жер балалардың ойын алаңы ма немесе автокөлік тұрағы ма, әлде тұрғындардың демалатын шағын саябағы ма, оған қарайтын ешкім жоқ. Әрине, бұл тек қана Ақтауға ғана тән емес, бүгінгі күні барлық қалалардың ауруы. Бұл «точечная застройка» деген бәлеге тоқтау салатын ешкім болмай тұр. Сонымен қатар, мен тек осы Ақтау қаласында ғана, жаңа шағын аудандарды әлеуметтік инфрақұрылымсыз салу тәжірибесін, көрдім. Осыдан алты-жеті жыл бұрын басқа бір шаруамен қаланың әкімінің қабылдауында болып, жол-жөнекей неге қаланың соңғы кезде салынған жеті-сегіз шағын аудандарында мектеп жоқ деген сұраққа әкім мырза шарасыздықпен, ол аудандардағы жердің бәрі маған дейін кәсіпкерлерге сатылып кеткен деп жауап берді. Ал менің, қаланың бас жоспарында ол шағын аударында мектеп, бала-бақша, емханалар қарастылмаған ба, деген сұрағыма жауап ала алмадым. Нәтижесінде, бүгінгі күні мен өзім тұратын 17-шағын ауданда (қаладағы ең халық көп тұратын аудан) менің есебім бойынша кем дегенде 4-5 мың мектеп жасындағы балалар тұратын болса, өздеріңіз шамалап отырған шығарсыздар аудан тұрғындарының қандай қиын жағдайда тұрып жатқанын. Таңертеңгі сағат сегіздерде осы жерден шығып басқа аудандардағы мектептерге баратын осыншама бала автобусты штурммен алатынын көз алдарыңызға елестетіп көріңіз. Оған және қоғамдық көліктердің жұмысының сын көтермейтінін қоссаңыз толық картинаны елестете аласыз.
Қала құрылысының бей-берекет, жоспарсыз жүруінің тағы бір дәлелін келтіре кетейін. Ақтауда соңғы үш-төрт жылдың көлемінде тұрғындарды қуат көздерінің негізгі түрлерімен қамтамасыз ету жылдан-жылға нашарлауда. Өйткені қаладағы бүгінгі күні жұмыс істеп тұрған қуат көздерінің мүмкіндіктері жыл сайын қарқыны тасып келе жатқан коммерциялық негіздегі салынып жатқан тұрғын үй немесе басқа мақсаттағы нысандардың қажеттіліктеріне ілесе алмай отыр. Егер жылумен қамтамасыз ету мәселесін барлық жаңа нысандарға автономды қазандық салу жолымен шешсе, судың және электр қуатының қажеттілігін толық өтеу мүмкін болмай отыр. Әсіресе қаланы сумен қамтамасыз ету мәселесі төтенше жағдай деңгейінде деп айтуға болады. Нәтижесінде қала тұрғындары жаз айларында екі күннің бірінде сусыз қалып отырады. Осының бәрі қала басшылығының, қаланың тиісті құрылымдарының қаладағы құрылыс нысандарын, оның ішінде ең алдымен тұрғын үй құрылысын салуды ешқандай жоспарсыз, бетіне жібергенінен деп айтуға болады. Ал қаладағы қуат көздерінің мүмкіндігін көбейту мәселесі облыс және қала басшыларының есіне, әлгі орыс ағайындар айтатын «қуырған әтеш бір жерін шұқыған» кезде ғана еске түсетін сыңайлы.
Қазір соңғы уақытта қала құрылысы саласында тағы бір модаға айналған мәселе, ол құрылыс салушы компаниялардың қаладағы өкілетті органдардың, бірінші кезекте архитектура бөлімі мен сәулет-құрылыс саласына мемлекеттік бақылау жасау департаментінің берген ескертпелерін, нұсқауларын, талаптарын ескермеу. Нәтижесінде қалада соңғы жылдары рұқсатсыз салынып жатқан немесе құрылыс нормалары мен ережелері (СНиП) өрескел бұзылып жатқан құрылыс нысандарының саны көбеюде. Бұл мәселеде қаланың өкілетті бақылаушы органдарының өздеріне заң шеңберінде берілген құқықтарды дұрыс пайдалана алмай, жоғарыда айтылған заң талаптарының бұзылуына немқұрайды қарауы түсініксіз. Тағы да өткен кеңес заманының тәжірибесіне сүйенсек заңды бұзған құрылыс компаниясының басшысы бірінші рет ескерту, екінші рет сөгіс алатын, ал үшінші рет жұмыстан босайтын немесе сотқа жіберілетін. Әрине, қазір уақыт та заң да басқа, қабылданатын шаралар да басқа. Егер сол өкілетті органдардың өкілдері жалпақ шешейлік принципті ұстанбай, заң шеңберіндегі өздерінің құқықтарын дұрыс пайдаланса, көп жағдайлар басқаша шешілер еді. Тек қана прокурорлық бақылаудың нәтижесінде қаладағы салынып жатқан 107 нысан заңсыз құрылыс деп танылған. Оның он екісін бұзу туралы сотқа талап-арыз түсірілген. Бір ғана мысал: Тоғыз қабатының құрылысы салынған «Әлем Тауерс» тұрғын үй кешені осындай себептерге байланысты бұзуға шешім шығарылған. Осы мәселеде облыстық Сәулет-құрылыс саласына мемлекеттік бақылау департаменті қызметкерлерінің шарасыздығы кім-кімде де болса наразылық сезімін тудырады. Неге сол нысанды екі жыл бойы тоғыз қабатты салғанға дейін күтіп жүреді. Аталған мемлекеттік органның құзырында ескертпеден де басқа заңды да тиімді құқықтар бар ғой. Неге нысанның құрылысын бастаған кезінде тоқтатпады деген сұрақ әркімнің де көкейінде тұрады. Нәтижесінде қазір сол нысанға қаражат салған қаншама үлескерлер зардап шегіп отыр. Оның үстіне нысанды бұзу қала экологиясына қаншама зиян әкелетіні де белгілі.
Мен бұл мақаламда қала құрылысының жоспарлануы мен оған бақылау жасау төңірегіндегі проблемалардың туындауына әкеліп соғатын бірнеше басты себептерге ғана тоқталдым. Әрине бұл мәселе тек қана Ақтау қаласына ғана тән емес. Күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарында, ғаламтордың интернет-порталдарындағы ақпараттарға сүйенсек аталған мәселелер барлық облыс орталықтарына, тіпті Астана мен Алматыға тән проблемалар. Сондықтан, бұл проблема республика деңгейінде: Берісі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, ал әрісі ҚР Үкіметі мен Парламенті деңгейлерінде қаралып, қажет болған жағдайда тиісті заңнамаларға өзгеріс енгізілуі арқылы өз шешімін табу керек деп ойлаймыз. Олай болмаған жағдайда, біздің қалаларымыз жақын келешекте, біз армандап жүрген ақылды қалалардың орнына, экологиясы бұзылған, тұрмысқа бейімделмеген, бір-біріне жапсыра салынған стандартты қораптардан тұратын, сұрықсыз қалаларға айналатыны сөзсіз.
Сәмет Ықласұлы
Abai.kz