«Лад» тағы сандырақтай бастады
Кейінгі кезде орыс тілінің мүддесін қорғайтын кейбір ақпарат құралдарынан «Қазақстанда латын әліпбиіне көшу мәселесі көтерілгелі бері орыстар тарихи Отанына кетіп жатыр» деген ақпаратты көзіміз жиі шалып жүр. Бір қызығы, елімізде ұлтқа, тілге қатысты қандай да бастама сөз етілсе болды, кейбір арандатуға құмар топтар осындай жаңсақ ақпарат таратуды әдетке айналдырған. Бұл әрине, халықтың көңіл-күйіне әсер етпей қоймайды.
Кейінгі кезде орыс тілінің мүддесін қорғайтын кейбір ақпарат құралдарынан «Қазақстанда латын әліпбиіне көшу мәселесі көтерілгелі бері орыстар тарихи Отанына кетіп жатыр» деген ақпаратты көзіміз жиі шалып жүр. Бір қызығы, елімізде ұлтқа, тілге қатысты қандай да бастама сөз етілсе болды, кейбір арандатуға құмар топтар осындай жаңсақ ақпарат таратуды әдетке айналдырған. Бұл әрине, халықтың көңіл-күйіне әсер етпей қоймайды.
Жақында russianskz.info сайты Михаил Александровтың «Қазақстан мен Қырғызстандағы орыс мәселесі: жағдай оңалар емес...» деген мақаласын көшіріп басыпты. Онда автор Қазақстанның Кедендік одаққа мүше екендігін баса айта келе, «Еуразиялық одақ құруға ұмтылып отырған мемлекеттен орыстар тағы да қашуда» деп жазады. «Соңғы жарты жылда Астана жақтан Ресейге қатысты жағымсыз әңгімелер желдей есіп жүр. Әуелі Қазақстан билігі Байқоңырға қатысты жаңа шағым айтып, сосын латын әліпбиіне көшу туралы мәлімдеме жасады. Ал шын мәнінде, кириллица әліпбиі қолданысқа енгенге дейін қазақтардың не жазуы, не мемлекеттігі болған емес. Соған қарамастан кейбір жергілікті ұлтшылдар орыс тіліне тыйым салу туралы референдум ұйымдастыруға тырысып бақты. Сорақысы сол, бір-екі күндікте «2013 жылы Қазақстаннан Ресейге кеткісі келетін орыстар санының екі есеге артып отырғандығы туралы ақпарат түсті», - дейді ол.
Мұны қалай түсінуге болады? Қазақ зиялылары кириллицаға дейін де жазу-сызуды қалыптастырып, ағартушылық бағытта қыруар шаруа атқарғаны белгілі. Әрине, сонау қилы заманда өмір сүрген Абай, Ыбырай, одан бергі Алаш қайраткерлері де білім мен мәдениеттің қайнар көзін орыс тілінен алып, жадына тоқыды. Алайда, кирилл әліпбиіне дейін қазақта ештеңе болған жоқ дегені қай сасқаны? Ал автордың қазақ мемлекеттілігі жөнінде қандай да бір кесімді пікір білдіруге құқы бар ма? Ол әрбірден соң Қазақ мемлекеттілігінің негізі Жәнібек пен Керей ханның тұсында қаланғанын біле ме екен?! Сөйте тұра, бүгінде тәуелсіздігін алып, әлемге «Қазақ» деген халықтың, «Қазақ» деген ұлттың бар екендігін мойындата бастаған Қазақстанды «орыстарсыз өмір сүре алмайды» деп ескі әләулайға басады. Жылайсың ба, күлесің бе?!
Ресейдің Қазақстандағы елшілігіндегі консулдық бөлімнің отандастарды өз еркімен қоныстандыру бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі уақытша жұмыс тобының жетекшісі Марина Пустэконың айтуынша, мемлекеттік бағдарлама іске қосылғаны бері Астана қаласының өзінен 22 600 отандас хабарласса, 4350 қоныс аударушы куәлік алып үлгеріпті. Олардың көбі балаларының болашағына алаңдаулы екен. Маманның пікіріне сенсек, негізінен жоғары білімі бар жастар кетіп жатқан көрінеді.
Ал республикалық «Лад» славян қозғалысының төрағасы Максим Крамаренко: «Қазір Қаақстанда элитаны табиғи жаңарту процесі жүріп жатыр. Осы кезде орыстарға қатысты саясат құлдырауы мүмкін. Себебі, жақын арада мемлекеттік басқаруға бұрынғы кеңестік дәуірді білмейтін буын келеді. Олар тек жергілікті тарих оқулықтарынан Ресей мен орыстың қазақ өміріндегі рөлін біржақты және кереғар етіп берген деректерді, яғни «Ресей - халықтар түрмесі», «Ресей қазақ халқына геноцид жасаған» деген сияқты қара күйе жаққан мәліметтерді ғана біледі. Дәл осы жағдай Қырғызстанда да көрініс беруде. Екі мемлекеттің тарих оқулықтарында Ресей қысым көрсетуші, қанаушы ретінде сипатталса, орыстар отарлаушы ретінде көрінеді. Бір айта кетерлігі, орыс мамандарының арқасында кәсіпорындар, мектеп, университеттер, қалалар құрылысы салынып, пайдалануға берілгендігі, олардың ұлттық элитаны тәрбиелеуде белсенді көмек көрсеткендігі туралы бірауыз сөз жоқ», - деп бәйек болады.
Тағы да бос сандырақ. Бүгінде қазақтың өз тарихы түпкілікті деңгейде жазылып біткен жоқ. Оқулықтарда әлі күнге кеңестік идеологияны насихаттайтын деректерден көз сүрінеді. Тіпті, Елбасы Н.Назарбаевтың өзі тарихшы ғалымдарға құлаққағыс етіп, Қазақстан тарихын қайта зерделеп жазу керектігін қадап айтқан болатын. Өз қолымыз өз аузымызға жетсе де, бұл үдеден шыға алмай келе жатқанымыз өкінішті. Кеңестік империяның қазақ даласына жасаған озбыр саясатын тарихтан білсек те, мектеп оқулықтарына толыққанды енгізуге дәрменіміз жетпейтін сияқты. Егер тарихшы-ғалымдар нағыз, шынайы тарихты көз алдымызға әкелсе, Крамаренко сындылардың өті жарылып кететін шығар, кім білсін?!
Ресей стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Аджар Куртовтың мәліметінше, Қазақстандағы сауалнамаға қатысқан орыс отандастарының 51,8 пайызы қоғамда, жұмыс орнына орналасу кезінде құқығының тапталып жатқандығын айтыпты. «Ұлтаралық келісімді» ұлықтаған республикадағы жағдайдың түрі осы. Сондықтан ресейлік диаспора Қазақстан билігіне сенбейді. Сауалнамаға қатысқандардың 19 пайызы өз құқын қорғау үшін орталық және жергілікті билік органдарына иек артатындығын айтса, респонденттердің 36,5 пайызы Қазақстан мемлекетінен ешқандай қорғау шарасын күтіп отырмағандығын білдіріпті. Ал «Ресейге біржола кету үшін сізді Қазақстанда не ұстап тұр?» деген сауалға респонденттердің 14,9 пайызы «Қазақстанда орыстарға жақсы қарым-қатынас жасайды» десе, 51,9 пайызы «мұнда менің туған-туыстарым тұрады» деп жауап беріпті.
Қалай десек те, әрбір ұлт, әрбір халық өз Отанында ғана бақытты. «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне» демей ме?! Қазақ онсыз да толеранттылығының арқасында қаншама ұлт пен ұлыс өкілдерін құшағына сыйғызып келеді. Бүгінде еліміздегі әрбір диаспора өкілі қазақтан артық тұрмаса, кем өмір сүрмейді. Бұл - бір. Екіншіден, Қазақстанда басқа ұлт өкілдерінің құқығы тапталып, қысым жасалып жатыр дегенге сену қиын. Сол теперішті басқа емес, қай жерде де қазақтың өзі көріп жүргені айдан анық. Соған қарағанда, «Лад» славян қозғалысының жетекшісі Максим Крамаренко қоғамда үндерінің аракідік естілуі үшін дәл осылай шәуілдеп қоятын саясатқа көшкен сияқты. Әйтпесе, айтып отырған пікірінің біреуінде сөл жоқ. Бұған «Ит үреді, керуен көшеді» деп қана қараудан басқа шара жоқ.
Дос Көшім, саясаттанушы:
- Олардың айқайларының бәрі дәлелсіз, уәжсіз. Қазақстан мемлекеті латын әліпбиіне көшу мәселесін талқылап жатса, бұл қазақ халқының, қазақ тілінің реформасы. Оған басқа ұлт өкілдерінің ешқандай сын, пікір айтуына қақысы жоқ. Сосын осы елдің суын ішіп жүрген адамдардың қазақ үкіметінің тілдік реформасына қарсы шығуы олардың ішкі пиғылдарының қара екенін, таяз екенін көрсетеді. Тағы бір айта кетерлігі, біздің бұрынғы тарихымыздың, тіліміздің тарихын керек десеңіз орыс ғалымдарының бәрі дәлелдеп шыққан. Белгілі аксиомаға сөз таластыру ақымақтық болып саналады. Олар бірдеңені бықсыта береді. Қазақ халқы белгілі дәрежеге жетіп, даму кезеңін көрсеткен сайын, өзінің жоғалған ұлттық құндылықтарын түгендеген сайын, олардың қышуына тиетін сияқты. Бұл баяғы буржуазиялық шовинистік көзқарастың қанында қалғандығының белгісі. Бүкіл орыстілді халық осындай деп отырғаным жоқ. Әлгіндей белгілі бір шуылдап жүретін «Лад» сияқты қозғалыстары ғана. Қазақ «Қарап отырғанша, қалғып отырайық» демей ме? Әйтеуір бірдеңе деу керек. «Бізді қысып жатыр, қуып жатыр» деп айтайын десе, ешкім қысып та, қуып та жатқан жоқ. Сонымен өздерінен өздері жау іздеп, арандатушылыққа барып жатады. Сондықтан оларға сөзімді шығын қылғым келмейді.
Марат Бөтеев, «Алаш үні» қоғамдық бірлестіктер Одағы төрағасының орынбасары:
- «Лад» «атың шықпаса, жер өртені» негізгі қағидасы етіп, Ресейдегі шовинистер бөлген ақшаны игеру үшін, Қазақстан қоғамында өздерінің «бар екендігін» тағы бір рет көрсетіп қалу мақсатында болар, «Қазақ елі латын әліпбиіне көшетін болғандықтан славяндар Қазақстаннан жаппай көшіп жатыр» деген дабыра-дақпырт шығарыпты. «Біз келгенге дейін жабайы қазақ әліпби дегеннің не екенін де білмеген» деп те сандырақтаған олар ұлы даланың сонау Күлтегіннен бастау алған әл-Фараби, Қадырғали Жалаири мен кешегі Абай, Шәкәрімдер, олардың грек ойшылдары жасап берген кириллицасынан да өміршең, бай, мағыналы әліпбилермен ұрпақтарына қаншама құнды жәдігер қалдырғанын біле ме екен? Меніңше, бұл арандатушылардың сандырақтарын елемеу керек сияқты.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ
"Түркістан" газеті