Жұма, 22 Қараша 2024
Білгенге маржан 3894 8 пікір 1 Маусым, 2023 сағат 12:45

Әбілқайыр баһадүр – қазақтың аға ханы

Әбілқайыр ханның 330 жылдығына орай

Қалмақ хандығы әскерлерінің Қазақ хандығына жасаған шапқыншылығын Тәуке ханмен аталас төре тұқымдарының бірі, Жәнібек ханның кіші ұлы Өсекеден тараған Бөлекей сұлтанның ұрпағы Қажы сұлтан да бастан кешіп жатқан. Ол бауыры Бөлекейұлы Батыр ханмен қатар өскен бұтақ өкілі болатын. Қажы сұлтан күллі өзіне қарасты әулетімен, балаларымен (ішінде ортаншы ұлы, болашақ Әбілқайыр хан бар) Сырдың төменгі ағысында өмір сүрді. Қарақұм атырабын қыстап, жаз айларында Торғай мен Ырғыз өзендерінің жоғарғы ағысында, Жемге таяу маңда көшіп-қонып жүретін. ХVІІ ғасырдың соңына қарай осы аумақты мекендейтін қазақтар Еділ қалмақтарының әскери шабуылдарына жиі-жиі ұшырады. Осындай ахуалда жасөспірім Әбілқайыр шайқасқа ерте араласып, ұрыстарда танытқан ержүректігімен, батырлығымен ерекшеленді. (Ресми тарихи әдебиетте ол 1693 жылы дүниеге келді деп жазылып жүр. Алайда  Әбілқайыр ханның өмір жолын терең және жан-жақты зерттеп, теңдессіз ғылыми-зерттеушілік жұмыс жүргізген тарихшы Ирина Ерофеева оны ХVІІ ғасырдың 80-ші жылдарының орта кезінде туған деп санайды. Оның тамаша жұмысын және өзге де тарихи мағлұматтарды салыстырып қарастыра келе, біз бұған сәл түзету енгізіп, Әбілқайырды Тәуке хан таққа отырған шамада – 1680 жылдары дүниеге келген деген ойға тоқтадық). 1698 жылы Қазақ хандығы оңтүстік-шығысынан Жоңғар хандығының жойқын шабуылына ұшырағанда, солтүстік-батысынан Қалмақ хандығының жасақтары да жер-суына тарпа бас салды. Аюке ханның орыс патшасы әскерімен түрлі соғыстарда бір сапта шайқасып көп тәжірибе жинақтаған жауынгерлері жақсы қаруланған, әскери өнерге кәсіби машықтанған болғандықтан да, көп жағдайда  қазақтардан әлдеқайда басым түсіп жүрді. Алайда, отанын қорғап жүрген себепті, қазақ сарбаздарының рухы мықты болатын. Олар өздерінен күшті жаудан жеңілгенмен, құты қашпайтын, еңсесін түсірмейтін.

Ұрыстар арасындағы бір бейбіт сәтте жасөспірім Әбілқайырды көпке әйгілі қазақ батырының қалай көріп, танысқанын және бір көргенде қандай деңгейдегі бағалаумен әспеттегенін айта кетейік. Бұл жөнінде ғасырлар бойы ел ішінде сақталған аңызды дала төсінде айдауда болған әлдебір орыс зиялысы жазып кеткен екен. Өз аты-жөнін көрсетпей, «Невольник», яғни «Бас бостандығы жоқ» деп қол қойып, «Предание о киргиз-кайсацком хане Абулхаире» («Қазақ ханы Әбілқайыр туралы аңыз») деген тақырыппен ХІХ ғасырдың соңында Торғай облыстық баспасөзі бетінде жариялапты. Аңызды ғылыми айналымға Ерофеева енгізді. Сондағы жоғарыда аталған эпизодты әңгімелейік. Бір ғана өзгеріс – батырдың есімін нақтылаймыз. Біздің ойымызша,   Әбілқайырды ХVІІ ғасырдың соңында, яки ХVІІІ ғасырдың алғашқы жылдарында кезіктірген – кейін ханның сенімді серігіне айналатын Жәнібек батыр емес (өйткені бұл шақта ол тым жас – 1693 жылы туған), дұрысы – Жәнібектің әкесі Қошқар батыр болса керек. Аңыз сонысымен де аңыз, уақыт өте келе кей деталь бейкүнә өзгеріске ұшыраған ғой деп ойлаймыз. Сонымен... Ұлы Дала. Түс кезі. Есімі елге әйгілі, ерлігіне бек разы халық тік тұрып құрметтейтін Қошқар батыр дулығасы күнге шағылыса жалтылдап, жасағының алдында желіп келеді. Алдынан жеке-дара өсіп тұрған қалың бұтақты ағаш көрінеді. Ағаштың жанынан өтіп бара жатып, батыр тізгінін тартады. Жасақ оның қос қапталынан, қаумалай тоқтайды. Бәрінің назары батыр қараған жаққа ауады. Ағаш түбінде аса көркем бір жасөспірім жігіт қатты ұйқы құшағында жатыр екен. Жәнібек батыр оған сүйсіне қарайды. «Өрімдей жас, алайда неткен өр кескін! Қуат пен жігер төгуін қара... Мына балауса бозбаланың қанында тектілік бар!» – деп сүйсінеді ол. Жан-жағынан қаумалаған сарбаздарына жүзін бұрып: «Қараңдаршы, – дейді, – құшағын қалай батыл да кең жаза жайып жатқанына көңіл бөліңдерші! Ол құдды өзінің қажырлы қолдарымен бүкіл әлемді құшақтап алғысы келетіндей!» Сарбаздар ауыздығымен алысқан аттарының басын тартып, жетекшілерінің аузына қарайды. Батыр ұйықтап жатқан жігіттің әдеттегіден тыс ғаламат көркіне сүйсінгеннен, оған ат үстінен есі кете үңіліп тұрып: «Бұл баланың болашағы зор. Айтпады демеңдер!» – дейді. Сосын ұзын найзасының ұшымен бозбаланың қолын түртіп қалады. Сол-ақ екен, бала жігіт оянып кетеді. Қошқар батыр найзасын кері тартып алуға үлгерер-үлгерместен, жолбарысша серпімді қимылмен орнынан атып тұрады. Жанында жатқан садағын ала көтеріледі. Тұрған бетте жебені батырдың кеуде тұсына бағыттайды. Садақ жағын кере тартып, атуға әзір өжеттігін танытады. «Тоқта, жанкешті бала, тоқта, – деп айқай салады батыр, – таста садағыңды, мен Қошқар болам! Қошқар батыр жайында талай естіген боларсың, сенің садақ кезеніп тұрған – сол, Қошқар батыр! Мен саған жау емеспін. Мен саған жақсылық тілейтін дос болам!»  Бала жігіт садағын кезеп тұрған қалпы, батырдың бетіне тік қарап, өр үнмен: «Мейлі, сен  атақты Қошқар батыр болсаң – бола ғой, бірақ сенің өз бетінше тыныш жатқан адамды мазалауың қалай? Ал мен Әбілқайыр сұлтанмын! Әлдекімнің ат үстінде отырып, өзімді найзамен түрткілеуіне мен төзбеймін!» – дейді. Батырдың нөкерлері мына бейтаныс бозбаланың өжеттігі мен жасына сай емес өркөкірек менмендігіне қайран қалады. Аңырып, бір-біріне қарасады.  Жабыла қамшының астына алып, жуасытып жіберсе қайтер еді?! Бірақ Қошқар батыр бейтаныс бозбаланың қылығына разы болғаны сондай, бәрін одан сайын таңырқатып, атынан түседі де, татуласу ниетін көрсетіп, өжет балаға қолын өзі созады. Сонда бала жігіт садағын төмен түсіреді. Басын иіп, ізет көрсете тұрып, ел қадірлеген батырдың қолын қысады. Жас Әбілқайыр сұлтан ел таныған дала батырымен осылай танысады. Бұл кезде Қошқар батырдың баласы Жәнібек әлі жеті-сегіз жаста ғана. Ол да әке жолын қуа келе, ел қорғанына айналған батыр, Шақшақ  Жәнібек атанады. Сосын Әбілқайыр баһадүр ханмен үзеңгілес болады.

Ал оған дейін Әбілқайыр едәуір тағдыр талқысынан өтеді. Небір шайқастарды бастан өткереді. Ұтады да, ұтылады да. Еділ ойраттарының қолбасылары оны тұтқынға түсіреді. Олар жүрек жұтқан жас қазаққа әрі таңдана, әрі қызыға қарайды. Бұл кезде олар аса қуатты еді. Көптеген сәтті әскери жорықтары барысында қалмақтардың да, олардың бас әміршісі Аюке ханның да беделі арта түскен. Сол 18-ші ғасырдың басында Қалмақ хандығының ішкі саяси жағдайы әлдеқайда нығайғаны сондай,  әлі де патшалық қармағына түсе қоймаған көрші аймақтарға өктем билік жүргізуге тырысқан. Осы реттегі оның өзге көршілерінен басымдығы көзге ұрып, тиісінше, абыройлылығы артқан, халықаралық дәрежеде танылған. Осындай биік мәртебеге жеткен Аюке ханның құзырында едәуір өзге жұрт өкілдері, солардың ішінде, қалмақтардың жеңісті жорықтарының бірінде әлдеқандай тағдыр талқысымен тұтқындалған жас Әбілқайыр сұлтан да қызмет еткен еді.

Қалмақ хандығында еркінен тыс өткізген уақытын жас Әбілқайыр нәтижелі өткізіп, пайдасына асыра білді. Батыл, зерек, ақылды жас батыр сол шақтағы аса беделді және танымал дала қолбасшыларының бірі ретінде мойындалған Аюке ханның әскери істі қалай ұтымды түрде қайта құрып алғанын зерделеді. Оның жүзеге асырып отырған ел басқару жүйесін парықтады. Қалмақ ханының әскери-саяси қызметіндегі елеулі озық тәжірибені аңғарып, ол жүзеге асырған амалдың – байырғы дала әдетіне еуропалық дәстүрлерді кіріктірудің анық артықшылықтарын байқады. Не керек, құдай бойына аса зор күш-қайратқа қоса дарытқан ақыл-ойдың арқасында, Әбілқайыр сұлтан өзінің еркінен тыс біраз мезгіл уақытша әміршісі болған Аюке ханның қызметінде жүріп, оны  белгілі дәрежеде жауынгерлік шаруа мен мемлекеттік істерді ұйымдастыруда өнеге көрсеткен ұстазы ретінде де қабылдағандай болды. Ақыры, танығаны мен үйренгенін, қол жеткізген білігін өз елі игілігіне жұмсайтын шақ туғанын түйсінді. Сөйтіп, Еділдің төменгі ағысындағы Қалмақ хандығында өткізген азын-аулақ уақытынан кейін, Әбілқайыр сұлтан өзінің туып-өскен өңіріне – Сыр суына шектесетін дала мен Қарақұм алқабында өмір сүріп жатқан туған-туысқандары арасына қайтты. Елге оралғаннан кейін тез арада айналасын өзінің жеке басының батырлығымен бірге, шайқас жүргізудегі өте оңтайлы тәсілдерді ұйымдастыра білетін әскери шеберлігімен қайран қалдырып, мойындатты. Ұзамай қазақтар мен қарақалпақтардан құралған жасақты бастап, башқұрт елінен бір-ақ шықты.

Қаһарлы Иван (Иоанн Грозный) тұсында бодандыққа түскен башқұрттар орыс тағына Романовтар келгелі бері айрықша қысым көріп жүрген. Башқұрт жер-суы талан-таражға ұшыратылып, атамекендеріне шекаралық бекеттер, қамалдар, патшалықтың өз тұрғындары ғана жайлаған елді мекендер, христиан монастырьлары салынды. Тарихи құқтары тапталып, бостандықтарынан айрылған башқұрттар 17-ші ғасырда әлденеше рет көтеріліске шығып, жерге, дінге байланысты көптеген талаптарын орындатуға қол жеткізе алған. Алайда патшалық қашанда өз озбырлығында бір қадам шегінсе, артынша екі қадам ілгерілеп, небір жәдігөй әрекетке баратын. Оның үстіне, өкіметтің башқұрт ішіндегі пайдакүнем шенеуніктері өкілеттіліктерін асыра пайдаланып, қилы зорлық көрсету жолымен, бодандардан заңда жоқ алым-салық алған. Сондай қысымдар салдарынан башқұрттар 1704 жылы қайта көтерілді. Алты-жеті жылға созылған бұл көтерілістің белгілі бір кезеңінде, 1708 жылдар шамасында, башқұрттардың орыс патшалығының әскерлеріне қарсы шайқастарына  Әбілқайыр сұлтан да атсалысты. Ол мұнда башқұрт жетекшісі Алдар Есенгелдиннің шақыруымен келген еді. Өзі бастап әкелген қазақ-қарақалпақ одағының құрама жасағы патша әскеріне қарсы белсенді ұрыстар жүргізді. Осы шақта Әбілқайыр өзі игерген және машықтанған әскери өнерін бастап әкелген жасағы мен көтерілісшілерге риясыз үйретті. Соғысудың қыр-сырымен бөлісіп, өз әскеріне де, башқұрт жасақтарына да шебер жетекшілік етті. Соның нәтижесінде башқұрт көтерілісшілері мен оларды қолдаушы сарбаздар Сарытау (Саратов), Астрахан, Самара, Қазан, Вятка, тіпті Кавказ бен Тобылға дейін  ат ойнатқан. Әбілқайыр баһадүрдің жеке басының ерлігіне, жаугершілігіне, әскери қолбасылық қабілетіне тәнті болған башқұрттар оны өздерінің ханы деп атады.

Терістіктегі башқұрт көтерілісінің соңғы кезеңінде орыс өкіметіне қару алып қарсы тұру оңтүстікте 1708 жылы қайтадан өрістеді. Ол Қазақ хандығының уақыт өткен сайын үдей түскен жоңғар басқыншылығына қарсылық көрсету шараларын ұйымдастырып жатқан шағына сәйкес келді. Күрделі саяси жағдайды жан-жақты сарапқа салған Тәуке хан, жоғарыда айтқанымыздай, ел билігіне реформа жасауды қолға алған. Соған орай Әйтеке би бастаған бас адамдар башқұрт елінде орыс әскерімен соғысып жүрген Әбілқайыр сұлтанның елге қайтуын сұраған. Содан, қазақ-қарақалпақ қолын басқарып, башқұрт көтерілісін қолдауда едәуір табысты жеңістерге жеткен, еуропалық жалпақ өңірде де жиһангер, қолбасшы ретінде кеңінен танылған Әбілқайыр баһадүр туған еліне оралады. Оралысымен, ойраттардың екі тұстан да жасап жүрген шапқыншылығына қайтіп төтеп беруге болады деген өмірлік мәселені ақылдасқан бас қосуларға қатысады. Осы тағдырлы сауалды қарастыру үшін (тарихта Қарақұм құрылтайы деген атаумен әйгілі болған) халық өкілдері жиналысын шақыруға белсене атсалысады. Қарақұм құрылтайына қатысқан Кіші жүзден және Орта жүздің бір бөлігінен келген билер мен рубасылар, ақсақалдар, басқа да бас адамдар  1710 жылы Әбілқайырды хан лауазымына сайлайды және осы екі жүзден жауға қарсы жасақталатын әскердің бас сардары етіп тағайындайды. Әбілқайыр хан мемлекеттің Түркістандағы орталық ордасында отырған Бас хан Әз Тәукенің батыс өлкедегі арқа сүйейтін сенімді тірегі, қазақ хандығының қабырғалы, қарымды қорғаушысы ретінде қабылданады.

Арал теңізінің солтүстігіндегі Қарақұмда өткен Қаракесек құрылтайын тарихта Қарақұм құрылтайы деп те, Қаракесек құрылтайы деп те таңбалай береді. Өйткені бұл жиын болған Қарақұм алқабын негізінен Қаракесек ру-тайпалары мекендейтін. Осы халық құрылтайына шартараптан жиналған жұртшылық өкілдері (төрелер, билер, рубасылар, өзге де түрлі шонжарлар, ақсақалдар, батырлар, сарбаздар) өздерінен күші басым қаһарлы жауға жұмырықша жұмылып, бүкіл ел-жұрт болып бірігу жолымен қарсы тұрамыз деп бір ауыздан шешкен. Шешім аса күрделі, қайғылы-зарлы жан күйзелісі бұрқаған ауыр ахлақтық ахуалда қабылданды. Құрылтайда әуелде күйзелісті елдің үмітін үзе түскен күңіреніс орнап тұрды. Ақылман ақсақалдың бірі мәселені тереңнен қозғап толғанған-ды. Қасым хан заманынан бері біз салт еткен ұстаным қандай еді деп аһ ұрған... Ауыздан ауызға беріліп келеді – сонау ұлы әмірші бізді дала төліміз деген. Бізде қымбат мүлік жоқтығын айтқан. Біздің бар байлығымыз – жылқы, сол кезде де, қазір де біз үшін жылқының еті мен терісі ас әрі киім, сүті сусын. Әлі күнгі көңіл көтерер орнымыз – мал жайылымы, жылқы үйірлері. Қашаннан ат көрінісіне сүйсінетінбіз. Бүгінгі жау бізді атам заманнан ұстап келе жатқан осы салтымыздан айырды. Атамекенімізден тықсыруда. Жер-суымызды басып алуда... жұрт босып кетті. Қайтіп жан сақтаймыз? Елдігіміз қайда қалмақ? Дұшпан атының тұяғы астында тапталып қала береміз бе? Оп-оңай жан бере саламыз ба? Әлде бір ақтық серпілісімізді көрсетеміз бе? Бабалар жолына салсақ, күрескен жөн. Қасық қанымыз қалғанша соғысу ләзім. Елімізді, жерімізді, ата-ана, әйел, қыз-келіншек, бала-шағамызды, бір-бірімізді, ошағымызды бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып қорғаған дұрыс болмақ. Бірақ қайтіп? Не істеу керек бізге қазіргі аса ауыр жағдайда? Жан-жақтан ат сабылтып Қарақұм құрылтайына келген ағайын, осы жайында келелі кеңес құрайық дегенді айтты. Жиын барысында түрлі дауыс шықты, торыққан пікір естілді. «Тоз-тозы шыққан ел-жұртты сақтау үшін, тым қарсыласа бермей, қалмақ қонтайшының мейіріміне үміт артайық, – деді әлдебір бас адам қоянжүрек қорқақтық көрсетіп, – сонда қалған мал-жанымызды аман алып қалармыз, бұдан арғы өміріміз қауіпсізірек болар». Тап сондай көңіл-күйдегі екінші біреуі: «Қой, кетейік бұл жақтан, Еділ асайық, шалғайға қоныс аударайық, пәледен сөйтіп қашып құтылайық», – деп, үрей үстіне үрей қосып жатты. Оны үшіншісі: «Алысқа үдере көшіп неміз бар, жан-жаққа, сексеуіл арасына қоянша бытырай шашылып кетсек те болмай ма, топталып қарсылық көрсетпесек бізді жау іздей де, ала да қоймас», – деп толықтыра түзетіп жатты.

Осынау жеңіліске бейіл топтың айтқандары құрылтайға үміт арта келген көпшіліктің ой-пікіріне қобалжу кіргізгендей болды. Халық жиналысын шақырудың бел ортасында жүрген Әбілқайыр баһадүр мұндайды күтпегендіктен түйіліп отыр еді, бір кезде найзағайша жарқ етіп, қамыққан жұрттың еңсесін күрт көтерген жәйт орын алды. Ортаға Бөкенбай батыр жұлқына шықты. Тәуке ханның ақылымен ұйысқан Жетіру бірлестігінің Табын руын басқаратын, ержүректігімен ел аузына көптен ілігіп жүрген батыр, жігіт ағасы.  Ол мәжіліс құрған жұртшылыққа айнала қарап, қатты айтыс үстінде киімінің өңірін  айырып жыртып жіберді. Қылышын қынынан суырып алып, кеңеске жиылғандар алдында үйіре көтерді де, үздіге сөйлеп, жан айқайға басты: «Дұшпанымыздан өш алуымыз керек! – деді ол эмоцияға толы жарқын да қоздырғыш дауыспен. – Талқаны шығып тоналған көштеріміз бен тұтқынға түскен ұрпағымыздың қор болғанын шарасыздана бақылаумен шектелетін бейшара болмайық! Біз кек қайтаруға тиіспіз! Қолымыздан қаруымызды тастамай, қылышымызбен дұшпанымызды шауып тұрып  жан тапсырайық! Қыпшақ жазығындағы, ата-бабамыз аунап-қунаған осынау қазақ даласы төсіндегі сарбаздар қай кезде жүрексініп еді! Мен қолымды жау қанына малғанда – мына сақалға ақ кірмеген еді ғой! Енді мен пұтқа табынған жабайылардың өктем зорлығын жайбарақат қабылдай бермекпін бе?! Шүкір, табындарымызда сәйгүліктер жеткілікті, шайқасқа мінетін мықты тұлпар азайған жоқ! Белдегі қорамса өткір сұр жебеден ортайған жоқ! Керулі садақтың қуатты жағы серпімділігін жоғалтқан жоқ! Қылыш майырылған жоқ! Шайқасамыз!» Бөкенбай батырдың осынау жүрекжарды сөзі жеңілуге мойынсұнғандарға елтігендердің көңіл-күйін шапшаң өз жағына бұрып алды. Жер-жерден жиналған рулар мен аталықтардың басшылары, ақсақалдар, билер мен сұлтандар бірінен соң бірі сөйлеп, қазақ жер-суынан жауды қуып шығуды, қайткенде жеңіске жетуді мақсат еткен сөздер айтты.

Құрылтайға жаңа серпін енді. «Құп алдым Бөкенбай батырдың сөзін!» – деп жария етті ел ағаларының бірі. «Ант етем жаудан өш алуға!» – деді екіншісі оны қостап. Осылай, салтанатты ант беру рәсімі кенеттен басталып кетті де, жылдам ұлғая түсті. Бір жігіт ортаға суырыла шықты да, сапысын көкке көтере жалаңдатты. Содан соң білегін тіліп жіберді. Бұрқ етіп  аққан қанды ортада жанған алауға тамызып тұрып: «Ант ішем!» – деген сөздермен, білегін отқа кептірді. Оның үлгісін қолдағандар көбейді. Жігіттер қанды білектерін түйістірісті. Төс қағыстырысты. Ата жаудан қорғану, туған жерді азат ету баршаның есіл-дертін алды. Ант бермеген жан қалмады. Бірі ортаға ақбоз ат жетектеп әкелді, төрдегі ақсақалдан бата сұрады. Бата берілді. Құран оқылды. Жылқы бауыздалды. Құрылтайға қатысушылар арнайы сойылған ақбоз аттың етін асып жеп, құрған одақтарының табанды да мықты болмағын айтып жатты. Тәуке хан бұдан бұрын аймақтарды басқаруға өз өкілдерін тағайындаған, кейінгі жылдары жаңа жағдайды ескере отырып, әр аймақтың өз  ханын сайлауды қош көрген. Бұдан бірер жыл ілгеріде, шығыс аумақтағы жұртты басқаруға Тәуке ханның батасымен Қайып хан сайланған болатын. Оған Орта жүз бен сол жақты мекендейтін Кіші жүздің бір бөлігі қарайды. Сол шамада Ұлы жүз Абдолла ханды таққа отырғызып алды. Енді осынау құрылтайда, осынау кеңейтілген билер кеңесінде Кіші жүздің ханын сайлап алғандары орынды деп табылған. Хан лауазымына күні кеше башқұрт тағында болып келген, жорықтарда жиһангерлік жақсы аты шығып жүрген Әбілқайыр баһадүрді сайлау ұсынылды. Құрылтай мүшелері бұл ұсынысты қызу қолдады. Сұлтандар мен билер Әбілқайыр баһадүр сұлтанды ақ киізге отырғызып, жұртшылық алдынан алып өтті: хан көтерді. Табын Бөкенбай батыр халық жасағына жетекшілік ететін сардар ретінде танылды. Осылай, ойраттардың үдей түскен агрессиясына жауап ретінде, қазақ елінің батысындағы өлкеде мемлекет ішіндегі жаңа әкімшілік бірлік – өзінің әскері болатын Әбілқайыр хандығы пайда болды. (Бұл – Жошы әулетінен шыққан Екінші Әбілқайыр. Ал Бірінші Әбілқайыр Ақ Орда әміршісі Барақ хан қаза тауып, Ноғай Ордасы бөлінгеннен соң, Ақ Орданың қалған бөлігінде құрылған «Әбілқайыр хандығын» билеген). Хандыққа Кіші жүздің Әлімұлы, Байұлы, Жетіру бірлестіктерінің көп бөлігі кірді, Орта жүзден қыпшақ пен найман руларының біраз бөлігі енді. Ел ішіне көтеріңкі көңіл-күй орнады. Басқыншыларға тосқауыл қоюға жұрт тас-түйін әзірленді. Өкілдері құрылтайға қатысқан аймақтардан және құрылтай шешімін естіген өзге жерлерден де сарбаздар отан қорғайтын жорықтарға әзірлене бастады. Ауыл-ауылда ұсталар, шеберлер, ісмерлер іске кірісті. Қару-жарақ дайындады. Дулыға, сауыт тігіп, жебе, садақ, айбалта, қылыш, шоқпар соғып жатты. Жұмыс қызды.

***

Таққа отырған бетте Әбілқайыр хан көптеген өзекті мәселелермен бетпе-бет келген еді. Құрылтайдан кейін іле-шала өткен Қарақұм шайқасы қазақтың отаншылдығы, намысы жоғары екенін көрсетті. Дұшпанды ұйымдасқан түрде түре қуды. Алайда Еділ қалмақтары мен Жайық казактары, тіпті күні кеше мүдделерін өзі араларына барып қорғасқан башқұрттар да елдің терістігі мен терістік-батысындағы құнарлы жер-суға, Еділ-Жайық аралығына, Ырғыз, Тобыл өзендері алқаптарына сол алапат ұрыстан кейін де ұдайы көз алартып, әлсін-әлсін қазақтармен қақтығысып қалуларын доғармай тұрған. Ал оңтүстікте Цеван Равданның жоңғарлары тегеуірінді жорықтарын тоқтата қоймаған еді. Осындай күрделі ахуал салдарынан Әбілқайыр бірнеше бағытта бір мезгілде әрекет ету жолдарын ойлауға мәжбүр болды. Халқы оны түсінді, қолдады. Әр атадан іріктелген жігіттер атқа қонды.  Сонда Әбілқайыр хан мен Бөкенбай батыр бас болып, аз уақытта қалмақты Қарақұм алабынан асырды. Жем өзенінен қуды. Жайықтың арғы бетіне дейін тықсырды. Сарысу өзенінің сыртына қашырды.

Әбілқайыр ханның қалыптасқан жағдайға байланысты тастаған ұранына Қайып хан мен Абдолла хан өз үндерін қосты. Табын Бөкенбай батыр бастаған қаһарман сарбаздар қатарына ел ішіндегі Тама Есет батыр, Қошқарұлы Шақшақ Жәнібек, Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай сынды ондаған айтулы батырлар қосылды. Солар бастаған сарбаздар азаттық үшін алысып, дұшпан жасақтарын елден қуып шықты. Жоғалтқан көші-қондық жерлерін, шұрайлы жақсы жайылымдарын қайтарып алды. Қазақ хандығының әскері 1711 және 1712 жылдары жоңғар басқыншыларына тойтарыс берумен, оларды хандықтың жер-суынан аластап, шығысқа ығыстырып тастаумен ғана шектелмей, олардың еліне – Жоңғарияға басып кірді. Сәтті жорық жасап, олжалы оралды. Ойраттардың қарымта қайтару мақсатымен  1713 жылы жасаған қарсы шабуылын да  жеңіліске ұшыратты. Араға аз уақыт салып, жоңғарлардың қазақ елімен шектесетін ұлыстарын тағы шапты. Содан кейін бірнеше жыл бойы қазақ және жоңғар елдерімен екі арада ұсақ қақтығыстар ғана орын алып тұрды. Біраз уақыт тыныш өтті. Цеван Равдан қонтайшы әзірге қазақ еліне үлкен армиясын бұра қоймады. Оның ірі шабуыл жасамауының бір себебі қытаймен екі араларында жаңа соғыстың басталуында жатқан.  Ойраттардың негізгі әскери күші Цин-Қытай империясы әскерлеріне қарсы соғысқа жұмылдырылған болатын.  Бұл 1715 жыл еді. Қазақтарға ішкі жағдайды тұрақтандырып, нығайта түсу мүмкіндігі туды.

Осы ретте ұлан-ғайыр Ұлы дала төсін алып жатқан қазақ елін замана дауылдарына төтеп беретіндей дәрежеде дамытып, басқара алуды көздеген жаңа жүйенің енгізілгені оңды болғанын айта кету ләзім. Жүздер өз араларында әлдебір басымдыққа қол жеткізуді ешқашан мақсат еткен емес, бір де бір рет  өзара қақтығыстарға барған жоқ. Керісінше, аралас-құралас, ағайынгершілікпен күн кешті. Ал қажеттілік туғанда, ру-тайпалардың бәрі үш жүздің біріккен әскеріне сарбаз берді, сыртқы жаудан бірлесіп қорғанудан еш уақытта бас тартпады. Тәуке хан мен оның үзеңгілестерінің жоғарыда айтылған нәтижеге жеткізген саяси творчествосы шын мәнінде  ел ағаларына лайық данышпандық пен көрегендікті танытқан еді. Алайда әбден қартайған Тәуке хан өзінің осынау реформасы мүмкін еткен жаңа тарихи жағдайдағы елін ұзақ басқара алмады. Ол 1715 жылы дүние салды. Сүйегі Қожа Ахмет Йассауи күмбезі жанындағы қазақ хандары пантеонында мәңгі тыншуға қойылды. Бұл кезде замана қазақ еліне жаңа сындарын әкеле жатқан. Тарих ғылымында қалыптасқан көзқарас тұрғысынан қарасақ, Тәуке хан қазақ елінің тарихындағы хандық дәуір деп аталатын тарихи кезеңнің ең соңғы және ең кемеңгер ханы бола білді, ол қайтыс болғаннан кейін біртұтас мемлекеттің де тарихы аяқталды, сөйтіп, қазақ елінің әр жүзіндегі кіші хандықтардың тарихы басталды – кәсіби де, әуесқой да тарихшы біткен бүгіндері осылай санайды. Әйтсе де, белгілі бір дәрежеде жаны бар болғанмен, бұл соншалықты әділ тұжырымға жата қоймаса керек.  Біздің ойымызша, Тәуке хан тұсында қазақ хандығының конфедеративтік сипатта даму кезеңі басталды деу әділ болмақ.  Ал ол қайтыс болғаннан соң бұл жоба түрлі үдерістерді бастан кешті. Бар болғаны жеті-сегіз жыл өте, алапат апат орын алды. Соның қарсаңындағы жағдайларды қысқаша шолсақ, ең алдымен, Қарақұм құрылтайынан кейінгі жылдары Әбілқайыр ханның әскери жасақтары терістік-батыс шекараны қорғауға батыл кіріскенін айту керек. Еділ қалмақтарымен, Жайық казачествосымен, тіпті башқұрттармен де жиі-жиі шайқасып қалып жүрді. Әбілқайыр ханның өзі де әлсін-әлсін ел тыныштығын бұзушыларға қарсы шабуылдар жасап қоятын. Қазан қаласына дейін барды. Жайық қалашығын айдан астам уақыт бойы қоршауға алып тұрды. Оңтүстік Орал, Еділдің орта ағысы және Сібір аймақтарындағы қазақ елімен шектесетін жерлерде өте шапшаң, жұлдызша аққан  тұлпарлармен шапқан қазақ сарбаздарының көрінуі патша әкімшіліктеріне едәуір қобалжу туғызды. Жігіттердің патшалық жеріне терең сұғына жорықтар жасауы Астрахан, Қазан, Сібір губерниялары әкімшіліктеріне қорқыныш туғызып қана қоймай, солардың бас қолбасшысы Әбілқайыр ханның есімін әбден танып алды. Ресей губерниялары мен Қазақ хандығы арасында елшілер толассыз жүріп жатты. Екі жақтан алынған тұтқындарды босатудың яки өзара алмасудың жолдарын келісу, қазақтар мен ресейлік бодандар (Жайық және Сібір казактары, қалмақтар, башқұрттар) арасындағы әскери қақтығыстарды, түрлі өзге де кикілжіңдерді шешіп, ретке келтіру, сондай-ақ сауда-саттық байланыстарын дамыту, көпестердің қазақ халқы ішіне баруына жағдай туғызу, дала үстімен өтетін сауда керуендерінің қауіпсіздігі мәселесін шешу – келіссөздердің негізгі тақырыптары болды.

1715 жылы қазақтың бас ханын арулап қоюға үш жүздің де хандары, кейбір қалалардағы кіші хандардың бәрі, сұлтандар, билер мен ел ішіндегі өзге де бас адамдар түгел қатысқан-тын. Қаралы астан кейінгі мәслихатта ел басқару тізгінін кім ұстайтыны талқыланды. Қазақтың көне заманнан келе жатқан жасы үлкенді сыйлау хақындағы жол-жорасына сәйкес,  жалпықазақ әміршісінің өкілеттіліктері хан тағында отырған мерзімі мен жасы есепке алынып, жүздердегі хандардың біріне берілгені жөн деп шешілді.  Солай таңдалған аға хан өз аймағындағы билігімен қоса, басқа әріптестерімен ақылдаса отырып Әз Тәукенің міндетін атқарсын, сондай тәртіп ел бірлігіне тиімді қызмет етеді деген ұйғарымға тоқтасты. Сөйтіп, қазақтың аға ханы  ретінде Тәукенің көзі тірісінде ең бірінші болып шығыс өлкеде хан мәртебесіне көтерілген Қайып хан танылды. Осы оқиғаның артынша, сол 1715 жылы, бұл жайында Әбілқайыр хан орыс патшасының Тобыл (Тобольск) қаласындағы сібірлік өкіметіне хат жазып хабарлады. Қайып ханның өзі де Тобылдағы губернатор әкімшілігіне жіберген арнайы елшісі арқылы хат жолдап, Әз Тәукенің ізбасары болғанын баян қылды. Сібір аймағы өкіметінің басшылығына тағайындалған Матвей Гагарин губернатор қызметіне 1711 жылы кіріскен-тін. Ол мұнда Қайып  қаза тауып, Әбілқайыр аға хан  болған 1719 жылға дейін істеді. Губерния әкімі кезінде Тәуке ханмен, Қайып ханмен, Әбілқайыр ханмен хат жазысып, елшілерін қабылдап, өзі де оларға елші жіберіп, жиі  байланыс жасап тұрды. (Ол ертеректе Нерчинскіде воевода болған. Тобылда губернатор лауазымында отырғанында Сібірдегі обаларды қазғызып, көне заман көсемдерімен бірге көмілген алтын бұйым, әшекейлерді жиып алған да, І Петрге жіберіп тұрған. Мәскеу мен Петрборда зәулім сарайлары бар, Ресейдегі ең бай адамдардың санатына жататын. Губернатор шағында Қытаймен жасырын сауда-саттық жасағаны, Сібірден үкіметке төленуі тиіс алым-салықты кем бергені, тіпті Сібірді дербес мемлекет ретінде бөліп алмақ ойы бары анықталған да,  Петр патша оны 1721 жылы сыбайлас жемқор ретінде Санкт-Петербургте дарға астырған. Елдегі өзге коррупционерлерді үрейлендіру үшін, мәйітін бірнеше ай бойы дарға асулы тұрған күйі алаңнан алаңға көшіріп, ел назарына ашық көрсетіп қойып отырған деседі). Гагарин аталған хандардың үшеуіне де  жоңғар қонтайшысының Қазақ хандығын жаулап алуды көздейтін  орасан зор жоспары бар екенін айтып, орыс патшасынан қолдау іздегендері жөн деген мағынада кеңес берген. Егер олар Ресей мемлекетіне бағынар болса, аталмыш жаудан қорғануларына өзінің көмектесе алатынын айтқан. Алайда жеме-жемге келгенде олай етпеді. Қайып хан мен Әбілқайыр хан жоңғарға қарсы орыс әскерімен бірлесіп жорық жасау жайында 1717–1718 жылдары ұсыныс білдірген, бірақ қолдау таппады. Өйткені орыс үкіметі, шындап келгенде, Жоңғарияның әлсірегенін қаламайтын. Ресейге бұл көшпенді хандық сол шамада күшейіп келе жатқан Цин-Қытай империясына қарсы күш ретінде қажет еді. Әрі, жоңғарлар да, Еділ бойындағы қалмақ туыстары секілді, орыс патшалығының бодандығын қабыл етер деп те үміттенетін. Сондықтан Гагарин қазақ хандарының жоңғарға қарсы бірлесіп қимыл жасау жайындағы нақты ұсынысын құрғақ уәдемен алдаусыратып,   әскери көмек сұраған өтінішіне сырғытпа жауап берумен шектелді. Ал орыс үкіметінен әскери жәрдем ала алмаған  қазақ армиясы 1917 жылғы жазда Аягөз  өзені маңында қалмақтардан ойсырай жеңілді. Бүгінде бұл жәйтті тарихшылар  Қайып хан мен Әбілқайыр ханның алауыздығы салдарынан орын алды деп бағалауға құлаған...

Шығыста Цеван Рабдан қонтайшы орыс экспансиясына азу тісін көрсетіп қалып жүрді. Гагарин Сібірге әкім боп тағайындалар қарсаңда, І Петрдің жарлығымен Бие және Катун өзендерінің құйылысындағы қазіргі Бийск қаласының орнына 1709 жылы Бикатун қамалы салынған болатын, жоңғарлар соны жаңа әкім тұсында тас-талқан еткен. Одан олар Петр патшаның Ертіс аймағынан алтын іздеуге аттандырған экспедициясын жойған. (Подполковник Бухгольц басқарған үш мың адамдық экспедиция  1715 жылы Тобылдан шыққан еді, оны жасақтауға Гагарин жауапты болатын. Экспедиция сәтсіздікке ұшыраған соң, оны жорыққа дайындауды ұйымдастыру жұмысын нашар жүргізген деп, үкімет Гагаринді айыптайды). Экспедицияға қатысушының біразы тұтқынға алынған-ды. Тұтқындар ішінде  швед артиллерия сержанты Юхан-Густав Ренат болатын. Ол 1709 жылғы Полтава шайқасы кезіндегі соғыс тұтқыны еді, содан орыс әскерінде қызмет етіп, патшалықтың шығыс шегінен бір-ақ шыққан. Ренаттың қолға түсуі Жоңғар хандығы үшін нағыз олжа болды. Ол хандықта 17 жыл қызмет етті. Зеңбірек құятын зауыттар салды. Кен өндіру зауыттарын ашты. Оқ-дәрімен атылатын қару-жарақ жасауды жолға қойып берді. Өстіп, жоңғар тұтқынында жүрген ресейлік әскери адамдардың арқасында, Жоңғар хандығында соғыс өндірісі пайда болды. Хандықтың әскери күш-қуаты артты. Мұның І Петрді алаңдатып, ойландырғаны сондай, мәселенің насырға шабуы ықтималдығының алдын алу үшін, 1716 жылы Цеван Рабданға арнайы елші жіберуге мәжбүр болды. Сосын казактар мен солдаттар қайтадан Ертіс бойымен жоғары өрлей бастады. Олар әр басқан жерлеріне қамалдар салып, қарулы  гарнизон қалдырып отырды. Ал жоңғар қонтайшысы орыс сынды күшті қарсыласпен тікелей айқаса кетуден тартынды. Әскери теке-тіреске барудан, соғысудан қашқандықтан, орыс экспедициясының шығысқа қарай тек Ертіс бойымен жасаған экспансиясына көз жұма қарады. Ертіс пен Обь арасында көшіп-қонып жүрген Алтай көшпенділерін ішкі аудандарына қоныс аудартты. Сыртқы саяси жағдай күрделі сипат алды.  Хандығына қарайтын аумақтың біразынан айрылуға тура келді. Дегенмен Жоңғарияның өз ішінде халықтың тығыз болуын қамтамасыз етті.  1715 жылдан бері жоңғарлардың негізгі әскери-соғыс қимылдары екінші ойрат-цин соғысы майдандарына ауысқан болатын. Ал 1717 жылдан бастап соғыс Кукунор (Көк көл) аумағы мен Тибет жерлерінде жүріп жатты. Кукунор хандығы Тибеттегі буддизм орталығының үстінен қарайтын, ал бұл Цин-Қытай билеушілері үшін – жол беруге болмайтын жәйт еді, сондықтан олар өз әскерін солай қарай бағыттап, 1719 жылы Тибетке басып кірді. Оның алдында ойраттар Тибетті басып алып, Лхасаны талан-таражға түсірген. Енді өздеріне соғыс аша келген цин әскерін талқандады. Сонда Цин-Қытай императоры Канси Тибетке арнайы әскери экспедиция жіберіп, ойраттардың сондағы хандығын 1720 жылы мүлдем жойды. Одан Хами, Тұрпан алқаптарын алды. Жоңғар хандығына кіруге дайындалды. Тибеттегі жеңісті шеруінің жалғасы ретінде, 1720–1721 жылдары Шығыс Түркістанға жорық жасады. Үрімшіні басып алды. Жері мен қаласын өзіне қайтару үшін жоңғарларға үлкен күш-жігер жұмсауға тура келді. Осы шақта Қара Ертіспен жүзген Ресейдің экспедициялық  күштері Жоңғарияның тап ортасынан шыға келді.  Жоңғарлар олардың өзен бойымен ілгерілеуін көрмегенсігенмен, тап мұнысын күтпеген болатын. Онсыз да циндермен, халхалармен, қазақтармен соғысып жүргендіктен, енді орыстармен арада жаңа майдан тууы олар үшін  мүлдем қолайсыз еді. Сондықтан Цеван Рабдан шұғыл аттандырған елшілік І Петрге көмек сұрай барады, алайда оң нәтижеге жете алмайды.

Сол 1721 жылы  І Петр Cолтүстік соғысында жеңіске жетіп, ел аумағын Балтық теңізі жағына қарай кеңейткен. Содан соң патшалықты империя, өзін император деп жариялаған. Ал сенат императорға Ұлы Петр деген атақ берген. Жаңа мәртебе Ұлы Петрге ұлан-ғайыр жаңа жоспар жасатты. Ол оңтүстік-шығыс бағытқа назарын тікті. 1722 жылдың басында Жоңғар әміршісі Цеван Рабданға арнайы елшілік аттандырды. Құрамында геодезия және тау-кен ісі мамандары бар, яғни ғылыми сипатты бұл экспедицияны артиллерия капитаны Иван Унковский басқарды. Унковский басқарған осынау елшіліктің алдына тек қана қонтайшымен дипломатиялық келіссөздер жүргізу ғана емес, сонымен бірге Сібірден Орта Азияға баратын өзен жолдарын зерттеп, алтын кенін іздей қайту міндеті қойылған болатын. Миссия керуені ерте көктемде Тобылға келді, одан жалпақ табан қайықтарға мініп, Ертіс бойындағы Семейге, сосын Ертістің сол жақ саласы Шар өзені аңғарымен Қалба қырқаларына барды, үлкен қиындықпен қалың қарлы Тарбағатайдан асты. Еміл өзенінен өтті. Содан кейін Алтын-Еміл қырқаларымен жүріп,  күзде Жоңғар қақпасы арқылы жазыққа шықты, тағы біраз жер-суды артқа салып, 1722 жылғы қарашаның соңына қарай Іле өзенінің орта ағысындағы қонтайшы ордасына жетті. Ал бұл кезде Жоңғар хандығының  әміршісі Цеван Рабдан цин-қытай армиясына қарсы тұру шараларын жасаумен қатар қазақ еліне жаңа шапқыншылық жасау жоспарын да ойластырып отырған.

Сол шақтағы, яғни «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» сынды  әйгілі апат, ұлттық қайғы-қасірет қарсаңындағы қазақ елінің басқарылу құрылымына көз салайық. Кейінгі жылдарғы беделді зерттеушілердің ғылыми айналымға қосқан соны мәліметтеріне қарағанда, Ұлы жүзді 1720 жылдан бастап Абдолла ханның ұлы Жолбарыс хан басқарып тұрған. Оның ордасы, әкесінің мұрагері ретінде, Ташкентте болды. Жазғы көшпелі ордасы Шыршық, Арыс өзендері аңғарларында көшіп-қонатын жайылымдарында, сондай-ақ Ташкент пен Түркістанның арасында тігіліп жүрген. Тәуке хан 1715 жылы дүние салып, Қайып хан аға хан мәртебесіне көтерілгеннен кейін, шамамен «Ақтабан шұбырынды...» басталған жылға дейін, Орта жүз аумағында Тәукеұлы Болат хан,  одан оның інісі Сәмеке хан билік жасады (көптен қалыптасқан ұғым бойынша Болат хан Аңырақай шайқасы кезінде, яғни 1729–1730 жылдардың бірінде өмірден өтті, Тәуке ханнан кейінгі ұлы хан сол болған делінеді. Алайда ғалымдардың қилы дереккөздерді зерттей келіп қорытқан бұлтартпас тұжырымдарына қарағанда, Болат хан жоңғарлардың 1723 жылғы шабуылы шағында, яки содан көп ұзамай дүние салған. Әрі Тәуке ханнан кейін сайлау өткізілген жоқ. Он шақты жылдан бері Орта жүзде әмірші боп келе жатқан Қайып Әз Тәукені жерлеу рәсімі кезінде аға хан ретінде мойындалған. Тәукенің баласы Болат ұлы хан болған емес, ол әкесінің ордасында тұра берген, бірақ Орта жүзді басқарған. Билікті белгілі бір кезеңде інісі Сәмекемен бөліскен. Болат хан өмірден өткеннен кейін, 1724 жылдан Орта жүз ханы Сәмеке болды). Дегенмен мұндай ахуалға сұлтандардың бәрі бірдей келісе қоймаған да, ішкі ырың-жырың өрши берген. Соның  салдарынан  бақталастары, ақыры, 1718 жылы Қайып ханды өлтіреді. Барлық кіші хандар мен сұлтандар 1719 жылы Түркістанда тағы да бас қосады. Ойласа келе, батырлығымен, қолбасшылығымен көпке танылған, баршасынан хан тағында отырған мерзімі де ұзақ, жасы да үлкен, ел басқарудағы тәжірибесі де мол, 1710 жылдан Кіші жүз бен ішінара Орта жүздің бір бөлігінің ханы болып келе жатқан Әбілқайыр баһадүрге аға хан тізгінін бергенді қош көреді. Әбілқайыр үлкен ордасын Арал теңізі аймағынан жалпықазақ астанасы Түркістан шаһарына көшіреді, отбасы мен жақындарын (екі әйелі, төрт ұлы мен екі қызы, ересек інілері және өзге де жақын ағайындарын) сонда орнықтырады, хан қазынасына Түркістан мен Ташкент және оларға қарасты қалашықтар мен ауылдардан белгілі дәрежеде табыстар түсіріп тұрады. Бұл кезде қазақ-ойрат шекарасы, ұсақ қақтығыстарды есептемегенде, біршама тыныш болатын. Өйткені жоңғарлар екінші ойрат-цин соғысына килігіп, сол шақта қытай әскерінің шабуылдарынан қорғану мәселесімен  бас қатырып жүрген. Сол себепті Әбілқайыр хан бұл жаққа аса алаңдамай, елдің терістік-батысына назар аударды, себебі ол жақ  мазасыз болатын. Сондықтан ол 1720 жылы  атқа қонып, жоғарыда айтылғандай, орыс патшалығымен шекарада жорықтарын жалғастырған. Жеңісті шеруімен Қазан губерниясына тереңдеп, таза орыс үйездеріне жетті. Тұтқындар алып, соғыс олжаларын өз еліне қарай асырды. Ал оңтүстік пен шығыс аймақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету Ұлы жүз бен Орта жүз билеушілерінің құзырында қала берді. Алайда оңтүстік пен оңтүстік-шығысқа шоғырланған төре тұқымдарының ел тұтастығының шарты хақындағы түсінігі ала-құла, тиісінше ауызбірлігі кем болды. Олар өзара бақталастықпен жүріп, елдің қорғаныс қабілетін арттыру шараларын ойластыра қоймады.

Тап осы жәйт жоңғар қонтайшысы Цеван Рабданға 1640 жылғы «Дала ережесі» орайындағы ұлы жоспарды орындауға қолайлы көрінетін. Ол ордасына Ресейден Унковский елшілігі келген кезде туыстарының сонау Еділ бойындағы хандығы орналасқан аумаққа дейінгі өз елі іргесінен басталатын алып аралықты құзырына қаратып алу жайын пайымға салып отырған. Қазақ елін бағындыру арқылы көшпенділер империясын жаңғырту, сондай жолмен шығысы мен оңтүстігіндегі цин-қытай, терістігіндегі орыс мемлекеттеріне еркін төтеп беру дәрежесіне жету – ойраттардың өзіне дейінгі басшылары секілді, мұның да көздегені еді. Жауынгерлік қабілеті зор жасақтарына сенгендіктен де, Цеван Рабдан қуатты Қытаймен жаңа әскери қақтығыстарға барып, үнемі соғыс жағдайында болудан тайынбаған. Бірақ әйтеуір ебін тауып, мүлдем жеңіліп қалудан аман жүрген. Сондай жағдайда терістігінен тағы бір қатерлі де күшті орыс сынды көрші бой көрсеткенде, саясатында жағдайға орай амал қолдануға мәжбүр болған еді. 1721 жылғы қыркүйекте І Петрге елші жіберген. Елшісі арқылы жолдаған хатында қонтайшы өз хандығын қаһарлы қытай шабуылынан қорғауды орыс патшасынан өтінген-тін. Егер Петр патша Жоңғарияны өз қорғауына әм қамқорлығына алса, ол Қалмақия әміршісі Аюке хан тәрізді  Ресейдің сенімді боданы болып  тұруға уәде беретінін хабарлаған. Ресейліктерге өз хандығы аумағынан алтын, күміс кендерін іздеуіне рұқсат ететінін айтқан. Тиісінше, жоңғар қонтайшысының осы өтінішіне орай мәселені пысықтау үшін, орыс императоры оған арнайы елші жіберетінін білдірген. Міне сол уәдеге сай жасақталған  І Петр  елшілігі Иван Унковскийдің басшылығымен  1722 жылғы 20 қарашада қонтайшы ордасына жетті. Сонда қыстады.

Ұлы Петрдің бұл көшпенділер империясына деген ықыласты мейірі, осынау жауынгер жұртты заманауи озық қару-жарақпен қамтамасыз ету жолы, сөйтіп осынау жаужүрек жоңғарларды протекциясына қабылдау шарты жайында елші лауазымындағы артиллерия капитаны Унковский мен қонтайшы арасында ұзаққа созылған мәмілегерлік және іскерлік әңгімелер басталды. Жоңғар әскерінің соғысу қабілетін арттыруға бағытталған  нақты істер қызу жүріп жатқан шақта,  өзара келісімдер жасап отырған екі тарапқа да көрші және екеуі үшін де қауіпті Қытайдың ұзақ жылдарғы басшысы император Канси (боғдыхан Сюань Е) дүние салды. Ол күллі Қытайды билеген манчжурлық Цин әулетінің төртінші өкілі. Алты жасынан таққа отырып, елді алпыс бір жыл билеген. Қытай тарихында ең көп уақыт император болған. Сол мерзім ішінде  лауазымына орай алған есіміне («Канси» – мағынасы: «Гүлденіп келе жатқан және жылы шұғыла шашқан») сай халқын жақсылыққа бөлеп, сәттілік символына айналған әмірші. Осы император Кансидің кезінде  Қытайдың қуаты өте артқан. Одан қаншама жасқанбай шайқасып жүргенмен, екі арадағы соғыстар түбі Жоңғар хандығына елеулі қатер төндіріп тұрғаны айқындалып келе жатқан.

Сондықтан да, жоңғар қонтайшысы орыс патшасына үміт арта қараған. Бірақ Цеван Рабдан орыс қамытына мойнын тығып үлгерген жоқ – Унковскийдің миссиясы келгелі бір ай болғанда, 1722 жылғы  20 желтоқсанда император Канси қайтыс болды. Бұл оқиға қонтайшыға біршама тыншу әкелді.  Өйткені Қытай тағына Кансидің 64 әйелінің бірінен туған 44 жасар ұлы князь Юн отырған.  Ұлы  князь Юн боғдыхан Кансидің аманатына құпия өзгерту енгізу жолымен, билікке заңсыз келген деп саналды. Солай ойлаған көптеген туысқандарымен текетірес жағдайға түскен жаңа император ішкі күресті қайткенде өз пайдасына шешуге тиіс еді. Сондықтан ол ойраттармен созылмалы жағдайда тұрған соғысты тоқтата тұруға мәжбүр болды. Қонтайшы Цеван Рабдан мен император Инь Чжень (Юнчжэн) екеуі бітім жасасып, достық жағдайда қарым-қатынас жасап тұру жайында келісімге келді. Осы жәйт оның Қытайдан қорғану мақсатында жасақтап жатқан әскерінің бағытын қазақ еліне бұруға және Ресеймен құрмақ байланысының мазмұнын алғашқы сипатынан өзгертуге алып келді. Ол Ресей бодандығын Аюке үлгісінде қабылдаудан да, қытаймен шекарасына орыс қамалдарын салдырудан да тайқыды. Әйтсе де, дипломатиялық келіссөздерін амалдап соза түскен  Унковский елшілігімен Жоңғарияда қыстайды, сосын, 1723 жылдың наурызынан қыркүйектің екінші жартысына дейін, қонтайшымен бірге Іле алқабында және Ыстықкөлге шығысынан құятын тау өзендері аңғарында көшіп-қонып жүреді. Ол Ұлы Петрдің тапсырмасын орындауға жанын салды. Қонтайшыны Ресей протекциясына көшуге үгіттеді. Оның иеліктерінде орыс гарнизоны тұратын қамалдар салуға келісімін алуға тырысты. Мұндай қадамның Жоңғарияны Қытайдан сенімді қорғау үшін пайдалы болмағын дәлелдеді. Алайда Цеван Рабдан өзінің қытайлармен және қазақтармен соғысуына қажет әскери қару-жарақты орыс патшасынан алуға келіскенімен, орыс әскерінің қандай да түрмен болсын елі ішіне кіруіне жол беруді ойына да алмайтын. Өйткені сол уақытқа дейінгі Ресеймен татулық оңайшылықпен келмеген еді (орыстардың Ертіс алқабы мен Алтайды мысықтабандап, «ақырын басып отарлауы»  салдарынан жоңғар мемлекеті өз аумағының бестен бірінен айрылған). Сол ахуалға көнгендіктен ғана олармен бейбіт қатар өмір сүру мүмкін болып тұрды. Унковский жүргізген келіссөз кезінде қонтайшы даулы шекара мен алым-салық жайын қозғаған. Әзірге өз соғыс өндірісі зеңбірек құюды жолға қойып үлгермегендіктен,  осынау қаһарлы қаруды орыс патшалығынан алуды мақсат еткен. Цеван Рабданның бұл пиғылына септесе тұра,  Унковский миссиясы негізгі мақсатына қол жеткізе алмады. Ақыры, келген бағытымен кері қайтты. Жоңғар әскерінің қазақ еліне 1723 жылғы ерте көктемде, ақпан айында жасаған жойқын шабуылы және оның күш-қуаты мен жорығының жеңісті нәтижелері жайындағы нақты деректерді Ресейге ала келді...

Жалғасы бар...

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5303