Сенбі, 23 Қараша 2024
Талдау 1430 2 пікір 8 Маусым, 2023 сағат 12:31

Интервалды ашығу. Доллар диетасы бізді қайда апарады?

Мамыр айының статистикасы әлі шыққан жоқ. Бірақ тренд жалғасса, біз ішкі дедолларизацияның жаңа рекордын жаңартатын боламыз. Қазір қолдағы сәуір айының рекорды - 29,3%. Яғни, Қазақстанда банктердегі барлық салымдардың (жеке адамдар, фирмалар, компаниялар) 29,3 пайызы ғана доллар, евро, басқа да валюталарда жатыр. Қалғаны теңгеде.

1 мамырда банктерде 31 триллион теңге салым жатты. Оның 17,3 триллион теңгесі халықтікі, 13,8 триллион теңгені заңды тұлғалар ұстап отырды.

Халықтың бизнестен көп депозит ұстауы артып барады. 2021 жылға дейін заңды тұлғалардың депозиттері ылғи халықтікінен басым түсіп жататын. Қазір банктерді өтімділікпен негізінен халық салымдары қамтамасыз ететінін көріп отырмыз. Халық заңды тұлғалардан 3,5 триллион теңгеге озып кетті және осы алшақтық жыл аяғына дейін кемінде 4,6 триллионға дейін жететін сияқты.

Халық салымдарының өсіп, фирмалар депозитінің керісінше қысқаруы 2022 жылдың қараша айынан басталды. Оның басты себебі кірістілік болса керек. Себебі банктер жеке тұлғаларға депозит бойынша кемінде 14-17,5% ставка ұсынса, заңды тұлғаларға банктер беретін кірістілік коридоры төмендеу. Сол себепті компаниялар мүмкіндігінше депозитке балама инвестқұралдарға, биржадағы құнды қағаздарға кетуде.

Ішкі дедолларизацияны 20% деңгейіне түсірсек, яғни салым массасында теңгенің үлесі 80 пайызға жетсе, ішкі қаржылық тұрақтылық нығаяды және теңгеге курсына жасалатын қысымның бір факторын алып тастаймыз. Онда ақша-несие саясатының экономикадағы ықпалы күшейеді. Себебі, елдегі ішкі нарықта доллар көп жылдары (үй, көлікті доллармен сатып алатын жылдар), ішкі нарықты Ұлттық Банк емес, АҚШ-тың Федералды резерв жүйесі билеп келген еді. Ішкі нарықтың дедолларизациясы мемлекет үшін жақсы құбылыс.

Аяғына дейін объективті болуымыз керек - 2015 жылы экономиканы дедолларландыру идеясын көтерген және құзырлы мекемелерге тапсырма берген экс-президент Назарбаев болатын. Араға 8 салып, Назарбаевтың осы тапсырмасы орындалып бітті деуге болады.

Сырттағы дедолларизация ше?

ЕАЭС кеңістігіндегі дедолларизация - Путин мен Лукашенконың арманы. Бірақ, Қазақстанға ол мүлде қажет емес. Ұлттық валюталардағы есеп айырысуға толық көшу біздің экономикамызды Ресей рубліне байлап тастайды. Және ол жағдайда, рубль еркін конвертацияланатын валюта статусында болмағандықтан, біздегі қордаланған рубль массасына Ресейден бірдеңе сатып алып құтылмасақ, басқа амалы қалмайды және ол тауар айналымындағы балансты бұзады.

Бір сөзбен айтқанда, ішкі долларсыздану жақсы, сыртқы долларсыздану жаман.

 

Айбар Олжаев 

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394