Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Билік 1978 0 пікір 12 Маусым, 2023 сағат 13:24

Аза тұту күні

Сурет әлеуметтік желіден алынды

8 маусымда басталып, күні бүгінге дейін жалғасқан өрт қазақ қоғамының төбесінен жай түсіргендей болды. Иә, бүгін елде Жалпыұлттық аза тұту күні.

Кеше Семейдегі қайғылы жағдайға байланысты өрт болған жерге ұшып барған Қасым-Жомарт Тоқаев осындай шешім қабылдады. Президент ет-жақынынан айырылған ағайыннан Мемлекет басшысы ретінде кешірім сұрады. Сосын осы оқиғаға кінәлінің бәрі заң жүзінде жауапқа тартылады деді. Бұл өрттен көз ашпайтын өңірлерде тұратын халық үшін Президент тарапынан 30  жылдан аса уақыт бойы, зарыға күткен аталы сөз еді.

Бұл аза тұтудың түп себебі «өзге ұлт өкілдерінің сүбелі салалардағы жіліктің майлы басын ұстаған уағында елге жаны ашымайтын тірліктер жасайтындығынан туындайды» деген Семейдің саналы азаматтарының ортақ қоғамдық пікірінің жаны бар.

«Семей орманы» т.б. аймақтардағы орман мекемелері еліміз тәуелсіздік алғаннан бері мемлекет ішіндегі мемлекет болып келді. Бұрынғы Президент бұған көз жұма қарады. Қазақ тілді жергілікті тұрғындар бүкіл Шығыс өңірлері бойынша жоғарғы мансапты қызметке орман саласы бойынша жолатылмады. Бұл саланың құлағын ұстаған өзге ұлт өкілдері дәл осы кезге дейін ойларына келгенді істеп келді. Енді оны биылғы «Семей орманына» қарасты екі бірдей өрт тоғайлы аймақтардағы көзбояушылық пен сыбайлас жемқорлықтың тамырының тереңге кеткенін айқара ашты. Бұрын бұл салаға қатысты түйткілді дүниелерді БАҚ ұлтараздық қарым-қатынасқа сызат түсіріледі деп жаздырмайтын. Тіпті, көбейдей көп орман қорғауға қатысты гранттардың қызығын өзге ұлт өкілдері ұтып алып, қазаққа дым да тимейтіні бүркемеленіп айтылмай келетінді. Орманға қатысты бөлінген қаржыларды өзге ұлт өкілдері құрған түрлі фирамалар игеріп отырғаны от басы ошақ қасында қазақтар өзара сыбырлап қана айтатын әңгімеге айналғалы қашан!?

14 бірдей адамның өлімі осы уақытқа дейінгі барша былық пен шылықтың бетін ашып берді. БАҚ «ойбай облыс әкіміне жұмысын дұрыс атқара алмағаны үшін сөгіс жарияланды», деп жарыса жазуда.

Осыған орай біз сөзге тартақандардың ішінде: «Бірақ құрылғанына жыл толмаған облыстың басшысына сөгіс беру біржағы дұрыс шығар, екінші жағынан құрылығанына 30 жылдан асқан, ешбір облыс әкімін есігінен қаратпайтын «Семей орманының» тізгінін ұстағандарды жоғарыдан басқарып отырғандарда ауыр жазадан тыс қалмай, осы саладағы жемқорлық пен ұлттық кемісітушілік жойылса екен», - дейді атын атамауды өтінген бір орманшы.

10 өзге ұлт өкілі ішіндегі 4 қазақтың бірінің туысы ағасының жалғыз ұлынан айырылып қара жамылып отырған жігіттердің бірі: «Бұндай мемлекеттік маңызы бар салаларды жергілікті титулді ұлттың өкілдері билемей, іс алға еш баспай, осылайша арыстай азаматтарымыздан айырылып отыра береміз», - деп күрсіне көзі жасаурайды.

Су шаша салса болды тез сөнеді деген пиғылмен министрлік пен басқа да жауапты органдар апаттың ауқымы бойынша қате болжам жасауының аяғы ауыр қазаға ұласты. Қалың ел қара жамылды.

Қайғыдан қайғырған жұрттың ортасынан табылған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:

- Көңіл айтуға арнайы келіп тұрмын. Бұл – бүкіл халқымыз үшін үлкен қасірет. Еліміздің қайғысы. Бекем болыңыздар. Орны толмас қайғы екенін түсінемін. Сіздерге жан-жақты көмек көрсету жөнінде Үкіметке тапсырма бердім. Үкіметке немесе маған жеке өтініштеріңіз болса, айтыңыздар. Барлық өтінішті орындаймыз. Қаза тапқан азаматтар қайтып келмейді. Бірақ өмір жалғасады. Осы қайғылы жағдайға кінәлілердің бәрі заң бойынша жауапқа тартылады. Дүйсенбі күнін еліміз бойынша жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияладым. Біз қаза тапқан азаматтарды еске аламыз. Сабыр сақтап, бекем болыңыздар. Қара жамылған шаңырақтарға көмек көрсетіледі Тас түскен жеріне ауыр. Мемлекет басшысы ретінде осы жағдай үшін кешірім сұраймын, - деп басу айтты.

Қазақ тапқандардың отбасыларына түрлі әлеуметтік жеңілдіктер жасаалғанымен өмірден озған жандарды тірілте алмайды ғой?!

Осы өртке қатысты қылмыстық іс қозғалып, кінәлінің бәрі енді тергеу кезінде анықталады. Мемлекет басшысы бұл жағдайдан міндетті түрде тиісті қорытынды шығарамыз деп кесіп айтты.

«Тергеу жүргізілгені орынды бірақ осы уақытқа деінгі орын алған барлық былық, мемлекеттік сатып алулар тағы басқасы назардан тыс қалмай тергелсе екен. Біз қайтыс болған арысымыздың тіріліп келмесін білеміз. Тек олардың аруағы разы болуы үшін тергеу әділ жүргізілсе екен», - дейді басына қайғы оранған әкелердің бірі.

Бірақ жұрттың көңіліндегі күпті сұрақ: Өрт қашан сөндіріледі? Не де болса, жақсылықтан үміт етіп, бұл апат елімізде орын орын алған зобалаңның соңы болсын деп тілейік!..

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

0 пікір