Сенбі, 23 Қараша 2024
Жанайқай 2038 4 пікір 14 Маусым, 2023 сағат 12:13

Жаңа Қазақстан Шымкентте тезек теріп жүр

ҚР Президенті Қ. Тоқаевқа ашық хат

Пікірімді бір ғана мысалмен дәлелдеп берейін.

2021 жылы орта мектепті және футбол академиясын қатар бітірген ұлым кәсіби футболшылар қатарына қосылған еді. Бірақ ұзамай иығынан жарақат алып, ота жасатты да, біраз уақыт спорттан қол үзді. Бір жылдан кейін футболға оралған ол қырсыққанда аяғынан жарақат алып, тағы да ота жасатқанымен кәсіби футболға жарамады. «Жығылған үстіне – жұдырық» дегендей сол шақта анасы дүние салды. Оқу да, спорт та жайына қалды. Өмірді басынан қайта бастауына тура келді. Осындай өліара кезеңде сыныптастары ол туралы кезінде өздерін блатпен оқуға түсірген алматылық алаяқ И.Тоқсанбаеваға айтып, көмектесуін өтінеді. «Іздегенге – сұраған».

Алматыға жұмыс іздеп барған менің ұлым мен оның досына Тоқсанбаева ә дегенде бір бөлмелі пәтерін жалға беруге келіседі. Содан «Жөндеу жүргізуім керек» деп, алдын ала бірнеше айдың пәтерақысын алады.

«Жөндеу» ұзаққа созылады. Ұлым қашанғы күтсін, «ақшамды қайтарыңыз» дейді. Әккі Тоқсанбаева ендігі жерде «Сен жетім екенсің, оқуға жеңілдікпен түсе аласың, мен көмектесемін» дегенді алға тартады. Бірнеше сыныптасының оқуға қалай түскенін және пәтерақы үшін берілген 600 мың теңгенің қайтпайтынын түсінген ұлым келісім береді. Қысқасы ұлымнан бас-аяғы 1 миллион 200 мың теңгені қақшыған алаяқ алдап соғады: пәтер де, оқу да жоқ. Уәдесіне сеніп, екі ай күткенімен ақшасын да қайтармайды.

Арыздану үшін Еңбекші аудандық /Шымкент/ полициясына бардым. Тас қамалдың ішіне тығылған полицейлер, обалы не керек, құшақ жая, қуана қарсы алды. Анықтаушы, аға лейтенант Б. Мұсақұл алаяқтың үстінен іс қозғау үшін оның мекен-жайы ғана жетпей тұрғанын айтты. Басқа қажетті құжаттардың бәрі бар екен. Шымкентте ары-бері шапқылап, түк шықпаған соң Алматыға жол тарттым.

Алматыға жеткен соң көшеде кездескен полицейден жөн сұрай салғанмын. Екі сөзге келмей, бір кабинетке ертіп барып, компьютерді іске қосты да, әп-сәтте іздеген адамым туралы 5 бет мәлімет шығарды да берді.

Бір түсінгенім: Шымкент полициясы жоқ жерден проблема тудырып отыр екен... Кімге не айтайын. Іштен тындым.

Тағы сол Мұсақұлдың алдындамын. Тиісті құжаттардың бәрін қабылдап алып, қылмыстық іс қозғайтынын, өзі тергеп-тексеретінін мәлімдеді.

Иығымнан ауыр жүк түскендей, жеңілдеп қалдым. Бір ай бойы полиция тарапынан хабар күттім. Сабыр сақтап, тағы бір ай үміттеніп жүрдім. Болмаған соң іске араласуыма тура келді.

«Алматының полициясына поручение бердік. Жедел уәкілдер күдіктіні ұстап, осында әкеледі» деді жарылқаушым нық сеніммен. Рахметтен басқа не айтайын? Үш ай өткенде аудандық полицияның тергеу бөлімінің бастығы Н.Сүлейменовке барып, танысу үшін қылмыстық істің көшірмесін шығартып алдым.

№217910031003788 қылмыстық  іс қозғалыпты. Бар-жоғы жарты беттік қана қаулы. Қайта-қайта оқып, қатты таң қалдым. Қылмыстық істе күдіктінің аты-жөні көрсетілмепті. Сонда... Алматы полициясы аты-жөні, мекен-жайы көрсетілмеген күдіктіні қалай ұстап әкеледі? «Поручение берілді» деген сөз өтірік болғаны ғой. Иә, бұл тасқын өтіріктің басы ғана екен!!! Ұзамай «шымкентский вариант» деген атышулы ұйыққа түсіп кеткенімді түсіндім. «ШВ» деген бәленің тамырын тереңге жіберіп, пәлегін кеңге жайғаны соншалық, «Қылмыстық іс» деген түсініктің қатарында «Бопсалау ісі» деген нұсқа пайда болыпты. Шымкент тергеушілері осы  әдісті құп көреді екен. Жан беру оңай ма? Шындықты дәлелдеу үшін басымды тасқа да, тауға да соға бастадым.

Алдымен Еңбекші аудандық полициясының бастығына анықтаушы Б.Мұсақұлдың үстінен арыз жаздым. Арызыма ұзақ уақыт жауап берілмеген соң тікелей бастықтың өзіне барып жолықтым. Ол тергеу ісіне жауаптыларды кабинетіне шақырып алды. Сол арада Мұсақұл: «Күдікті қашып жүр, телефоны, мекен-жайы белгісіз» деп, өтірікті соғып жіберді. «Солай ма?» деді бастық маған қарап. Мен телефоны да, мекен-жайы да белгілі екенін айттым. Бастық мен берген телефон бойынша күдіктімен байланысып, мән-жайды түсіндіріп, оның Шымкентке келуі керектігін ескертті.

Осыдан соң ғана күдікті мен арызданушы тарап Мұсақұлдың алдында беттестік. Күдікті И.Тоқсанбаева қылмысын толық мойындады. Бұрынғы бейнежазбасына қоса тілхат жазып беріп, ақшаны толық қайтаратынын мәлімдеді. Осының бәрін Мұсақұл хаттамаға түсірді. Іс сотқа қарай жылжығандай әсерде болдым. Бірақ бұл сағым сияқты алдамшы әсер екен. Көзіме Мюнхаузеннің жиені сияқты көріне бастаған Мұсақұл жоқ жерден қылмыстық істі уақытша тоқтату туралы қаулы шығарды. Ұйық күш алып, тереңге тарта бастады.

Жанұшырып Еңбекші аудандық прокуратурасына бардым. Аудан прокурорының орынбасары бір көрмеге мәдениетті жан екен, жылы қабылдап, он-сан прокурорлардың бірін шақырып алып, менің арызымды соған тапсырды. Бірақ ол түк те істеген жоқ. Қанша уақыт босқа кетті. Шымкенттің қозғалмайтынын білген соң Бас прокурорға арыз аттандырдым. Бас прокуратура бас ауыртпай, істі былыққа айналдырып отырғандарға қарай сілтей салды.

Іс насырға шапты. Полиция істі біржола жауып тастауға бағыт алды. Шеңбер тарылып, тұйықтала бастады. Барар жер, басар тау қалмағандай. О, жоқ!

Прокуратура мен полиция әрекетсіздік танытса немесе заңсыз әрекеттерге барса, олардың үстінен тергеу сотына шағымдануға болады екен.Солай еттім.

Шымкент қалалық тергеу соты арызымды жедел қарады. Бірінші отырыста екі тарапты тыңдаған судья екіншіде прокуратура мен полиция өкілдерінен нақты құжаттарды талап етіп, үшінші отырыста шешім шығаратынын мәлімдеді. Құрыққа сырық жалғап, өтірікті судай сапыратындардың кәпелегі ұшып, менің жағыма шыға келді. Аудан прокуроры С.Әбдиевтің өкілі үшінші отырысқа бастығы қол қойған екі бірдей қаулыны алып келіп, судьяға таныстырды.

Бірінші қаулыда прокурор «Еңбекші АПБ анықтаушысы Б.Мұсақұл тергеп-тексеру барысында ҚПК-тің 15-бабы, 24-бабы, 34-бабы талаптарының бұзылуына жол берген» дей келе тағы бірнеше заң бұзушылықтарды атап өтті. Сондай-ақ «полицияның осы іске жауапты қызметкерлері Б.Жақсылықов, Н.Сүлейменов, А.Мұратов және Б.Мұсақұлға қатысты заң бұзушылықтарды жою бойынша тәртіптік іс жүргізуді қозғау қаулысы Шымкент ҚПД-не жолданды» деп көрсетті. Ал екінші қаулыда Қыстаубаевтың өтінішхатын қанағаттандыру туралы шешім шығарылғанын алға тартып, сот қарайтындай мәселе қалмағанын аңғартты.

Заңның бұзылмауын қадағалаушы орган осындай нақты екі қаулы ұсынған соң судья бұл істі, әрине, ары қарай созудың немесе басқаша қатал шешім шығарудың қажеті жоқ деп шешті. Онымен арызданушы тарап келіспегенде қайда барады?

Аудан прокурорының екі қаулысы 2022-жылдың 24-қарашасында қабылданған. Осыдан соң аудандық полиция істі басқа тергеушіге тапсырды да, артынша қайтадан әдеттегісіндей қалғып-мүлгуге көшті. Жаңа тергеуші істі одан ары жалғастыру орнына «қайтадан басынан бастаймын» деп, қиғаштай тартты. Уақыт босқа өте берді. Ақыры жаңа тергеуші басқа қызметке ауысты да, ит талағандай жұлым-жұлымы шыққан іс баяғы Б.Мұсақұлға қайтып оралды. Ол өзгермепті. Ескі әдетімен түрлі өтірік айтып, істі соза берді. Бар ойлап тапқаны И.Тоқсанбаевамен қайта беттестіру шарасын қолға алды.

Қашанғы шыдасын, екі жылға созылған іс оған да оңайға соқпаса керек, бұл жолы И.Тоқсанбаеваның жүйкесі сыр берді. Біздің нақты құжаттарымыз бен дәлелдерімізге қарсы қояр уәж таппаған күдікті беттесу соңында, яғни 2023-жылдың 18-сәуірінде өз қолымен жазған қолхатында алаяқтық жолымен алған ақшаны бір апта мерзімде толық қайтарып беруге уәде етті. Және, ең бастысы, «қайтармаған жағдайда бас бостандығымнан айыруға келісемін» деп шегеледі.

Енді полицияда анықтайтын не қалды?

Полиция оңашада басқаша кеңес берді ме, қайдам, Тоқсанбаева бұл жолы да уәдесінде тұрмады. Б.Мұсақұл да өтірік айтудан жалығар емес. Оның жайы белгілі ғой. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің!» демекші, аудан прокуроры С.Әбдиев өзі шығарған қаулыны өзі мойындамай отыр. Басқаша айтқанда ол бәрімізді былай жиыстырып қойып, өзімен өзі соғысуға кірісіп кеткен. Бас прокуратураның да, қалалық прокуратураның да, ең өкініштісі заңның да талаптарына пысқырар емес. Өзі де, орынбасары да, басқа қызметкерлері де істі бір-біріне сілтеуден басқа нақты ештеңе жасамайды. Жалпы аталған екі салада арыз-шағымға жауап берудің, қылмыстық істі қарау, жабу не сотқа өткізудің мерзімі деген болмайды екен. Нақты іске нақты жауап беретін қызметкер де жоқ. Іс дегенің алаңдағы доп сияқты ары-бері шексіз домалайды да жүреді. Бұл екі орган азаматтарға ғана емес, бір-біріне де беттері бүлк етпестен өтірік мәлімет жолдай салады. Бұларда жауапкершілік туралы түсінік әлі қалыптаспаған десем, артық айтқандық емес.

Жергілікті құқық қорғау органдарының жұмысымен атүсті танысқанның өзінде олардағы бей-берекетсіздік көзге ұрып тұр.

Сіз, құрметті Президент мырза, батыс пен шығыстағы, мұхиттың арғы жағындағы алып мемлекеттердің шылауында кетпей, арпалысып жүргенде, қолымды жүрегіме қойып айтайын, Сізге көмектесуге тиіс құзыретті органдар керісінше халық алдындағы беделіңізді түсіруге бейім тұрады. Оны өзіңіз де білесіз. Білгендіктен шығар шенділерді жиі ауыстырасыз. Бірақ ат ауыстырғаннан жолаушы жолынан қалмайды ғой. Сол сияқты қызмет ауыстырғаннан олардың несі кетеді? Жалпы ұпайлары түгел емес пе.

Өзіме де, өзгеге де, тіпті Сізге де жаным ашиды. Қанша арпалыссақ та тығырықтан шыға алмай қойдық қой. Жаңа Қазақстан, бейнелеп айтқанда, Шымкентте тезек теріп жүр. Айтпақшы Шымкент қаласының әкіміне де жаным ашиды. Мегаполиске үкімет жеткілікті қаржы бөлмей ме, қалай, әйтеуір Әйтенов жоқтан бар жасап, ілдәлап, Шымкентті құлатпай ұстап отыр. Кешіріңіз, бұл шымшыма сөз Сізге қатысты емес. Бұны жалпы Шымкенттегі қай саланың да жұмыс стилі осындай немесе осыған ұқсас екенін меңзегенім деп түсініңіз.

Тобықтай түйін. Мемлекет пен халық үшін бір бағытта, бір заң аясында, бір мақсатта ынтымақпен, ұйымшылдықпен жұмыс істей алмайтын, өтірікті судай сапыратын бұндай қаптаған прокурорлар мен полицейлер кімге керек, не үшін керек?!

 

Сурет: ғаламтордан

Қыстаубаев Захардин

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5480