Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 2711 2 пікір 15 Маусым, 2023 сағат 12:38

«Күңгірт өлең» жайлы екі ауыз сөз

Күңгірт өлең (朦胧诗) – Ішкі жан дүниені негізгі бейнелеу объектісі етіп, өн бойы образбен символға құрылған, айтпағын көркемдік форма мен тәсіл арқылы біртіндеп бүркемелеп көрсетуді мақсат еткен, сонымен бірге, өлеңмен өзін бейнелей де, жасыра да алатын, шегі күңгірт, бұлдыр, негізгі тұлғасы алуан мәнді, көмескі болып келетін өлең түрі.

ХХ ғасырдың басынан (1919 жыл) басталған Қытайдағы жаңаша өлең ауқымы, жаңа өлеңдердің туылуы мен зерттелуіне біраз ықпал етті, жаңаша өлеңдердің үздіксіз өңделіп, даму дәстүрін қалыптастырды. Сонымен бірге, Қытай ақындары батыстың ықпалына ұшырап, ескі дәстүрдегі өлеңдердің қалыбы бұзып тасталды, түрлі ағымдар мен ауқымдар жарыққа шығып, жаңаша үлгілер пайда болды, бұл ағымдар мен ауқымдардың керемет мықты ақындары да болды. Бірақ социалистік өндіріске өткен соң, әдебиетте  социалистік реализм әдісі үстемдікке шығып, жаңағы үрдіс үзіліп қалды. 60-70 жылдардағы солшылдықтардың кесірінен, адамдарға болған жақсы сезім, өзара түсіністік, махаббат пен қарғыс, адамдардың құқы мен еркіндігі негіз етілген гуманистік идеялар сансырап қалды. Күңгірт өлең болып аталмағанмен, бұл тектес өлеңдер осы мезгілдерде де өмір сүріп жатты. Бірақ дәптерлерде ғана жазылып, өзара қолдан қолға өтіп жүргенмен, ашық жарияланбады. 1978 жылға дейінгі мезгіл жаңа ағымдағы өлеңдер қозғалысының өркен кезі, атап айтқанда, күңгірт өлеңнің бірінші кезеңі немесе от алу мүмкіндігін күтіп, сана астында қозданып жатқан кезі деуге болады. Өйткені зиялылардың ауылға түсіп зардап шегуі, мәдениет төңкерісі мезгіліндегі құтырынған мәдениеттің үрейі, көптеген ылғары идеялар мен жемісті нәтижелерді арам шөп ретінде аяусыз отап, таптап тастады. Біріншіден, гуманистік идеялар ұлғаюға, нығаюға мүмкіндік ала алмай, идеялық ауқым болудан қалып, рухани құбылыс ретінде басып жаншылды; Екіншіден, жаңаша әдеби ауқымнан бергі, гуманистік әдеби дәстүр мен шетелден кірген шығармалар шектеліп тасталған еді.

ХХ-ғасырдың 70-жылдарының соңдарында Қытай өзінде болған түрлі-түсті науқандардан серпіліп шыға бастады. Мемлекет шетелдерге есігін ашып тастап, түрлі салаларда реформалар алып барды. Әдебиет-көркемөнерге де қайтадан еркіндік туды, әсіресе, әдебиет саласында батыстың модернизм әдебиетінің ықпалы күшті жүрді. Күңгірт өлең осындай бір мезгілде, атап айтқанда, ХХ-ғасырдың 70-жылдарының ақыры мен 80-жылдарының басында Қытайда пайда болған бір түрлі өлеңдер ағымы.

Көбінде күңгірт өлең 1978 жылғы Бый Дау қатарлылар шығарған «БҮГІН» атты журналдан басталды деп қаралады. Іс жүзінде «Күңгірт» деген атау «ПОЭЗИЯ» журналының 1980 жылғы 8-санында Жаң Міңнің «Құса ететін күңгірттік» деген мақаласынан кейін «Күңгірт тақырыбы» сөз бола бастады. Мақалада Жаң Мің осы кездегі кейбір өлеңдерді: «Бірнеше рет оқысаң да айқын түсінік бермейтін; түсінген сияқтанғанмен түсінбейтін; жартылай білген сияқтанғанмен білмейтін тіпті, тұтасымен біле алмайтын, ойын шеше алмайтын өте сөдегей, бұлдыр өлеңдер» деп көрсеткен еді.

«Күңгірт өлең» атауы тұрақтанса да, осыдан кейін қайда бір өлең түсініксіз, күңгірт, бұлдыр бола қалса, сол арада талас-тартыс толастамайтын болды. Бұл бір топ өзіндік даралығы бар, өзіндік ұстанған бағдары бар жас ақындарға және олардың өлеңдеріне сын қарша борап тұрды. Тіпті, Қытайдағы тарлан, ардагер ақындар аталатын Ай Чің, Заң Кежия қатарлылар да оларға мысқылдай қарады. Деседе, күңгірт өлеңді жақтаушылардың, қолдайтындардың үні де толастамады. Бұл талас-тартыстар Күңгірт өлеңнің буынының бекемделуіне, толысуына зор ықпал етті. Адамдардың Күңгірт өлең жөніндегі танымы бір-бірімен мүлде қарама-қарсы екі түрлі болды: Бірі, Күңгірт өлең жаңаша өлеңдердің дамуына ықпал етеді, ол болашақтағы басты ағым болады десе; Енді бірі, Күңгірт өлең Қытай поезиясының мәңгі басты ағымы бола алмайды, ол поэзия дамуындағы теріс ағыс, аяққа тұсау деп қарады.

Қалай дегенмен де, Күңгірт өлең мәдениет төңкерісінің соңғы кезінде, өзіндік сана жағында ояна бастаған бір топ жас ақындардың өлең формасы арқылы реал дүниеге қайталай ой жүгіртуі мен өлеңнің дара көркемдік құнына деген ізденісінің нәтижесі болды. Ол осындай талас-тартыстар барысында поэзия төріне шықты. Кеудесін кермеге ұрған керемет сиқырымен оқырмандарының ойын жаулап, Қытайды шарлап кетті.

Күңгірт өлең – поэзия әлеміне бір топ талантты жастарды алып келді, олар Қытай поэзиясына тағы да жаңа екпін, жаңа үлгі ала келіп, қоғамның назарын өздеріне ерекше бұрды. Бұл өлең ағымының басты ақындары да қалыптасты, атап айтсақ: Шу Тің, Бый Дау, Шы Жы,  Гу Чың, Ляң Шияубин, Жияң Хы, Маң Ке, Хай Зи тағы басқалар.

Күңгірт өлең ақындары батыстың модернизмдік өлеңдерінің ықпалына ұшырап, кейбір батыстық ағымдардың бейнелеу тәсілдерінен үлгі алып, өздерінің ішкі сезімдерін, көңіл-күйлерін, ой-мақсаттарын айшықтады. Олардың жасампаздығындағы өлеңдер, сол кездегі әдебиет мінберінде дәурендеп тұрған реализмдік және романтизмдік өлең стилдеріне мүлде ұқсамайтын бет-бейне алып келді.

Күңгірт өлең Қытайдың өлеңдер тарихында ең назар аудартқан, әрі айналып өтуге келмейтін маңызды тақырып болды. Ол өлеңнің алуан бағытқа кеңейіп, Қытай тіліндегі өлеңдердің де түр жағынан түрлену мүмкіндігінің бар екенін, мазмұнының да тереңдікке бойлау мүмкіндігінің бар екенін дәлелдеді.

Алғашында олардың өлеңдері модернистік және постмодернистік дәстүрге еліктеген сияқты көрінгенмен, бірақ, артынан тез арада жаңа бір өріс ашып, құлаштарын тіпті де алысқа сермеді, өз алдарына басқаларға ұқсамайтын бөлек бір әлем қалыптастырды. Күңгірт өлең ақындарын іш құсталықтан, қаға берістен шұғылалы дүниеге барынша аңсары ауып талпынушылар десек те болады.

Күңгірт өлең ақындары аталған жасампаз топтың белгілі қалыптасқан ұйымдық формасы болмады, әрі олар белгілі көркемдік ұстаным мен жасапмаздық негізін көрсететін устап жариялаған емес. Дегенмен күңгірт өлең туралы қоғамдағы айтыс-тартыстар арқылы олардың рухани мәнін мына үш жақтан көрсетуге болады: Бірінші, Қоғамды сынау және қараңғы тұстарды айқара ашу; Екінші, қараңғылықтан жарыққа ұмтылып, сана мен қою күрескерлік бейне жөнінде қайталай ой жүгірту, іздену; Үшінші, «Адамға» деген ерекше назарды гуманистік тұрғыдан қалыптастыру.

«Пасықтық сұрқиялардың жол хаты,
Қастерлілік ардақтылардың құлпытасы,
Қарашы, мынау алтынмен апталған кеңістікте,
Өлгендердің ирелеңдеген көлеңкесі қалқиды

Мен саған сенбейтінімді айтайын, дүние!
Сенің табаныңның астында мың сотанақ болса да,
Мені мың бірінші деп сана.
Мен аспанның көк екеніне сенбеймін,
Мен найзағайдың жаңғырық екеніне сенбеймін,
Түстің жалған екеніне сенбеймін,
Өлімнің жазасыз екеніне сенбеймін.
Егер теңіз сен бөгетіңді бұзуға бекінсең,
Онда барлық ащыңды менің жүрегімнің түбіне сіңір,
Егер құрлық сен көтерілгің келсе,
Онда адамзатқа тіршіліктің құзын қайта таңдат», – Міне жоғарыдағы шумақтар Ақын Бый Даудың өлеңдерінен үзінділер. Өлеңдерде өмірге, қоғамға тіпті қоршаған барлық дүниеге ащы зары бары аңғарылады, алайда, автор оны басқа обыраздармен бұлыңғыр, күңгірт күйде бейнелеген.

Күңгірт өлеңдер сексенінші жылдардың соңдарынан бастап Қытайдағы Қазақтың жас ақындарына да ықпал етті. Ол туралы кейінгі бір мақалаларымызда тағы да тоқталатын боламыз. Төменде оқырмандар назарына Күңгірт өлең ақындарынан бір-екі өлеңін ұсынуды жөн көрдім:

1. Бый Дау – шын аты Жау Жынкай, 1949 жылы Бейжіңде туылған, 1978 жылы Бейжіңде «БҮГІН» атты әдеби журнал шығарған. 1987 жылдан бастап, Еуропа және солтүстік Америка елдерінде болған. Көптеген халықаралық силықтардың иегері, шығармалары отыз неше тілге аударылған. Қазір отбасымен Ган Конгте тұрады, Америка азаматы. Мынау «Шұғыла» журналының 2020 жылғы 12-санында аударылып жарияланған бір өлеңі:

УАҚЫТТЫҢ РАУШАН ГҮЛІ

Күзетші өлі ұйқыға шомғанда
Дауыл боран екеуің сырт айналып кеттіңдер
Ыстық құшақ мейірінде қаусағаны
уақыттың раушан гүлі

Құстың жолы айқындағанда аспанды
батқан күнге қайырыла көз сал сен
жоғалудың сол сәтінде көрінер
уақыттың раушан гүлі

Семсер суда жатқан кезде майысып
Сыбызғының үнін таптап өте шықтың көпірден
қаскөйліктің уытынан зар еңіреп жылаған
уақыттың раушан гүлі

Көкжиекті сызықтармен сызған кезде бейнелеп
шығыс даңғарасы селк еткізіп оятқан-ды ұйқыңнан
Жаңғырыққа тербеліп шешек атқан құлпыра
уақыттың раушан гүлі

Айнадағы сағым мәңгі осы сәт
Осы сәт ал қайта оралудың есігіне апарар
ол есік теңізге қарай ашылған
уақыттың раушан гүлі.

2. Хай Зи – өз аты Ча Хайшың, 1964 жылы 24-наурызда Анхуй провонциясының Хуайнің ауданында туылған, 1978 жылы Быйжің университетіне түсіп, бітірген соң, Қытай саяси-заң университетінде істеген. 1989 жылы 26-наурызда 25 жасында Шанхайгуан маңында пойыз релісіне өзін тастап өлген. Ол 1982 жылдан бастап өлең жазған Қытайдың осызаманғы талантты ақыны.

КҮН ШЫҚТЫ

Шексіз бақыт таңғы күннің шыққанын көру.
Қараңғылық жиегінен оянған
алтын күнмен көтерілді еңсем де,
Ұқсап тудым сүйікті ана отанға,
Қаны тулап жатқан ағып жүректің,
Бақыттымын ең кемі де,
Толық адам және шексіз бақыттымын дей алман,
Тұңғиық түн аласталды күн шығып,
Менің жәннат, әсем өлкем тұншығып,
Сүрмейді өмір жиегінде түнектің.

Мамырдың бидай атызы
жақындарым әлемдегі,
Құшағында жатып бидай атыздың
төрт құбылам, бауырларым, жақыным
еске аламын өткенді.
Жатқа соғып әркім өлең жырларын
құшағында, бидай атыз ішінде.

Кейде жалғыз отырамын атызында мамырдың
аңсап жақындарымды.
Қайраңында жатады малта тасы ауылдың,
Ымыртты аспан
жер төсінде шерлі ауылды қымтаған,
Кейде жалғыз отырам да атызында дамылсыз,
Бауыр үшін жыр оқимын елімнің
жанарсыз һәм ауызсыз.

(Өлең Тасқын Төрежановтың аудармасымен, "Қаратал" WeChat текшесінен алынды).

Мырзағали Тоқтаубайұлы

Ақын, әдебиеттанушы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5485