Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 3701 8 пікір 19 Маусым, 2023 сағат 14:44

Ендігі шешім Бектенов мырзаның дәргейінде қалды

Иә, соңғы бір айдың көлемінде ауылдық округ әкімінің құзыретін тағы да үш бағыт бойынша кеңейте түсу туралы мәселе көтеріп, Президент Әкімшілігінің басшысы Олжас Бектенов мырзаның атына хаттар жазып жатқанымыздан көзі қарақты, санасы сергек ағайын хабардар деп ойлаймын.

Президент Әкімшілігінің басшысы Олжас Бектенов мырзаның атына жазған сол ұсыныс-хаттарым Үкімет пен үш министрлікке қайта-қайта бағыттала берген соң, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Қанатбек Жайсаңбаев ініміздің қабылдауын сұраған болатынбыз.

Өткен аптаның сәрсенбі күні сол Қанатбек Жайсаңбаев мырзаның орнына Президентінің Әкімшілігі Инспекциялық-әдістемелік жұмыс секторының меңгерушісі Шыңғыс Андабековтің қабылдауында болып қайттық.

Кездесіп, танысқанда білдім, Шыңғыс Абдхадырұлы – менен төрт-бес жас үлкендігі бар, аға жолындағы  азамат болып шықты. Өзін Салық Зиманов атамыздың шәкіртімін деп таныстырды. Президент Әкімшілігінде он шақты жылдан бері қызмет атқарып келеді екен.

Қанатбек Жайсаңбаев мырзаның қабылдауын қатты қаласақ та, жасы үлкен ағаны және «Президент Әкімшілігі» деген институтты сыйлап, Шыңғыс Андабеков ағамызбен қуана-қуана кездесуге бардық.

Бекер обалы кәне, Шыңғыс Абдхадырұлы ағамыз барынша дайындалып келіпті. Бірден тіл табысып, емен-жарқын, бүкпесіз әңгімелесіп кеттік. Менің 2022 жылғы 4 мамырдан бергі Ақордаға жазған хаттарымның қашан қайда бағытталғанын, кімнің қолына тигенін жіпке тізген маржандай етіп, кестеге түсіріп алып келіп көрсетті.

Өткен жылы жазған екі хатымыз Президентке жетіпті.

«Ескі қырманды» сапырмай-ақ, бүгінгі тақырыбымызға оралсақ, ауылдық округ әкімінің құзыретін кеңейту туралы 4 мамыр күні жазған бірінші ұсыныс-хатымыз Президен Әкімшілігінің басшысы Олжас Бектенов мырзаның және оның Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменовтың өз қолына тиіпті. Сосын, ары қарай ҚР ӘРПК 65-бабына сәйкес қарап, жауап беру үшін Ұлттық экономика министрлігіне, Сауда және интеграция министрлігіне және Ауыл шаруашылығы министрлігіне бағытталыпты.

Ал, 16 мамыр күні Ақордаға жолдаған екінші ұсыныс-хатымыз да алдымен Президен Әкімшілігінің басшысы Олжас Бектенов мырзаның және оның бірінші орынбасары Тимур Сүлейменовтың, одан ары Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Ернар Баспаевтың, одан қайтадан Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменовтың алдынан өтіп, ары қарай Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына жөнелтіліпті...

Қысқасы, Президент Әкімшілігі ауылдық округ әкімінің құзыретін тағы да үш бағыт бойынша кеңейте түсу туралы ұсынысымызбен толық танысыпты.

Ол үшін Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Жайсаңбаев Қанатбек Бақытұлы ініміз бен Оның ұжымына алғысым шексіз.

***

Енді, сол сол үш министрліктің жауаптары мен кездесулер туралы айтайын.

Президент Әкімшілігінің басшысы Олжас Бектенов мырзаның пәрменімен болса керек, Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков пен Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов мені жеке-жеке шақырып, мамандары мен департамент басшыларын қатыстыра отырып кездесу өткізді.

Екі вице-министр де ауылда туған, биліктің біраз баспалдағынан өткен жанып тұрған жас жігіттер екен. Қарапайым болғанымен, өте жоғары деңгейде кездесу болды. Емін-еркін пікірлестік, бүкпесіз ой бөлістік. Бұл – өз алдына бөлек әңгіме.

Ал, үш министрліктің негізгі ұстанымын білдіретін – орлардың біздің ұсыныс-хаттарымызға берген ресіми жауаптары.

Бірінші, Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауабы.

Аталған министрлік «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту арқылы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі әрқашан Министрліктің бақылауында...» деп бастап, «Бүгінгі таңда қабылданған шаралар оң нәтиже беруде. Мәселен, 2022 жылғы статистика деректері бойынша азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі ақшалай түрде 2 914,4 млрд. теңгені құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 3,9%-ға артық.

Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялардың көлемі 6,7%-ға ұлғайып

854 млрд. теңгені құрады, азық-түлік өндірісіне құйылған инвестиция 15,7%-ға артып 140,6 млрд. теңгені құрады.

Бұл ретте, 2022 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 9,1%-ға ұлғайып, 9,3 трлн. теңгені құрағанын атап өту қажет.» - деп, бір тоқтапты.

Онда неге Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 19 сәуір күні өткен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте «Ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоқ. Елімізде өндірілетін тауардың көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жетпейді. Импортқа тәуелдіміз» - дейді?!

«Әрбір министрдің, әкімнің жұмысы статистикамен, есеп-қисаппен емес, нақты нәтижемен өлшенетін болады.»-деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Демек, қанша цифрды сықитып алға тартқанымызбен, нақты нәтижені Президент те, жұрт та көріп отырған жоқ!

Аталған министрлік тағы да «Субсидиялау жүйесін реформалауға қатысты

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдауды жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы құрылды, оған салалық қауымдастықтар мен одақтардың, агробизнестің, ғылымның, мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттарының өкілдері кірді.

Барлығы жұмыс тобының 9 отырысы өткізілді, онда субсидиялау жүйесін жетілдіру тәсілдері талқыланды.

Қолданыстағы субсидиялау жүйесін реформалаудың бірнеше нұсқалар дайындалды, олар жұмыс тобының отырыстарында бірнеше рет талқыланды.

Түбегейлі реформалаудың барлық ұсынылған нұсқаларын агробизнес өкілдері қолдамады, фермерлер қауымдастығы қолданыстағы субсидиялау жүйесін сақтауды талап етті...» - депті.

Менің ұсыныс-хаттарыма берілген жауаптардың төресі осы болды!

Алдыңғы бір мақаламда да айттым, бүгін тағы қайталаймын, Әрине, агробизнес өкілдері мен фермерлер қауымдастығы үшін қазіргі қолданыстағы субсидиялау жүйесі «ақша жасаудағы» табылмас мүмкіндік.

Егер, ауыл әкіміне мен ұсынған құзыреттер берілсе, олар отыз жыл бойы жеп келген «майшелпегінен» айырылады. Бұл – бір.

Екінші жағынан, егер, жағдай шынымен осылай болса, онда бұл – «Агробизнес өкілдері мен фермерлер қауымдастығы секілді белгілі бір топтар Тоқаев билігіне экономикалық рефома жасатпай отыр ма?!» деген ой туғызады.

Сондай-ақ, аталған министрліктің Жер ресурстарын басқару комитеті «...ауылдық әкімдіктерге жерді бөлу бойынша құзырет берілген жағдайда әкімдіктердің штат санын ұлғайтуға және оларды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін бюджеттен қосымша қаражат бөлуге алып келеді. Бұл, өз кезегінде мемлекеттік қызметкерлердің штат санын қысқарту саясатына сәйкес келмейді.» - деп, жауап беріпті бізге.

Бұл да су кешпейтін сылтау!

Жер ресурстарын басқару комитеті осы саладан бір жылда ұрланатын мемлекет қаражатына игерілмей жатқан жерден түсетін пайданы қосып, оны ауылдағы жаңадан толықтырылатын мемлекеттік қызметкерлерге бөлінетін қаражатпен салыстырып көрсін, қайсысы көп болып шығар екен?!

Оған апарып, ауылдағы 7,5 миллион тұрғынның тағдырын қосыңыз!

«Өкінішке қарай, әкімдер соны біле тұра, алдағы қиындықтарды уақтылы бағамдай алмайды. Жауапкершілікті өзіне алып, дер кезінде шешім қабылдаудан қашады» - деген жоқ па Президет.

Егер, ауылдық округ әкіміне біз ұсынған құзыреттер берілсе, әкімдер батыл шешім қабылдаудан да және оның жауапкершілігін арқалаудан да  қашпайтын болады. Ең бастысы, халықтық бақылау күшейеді...

Сонымен бірге, бұл жоба Президенттің мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру саясатыңыздың нақты жүзеге асқандығының бір айқын көрінісі болады.

Екінші, Ұлттық экономика министрлігінің жауабы.

Аталған министрлік «...ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді беру рәсіміне өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарды және субсидиялау мәселелерін Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі қарайтын болады» дей келіп, «Бюджеттік кодекстің 42-бабы 2-тармағына сәйкес бюджеттік процесте республикалық бюджеттің ауылдық округтер бюджеттерімен өзара қатынастарына жол берілмейді...» - депті.

Біздің уәжіміз мынау:

Ауылдық округ әкімінің құзыретін тағы да үш бағыт бойынша кеңейте түсу – жергілікті жердегі ескі басқару жүйесін өзгерту болып табылады. Ол – Жаңа Қазақстан құру үшін жасалып жатқан жаңа қадам.

Жаңа Қазақстан құру үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Конституциясының үтен бір бөлігіне өзгеріс енгізді. Тіпті, бір жылда екі мәрте  Конституциялық өзгеріс жасады. Оның қасында, Бюджеттік кодекстің 42-бабы 2-тармағын өзгерту – түкке тұрғысыз дүние емес пе?!

 Үшінші, Сауда және интеграция министрлігінің жауабы.

Бұл министрлік облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органдары сауда саясатын жүргiзудi қамтамасыз ететінін және өз құзыретi шегiнде ішкі сауда субъектiлерiнiң қызметiн реттеудi жүзеге асыратынын айтып, «Осыған байланысты, ішкі сауда мәселелері бойынша нақты ұсыныстарыңыз бар болған жағдайда, біз оларды қарастыруға дайынбыз.» деп, қысқа қайырыпты.

Дұрыс! Оған айтар уәжіміз жоқ. Бірақ, біздің ауылдық округ әкімінің құзыретін кеңейту туралы ұсынысымыздың бұл министрлікке не үшін жіберілгенін түсінбедік.

 Көріп отырсыздар, үш министрліктің де жауабы өздері үшін, әрине, дұрыс және орынды. Олар жоғарғы жақтан бір пәрмен берілмесе, сызылып қойған  шеңберден шығып, «Иә, осылай жасау керек!» деп айта алмайды.

Жоғарыдан бағытталған өтініш-хат болған соң, оған мнистрліктер міндетті түрде өз құзыреттері шегінде жауап берулері керек қой. Жауап беру үшін жауап беріп қана қоймай, олардың біраз шындықтың бетін ашып жауап бергендеріне қатты риза болдым. Әсіресе, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтың «Түбегейлі реформалаудың барлық ұсынылған нұсқаларын агробизнес өкілдері қолдамады, фермерлер қауымдастығы қолданыстағы субсидиялау жүйесін сақтауды талап етті...» деген жауабына!

 Сонымен, менің ендігі жерде министрліктермен бұл мәселе туралы шаруам тәмәм! Олардың ұстанымы белгілі болды. Ресіми жауаптың сыртындағы ауызекі әңгімеде мен кездескен үш органның жауапты тұлғалары да, мамандары джа бұл өзгеріске қарсы емес екендіктерін ашық айтты. Тіпті, бұл саладағы жемқорлық туралы әңгімені естісең, төбе шашың тік тұрады. Бір тракторға сексен қанша мәрте субсидия алған бақырды естігенде, өз ұсынысымның орынды екеніне көзім әбден жетті. Ал, жоқ мал мен егін үшін субсидия алып келгендерде есеп жоқ...

Енді ол түйеде жүгім жоқ. Министрліктерді айтам. Қалған әңгіменің бәрі Президент Әкімшілігінің құзырында, оның басшысы Олжас Бектенов мырзаның дәргейіде қалды.

Кеше ғана Түркістан төрінде өткен Ұлттық құрылтайда Президентіміз «Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады.» - деді.

Дау жоқ, сол адал азаматтың біреуі – Олжас Бектнов мырза деп білемін.

Егер, Олжас Абайұлы адал азамат болмаса, Қасым-Жомарт Кемелұлы Ол жігітті мынадай аса жауапты қызметке тағайындамаған болар еді.

Ауылдық округ әкімінің құзыретін тағы да үш бағыт бойынша кеңейте түсу туралы менің аталған ұсынысымды Президент Әкімшілігінің басшысы Олжас Бектенов мырза қайтадан Өз назарына алып, оны Президентке жеткізеді деген сенімдемін!

Менше, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 19 сәуір күні еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте айтқан түйткілді мәселелерді Президент әкімшілігі мен Мемлекеттік хатшы май шаммен қарап, оны болдырмауу үшін тиісті заңдар мен номартивтік құжаттарға батыл өзгертулер мен толықтырулар енгізуге сөзсіз ықпал етулері керек!

Естеріңізде болса, 2019 жылы 12 маусым күні ұлықтау рәсімінен кейін сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының сайланған президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзінің ОН МІНДЕТІН ортаға қойған болатын (https://kznews.kz/basty/qasym-zhomart-toqaev-prezident-retinde-atady-10-mindetin/. )

Алла қаласа, ауылдық округ әкімінің құзыретін тағы да үш бағыт бойынша кеңейту жобасы заңдастырылса, ол – Президенттің сол ОН МІНДЕТІНІҢ, кем дегенде, СЕГІЗІН шешуге жол ашады!

Әйтпесе, біз ауыл мен ауыл шаруашылығын дамытуға бөлген мемлекет қаражатын, Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, тағы да кейбір пысықайлардың жемі қыламыз. Тіпті жұрт Президент әкімшілігін агробизнес өкілдері мен фермерлер қауымдастығының сыбайласы деп бағалауы мүмкін...

Фото:kyzmet.gov.kz

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5440