Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Қоғам 2837 3 пікір 20 Маусым, 2023 сағат 19:33

Парламент отырысы: Былтыр республикалық бюджет қалай игерілді?

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті. Оған ҚР Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, ҚР Үкімет басшысы Әлихан Смайылов, Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунова, Үкімет мүшелері қатысты.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «былтыр мемлекет өзінің әлеуметтік және басқа да міндеттемелерін толық көлемде орындады»,-деді. Оның есебінше:

Былтыр пандемиядан кейін экономиканың жандануы байқалды. Жалпы ішкі өнім 3,3% өсті;

Көптеген негізгі салаларда оң нәтижеге қол жеткізілді. Мәселен, өңдеу өнеркәсібі 3,4%, құрылыс саласы 9,4%, көлік 3,9%, ауыл шаруашылық 9,1%, сауда 5% өсті;

Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 7,9% ұлғайды;

Республикалық бюджеттің негізгі параметрлері атқарылды. Түсімдер 102,1% атқарылып, 16,1 трлн теңге болды. Шығыстар 98,6% игерілді және 18,5 трлн. теңгені құрады;

Бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,3% құрады.

Жамаубаев Мемлекет басшысының Ұлттық қордың қаражатын 2030 жылға қарай 100 млрд долларға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындау үшін  Ұлттық банкпен бірлесіп, қордың инвестициялық кірістерін арттыруға қатысты шара қабылданып жатқанын атап өтті.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов былтыр негізгі капиталға салынған инвестиция нақты мәнде 8% өскенін хабарлады. Оның мәлімдеуінше:

Шикізаттық емес секторға тартылған инвестиция үлесі кейінгі 5 жылда 50%-дан 70%-ға дейін өсті;

Шикізаттық емес сектордағы тікелей шетелдік инвестиция үлесі 2005-2006 жылдары 20% болса, былтыр 52%-ға дейін өсті;

Өңдеу өнеркәсібіне кейінгі 5 жылда инвестиция өлемі 1,5 есеге артты;

Алюминий өңдеу көлемі 30 пайыз артты;

Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 27% немесе 1,8 миллионға өсті. Ал жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 36% болды.

Премьер-Министр «мемлекеттік борышты азайту мәселесі Үкіметтің тұрақты назарында тұр»,- дейді.

«Жалпы, келер 5 жылда мемлекеттің қарызы қауіпсіз деңгейде болады. Жалпы ішкі өнімге шаққанда 25 пайыздан шегінен аспайды деп есептейміз», - деді Үкімет басшысы.

Жоғары аудиторлық палата төрағасы Наталья Годунова мемлекеттік органдарға сырттан тиімсіз қарыз тартқаны үшін салынатын айыппұл мөлшерін арттыруды ұсынды.

«2021 жылғы республикалық бюджетті орындау туралы есептің қорытындысы бойынша 33 ұсыным берілді. Үкімет бюджет тәуекелдерін айқындап, 2050 жылға дейінгі мемлекеттік қаржының ұзақ мерзімді тұрақтылығына талдау жасады. Қарыз саясатында біртіндеп тәртіп пайда болып келе жатыр. Сыртқы қарыздарды тиімсіз тартқаны және оларды уақытылы игермегені үшін лауазымды тұлғалардың дербес әкімшілік жауапкершілігі енгізілді. Мұндағы 100 АЕК мөлшеріндегі айыппұл сомасын көбейту керек деп санаймыз», - деді Наталья Годунова.

Ол сондай-ақ бюджет есебінен іске асатын жобалардың құнын асырып бағалау проблемасы барын айтты. Оның сөзінше, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тарапынан шаралар қолданылуы керек, мемлекеттік сараптама тарапынан қатаң бақылау орнату қажет.

«Министрліктердің өзі жеңілдетілген несие мен преференцияларды, кепіл берілген борышты ұсыну кезінде аталған мемлекеттік қолдау өндірістерді кеңейтіп, жұмыс орындарының санын көбейтетінін негіз етіп көрсетеді. Ал көрсеткіштер көп сұрақ туындатады. Қаражат бөлінген жылы нәтиже бола қоймайтыны түсінікті. Бірақ орта мерзіммен 3-5 жыл ішінде нәтижесі көрінуі керек қой... Төрт жыл бұрын жобалау-сметалық құжаттамада жоба құнын асырып көрсету деңгейі - 30%, ал оның жалпы сомасы 1 трлн теңге болады деп есептеген болатынбыз. Қазір жобалардың қымбаттауы жалпы сипат алып отыр. Оның жалпы сомасы тіптен қомақты. Осыған байланысты әсіресе Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тарапынан ақылға қонымды шаралар, ал мемлекеттік сараптама тарапынан қатаң бақылау керек», - деді Жоғары аудиторлық палата басшысы.

Жиында Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері ортаға салынып, бекітілді.

Дауыс беру кезінде «Ақ жол» партиясы мен ЖСДП фракциясы 2022 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекітуге қарсы болды.

«Ақ жол» фракциясы Үкіметтің есебін қолдамайды және біз оған қарсы дауыс береміз. Үкімет есебінде бюджет кірістері артығымен орындалды деп отыр. Оның негізінде салық түсімдерінің 42%-ға және уақытша тартылған қаржының 13%-ға артуы жатыр. Өкінішке қарай, кәсіпкерлер бұл терминдердің астарында не жасырылғанын жақсы біледі. Үкімет кез келген мінбеден бизнеске тексеру мен қысымды азайтып жатқанын мақтанып айтуда. Ал, шын мәнінде жағдай мүлдем басқа», –  дейді «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев.

«Сол секілді ЖСДП фракциясы Есеп палатасының қорытындысын және Үкімет ұсынып зерделенген материалдарды ескере отырып, бұл есепті қабылдауға қарсы», –деді  ЖСДП партиясының басшысы Асхат Рақымжанов.

 

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1239
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2950
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3320