Қоғамымызда әйелдің құны жоқ...
Жақында ғана елімізге кеңінен танымал бір порталдан төбе шашымды тік тұрғызып, құйқамды шымырлатқан бір мақала оқыдым. Біріккен ұлттар ұйымының келтірген мәліметіне қарағанда, жыл сайын тәуелсіз Қазақстанда 400 әйел өзінің күйеуінің қолынан қаза табатын көрінеді.
Естіп тұрсыздар ма, күйеуінің қолынан. Өзгелерден емес. Бұл не сұмдық сонда? Егер «әй дейтін әке, қой дейтін қожа» болмаса, жамағат бұған селқостық танытып отыра берсе, мұның аяғы неге әкеліп соғады? «Қатынына ерекше батыр» еркектеріміз өз жұбайларын біржолата қырып тастаған соң кімге үйленеді? Жалпы, адам өлтіргені үшін сотталып келген қанішер еркекке кім барады? Үйінде күнде таяқ жесе де, барар жер, басар тауы жоқ болған соң үн-түнсіз көніп отырғандары қаншама? Оның сыртында еркектің озбырлығына шыдамай, ажырасып кеткен апа-қарындастырымызды кім санапты? Олардың обал-сауаптары кімнің мойнында? Мүмкін, өз ұлтын менсінбей, жат жұрттық жігіттің етегінен ұстап, шетел асып бара жатқан аруларымыз да осындай қатігездіктен сескенетін шығар? Олай емес деп кім айта алады?
Меніңше, мұның бәрі біздің қазақи қоғамда әйел адамды екінші сорттылардың қатарына жатқызудан. Келін түсірсе, «балам үйленді» дегеннен гөрі «енді келін жұмсап, рақаттанатын болдым» деп қуанады. Үйге біреудің әлдилеп өсірген қызы емес, су тегін жұмыс күші келді. Өзінікі емес, бөтен біреудікі, аяйтын несі бар. Осыны көріп тұрған ерке шолжаң баласы да аянып қалсын ба?! Оның аяғы міне, жыл сайын қыршын кетіп жатқан 400 әйел. Бұған кім тоқтау салады? Адуын ене ме, ерке бай ма болмаса самарқау полиция мен мұндай ұсақ-түйекке уақыты жоқ судьялар ма?
Әңгімеге тұздық үшін. күні кеше ғана Алматы шаһарында «баламды көрсетпедің» деп күйеуі әйелін пышақтап өлтірген және онысын мойындамайды. Ашу үстінде болатын ұсақ-түйек кикілжің деп есептейді. Бұл тіпті көңіл бөлуге тұрмайтын дүние сияқты...
Айтпақшы, былтыр дәл осы қалада белгілі заңгер әйелін 28 жерден пышақтап өлтірген, жауызға небәрі 1,5 жыл ғана жаза беріпті. Бұл да ашу үстінде өзін-өзі ұстай алмай қалыпты. Қазақтың қайсар ұлдарында ондай-ондай болып тұрады ғой. Қанға сіңген еркектік еркелік-дағы.
Ал біз қазақты қайтсек көбейтеміз деп шырылдап жүрміз. Қайта қайтсек құрып кетпейміз деп дабыл көтеруіміз керек шығар. Сіздер қалай ойлайсыздар?
Жайберген Болатов
Abai.kz