Вице-министрдің сөзі кәсіпкерлерді ашындырды...
Алматы базарларының кәсіпкерлері Сауда және интеграция вице-министрі Арман Шакқалиевтің Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы базарларды жаңарту туралы жасаған мәлімдемесіне наразы.
Таяуда вице-министр Мәжілісте өткен Үкімет сағатында «Жол картасы орындалды, біз орындалуын бақылап отырмыз. Орындамаған сауда нарықтары таратылады!» деген болатын.
Осыған байланысты Алматыда бір топ кәсіпкер, заңгерлер жиналып баспасөз мәслихатын өткізді. Олар Шакқалиевтің айтып отырған «Жол картасы» әлі шикі деп есептейді және базарларды жаңартуға уақыт беруді, мемлекеттен жәрдем беруді сұрайды.
Жиынға қатысушылардың сөзінше, Үкімет қаулысымен бекітілген «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бойынша 2022 жылы 42 сауда орнының 38-і жаңартылуы керек болған. Ал 2025 жылы 103 сауда орыны модернизацияланып бітуі керек.
Дәл қазіргі уақытта Алматыда 26 базар жаңартылмаған. Оның ішінде 15-і «Жол картасына» енген. Кейбірлерін жаңарту жұмысы 2025 жылдың желтоқсан айында аяқталуы керек.
Кәсіпкерлер вице-министрдің асығыстық жасап, жаңармаған базарларды жабуға деген құлшынысына не себеп екенін білмей дал.
«Модернизация деген айқайы көп, бірақ нақты түсінігі жоқ іс болды. 19 маусымда Үкімет сағатында Сауда және интеграция вице-министрі Арман Шакқалиев модернизация туралы мәлімдемесі кәсіпкерлер арасында наразылық тудырды. Өрескел сорақылық. Бұны вице-министр емес, кресолоның буына мас болып отырған еркетотай шенеуніктің әрекеті деп бағалар едім. Қалайша үш ірі мегаполисттегі мыңдаған кәсіпкерлердің тағдырын бір-ақ ауыз сөзбен шешуге болады? Вице-министрдің аузынан шыққан сөздің артында кім тұр? Егер де ол өзінің аузынан шыққан сөз болса, қателігін мойындап, кешірім сұрамай ма? Сұрақ көп, жауап жоқ. Сұрақтың жауабын заң аясында іздеп көрдік. Вице-министр «кошмарит» деп халыққа қарата айтқан. Сонда біз құқықсыз, заң аясында шешім қабылдай алмайтын мемлекетте өмір сүріп жатырмыз ба? Базарды модернизациялау бойынша «Жол картасы» қайда? «Жол картасын» неге кәсіпкерлер білмейді? Базар – бизнестің жеке түрі. Ол жабайы сауда емес. Модернизацияның мерзімі айқындалмаған. Министрліктегілердің әрекеті, қаулылары Президенттің беделіне қаскөйлік деп бағалаймын. Арман Шакқалиевтың вице-министр бола тұра осылай айтқаны жас баланың сөзі емес пе? Сонда ойланбай айтқан шенеуніктердің сөзіне бола, біз отырған орнымызды, саудамызды, кәсібімізді тастап, мыңдаған адам қайда баруымыз керек? Қай жерден күн көріс іздеп, қайдан табыс көзін табуымыз керек? Мыңдаған кәсіпкерді қайда апарып орналастырмақшы? Осы сұрақтың бәріне жауап алу үшін Үкіметтен және қазіргі депутаттық корпустан базарларда болып жатқан жайтты бақылауға алуын сұраймыз. Үкіметтен вице-министрдің мәлімдемесіне қатысты ресми түсініктемені талап етеміз. Модернизацияға түсініктеме берсін. Көрші мемлекеттердегі жағдайды, пандемия, қаңтар оқиғасы сынды көптеген факторларды ескеріп, базарларды жедел модернизациядан өткізу уақытын кейінге шегерсін. Әлі толықтай жаңаланып болмаған базарларды жоюға оны не мәжбүрлеп отыр?» - дейді заңгер Жамиля Төленова.
Заңгердің айтуынша, базарларды жаңарту мәселесінен бөлек, кәсіпкерлер ұзақ уақыттан бері жерді жалға алу мерзімін ұзарта алмай отыр.
«Базарды модернизацияламау жағынан алып қарағанда да, біздің базар алдымен құрбандыққа ұшырайды. Себебі бізде жердің құқықтық иесі әлі анықталмаған. Оны анықтау бойынша соттасып жатқанымызға бес жыл болды. Оны анықтауға және жаңа заманауи сауда нысанын салуға Досаев бөгет жасап келеді. Бұған дейін Бауыржан Байбек «Рахат» базарының жерін өзінің компаниясына алып қоймақшы болған. Ол қашып кетіп еді, енді Досаев жердің жалға алу мерзімін ұзартпай отыр. Біз үш рет сауда ғимаратын салудың эскизін бердік. Қабылдамады. Сонда, біз әлі құқықтық мәртебесі анықталмаған жерге қаржы салып, сауда ғимаратын тұрғызуымыз керек пе? Ол заңсыз құрылысқа жатады ғой. Әкімдік жүздеген кәсіпкерлерді әуреге салып, өздерінің жеке мүдделік амбицияларынан аса алмай отыр»,-деді Жамиля Төленова.
«Кенжехан» базарының ресми өкілі Жасұлан Ахметов базарларды жаңарту жұмысына мемлекет жәрдем беруі керектігін айтады.
«Мемлекет көмек көрсетуі тиіс. Бізде кәсіпкерлікті дамыту бойынша арнайы топ, ұйымдар бар. Осы уақытқа дейін базарды дамыту үшін өте көп қаржы жұмсалды. Осы жағдайға жету үшін. Санитарлық жағдайын, өрт қауіпсіздігін, өзгеде талаптарды реттеуге көп қаражатымыз кетті»,-дейді ол.
Оның айтуынша, тіпті дәл қазір қаражат табылып, инвестор келіп ақша саламын деп тұрса да, базарларды толық жаңартуға көрші мемлекеттердегі жағдайға байланысты құрылыс материалдары жетіспейді, мамандар да тапшы.
«Бүкіл базарды бір сәтте модернизациядан өткізу мүмкін емес. Жыл соңына дейін базарды түгелдей жаңалай алмаса, оны бұзып тастау деген ақылға қонбайды. Егер заң сондай талап қойса, біз мемлекеттен көмек күтеміз. Бизнестің бұл саласы субсидиялауға да, төмен пайызбен несиелеуге де жатпайды. Біз өз жұмысымызды тоқтатқымыз келмейді, адамдардың жұмыс істеуіне мүмкіндік берсін. Тек біздің «Кенжехан» базарында екі мың кәсіпкер бар. Оларды қайда жібермек сонда министрлік? Қайдан орын тауып бермек?», - дейді Жасұлан Ахметов.
Бүгінгі таңда кәсіпкерлер өз қаражаттарын салып, базарды жаңартуға кірісіп кете алмайды. Өйткені, бұған дейін, жаңа стандарттарға сай жұмыс істеп тұрған «Евразия» базарының иесі саудагерлердің ақшасына базарды жөндеп, ақырында сатып, Мәскеуге тайып тұрған. Ал базардың жаңа иесі кәсіпкерлерден орындарын босатуды талап еткен. Осыған байланысты сот ісі басталып, саудагерлер әлі күнге дейін құқығын қорғай алмай жүр.
Кәсіпкер Сәуле Абдуллинаның сөзінше, базарды модернизациялау сонау 2014 жылы басталған.
«Біз модернизациялауға 2014 жылдан бастап ақша салғанбыз. Дәл қазір далада қалатын түріміз бар. Сонда сатушылардың құқығын кім қорғайды? Қай министрлік мүддемізді қорғайды? Алты айдан бері жан-жаққа хабарласып жатырмыз. Ешкім қозғалмайды. Кәсіпкерлер 4 жарым миллион доллар ақша салған. Енді содан айырылып қалмақшы. Игорь Овсянников болса Мәскеуде рахаттанып жүр. Оны алып келуге болар еді. Модернизация жасаңдар деді. Сондағы мемлекеттік жауабы осы ма? Кепілдік жоқ. Қаражат салып, инвестиция тартқанмен, ол сауда нысанының қожайыны өзгеріп, сенің далада қалмауыңа кепіл жоқ. Мемлекет қорғай алмайды»,-дейді кәсіпкер Сәуле Абдуллина.
Енді келіп жаңартылмаған сауда нарықтарын жою басталса, бұл – жұмыссыздықтың белең алуына, саудагерлердің далада қалуына апаратын бірден-бір жол екенін айтады кәсіпкерлер.
Abai.kz