Жұма, 22 Қараша 2024
Ғибырат 2712 2 пікір 26 Маусым, 2023 сағат 12:24

Жұматайдың орындалмаған арманы

Сурет: Егемен Қазақстан гәзеті

Қазақ сөзінің қайнарынан қанып ішкен қаламгер Жұматай Сабыржанұлы, аман-есен арамызда жүрсе, биыл 76 жасқа толар еді.

Сыны – әділ, жебесі – түзу

Өткеннен өнеге алып жүретін, кешегі күннен қорытынды шығармаған қоғамның келешегі де кемел болмасын ұғатын зерек те сирек талаптылар болмаса, бүгінгі жас журналистердің дені бұл кісіні жақсы біле бермеуі мүмкін. Ал журналистикаға өткен ғасырдың 90-жылдарының басында, Тәуелсіздік лебімен ере келген біздің буын үшін «Жұматай Сабыржанұлы» деген аты-жөн – нағыз сапа белгісі болатын. Мақаланың, хабардың, ойтүрткінің астында осы автор тұр ма – болды, оны оқу керек. Көшеде келе жатырсыз ба, қонақта отырсыз ба, әлде жұмыста немесе сабақтасыз ба – бәрібір, бәрін былай ысырып қойып, газетке құныға үңілмей тұра алмайсыз, бұл кісінің жазғандары адамды лезде еліктіріп, қызықтырып әкететін.

Әр бейсенбі күні «Ана тілін» алу үшін қалалық қазақы қауым дүңгіршекке тұра жүгіретін, ертерек үлгермесе, газетсіз қалатын кездер ғой. Ғаламтордың не екенінен бейхабар, компьютердің тілін білмейтін, ұялы телефон ұстап көрмеген, ұяттың қадірі бар шақ. Елдің бар баққан-білгені – қазақша-орысшасы аралас бір-екі телеарна мен ұлттық газеттер ғана. Егер бүгінгі заманауи технологияның бүкіл жетістігі, әлеуметтік желі дегендеріңіз сол дәуірде болса, Жұматай ағам – нағыз «жұлдызға» айналар еді. Өйткені, жазғаны – көкейіңдегіні дөп басып, көп жайтты аңғартпай жүрген көзіңдегі «шелді» сылып алады; сыны – қара қылды қақ жарар әділ, жебесі – қапысыз ондыққа тиер түзу! Сосын ол кісі аңысын аңдап, алыстан орағытып, бипаздап отырмайды – мәселенің мән-жайына бірден көшеді, тоқ етерін төтесінен бір-ақ айтады. Және бетің бар, жүзің бар демейді, «анау – басшы-ау, мынау – қосшы-ау» деп жатпайды, «тілін тістеп, тізгін тартуды» білмейді.

Ақиқатты ту еткен алғыр ойдың бағасын беріп, қадіріне жеткеннен гөрі жеңіл күлкі, ойын-оспақ, өсек-төсекке үйір боп бара жатқан әлеуметтік желінің қазіргі қалпына қарамастан, Жұматай ағамның жазғандары қай кезде де оқырманын тамсантар еді деп ойлаймын. Себебі, біріншіден, қысқа да нұсқа жазады. Екіншіден, сірескен телеграфтық стильде емес, ресми реңктен аулақ, сөзге шешен кісінің әлдебір оқиғаны майын тамыза әңгімелеп бергені секілді, құнары мол қазақы тілмен қызықты ғып баяндайды. Үшіншіден, күмілжіп, күлбілтеге салмай, әр нәрсені атымен атап, нақты бағасын береді. Төртіншіден, жазған дүниесінің өн бойына үнемі әзіл жүгіртіп, мысқыл дарытып, оқырманның жанын сүйсіндіріп отырады. Болған жайтқа, айтылған сөзге, қабылданған шешімге қатысты өз пікірін білдіріп, оқыған адамды да ойға, ойлануға жетелеп отыратыны тағы бар.

«Құданың құдіреті, баяғыдан бергі бір әдетім – жазып отырған материалым үш, әрі кетсе төрт беттен асса, қамыттан шыққысы келген өгіз сияқты қиқаңдай бастаймын. Көбіне шорт түйе саламын. Айтайын дегендерімді сол көлемге сыйғызсам – сыйғыздым, сыйғызбасам – қалғаны. Бұл дағдының бір жақсы жері – сығып жазуға үйретті» деген екен Жұмекеңнің өзі.

Жұматай Сабыржанұлы – қазақ баспасөзінде «реплика» жанрын жандандырған журналист. Оның жазғандарының едәуір бөлігі – биік мінберлерден айтылған, БАҚ бетінде сөз болған, көпшілікті толғандырған мәселелерге байланысты өткір ой, өзгеше көзқарас немесе сол тақырыпты тереңдете, дамыта түсу мақсатындағы ойтүрткі мақалалар. Табиғатынан аңғарымпаз ақынжанды адам, қанындағы әділетсүйгіштік қасиет қайнап шыға келетін күрескер қаламгер құлағы шалған жалғандыққа, көзі көрген көпе-көрнеу жасандылыққа ешқашан шыдап тұра алмайды.

«Адам болып туып, Адам болып өтті»

Жалпы, шындықты (егер ол өзін абыройдан жұрдай етер шындық болмаса, әрине) жек көретін адам жоқ. Ащы ақиқат айтылса – риза болмайтын, сүйсінбейтін, айтушының арқасынан қақпайтын кісі кемде-кем. Бірақ әркім де шындықты өзінің емес, басқа біреудің айтқанын қалап тұрады. Өзгенің аузымен айтылса, әйтеуір өзіне зияны тимейді ғой. Ал ақиқатты ашық айтқан адамның түрлі кедергіге, қысастыққа, қиянатқа тап болатыны мәлім. Оған Жұматай ағаның өмір жолы – нақты дәлел, «жарқын» мысал. Солтүстік облыстарда қазақ тілінің өркендеуіне тұсау болған, өресіздіктері мен қиямпұрыстықтары үшін сыналған басшылар мен өз арамыздан шыққан кейбір жандайшаптардың аяқтан шалу, «шөміштен қағу», қудалау секілді «жақсылықтары» жақсы ағамның «Өкпелесең, өзің біл» (2001 жыл) атты кітабында толып жатыр. Қайсыбірін айтарсыз...

– Жұматай отыра қалып, бірдеңе жаза бастаса, мазам қашатын, – дейді бір сұхбатында Жұмекеңнің жары, журналист Әмина Міржүсіпқызы. – «Әй, сен осы елді алатайдай бүлдіріп тағы не жазып жатырсың? Тіліңнің тікенін қадамай, ешкімге тиіспей тыныш отыршы. Бала-шағаңа қайғысыз қара су ішкізесің бе, жоқ па?! Елде нең бар-ей?» десем, «Әй, енді кім айтады? Жарайды, мен айтпайын, анау айтпасын. Бір адам басын тігуі керек емес пе?! Жеке басына тиісіп жатқан жоқпын, қолындағы жұмысын дұрыс атқармаса қалай шыдайсың?» дейді... Ақкөңіл жаратылған жан ғой, бірақ біреудің, әсіресе әкімқара, ұлықтардың адамгершіліктен аттағанын көрсе, қарап отыра алмайтын. Сынағанды кім жақсы көрсін. Сөйтіп, өзіне «жау» тауып ала берді.

Бірақ ол сөйтіп жүрсе-дағы, өзінің өткірлігіне көңілі толмай өтті. «Әмина-ау, маған бекер ұрсасың. Менікі – тек «қаулаған өтірікті қайтсем азайтамын» деп өңмеңдеу ғана. Соның өзінде аузымды толтырып айта алмай, кіжінумен жүрген жоқ па күйеуің байғұс!» дейтін. Сын жазса сындырып жіберердей болғанымен, тісі батпаған кезде маған сөйтіп шағынатын. Сондай кезде аяйтынмын, босқа арамтер болып жүргенін өзі де білетін, мен де білетінмін...

«Құдайдың маған берген бір мінезі, Тәуір көрем мақтаудан сынағанды» деп өзі айтқандай, Жұматай Сабыржанұлының қаламы қоғамдағы, биліктегі, жалпы айналамыздағы кемшілік атаулыға қырғидай тиді. «Мен өзі әп деп мақала жазуды сыннан бастаған қарағыммын» дейтіні де бар. Алтыншы сыныпта оқып жүргенінде «ауылда жарық жоқ, монша жоқ, кино айлап-жылдап бір-ақ келеді» деген мазмұнда «Ара» журналына хат жазған екен. Баспасөздің аса пәрменді кезі, «мына хаттағы мәселенің анық-қанығын тексеріңдер» деген бұрыштамасы бар бұйрық Алматыдан – облысқа, облыстан – ауданға, ауданнан – ауылға жетіп, елді әжептәуір дүрліктіріпті. Апыр-ай, «Неге былай етпеске? Неліктен бізде олай емес? Сөйтсек болмас па еді?» деп, төңірегіндегі келеңсіздікке наразы болып, «ештеңеге көңілі толмай» жүретін «жұматайский сыншылдық көзқарас» сол кезде-ақ оянған екен-ау! Баспасөз әлеміне қарай басқан бастапқы қадамы осылай басталған баланың шыншыл журналист болып шықпауы мүмкін де емес еді.

Сынауды да сан-саққа жүгіртетіндер бар. Баспасөз бетінде әкім-сәкімді бір түйреп алып, сосын соның «ойбай, мә, алатыныңды ал да, маған тиісе көрме, пәлеңнен аулақ!» деп, тығып берген тиын-тебені таусылғанша әлгі шенеунікті мақтап мақала жаза беретіндер де табылады. Олардыкі – құлқын қулық, өтірік сын, жасанды патриотизм. Ертең ұлықтың ақшасымен уақытша бітелген қомағай құлқыны қайта тамақ тілегенде, ол жаңағы жалған «сыншылдығын» тағы жалғастырады, сөйтіп, БАҚ-ты пасық пиғылының, жеке мүддесінің құралына айналдырады. Ал Жұматай ағаның сыны – кемшілікке бүкіл қолқа-жүрегімен күйінуден туған, жан-тәнімен оны түзеуге ұмтылған, елге, қазаққа деген тілеулестігі сезіліп тұратын жанашыр сын! Жұматай ағамның жазғаны – көптің көкейінде жүрген, бірақ «сен айт, мен айт» боп, екі арада көкпар боп, көсегесі көгермеген шындық!

«Кемшілікті ғана көреді деп кінәлайды мені. Оу, ағайындар-ау, айнала толған кемшілік болса, қайтіп көрмейсің?» дейтін марқұм. Шынында да солай. Әрине, кейінгі отыз жылда қазақтың ұлт ретінде, ел ретінде қол жеткізген табысы аз емес. Ол жетістіктерімізді енді ешкім тартып та ала алмас. Бірақ сонымен қатар іштен кеулеп, сырттан кеміріп, кері тартып бара жатқан кемшілік те пішен емес пе? Ендеше, азды-көпті табысымызға қуана отырып, неге бірінші кезекте әлгі «пішен-кемшіліктерді» жөндеуге ұмтылмаймыз? Жұматай сынының басты мұраты да, мақсаты да – осы!

«Намыстан өлген кісінің немересі» – Жұматай Сабыржанұлы 2002 жылы көз жұмғанда, жазушы Ғаббас Қабышұлы ақсақал: «Ақ алмастың және бірі шарт сынып, қыны бос қалды. Қазекем айтқан «От ауыз, орақ тілді» ержүрек шешендеріміздің бірі Жұматай Сабыржанұлы кете барды... Адам болып туып, Адам болып өтті! Ақиқат үшін арпалыста тірі жаннан жасқанбады...» – деп жазған болатын. Рас сөз!

Сөз құдіретін ұғынған жан еді

Жұматай ағаның «Ана тілінің» солтүстік облыстардағы меншікті тілшісі болып жұмысқа тұрғаны да қызық. Газеттің бас редакторы Жарылғап Бейсенбайұлы екеуі аты-жөндерін естігендері болмаса, бірін-бірі көрмеген, танымайды. Оны Жұмекең жоғарыда аталған кітабында былай баяндайды: «Газетке екі-үш материалым шыққаннан кейін... Жарылғаптың өзі телефонмен құда түскен. Мен көп кергімей, былқ ете қалдым. Бір сөздің ретінде Торғайдан келгенімді айттым. «Бәсе, Ақмолада мұндай жігіт қайдан жүр деп едік» деді ол. Құрдас екенбіз... Жұмысқа алу жөніндегі өтініш, «личный листок» дегендерді почтамен жібергенмін. Тиын-тебен почтамен келіп жатады...». Ж.Сабыржанұлының «Редакторын танымайтын Қазақстандағы жалғыз тілші» атанатын кезі – осы кез.

Өкінішке қарай, «қаламдас ағам еді» деп, естелік жазып отырған менің өзім де ол кісімен мүлде жолықпаған адаммын. Тіпті телефонмен де тілдеспеппіз. Аймақтағы тілшілер Алматыға жиі ат басын бұрып, шұрқырасып жататын заман емес-ті, «Ана тілінде» істеген екі жылда менің де Арқаға жолым түспепті... Жер домалақ, журналист жолы сан тарау болса-дағы, Құдай сәтін салмаса, бір елде, бір салада жүріп те жолығыспау әбден мүмкін екен... Бірақ мен ол кісіні, Жарылғап Бейсенбайұлы мен Марат Қабанбай секілді, ұстаздарымның қатарына қосамын. Сөз дәмін сезіну, сөйлем сәулетін білу, жазуға жауапкершілікпен қарау жөнінен Жұматай ағамнан көп үйренуге тырыстым. «Сырттай оқыған» шәкіртіндеймін.

«Жаман жазуға, жасқаншақтап жазуға намыстанатын» Жұмекең бірде «Қандай журналист болдым?» деп өзіне сауал қойып, соған өзі былай жауап беріпті: «Маған біткен дағды – бір жазғанымды қайта-қайта шимайлап, кемінде екі, кейде үш рет көшіремін. Кішкентай бір хабардың өзін. Сондықтан шығар, «аз жазса да саз жазады» деген мақтауды көп естідім. Ал «Сабыржанов – жалқау, запас бермейді, нормасын орындамайды» – бұл, енді, әбден қалыптасқан тұрақты тіркес. Талай талпынып, қанатымды қақтым, «бұрқылдатып, желпінтіп жазып көрейінші» деп. Болмайды! Біртүрлі... бетім шыдамайды! Желке тұсымнан біреу қағазыма үңіліп: «Отта, шіркін!..» деп тұратын сияқты».

Оқырманға арнар әрбір сөйлемінің жауапкершілігін сезінген, сөздің құдіретін ұғынған, киесінен қорыққан адамның лебізі емес пе бұл нағыз? Осы сөзді талыстай бетті тұтас алып жататын салақұлаш мақаласының мазмұнын өзі де түсіндіріп бере алмайтын көкмылжың шіркіндер мен бір сөйлемнен екі грамматикалық, үш логикалық, төрт пунктуациялық қате жіберетін сауатсыз сабаздар оқыса, не дер екен?..

«Алғашқы қалам ұстаған кезден бастап мені Құдай қаққан екен. Неден дейсіз бе? Советтік «ғажайыптарға» сілекей шұбыртудан, мыңғырған мақтаулардан, «паш етулерден», қысқасы, оттауизмнің опқынынан! Со жылымнан шыға алмай жүргендер, міне, ХХ ғасыр аяқталып келеді, әлі де ырғын...» депті Жұматай ағам «Өкпелесең, өзің біл» атты кітабында. Бұл – өткен ғасырдың аяғында жазылған сөз. Одан бергі 25 жылда «со жылымнан шыға алмай жүргендердің» азайғанын, әлде арта түскенін көзі қарақты жұрт өзі-ақ аңғарар. Әйтеуір «оттауизмнің» құрымағаны, «паш етулердің» одан әрі дамымаса дағдарысқа ұшырай қоймағаны анық. Тек мақтаулар мен «ғажайыптар» енді «советтік» емес...

Өкінішке қарай, қазір журналистикада сауатсыздық пен жауапсыздық белең алды. Одан да қорқыныштысы – кемшілікті көре тұра үндемеуге, қиянатты біле тұра айтпауға, әділетсіздікке куә бола тұра араша түспеуге үйреніп бара жатырмыз. Қала берді, мың-миллион қатені көрсек те, айтпай, ескертпей, түземей, күліп өте беретін болдық. «Ит шаршаса үреді, адам шаршаса күледі» (Оспанхан Әубәкіров). Бірақ біз шаршағаннан күлмейміз. Біз немқұрайдылықтан күлеміз. Етіміз өліп біткен.

Жұматай ағаның дүниеден ерте озғанына өкінгенімізбен (55 жас!), кейде осы былықтың бәрін көрмегені де дұрыс болды ма деген пендешілікке ұрынамын. Баспасөз қазаны бұрқ-сарқ қайнап жатқан, талпыныстарға толы 90-жылдардағы кемшіліктердің өзіне төзе алмай жүрген жарықтық бүгінгі тоқырауымызды көрсе, күйінгеннен жүрегі тоқтап қалар ма еді, кім білсін.

Жұматай Сабыржанұлы: «Бір арманым бар: менен нашар жазатындар санатқа кірмесе ғой. Ең нашары мен болсам, қазақ журналистикасы көтерем қалпынан көтеріліп кетер еді, шіркін!» – деген еді кезінде. Өкінішке қарай, бұл арманы орындалмады...

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320