Бейсенбі, 19 Қыркүйек 2024
Ақмылтық 2509 16 пікір 27 Маусым, 2023 сағат 13:11

Павлодар мен Петропавл анклав болмасын десек...

Қазіргі күндері солтүстік көршіміз Ресейдің халі мүшкіл екенің көріп жүрміз. Қасындағы бұрын ықпалында болған өзге елдерге тісін қайрап, күш көрсетпек түгелі, өзінің ішкі жағдайын қалпына келтіре алмай отыр. Шындығын айту керек, екі жылға таяды. Ресей, Еуропалық елдердің тарабынан салынған санкциялардан қатты соққы алып, жылдан-жылға экономикасы және әлеуметтік жағдайы әлсіреп, қиын жағдайға келе жатыр. 

Міне, осы бір Ресейдің аласапыранға түскен (смутное время) уақытын біздің елге мүмкіндігінше пайдаланып қалу керек. Қазақстан билігінің орынсыз қорқақтығы (тіпті, мен айтар едім, биліктің денсаулығының жоқтығын көрсетеді) көп нәрсеге кедергі келтіруде. Әйтпесе, түкке қажетсіз Ұжымдық қауіпсіздік келісім шартынан (ОДКБ) осы уақытқа дейін iығып кетуге болар еді.

Енді, өз ішіміздегі жағдайымызға келейік. Мысалы, бізге, Ресейдің қазіргі бейшара жағдайын сәтті пайдаланып, Қазақ елінің Мемлекеттік тілінің рөлін күшейтіп, тіпті, осы жүйеге арнайы Заң қабылдап алу керек еді. Сондай-ақ, қазақ тілінің құзырына: республикадағы ғылым мен спортты және елдегі кәсіпкерлік саласын толықтай кіргізу керек («Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының жетекшісі, Райымбек Баталовты мемлекеттік тілді білмейтіндігі үшін, жұмыстан босату керек-ақ). Мүмкін, бұл үшін, осыларды қадағалайтын, сонымен қатар, үйлестіретін арнайы мемлекеттік комиссия қажет шығар. Міне, осыларды уақыт өткізбей, жылдамдатып іске қосқан жөн секілді.

Тағы бір айтарым, билік тартыншақтап, қорқатын болса, онда, облыс әкімдеріне тапсырма беріп, күнделікті атқарып жүрген жұмыстарымен қоса, ономастикамен де айналасуын жеделдетуді міндеттеу керек-ақ. Тіпті, анау Павлодар мен Петропавлдың атауын да өзгертіп жіберудің сәті келді.

Ендігі кешігу орынсыз деп ойлаймыз. Кешіктіре берсек, кейін анклавқа айналып кетуі де мүмкін.  Қазақтың мақал сөзімен айтқанда: «Темірді қызған кезінде соғу» қажет. Ел Тәуелсіздігіне отыз жылдан асты, әлі күнге дейін ештеңені өзгерте алмадық. Неткен қорқақтық, тіпті, ездік деуге болады! Әттен, Қазақ билігіне Сапармұрат Ниязовтай немесе Ислам Каримовтай қорқып шегінбейтін, туған еліне септігі тигізетін, жүректі бір азамат келмеді-ау. Тіпті6 төл билігімізге, қалың орыстан қорықпай, кезінде бес облысты алып қалған, сонау Жұмабек Ташеновтей де азамат табылмады. Қазіргі билігіміз және оның айналасындағылар (министрлерге дейін) ел-жұрттың ортасынан келмеген, тек кабинетте газеттерін аударыстырып, ананы-мынаны оқып, жаттап өскен азаматтар ғой. Мұндай азаматтар орынсыз қорқақ, жауапкершілігі жоқ, өзінің амандығын ғана ойлайтын мүсәпір болып келеді. Сонымен қатар, бұлар зиялы қауым өкілдерінің және ел ішінің көңіл-күйін де ұқпайтын дүмбілез болады. Сондықтан, қанша тәуелсізбіз десекте, жалтақ болып, рухани құндылықтарымызды дамыта алмай, мемлекеттік тіліміз нақты күшейіп, қанатын кеңге жайып кете алмай, дел-сал күйде келе жатқандығымыз да осыдан. Осы орайда айтарым, қадірменді билігіміз, жеті жылды инвестиция тартып, реформа жасаумен уақыт өткізе бермей, мына алашұбар Қазақстанды ономастика жағынан толық ретке келтіріп, ұлттық тіліміздің аясын кеңейтіп, кейбір мәңгүрт министрлер мен әкімдерді ұлттық кадрға ауыстырып, мынау ұланғайыр республиканы, қазақ халқына жақындату керек. Сонда, сенің есімің де, атқарған ісің де ел жүрегінде ұзақ сақталуы мүмкін!

Бейсенғазы Ұлықбек

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

16 пікір