Сарапшы: «Асқынған діншілдік қоғамның дамуына кедергі келтіреді»
Қажылық сапары – мұсылман әлемі үшін аса маңызды рәсім. Ислам дініндегі бес парызының бірі. Жаратушыға жақындап, жүрегіндегі күнәсін жойып, бар болмысымен рухани тазаруды қалаған әр мұсылман пенде қажылық міндетін атқару үшін Сауд-Арабиясында орналасқан Қағба мешітіне асығады. Әлемдегі бар мұсылманның қасиетті мекені Меккеге барушылар саны өте көп, сондықтан араб елі басқа мемлекеттерден келушілер санын арнайы квотамен шектеген.
Халқының жартысынан көбі ислам дінін ұстанатын ел ретінде Қазақстаннан да жыл сайын қасиетті Мекке қаласына ағылатын адамдар саны көп. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Сауд-Арабиясымен діни ғибадат бойынша келісімге келетін жалғыз ислами діни бірлестік. Биыл елімізге қажылық сапар үшін 4000 мың орынға квота бөлінді. Сондай-ақ 2023 жылы қажылыққа апаратын туроператорлар арасында конкурс өткізіліп, одан 18 сапарға апаратын туроператор таңдалып алынған болатын. Олардың тізімі де ақпарат құралдарында жарияланды. Құлшылық жасауға ниеттенген мұсылмандарға басты қойылатын талап: қажылық пен туризмді екі бөлек дүние екенін ажырата білу. Себебі, ҚМДБ бекітпеген, лицензиясы жоқ кейбір компаниялар адамдарды алдап апарып, далаға қалдырған жағдайлар көптеп кездесіп жатады. Осындай білместіктен сақтау үшін қажылық маусымында Арабия жеріне Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелге шығу құқықтары негізінде тек қана арнайы конкурстан өткен компаниялар өздеріне рұхсат етілген белгілі бір мөлшерде ғана адамдарды алып бара алатыны талай мәрте айтылып жүр. Конкурстан өтпеген, жанама туроператорлар адамдарды алдап қажылыққа апаратын болса, бұл екі ел арасындағы заңды келісімшартты бұзған болып саналады. Алайда соған қарамастан жолдан қосылған заңсыз туркомпанияларға сеніп, діттеген жеріне жета алмай, ақшасынан айырылып, ғибадатын жасай алмай қалып жатқан отандастарымыз аз емес.
«Мұның жалғыз себебі – қарапайым заңды білмеуден»,-дейді қоғам қайраткері Әбдірашит Бәкірұлы.
«Адамның сауаттылық деңгейін дінге сенумен өлшеуге болмайды. Қоғамда дінге бағынбайтын қалыптасқан нормалар, заңдар бар. Оларды халықаралық заң нормалары деп атаймыз. Әрбір мемлекеттің өзінің құқықтық негізі болады. Оның бәрі адамның өмір сүру тәжірибесімен, жеткілікті дәрежеде білім алуымен келеді.
Ал дін одан бөлек тұрған дүние. Дін – адамның рухани жан-дүниесін толықтырады. Ол қасиетті кітаптарын, шариғатын, хадистерін, өзінің басқа да ережелерін басшылыққа алады, яғни мәңгілік өзгермейтін ережелерді ұстанады. Олар қазіргі заңдарға сәйкес келе ме , жоқ па, дін онымен бас қатырмайды.
Енді қажылыққа барам деп, туристік компанияларға алданып қалғандардың көпшілігі сол қарапайым, жалпыға ортақ заң нормаларын білмейді деген сөз.
Сапарға аттанардың алдында компанияның лицензиясын сұрау, заңи тұрғыда тексеріп, жан-жақты ақпарат жи нау керек. Қазір оған мүмкіндік көп, ғаламтор бар. Кейбіреулер «көп айтса көндім, жұрт айтса болды» деп жүре береді де, ақырында алданып, сан соғып отырады», - дейді сарапшы.
Muftyat.kz сайтының жазуынша, діни ғибадатты орындауға мұсылманның әуелі шама-шарқы жетуі керек. Біріншіден, денсаулығы жақсы болуы керек; екіншіден, Мекке қаласына барып қайтуға, сол жақта тұруға және өзі болмайтын уақыт аралығында артындағы отбасын, бала-шағасын қамтамасыз ететін жеткілікті қаржысы болуы міндетті. Егер араб еліне барып келетін қаражаты жеткіліксіз болса, қажылықты атқару парыз саналмайды. Үшіншіден, сапардың қауіпсіз болуы.
Философ Әбдірашит Бәкірұлы «қарызданып қажылыққа аттанатындар» туралы пікір білдірді.
«Оны қазақтың той жасауымен салыстырайық. Кейінгі кезде ажырасу саны 50 пайызға жетті деген сұмдық статистиканы көзіміз шалып қалады. Оның бір себебі: несие алып той жасау. Бір рет көп туысын шақырып, тойды бұрқ еткізіп өткізеді. Ал оның артындағы қарыз жастардың мойнына артылады. Жастардың әдеттегі отбасылық өмірі басталғаннан кейін, несиені өтеу керек болады. Қиыншылыққа төзе алмаған жастар бір-екі жылдан кейін ажырасып жатады.
Қажылық та сол сияқты дүние. Егер несие алып, қажылыққа барып жатсаң, оның арғы жағында таза сенім мен сезім жоқ. Қарызданып, қауғаланып барғанда, сол сапарың болашақта саған залал тигізіп, қиыншылық туғызып жатса, сол қажылықтан тазарып, иманың артып келеді дегенге сене алмайсың.
Бұған жол беруге болмайды. Адам өз қаржысына барып жатса бірсәрі, ал енді қарызға батып, не болмаса біреудің қаржысына барудың аржағында иман тазалығы бар дей аламыз ба? Кейбіреулер жомарт жандардың қажылыққа жолдама алып бергенін айтып, қуанып жатады. Ол өзінің таңдауынан емес, басқа бай біреудің таңдауынан туындап отыр. Менің ақшам көп болып, «анау барады, мынау барады» деп таңдап қажылыққа аттандырып жібере салуыма болады. Ал олар қажылыққа баруға тиісті емес адамдар шығар»,-деді сарапшы.
Философтың сөзінше, қажылық дегеніміздің өзі діни космополитизмнің бір формасы.
«Дінде ұлт, мемлекет деген жоқ. Бүкіл әлемдегі исламды ұстанушылар мұсылманбыз деп бауырласып, Меккеде тіл табысады. Діннің үлкен, әлдеқашан негізін қалаған, қалыптасқан ұлттар үшін аса бір қаупі жоқ. Ал өз мемлекеттігін жаңадан қолына алып, өз ұлттығын қайта қалыптастыра бастаған мемлекеттер үшін қауіпсіз дей алмаймыз. Өйткені ұлттығынан діни көзқарасты жоғары қою мәселесі бар. Бұл аса қауіпті жағдай.
Егемендігін қолына алып, өз мәдениетін, әдебиетін, өз салт-дәстүрін қайта тани бастаған, өздігіне орала бастаған мемлекеттің халқы ең алдымен мемлекеттігін нығайтумен айналысуы керек.
Қажылық діни космополитизмнің, яғни ұлтсыздандырудың бір формасы. Егер мемлекет азаматтары діннің жетегінде кетсе, діни фанатизмге берілсе, шынайы патриотизм, отан қорғау, ел-жұртының намысы үшін отқа күю деген сияқты құндылықтар жуылып-шайылып кетеді.
Өткенде әлеуметтік желілерден көріп қалдым, «қыздарымыз бен ұлдарымыз өзге ұлтпен шаңырақ көтере берсін, мұсылман болса болды емес пе?!» дейді. Ал мұсылман әлемі алуан түрлі. Ағы да, қарасы да, сарысы да бар. Сонда, бұл біздің дәстүрімізге қарсы келіп тұр ғой. Осындайды көргенде қарның ашады. Діни уағыз шамадан тыс артып кеткенде, қоғамның дамуына міндетті түрде кедергі келтіреді.
Жас ұрпағымыздың ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрімізден жерімей, ұлттығын сақтаса, басқа идеологияның жетегінде кетпесе екен дейміз. Мысалы, дәстүр дегеннен шығады: қыжылық та қазақтың табиғатынан шықпаған, сырттан келген дәстүр. Дәстүр халық өміріне тығыз байланысты дүние. Бұл – халықтың жүздеген ғасырлар бойы өмір сүру барысында табиғи түрде пайда болатын әдет-ғұрыптар. Мұның бәрі өмір сүру ережелеріне жатады. Сондықтан барлық қазақы салт-дәстүр халқымыздың өмір сүру формуласы. Ол табиғи тұрғыдан пайда болған құндылықтар. Сондай-ақ халықтың табиғатынан туындамайтын құндылық та бар. Қажылық қазақ халқының табиғатынан туып отырған жоқ. Ол бізге сырттан келген дәстүр. Діни сенімге байланысты дәстүр ретінде қалыптасып кетті, бірақ ол қазақ халқының өз ішінен шықпаған. Сондықтан оның дәстүрлік негізі өте таяз. Шын мәнінде көп адамдар қажылықты дәстүр деп санамайды. Ол мұсылмандар үшін, яғни қоғамның белгілі бір бөлшегі үшін дәстүр болып қалыптасқан.
Өзім сонау Меккеге сапар шеккеннен гөрі, қазақтың әулие-әмбилері, шешендері, батырлары, жырауларының басына барып тағзым еткенді құп көремін. Өйткені ата-баба әруақтарына тағзым етіп қайтқаным әлдеқайда рухани байытады. Қазақтың үш биі: Төле, Қазыбек, Әйтеке бидің басына барып шықтым. Соны үлкен мақтаныш тұтам. Өзімізден шыққан ұлы тұлғаларға тағзым ету әлдеқайда рухани қанағаттандырарлық сезім әкеледі»,-деді философ Әбдірашит Бәкірұлы.
Abai.kz