Өзбектің сайлауы өзгеше болды ма? Әлде?..
Күні кеше бауырлас әрі көршілес өзбек елінде кезектен тыс президент сайлауы өтті. Онда Мирзиеев кезекті жеңіске жетті.
Меніңше, біз, қазақтар осы оқиғаға төрт түрлі аспектіде ғана баға бере аламыз.
Біріншіден, кез келген сайлау ол – сол елдің ішкі ісі, сол халықтың таңдауы. Керек десеңіз, елдегі ішкі және сыртқы саясаттың жемісі, сол ел қоғамының даму деңгейінің көрсеткіші. Сондықтан «өзбек ағайындар бүйтпеді, сүйтпеді» деген аса қатты бұлданып, байбаламға салынудың аса қажеті де жоқ сияқты.
Ол «Өзбекстанда лайықты оппозиция жоқ» деген сөзге де қатысы бар тұжірім: әр халық өзіне лайықты билікті де, оппозицияны қалыптастырады.
Әрине, жалпыдемократиялық қағидаттар мен ережелер бар, әлемнің дамыған елдерінде әділ сайлау, саяси өмірднегі шынайы бәсеке, демократия және сөз бостандығы, адам құқы деген бұлжымас талаптар бар.
Бірақ бұл өркениетті ұстаным автократтардың «әр елдің өз жолы бар» деген бір жағынан рас, алайда екінші жағынан билік басында отырған тұлға не топтың мүддесін қорғауға мүмкіндік беретін уәж бар.
Әрине, біз Өзбекстанды шын мәнінде демократиясы дамыған, саяси өмірінде бәсеке мен балама принциптері орныққан ел деп атай алмаймыз.
Кешегі сайлау да сол шарттарға сай өтті.
Екіншіден, Орталық Азия аймағы соңғы кезде әлем назарына ілігіп (оның себептері мен салдары туралы біз ертеректе сайтымызда жазғанбыз), дүниежүзілік саяси шешім қабылдау орталықтарының қызығушылығын туғызып отыр. Оның ішінде құбылмалы геосаясат та, транзиттік бағыттар да, қазба байлықтарына зәрулік те бар. Осы тұста әр ел өз пайдасын көргісі келеді. Сонымен бірге Орталық Азияда негізінен авторитарлық сипаты бар жүйелер басқарған елдер орналасқан. Сол, мұқтаждық себепті «ұжымдық Батыс» бұл елдердегі демократия мен адам құқы принциптерінің өрескел бұзылуына көзжұмбайлықпен қарап келеді. Сол үрдіс, өкінішке орай, жалғаса беретін сықылды.
Мирзиеев те осыны сезгендей. Кезектен тыс референдум өткізіп, өзінің бұған дейінгі президенттік мерзімін «нөлдеп» (Ресейден алған үлгі ғой), енді тағы да 14 жыл ел басқаруға мүмкіндік алды. «Халықаралық стандарттарға сай болмады!», - деп улап-шулап жатқан «ұжымдық Батыс» жоқ. Ол да түсінікті әрі... өкінішті-ақ.
Үшіншіден, Мирзиеев Кәрімовтен кейін билік басына келгенде ел ішінде, сыртқы әлемде қатаң диктатордан соң елге біршама еркіндік пен жеңілдік беретін басшы келді деген сенім туа бастаған. Біз де солай ойлап қалғанбыз.
Бірақ, жеме-жемге келгенде Мирзиеев Кәрімовтің жолын қайталауды жөн көрген сияқты. Мәселен, Кәрімовтің «Әндіжаны» болса, Мирзиеевтің «Қарақалпақстаны» бар: ол екі проблема да әзірше өз шешімін таба қойған жоқ.
Орталық Азия – әр ел президентінің жеке амбицияларына қарамастан бірігіп, ортақ тірлік жасауды қалай бастаған аймақ. Ол басшылардың өзара, тек қана жария емес, жеке қарым-қатынастары болатыны түсінікті. Сондай отырыстарда билікті басыбайлы басып алған өзге президенттер біздің президентке: «Бір ғана мерзім отыру деген не тәйірі?! Біз сияқты болмайсың ба?», - деп, «бұзып» жібермей ме?» деген қауіп те жоқ емес.
Төртіншіден, осы сайлаудан «өзбек – өз ағам» деп келе жатқан қазақтың та мүддесін қарастыруымыз керек. Байқаймын, әзірше екі ел арасында антагонистік қарама-қайшылық пен мүдделер қақтығысы жоқ. Оған да шүкір. Президенттер келеді, кетеді, ал мәңгілік көрші екі халық бірге өмір сүре береді.
Өз басым осы сайлауға дәл осы тұрғыдан баға бергім келеді.
Әміржан Қосан
Abai.kz