Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 1903 4 пікір 13 Шілде, 2023 сағат 15:55

600 адам жұмыссыз қалмақ: Шиелідегі ірі «Гежуба» зауыты жабылып қалудың алдында тұр

Қызылорда облысы Шиелі ауданында жұмыс істеп тұрған ірі цемент зауыты жабылып қалуы мүмкін. Кәсіпорын бүгінде 650 адамды жұмыспен қамтып, жылына 900 мың тонна шикізат өндіріп, тек қана бір ауданның емес, республиканың экономикасына елеулі үлес қосып отыр. Маусымдық егінге шыққаннан басқа табыс көзі жоқ ауыл адамдарын жұмыспен қамтып отырған зауытқа тоқтап қалу қаупі төнді.

Оған себеп, аяқ астынан ауылдан 4-5 адам шығып «кәсіпорын біздің денсаулығымызға зиянын тигізуде, ауылға шаң-тозаң кіреді», деп арыз жазып, «зауыттың елді-мекеннен 500 метр алыста орналасқаны заңға қайшы» деген. Олардың сөзінше, кәсіпорын санитарлық талаптарды сақтап, ауылдан 1 шақырым алыста орналасуы керек болған. Сот арызданушылардың талабын оң деп танып, Қазақстан мен Қытай бірлесіп салған халықаралық дәрежедегі кәсіпорынды жауып тастауға мүдделі.

Кәсіпорынның іргетасы қаланбас бұрын аймақ әбден зерттелген. Әкімдік инвесторларды өздері шақырып, индустриялды аймақтан жер берген. Санитарлық аймақтың ара қашықтығы сақталған. Құжаттай дәлелдемелері бар...

Біз зауыт жұмысшыларының құқын аяғына дейін қорғаймыз!

Ғабит Құлмахан, компаниясы заңгері: 

– 2022 жылы сәуір айында Қызылорда қаласының әкімшілік соты шығарған шешімді Жоғары сот заңды деп таныды, яғни біздің цемент зауытының санитарлық қорғау аймағын бекітетін санитарлық қорытынды заңды деп танылды. Бұл келешекте зауыттың жабылуына әкеп соғады. Зауыт жұмысын тоқтатуға көршілес ауылдардың бірқатар тұрғыны мүдделі болып отыр. Солар арыз жазды.

Жоғары соттың шешіміне біз келіспейміз. Шешім әділетсіз шығарылды. Цемент зауытының қоғамдық игілігінің әділ теңгерімі қамтамасыз етілген жоқ. Сондықтан заң шеңберінде біз әлі де даулаймыз.

Зауытта жұмыс істеп жатқан 600-ден астам адамның құқығы мен мүддесін қорғау басты мақсатымыз. Бізге тағылған айып – зауыттың санитарлық қорғау аумағы елді-мекеннен 1 шақырым алыста орналасу керек. Санитарлық қорғау аумағын белгілеу қағидасына сай нысан өзінің санитарлық аумағын 10 мың метрден 500 метрге дейін азайтуға құқығы бар.

Сол құқығымызды пайдаланып 3 жылдық атмосфералық ауаны зерттеп, 500 метр алыста орналасқан тұрғын үйлерге зияны жоқ екенін дәлелдеп, жергілікті эпидемиялық департаменттің оң қорытындысын алдық. Сол қорытынды бүгінде заңсыз деп танылуда. Цемент зауыты ауылдан 1 шақырым алыста орналасуы керек дейді. Эпидемиялық департаменттің үстінен қарап отырған Астанадағы комитет осындай тұжырымын беріп отыр. Біз онымен келіспейміз.

Компания заңгерінің айтуынша, арызданушы ауыл тұрғындары халықтың денсаулығын ойлап отырған жоқ, өз бас пайдалары үшін шу шығарып отыр. Олар зауыттың өтемақысына қанағаттанбай, ақша сұраған.

«Кәсіпорынның үстінен шағымданып отырған адамдар саны үшеу еді, қазір онға жетті. Біз әділ бағада өтемақысын да өтеп бере аламыз. Бірақ, арызданушылар «Астана, Алматы қалаларынан үй алып беріңдер» деген ақылға қонымсыз талаптар қойып отыр. Біз ондайға келіспейміз, тек заң шеңберінде қарым-қатынас жасаймыз», - дейді заңгер.

Әкімдік: Зауыттың жабылуы – аудан экономикасына зиян тигізеді!

«2016 жылы құрылыс басталып, 2018 жылы аяқталды. Жылына 1,2 миллионға дейін өнім шығарады. 2009 жылы үй салуға жер беріліп қойған. Санитарлық арақашықтық 520 метр. Оны сот жоққа шығарды. Мың метр болу керек дейді. Шиелі цемент зауыты нағыз өдірістің көрсеткіші. Ол жабылса Шиелі экономикасына кері әсерін тигізеді. Қазір пайдасын тигізіп жатыр. Арыз жазғандар негізі бес адам ғана. Зауытты жапқанымен бізге экономикалық зияны тиеді, сондықтан оны оны жабуға болмайды. Оны жабу тиімсіз. Зауыт жыл сайын 5 мың АЕК көлемінде ауыл халқына көмек көрсетіп, қаржы бөледі. Қазір келіссөздер жүрізіп жатырмыз. Арасындағы бес адамның арызы дау тудырған. Арыз жазатындар шығады ғой арадан. Мүдделер қақтығысы бар деп естіп жатырмыз», - деді Қызылорда облысы Шиелі ауданы Өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Бақберген Әбсетов.

China Gezhouba Group зауыты Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобасы. 64 миллиард теңге инвестиция салынған. Тәулігіне 2500 тонна клинкер цемент өндіреді.

Бүгінгі күнде негізгі өндірісте 220-дан астам адам, әр сервистік мекемелерде 380 астам адам, негізінен жергілікті халықтың өкілдері жұмыспен қамтылған және бұл өз кезегінде  көлік тасымалы, қызмет көрсету және басқа салалардың дамуына тиімді ықпал етті.

Ауыл тұрғыны: Зауыт жабылса 600 адам жұмыссыз қалады!

«Мен Төңкеріс ауылының тұрғынымын. Осы зауытта 2018 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Менімен қосқанда 60 шақты өңірдің жігіттері Қытайға барып оқып, мамандық алып келдік. Қазір электр-инженері қызметіне дейін көтерілдім. 5 жылдай уақыт болып қалды.

Зауытта 600-ден астам адам жұмыс істейді. Қазір айтылып жатқан экология мәселесіне келсек, зауытта электро филтр бар. Ешқандай шаң-тозаңды ауаға жібермейді. Кәсіпорын жаңа технологиямен жабдықталған. Біз зауыттың жабылуына қарсымыз. Қаншама адам осында жұмыс істеп, отбасын асырап отыр. Кәсіпорынның 90 пайыздай жұмысшысы осы жақын-жуық ауылдың адамдары. Олар қытай мамандарынан ілім үйреніп, біразы білікті маманға айналып қалды. Мұндай зауыттар бізге керек. Өндіріс өркендеп келеді. Бұрын цементті басқа қалалардан алдырсақ, қазір өзімізден шығып жатыр.

Зауыттың ауданға, мемлекетке әкеліп отырған пайдасы көп.  Қазір жаңадан ангар салынып жатыр, соған әкелінген топырақ, тас бар. Соның шаңы шығып жатыр. Ангар құрылысы биыл аяқталады деп жатыр. Бұдан басқа айналада шаң жоқ. Мәселе оңынан шешіледі деген үмітіміз бар», - дейді зауыт қызметкері Абзал Алдажұмаров.

Ауыл тұрғыны: Зауытты жаппай-ақ қолайлы өмір сүруге жағдай жасасын!

«Біздің Қодаманов ауылынан осы зауытта 85 адам жұмыс істеп жатыр екен. Ауылдың жағдайы белгілі. Ауылда тек науқандық жұмыс бар: төрт ай, әрі кетсе алты ай ел егінде істейді. Басқа уақытта бос. Сол 85 адам бала-шағасын осы зауыттың жұмысымен асырап отыр. Басқалары кетті, Ақтау, Астана асып жұмысқа. Жастардың бәрі сыртта жүр. Зейнетке жақындаған, сырттағы жұмысқа жарамайтындар ғана егінмен айналысып жүр. Далаға кеткен балалар ауылға келіп, осында жұмыс істесе дейміз. Мынау зауыт жабылып қалса, 85 адамның үйін кім асырайды? Зауыттың жұмысына біз қарсы емеспіз, бірақ халықтың денсаулығына да зияны тимеу керек қой. Енді біз зауыттың жабылуын қолдамаймыз. Күнкөріске пайдасы тиіп жатыр. Айлығын беріп жатыр. Бірақ мына тас үгітетін диірмендердің дыбысы түнде ұйқымызды бұзады. Өркениетке қарай бет алдық. Жақсы өмір сүруіміз керек қой. Зауытты жаппай-ақ қолайлы өмір сүруге жағдай жасасын», - дейді ауыл ардагері Құрманбек Қарекеев.

Цемент зауыты бүгінде Қызылорда обылысын толық қамтамасыз етеді. 2021 жылы Өзбекстанға 330 мың тонна экспорт жасаса, 2022 жылы 212 мың тонна сатқан. Осылайша Қазақстан цемент экспорты жалпы көлемінің 20% - ын құрады.

Зауыт жергілікті халыққа да жәрдемдесіп жатыр…

Айбек Абсаметов, Бас басқарушының орынбасары:

– Зауыт 2019 жылы ашылды. 64 миллиард теңге инвестиция құйылды. 610 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ашылғалы бері мемлекетке 6 миллиард теңгеден астам салығын төледі. Зауыт тек жергілікті халықты жұмыспен қамтып қана қоймай, ауыл тұрғындарына көмек беріп те тұрады. Халыққа жақында жедел жәрдем көлігін және инватакси алып бердік. Пандемия кезінде балаларға 150-ден астам планшет алып бердік. Жылда қысты күні әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмір, азық түлік алып береміз.

Жұмысшылардың жалақысы әр айдың 25-нен кешіктірілімей түседі. Жыл соңында 4 айлық сыйақы беріледі. Зауыттың қарқынды жұмыс істеп келе жатқанына 3 жыл болды. Жылына 1 миллион тонна цемент өндіреді. Цементтің сапасы жақсы, Қызылорда облысын толықтай қамтамасыз етіп отыр. Жылына 300 мың тонна Өзбекстанға экспортқа шығарамыз. Ерекшелігі біздің зауыт сапасы өте жоғары тампонажды цемент шығарады. Ол мұнай ұңғымаларына, Қазатомпромның ұңғымаларына пайдаланылады.  Жұмысшылардың орташа айлығы 250-270 мың теңге.

Ауыл тұрғыны: Зауыт жабылса, қайда барамыз?

«Шиелі ауданының тұрғынымын. Зауытта инженер-технолог болып жұмыс істеп жатырмын. Кәсіпорын ашылғалы бері осында қызметтемін. Шымкентте цемент технологиясы мамандығы бойынша магистратура бітірдім. Енді зауыт жабылып қалуы мүмкін деген сөзді естіп жатырмыз. Мұнда 600-ден астам жұмысшы бар, бір ауылдың халқы десек болады. Әрқайсысы бір-бір отбасын асырап отыр. Зауытты жапса, бір ауылды түгелдей жұмыссыз қалдыру деген сөз. Зауыт жабылса, қайда барамыз, бала-шағамызды қалай асыраймыз? Жасыратыны жоқ, басымызда бірнеше кредиттен бар. Зауыт жабылмасын, осындағы жұмысымыздың арқасында нан тауып отырмыз. Өз басым оқу бітіргелі төрт-бес компанияда істедім, тек осы жерге келіп тәуір айлыққа қол жетті. Үйленіп, балалы болып, көлік алдым. Қазір үй салып жатырмын. Тұрақты жұмыстың арқасында осындай нәтижеге жетіп жатырмыз», - дейді зауыт қызметкері Табиғат Абеков.

Сонымен қатар зауытта шығарылатын сульфатқа төзімді цемент өнімдері «Жаңатас» жел электр станциясы, Қызылорда «Сибу» мұнай бұрғылау базасы, Маңғыстау облысының мұнай және газ өндірісі,  Шымкент Халықаралық әуежайы, Түркістан Халықаралық әуежайы және басқа да маңызды жобалар мен инфрақұрылымдық жобаларға пайдаланылады.

Ескерту: Abai.kz еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір таластыруға Қазақстанның кез келген азаматы құқылы.

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434