Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңғырық 4084 1 пікір 17 Шілде, 2023 сағат 11:49

Қостанай өңірінің тарихи жер–су атаулары туралы бірер сөз

Басы: Қостанай өңірінің тарихи жер-су атаулары туралы бірер сөз

Қостанай өңірінің батыс бөлігіндегі тарихи жер-су атаулары туралы «Қостанай өңірінің тарихи жер–су атаулары туралы бірер сөз» деген тақырыпта біздің тарапымыздан қозғаған мәселе Abai.kz порталы оқырмандарының үлкен қызығушылығын тудырды. Біздер аталмыш тақырыпты жалғастырып, ендігі сөз кезегін батыс аймақтан солтүстікке қарай ауыстырмақпыз. Бұл орайда сөз басын Ресеймен шектесетін аймақты шолудан бастаймыз.

Өңірдің батыстан солтүстікке қарай созылатын шекарасы Үй (Уй) өзені арқылы белгіленген. Өзен солтүстікті көлбей өтіп барып Тобылға құяды. Үй – «Уй» деп орысша жазылған атаудың қазақшаға дыбыстық калькамен берілген аудармасы. Шын мәнінде ол қазақтың – Ой деген топонимі. Батыс Қазақстанда Ойыл деген өзен бар. Оны орысша карталарда Уил деп жазады. Ой мен Ойыл - бір түбірден туындайтын гидронимдер.

Ой өзеніне Ресей жағынан құятын өзеннің атауы – Үбелді (Увелька). Үбе, үба, оба – «су, өзен» деген мағына білдіретін көне түркі сөзі. Орал-Сібір аймағында аталмыш түбірден тарайтын тарайтын бірнеше өзен бар. Олар – Обь (Обэ), Үбе (Уфа), Обаған (Мархабат: Арқада бір өзенді дер Обаған). Белгілі тарихшы Б.Аяған мырзаның пікірінше, «об, обэ» түбірін иран тілінен шыққан деген концепция – кеңестік орыс ғылымында Сібір аймағындағы түркілік белгілерді ескермеу, шеттету мақсатындағы саясаттың ықпалымен қалыптасқан тұжырым. Тарихшы маманның бұл пікірімен біздер де келісеміз.

Сөзді солтүстіктен бастағанда, Үй мен Үбелді өзенінің құяр сағасына орналасқан (екі жағы табиғи қорғанмен қоршалған әскери стратегия тұрғысынан маңызы зор мекен) Троицк шаһары туралы айтпай кетпеуге болмайды (1 сурет).

1 сурет. Үй мен Үбелді өзені және Троицк шаһары

Бұл тұста біздер шаһар атауының топонимдік қыр-сырына емес, оның Қостанай өңіріне тигізген тарихи мән-маңызын қысқаша сипаттай кеткіміз келеді. Біріншіден, ХҮІІІ ғасырда Абылай ханның Ресей патшалығымен жүргізген келіссөздерінің нәтижесінде Троицк қаласында сауда-саттық жүргізу мәселесі шешіледі. Демек, шаһар Ресей империясының Орта Азияға қарай бет бұру саясатының алғашқы кезеңдерінен-ақ сауда-саттық орталығы болып қалыптаса бастаған. Шаһардың гербіне жүк артқан түйе бейнесі белгіленуі де бекер емес.

Екіншіден, 1868 жылы Торғай облысы құрылған уақытта Троицк шаһары 1869-1884 жылдар аралығында 15 жыл шамасында Қостанай уезінің әкімшілік орталығы болып тұрды. Орынбор – Қостанай пошта жолы Троицк қаласы арқылы өттті. Кейін сол жолдың үстіне Троицк Қостанай теміржолы салынды. Қалада 1861 жылы алғашқы қазақ-орыс мектебі ашылады. Ол мектеп уездің әкімшілік орталығы Қостанайға көшірілген тұста ағартушы Ы.Алтынсаринның тікелей басшылығымен ғимарат салынып, жаңа мекен-жайға көшіріледі (Троицк мектебі және «Троицк тұрғыны»).

Троицкіде қазақ даласымен тығыз сауда-саттық жүргізген татар көпестерінің қатары көп болды. Солардың бірі – Қостанай қаласының әлеуметтік, рухани-мәдени саласына елеулі үлес қосқан ағайынды Яушевтер еді (Мархабат: Ағайынды Яушевтер және түркі бірлігінен бірер сөз...). Троицк қаласында М.Сералинның ұйымдастыруымен қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Айқап» журналы шығып тұрды.

Троицк шаһарынан қазақ даласына, Қостанай қаласына беттеп шыққанда, далалық өлкеден Ой өзеніне барып құятын Қайрақ деген шағын өзен, сол өзеннің атымен қойылған Қайрақ деген станция да бар (1 сурет). Қайрақ гидронимінің, біздіңше, екі мағынасы бар. Біріншісі – қайыр + ақ (ақ» – ағын (ағыс) су дегенді білдіреді) өзінен құрылған «таяз өзен» дегенді білдіретін мағына. «Ақ» түбірімен келетін Ақсу, Ақсуат, Ақсай гидронимдері қазақ даласында жиі кездеседі. Белгілі фольклортанушы Е.Тұрсынов ақын сөзінің этимологиясы «ақ» түбірінен туындаған, яғни «сөзге ағын судай тоқтамайтын кісі» дегенді білдіреді деп жазады. Қырғыздар жырды «ыр», оны жырлайтын ақындарды «ыршы» деп атайды. «Ыр» өзен деген мағынаны береді. Оғыз түріктері өзенді «ыр» деп атайды.

Гидронимнің екінші мағынасы – «мықты, тастай» дегенге саяды («қайрақ тас» деген сөзді еске түсірейік). Демек, Қайрақ гидронимінің тағы бір мағынасы «Тасты өзен» дегенді білдіруі де әбден мүмкін.

Қайрақтан шыққан соң кездесетін өзен – Тоғызақ (2 сурет). Аталмыш өзен де Ойға барып құяды. Теміржол станциясының атауы да сол гидронимнен түзелген. Тоғызақ атауы Торғай өңірінде де бар.

2 сурет. Тоғызақ өзені мен Жаркөл

Кеңес дәуірінде біздің ғалымдар аталмыш атаудың этимологиясын оғыздар (Токуз огуз) заманына тіреп, тым көне заманға сілтеген тұстар болды. Шын мәнінде, ол «тоғыз және ақ» түбірінен біріккен сөз. Тоғыз – сан есім сөз, ал «ақ» түбірі, жоғарыда аталғандай, ағын су деген мағынаны  білдіреді. «Тоғыз» сан есімдік мағынадағы өзен, бұлақ атаулары өте көп. Айталық Тоғызбұлақ (Жетісу обл.), Тоғызқұдық (Қарағанды обл.), Тоғызтарау (Жамбыл обл.) т.б.

Тоғызақтан кейін кездесетін гидроним – Жаркөл. Көл атауымен аталатын станция екі «Жаркөлдің» (2 сурет, дөңгелек белгімен берілген) ортасына салынған: бірі – Жақсы Жаркөл (тұщы деген мағына берсе керек), екіншісі – Жаман Жаркөл (суы ащы деген мағына берсе керек). Қазіргі таңда Жаркөл станциясының жанында Федоровка ауданының орталығы Федоровка ауылы орналасқан. Станция мен аудан орталығын бір атаумен – Жаркөл деп атау өзі сұранып тұрған көрініс.

Жаркөл станциясынан кейін Қостанайға жақындаған сайын қаптаған көлдер қатары көбейеді. Сол көп көлден станцияға тиген атау – Озерная (3 сурет). Көп көлден нақты атау тимеген сол станцияға «Озерная» деген орысша сөзді тура қазақшаға «Көлді немесе Көлбай» деп аудара салса, аймақтың географиялық  ерекшелігін қазақ тілінде білдіріп тұрар еді. Патша заманында аталмыш станцияға орысша атау қойылған кезде осы бір географиялық ерекшелік еске алынған деп болжауға әбден болады.

Троицкі мен Қостанай арасын теміржол бойымен сүзіп өткен топонимикалық шолудан қандай тағылым алуға болады. Патша заманында облыс әкімшілігі инфрақұрылымдық нысандарға жергілікті жердің топонимикалық атауларын беруге ұмтылып отырған. Егер кеңес дәуірі болса мұндай инфрақұрылымдарға шешім қабылдаған шенеуніктің атын немесе оны жоспарлаған инженердің немесе көп көсемдердің бірінің есімін беруге ұмтылар еді. Кеңес шепкенінен шықан қазіргі еліміздің жаңа тарихында да мұндай көріністер ішінара орын алып отырады. Бұл тұрғыда біздерге өткен тарихтан сабақ алу мәселесін естен шығармауымыз керек.

3 сурет. Көлге бай өлке

Ендігі кезекте Қостанай қаласы маңынан Тобылдың ағысымен солтүстікке бет алмақпыз. Бұл тұста өзен бойындағы бірнеше қыстаулар мен маңызды тарихи топонимдерді атап өтуге болады. Олардың қатарында Қонай, Оспан, Әбіл қыстауы, Жиенбай жән Медет көлі сынды жер-су атаулары бар (4 сурет).

Қонай қыстауының маңы – қазіргі таңда қаланың жаңа шағын ауданы. Қыстау иесі туралы дерек жоқ. Қостанай қаласына жақын маңда, Тобыл өзенінің оң жақ бетінде Оспан қыстауы белгіленген. Бұл Ы. Алтынсаринның бір анадан туған бауыры Оспанның қыстауы деп ойлаймыз. 1895-1902 жылдар аралығында Қостанай қаласының шекарасын айқындайтын карта (бас жоспар) бекітілген кезде ол Арақарағай болысының депутаты ретінде келісім беріп, қол қояды (Тарихи жәдігер: Қостанай қаласының алғашқы картасы). Картадағы Жиенбай, Медет және Айсары (Айсары көлі суреттегі карта үзіндісіне енбеген) көлдері, Мариям Хәкімжанованың жазуынша, Балғожа-Қошан әулетіне қатысы бар жер-су атаулары.

Қостанайлықтарға аса танымал атау – Әбіл қыстауы. Себебі қаланың ішінде Әбілсай деген терең сай және көше бар. Ол кезінде Қостанай қаласының оңтүстік жағындағы табиғи шекарасы болған. Ал солтүстік жақтағы сондай шекара – Ордабай сайы (Тарихи жәдігер: Қостанай қаласының алғашқы картасы). Бір өкінішті нәрсе, қала ішіндегі географиялық атауға ие болған Әбіл мен Ордабай туралы ешбір мағлұмат жоқ.

Тарихи Ордабай – Қостанай уезінің орталығы бола жаздаған мекен. Себебі 1868 жылы Торғай облысы ашылған уақытта Николаевск уезінің орталығы болады деп қазіргі Қостанай қаласынан 8 верст жоғарыда (Тобыл өзені ағысы бойынша) орналасқан «Ордабай тоғай» деген жерге қазық қағылған болатын. Кейін ол жер облыс басшысына ұнамай, қала орны қазіргі Қостанай қаласы тұрған жерге белгіленеді. Торғай облысының әскери генерал-губернаторы А. П. Константинович 1881 жылдың 23 қазанында Ішкі істер министріне жазған хатында жаңадан салынатын Қостанай қаласының орнын былайша белгілейді: «Избранная местность лежащая между двумя оврагами, заключая в себе до 350 десятин земли, будет совершенно дастаточна для усадьбе собственного городского поселения».

Хатта айтылатын «екі сай» - Әбіл-сай мен Ордабай-сай. Осы орайда, мемлекеттік ресми мекмелермен және биресми (айталық, қалалық, облыстық ономастикалық комиссия) құрылымдарға туған жердің тарихын құнттауға бағытталған азаматтық парыз ретіндегі бір істі еске салғымыз келеді: біздіңше, тарихи «Ордабайды» еске қалдыру мақсатында қаланың солтүстігіндегі Ордабай-сайдың маңынан көше атауы берілсе дұрыс болар еді. Бұл тұрғыда ономастикалық комиссияның кеңес дәуірінен көзге шыққан сүйелдей болып келген «Қазақ көшесін» 2018 жылы «Әбілсайға» өзгерткен оң тәжірибесі бар.

Тобыл өзенінің төменгі ағысындағы айтулы топонимнің бірі – «Хан ордасы» (5 сурет). Бұл – Шығыс Орданың билеуші сұлтаны Ахмет Жантөренің (Жантуриннің) қыстауы. Қыстау – Үй зөзенінің Тобылға құяр сағасындағы Усть-Уй станциясына жақын  маңда орналасқан. Ал сұлтанның жайлауы Айат өзенінің бойында болған. 1851 жылдың тамыз айында ол сол жайлауда қайтыс болады. Ахмет Жантөре  – Кенесары хан көтерілісі Сібір өлкесінен Орынбор аймағына ауысқан кезеңде сұлтандық билікке тағайындалады. Орынбор әкімшілігі оны Шығыс орданың билеушісі Шотай Бақтыгерейұлының орнына бекітеді.

Полковник Ахмет Жантөре өзінің, сондай-ақ ағайын-туғандарының, қол астына қараған би-бағландардың балаларын кадет корпусына, Орынбор шекаралық комиссия жанынан ашылған орыс-қазақ мектебіне Шығыс Ордадан 20 баланы (ішінде Ы.Алтынсарин бар) оқуға беруге себепкер болған тұлға. Оның Сейітханнан тарайтын немересі Сәлімгерей Жантурин І Мемлекеттік Думаның депутаты болады.

Хан ордасы немесе қыстауы қазіргі таңдағы Введенка деп аталатын елді мекеннің маңында орналасқан. Орданың сол маңында болғанын айқындайтын белгі – қазіргі Введенка селосының маңындағы Хан қорымы. Қорымда бейіт басына қойылған құлпытас бар (6 сурет).

2022 жылы біздер А.Байтұрсынұлы ұстаздық еткен Меңдіқара болысының №4 аулында орналасқан Орынбаев ауылдық мектебінің орнын іздеу мақсатында ұйымдастырған «Ахмет Байтұрсынұлы және беймәлім Орынбаев мектебі» атты экспедиция жұмысы барысында (Мархабат: Ахмет Байтұрсынұлы және беймәлім Орынбаев мектебі) Введенка жанындағы «Хан қорымына» назар аударған едік. Сонда анықтағанымыз мынау: құлпытас қойылған бейітті біреулер сырлы кірпішпен жақсылап қоршаған (7 сурет). Бірақ қоршауда құлыптасқа жақын салғаны соншалық, тастың төменгі жағын толық көру мүмкін емес. Дегенмен де, ондағы қабірнамалық (эпитафиялық) сөзде қасиетті Құранның Бақара сүресінің Әл-Күрсі аяты қашалғаны және онда «Сұлтан Бөкейқызы... 80 жасында опат болды... Жантөре жамағаты» деген үзік-үзік жазулар бар екендігі анықталды (Экспедиция барысында қарастырылған эпитафиялық жазуларды оқыған маман - Ержан Исабеков. Осы орайда ол кісіге зор ризашылығымызды білдіреміз- авт.). Аталмыш жазулар бейіттің Жантөре әулетіне тиісті екенін әбден бекіте түседі.

Ой өзені Тобылға ұласқаннан кейінгі Ресей мен Қазақстан шекарасы Тобыл өзенімен анықталады, яғни өзеннің сол жақ беті Ресей, оң жақ беті – Қостанай өңірі. Картаның Қостанай жағында «қыстаулар» деп жалпы атаумен белгіленген көптеген елді мекендер бар. Олардың кейбіреуін арғы беттегі «аты аталып, түрі түстелген»  ресейлік елді мекендер арқылы бүгінгі таңдағы атауын табуға болады. Мысалы, ресейлік «Кочердыкокей», «Прорывной» сынды елді мекендерге тұспа-тұсында Қаратал, Ұялысай, Қаражар, Төлеңгіт сынды қазақ ауылдары, Жарқайың, Базар ағашы, Шоққарағай ормандары бар (8 сурет).

8 сурет. Тобыл өзенінің төменгі ағасындағы қыстаулар

Қазіргі таңда ел-жұртсыз қалған Ұялысай ауылында Шығыс Орданы Ахмет Жантөреге дейін билеген аға сұлтан Шотай Бақтыкерейұлының әулетінің қорымы орналасқан.  Қорымда сұланның өзі, оның балалары мен немерелері Мұхаметжан, Қазыкерей Шотайұлы, Ахметқазы Қазыкемелұлы Шотаевтің бейіттері бар.

Қазыкерей Шотайұлы – Ор мұғалімдер мектебін алғаш бітірген 20 түлектің бірі және А.Байтұрсынұлы ұстаздық еткен Орынбаев мектебінде бірнеше жыл қызмет жасайды. «Ахмет Байтұрсынұлы және беймәлім Орынбаев мектебі» атты экспедиция жұмысының барысында қорымдағы құлпытастар қатарынан Шотай Бақтыкерейұлы (9 сурет) мен Мұхаметжан Шотайұлына (10 сурет) қойылған белгілердегі араб қарпіндегі қабірнама сөздер қазіргі замандағы жазуымызға аударылды.

Құлпытастағы жазудан дерекнамалық және әлеуметтік маңызы бар мәліметтер алуға болады. Ондағы дерек бойынша, аға сұлтан Шотай Бақтыкерейұлы 1864 жылы 85 жасында дүниеден өтсе («1864 жылы хамал айының 2 күні Балта керей руының сұлтаны Шотай Бақтыкерейұлы 85 жасында дарул бақиға рихлат етти рахмат ли олғай»), ал оның баласы Мұхаметжан 1869 жылы 12 жасында опат болады («1869 жылы декабрь айының 5-ші күні Балта керей руының сұлтаны Мұхамеджан Шотай ұлы 12 жасында дарул бақиға рихлат етти рахматли олғай»).

Құлпытас – 85 жас жасап, тіршілік қызығын молынан көріп қартайып қайтқан әке мен 12 жаста мезгілсіз о дүниеге ерте кеткен бүлдіршіннің артында қарайлап қалған бұл дүниедегі белгісі! Ғасырларды артқа тастап, көшіп кеткен елдің жұртында жер күзетіп тұрған шекарашылар отряды. Жазуды оқи отырып Сұлтан Шотай Бақтыкерейұлының Мұхаметжан атты ұлы әкесінің 78 жасында дүниеге келгенін көреміз. 78 жасында бала сүю аса мықты денсаулықты қажет етері сөзсіз. Ашық табиғат аясында өмір сүрген ата-бабаларымыздың денсаулығы жайлы ақпаратқа  бүгінгі аурушаң жұрттың назары түседі деп ойлаймыз.

Тобылдың төменгі ағысындағы кең байтақ сулы, нулы өңір – Меңдіқара. Қостанай өңірінің солтүстігіндегі Меңдіқара болысының атауы сол болыстың территориясындағы «Меңдіқара орманы» мен сол орманмен «Ащы сай» арқылы жалғасатын «Меңдіғара» өзекше атымен аталған сынды (11 сурет).

11 сурет. Меңдіқара орманы мен Меңдіқара сайы

Жалпы, Қостанай өңірінде бірнеше болыс, айталық, Аманқарағай, Арақарағай болыстары орман атауымен аталады. Демек, патша заманындағы облыс әкімшілігі аймақтардың атауын жергілікті жердің айқын географиялық ерекшеліктерімен атауға ұмтылып отырғандығы байқалады. Мұндай тәжірибелер бүгінгі біздерге де ой салуы тиіс және тарихи атауларды қалпына келтіруде бағыт-бағдар болары кәміл.

Алмасбек Әбсадық,

ғылым докторы, Қостанай қаласы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5480