Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Ақмылтық 2025 11 пікір 18 Шілде, 2023 сағат 11:58

Отыз жыл елді тонағандар халық қазынасын қайтарады

162 МИЛЛИАРДЕР БАСТАҒАН ОЛИГАРХТАРДАН ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫН ҚАЙТАРАТЫН ЗАҢ ҚАБЫЛДАНДЫ

Өткен сәрсенбіде, 2023 жылдың 12 шілдесі күні ҚР Президенті Қ.Тоқаев “Заңсыз иеленген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңға” қол қойды.

Енді отыз жыл бойы ойына келгенін істегендер Заңсыз иеленген активтерді мемлекетке қайтаратын болады.

Бұл заң ең алдымен Әділетті Қазақстанда заңсыз халық қазынасын иеленгендерден халыққа қайтару жолында ел сеніміне ие болатын заң болуы керек. Бұл алдымен 30 жылда ел байлығының жартысынан астамын, 55 пайызын иеленіп отырған 162 олигархқа қатысты.

Мемлекет басшысының заңсыз иеленген активтерді қайтару туралы тапсырмасы енді осы заң күшіне енген күннен бастап қатты қарқын алуы тиіс. Бұл заң Әділетті Қазақстанымыздың әлпеті қандай болатынын айқындайтын заң болады.

Иә, “Ақ жол” партиясы осыдан он бір жыл бұрын көтерген заң ақыры қабылданды.

Қазір ел шулап жатқан шетке шыққан офшордағы миллиардтарды, жалпы Халықтың қазынасын халыққа қайтару мәселесін «Ақ жол» партиясы талай жылдан бері көтеріп, әділеттілік жолында күресіп келеді. 2013 жылы осы мәселемен біз Швейцарияға дейін барып, сол елдің парламентінде Мәжіліс депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасы Азат Перуашев баяндама да жасаған болатын. Сонымен қатар Латвия, Болгария парламенттерінде, Еуропарламент депутаттарымен кездесуде және т.б. көтеріп келдік.

8 маусымда Мәжілістің жалпы отырысында “Ақ жол” фракциясы ұстанымын білдірген Азат Перуашев бұл ел күткен ерекше заң жобасы туралы “Заңсыз шығарылған активтерді тергейтін парламенттік комиссия құрылу керек” - деген баяндамасында жеріне жеткізе айтты.

“Ақ жол” фракциясы 2013 жылдан бері заңсыз шығарылған капиталдарды қайтару мәселесін Парламентте үнемі көтеріп жүр, осы тақырып бойынша біз Үкіметке, Бас прокуратураға, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне және басқа да құқық қорғау органдарына ондаған депутаттық сауал жолдадық.

2018 жылдан бастап Ұлыбританияда «түбі түсініксіз байлық» туралы норма енгізілгеннен кейін «Ақ жол» фракциясы осыған ұқсас механизмді біздің мемлекетте де қолдануды үнемі талап етіп келеді.

2016 жылдан бастап «Ақ жол» демпартиясының Саяси бағдарламасында капиталды қайтару және де-офшоризация мәселесіне жеке тарау арналған.

Сондықтан, біздің фракция бұл заң жобасын, әсіресе, біз бұрын ұсынған бірқатар нормаларды қамтитындықтан, құптайды.

Дегенмен, заңсыз капиталдың бенефициарларына қатысты бұл заң жобасының «жұмсақтығы» туралы белгілі бір сұрақтар туындауда.

Бұл мұндай капиталдардың 100 миллион доллардан басталатын анық асыра көтерілген шегіне және олардың әшкереленген иелерінің жауапкершіліктен құтылу мүмкіндігіне байланысты” - деді “Ақ жол” фракциясының жетекшісі.

Иә, былтыр 2022 жылы 14 наурызда “Ақ жол” фракциясы бастамасымен парламентте Қаңтар қасіреті есебін тыңдағанда да бұл мәселені Мәжілісте тағы да қайта көтергенбіз.

- Еліміздің бар байлығының жартысынан астамын 55 пайызын 162 адам ғана иеленіп алғанын алғаш рет ашық айтылды. Ал қалған 19 милионнан астам бүкіл халықтың жартысынан астамы кедей екені, бір миллионнан астам адамның жағдайы кедейлік шегінен де төмен екені мәлім болды.

Парламентте “Ақ жол” фракциясы 10 жылдан бері көтеріп келе жатқан шетелдердегі офшорлық аймақтарға кеткен 167 млрд долларды қайтару мәселесі күн тәртібіне қайта шықты. Президент атап айтып, арнайы тапсырма берді, енді тиісті органдар не қарап, кімді күтіп отырсыздар? Ел жағдайы қиын, ал біз халық қазынасынан ұрланған миллиардтарды қайтара алмай қарап отырмыз?!

Негізі, олигархтардан қайыр тілегендей сұрап отырғанша, Менделеев кестесінің бәрі табылатын қазақ жерінің қазба байлығын, кенен кенішін түрлі құйтырқы заңсыз жолдармен қолға түсіріп байығандардан сол байлықты, қазба байлық орындарын түгел қазынаға қайтаруды қатаң талап ету керек!

Өйткені, ол қазба байлықтар олардың да, ешкімнің де ата-бабасынан қалған мұра емес, Құдай берген қалың Қазақтың байлығы!

Мысалы, Сауд Арабиясында қазынадан ұрланған қаржыны түгел қайтарғанша, ханзадалар мен миллиардерлер бірнеше ай үйқамақта (қонақүйлерде) отырған... Нәтижесінде, мемлекетке 100 миллиард доллардан аса қаржы қайтарылған.

Ал Қазақстанның ұрланған қаржыларының көлемі Сауд Арабиясының «саудасын» ондаған есе орап кетері анық!-деп мәселені төтесінен қойған едік.

Бұл мәселе туралы 2022 жылы 3 қарашада "Хабар 24" телеарнасының белгілі журналисі Еркін Байғабылұлы сұқбат та алған еді.

Ол “Қазақ үні” ұлттық порталында: “30 жыл ҰРЛАНҒАН ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫН ХАЛЫҚҚА ҚАЙТАРУ КЕРЕК! Халықтың миллиардтаған қазынасы 162 олигархтың қай ата-бабасынан қалған мұрасы еді?” - деп жарияланған болатын.

2023 жылы 5 қаңтарда Қаңтар қасіретінің бір жылдығында да заңсыз тоналған халық байлығын қайтаруды қайта көтердік.

- Біз мақтанып айтатын Ел байлығы қайда? Экс-президент өзі мойындағандай, “кез-келгенін қолынан сүйреп апарып, соттауға болатын” заңсыз байығандардан халық қазынасын халыққа қайтару керек.

Елімізді отыз жылдан бері обадай жайлап алған әділетсіздік, жегіқұрттай жемқорлық жеп бітірді.

Халық өзгерісті ертең емес - бүгін, қағаз жүзінде емес - өмірде көргісі келеді!” - деп мәлімдеген болатынбыз.

Парламентте 8 маусымда Заң жобасын талқылау барысында ҚР Әділет министрі Азамат Есқараевқа “162 МИЛЛИАРДЕРДЕН ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫН ҚАЙТАРАТЫН КОМИССИЯҒА ЕШКІМ ЫҚПАЛ ЕТПЕЙТІНІНЕ СЕНУГЕ БОЛА МА?-деген сұрақ қойып, заңсыз алынған активтерді қайтару үшін құрылатын комиссияның тәуелсіздігі мен ашықтығы мәселесін көтердік.

Сонымен қатар 27 маусымдағы Мәжілістің жалпы отырысында да бұл мәселені тілге тиек еттік:

- Бабаларымыз талай рет қанын төгіп, жанын қиып, армандап кеткен Тәуелсіздікті қабылдап, ең алғаш әлемге жариялаған Қазақ Республикасы Жоғары Кеңесінің киелі ғимаратын отыз жыл бойы ойына келгенін істегендер иеленіп алып, қазақша атын жаза алмайтындар қазақтың қасиетті орнының шаңын шығарып жатыр. Яғни, Отанымыздың тарихи ордасы отбасының меншігіне айналып кетті!.. Әділетті Қазақстанда қашан әділеттілік орнап, қасиетті ғимаратымызды қайтарып аламыз? “Ақ жол” партиясы 10 жылдан бері көтеріп, жақында қабылданған заңсыз иеленген активтерді қайтарып алатын заңымызды осы ең басты тарихи ғимаратымызды мемлекетке қайтарудан бастау керек! - деп, осы заңға назар аудардық.

Енді, міне, ел көптен күткен «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң қабылданған күнге де жеттік, құдайға шүкір.

ОТЫЗ ЖЫЛ ОЙЫНА КЕЛГЕНІН ІСТЕГЕНДЕР ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫН ХАЛЫҚҚА ҚАЙТАРУЫ ТИІС!

Қазыбек Иса,

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты

Abai.kz

11 пікір