«СҚО – Қызылжар, Петропавл – Абылай хан болсын!»
Қоғам қайраткері, академик ғалым Мұхтар Құл-Мұхаммед Егемен Қазақстан газетіне жазған «Атадан қалған аманат» зерттеу мақаласында Кеңес кезеңінде орыс тілінде аталып кеткен Қазақстан өңірлерінің атын қазақшалайтын уақыт келгенін айтады. Ғалым Солтүстік Қазақстанды – Қызылжар облысы, Петропавлды – Абылай хан деп атауды ұсынды.
«Өткен жылы халқымыздың өшкені жанып, бабаларымызбен бірге жасасып келе жатқан киелі Ұлытау мен Жетісу атаулары қайта жаңғырып, облыстық мәртебеге ие болды. Бір кездегі еліміздің төрт тарапы – Батыс, Шығыс, Солтүстік, Оңтүстік Қазақстан облыстары деп аталғанда, олар тап осылай тапжылмай тұратындай көрінетін. Қазір оңтүстік өңір Түркістан облысы болып қайта түледі.
Енді жаңарған дәстүрді жүйелі жалғастыра отырып, Солтүстік Қазақстанды – Қызылжар облысы деп, ал Петропавл қаласына ұлы ханымыз Абылайдың есімін беретін кез де келіп жеткен сияқты.
Қызылжар – қала ғана емес, Ұлытау, Атырау, Жетісу сияқты топонимикада хороним деп аталатын тұтас өңірдің атауы. Егер сәтімен облыс атын осылай өзгертсек, халықтың талай ән-жырына арқау болған Қызылжардай әдемі атауды қалпына келтіріп, Абылай хандай аруақты ердің рухы алдындағы талай буынының перзенттік парызын орындар едік.
Дәл осы қалада отарлық заманның өзінде-ақ ордасын тіккен, айбыны асқан Абылай хан мұндай құрметке әбден лайық. Бұл – халқымыздың екі жарым ғасыр бойы күткен аманат-арманы.
Осы мәселеге «әлі де болса сақтықпен қарайық» дейтіндер де табылар. Іргедегі Ресей 1991 жылдың өзінде-ақ революция бесігі саналып, ешқашан өзгерместей көрінетін Ленинградты – Санкт-Петербург, ал Свердловскіні Екатеринбург деп атап, екі патшасын бірдей құрметтегенде, бізге неге Кенесары мен Абылайдай қос ханымызды қатарынан ұлықтамасқа?! Әлде Ғафу ақын айтқандай: «Басқаның патшасының бәрі жақсы, Неліктен біздің хандар жаман болған» деп жүре бермекпіз бе?»,-деп жазды қоғам қайраткері.
Академик мақаласында Алматы қаласы атауының этимологиялық, топонимикалық мағынасын ашып, семантикалық, грамматикалық тұрғыдан талдау жасаған. Осылайша отандастарымыздың арасында әлі күнге дейін қолданылатын Кеңестің сарқыншағындай «Алма-Ата» деген атаудың қайдан шыққанына түсінік берген.
«Әуелде шағын бекініс Верныйда Ресей отаршылдығы Орталық Азияға қарай бағытталған әскери-фортификациялық жұмыстар жүргізіп, стратегиялық маңызын күшейте түсті. Сол кездегі әскери құжаттардың басым бөлігінде Верныйдың ресми атауымен бірге оның Алматы нұсқасы да анықтама ретінде қоса қабаттасып жүрді. Өйткені жергілікті халық ұзақ жылдар бойы жат тілден енген «Верный» деген атауға көндіге алмай, оны «Алматы» деген үйреншікті атымен атайтын. Осындай қосарлы атаудан әбден ығыр болғандықтан 1867 жылы отарлық билік Верный атауын Алматинск («Алма-Ата» емес) деп өзгертеді...
Алматы облыстық мұрағатында Жетісу облыстық төңкеріс комитетінің қызметіне арналған 350-қордың 1920-1921 жылдардағы бұйрықтар тізімінде «Алматы» атауының кейінгі тарихын күрт өзгерткен Жетісу облыстық ревкомының төрағасы 1921 жылдың 5 ақпанында қол қойған 18-«a» нөмірлі бұйрық сақталған»,-делінген мақалада.
Бұйрықта Жетісу облыстық ревкомы бұдан кейінгі барлық ресми іс-қағазда қаланың атын «Алма-ата», ал уездің атын «Алма-атинский» деп жазуды жалпыға бірдей міндеттейді.
Оның айтуынша, бұйрыққа Қазақстанның 20-30 жылдардағы көрнекті мемлекет қайраткері, кейін өлкелік партия комитетінің 2-хатшысы деңгейіне дейін көтерілген елшіл азамат Ораз Қиқымұлы Жандосов қол қойған (суретте). Ең бастысы, қайраткер Алматының дәл іргесінде туған, осы қаладағы ерлер гимназиясын бітірген, өзі туып-өскен өлке тарихын бес саусағындай білген.
Қаланың атын өзгерткені үшін Ораз ағамызды кінәлауға бола қоймас. Ол отаршылдық езгіні бала күнінен өз көзімен көріп, «бұратана, жабайы» деген кемсітулерді жастайынан-ақ естіп өскен. Өзі туып-өскен қаланың ежелден «Алматы» деп аталатынын да жақсы білген. Оның қала атауын жеделдете өзгертуге кіріскен басты мақсаты – тарихқа қиянат, ұлт қабылдауына жат «Верный» деген аттан тездетіп құтылу еді. Төрағаның қаламынан шыққан орыс тіліндегі мақалаларының тіл-стиліне қарап, бұйрықты да өз қолымен жазған болуы мүмкін деп шамалаймыз. Бұйрықтан отаршылдық езгі мен қанауға деген ыза-кек айқын байқалады. Оның мәтінінде кездесетін «колониальный захват», «колониальный произвол», «колонизаторское прошлое» тіркестері осыны көрсетеді. Әрине, О. Жандосов бұйрыққа қол қойғанда Алматы сол кездегі ел астанасы Орынбор да, кейінгі бас қаласы Қызылорда да емес, республикадағы көп уездік орталықтың бірі ғана еді. Сондықтан ревком Жандосовтың бұйрығымен шағын қала атауының өзгертілуіне ешкім назар аудара қоймаған сыңайлы. Бірақ бұйрықтың аты – бұйрық. Дәл осы құжаттан кейін барлық ресми қатынаста қаланың орысша атауы «Алма-ата» деп атала бастайды, бірақ жергілікті халық оны ескі дәстүрмен «Алматы» деп айтудан жаңылған жоқ, – дейді автор.
Abai.kz