Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 3369 28 пікір 22 Шілде, 2023 сағат 12:12

Шығанақ шүлен тарата ма?

Президент Тоқаев «Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесінің» бірінші саммитіне қатысты.

Шынын айту керек, «саммит» деген шын мәнінде ілуде бір болып, сирек оқиғалар қатарына жатуы тиіс іс-шаралар соңғы кезде тым көбейіп кеткен сияқты. Оны мен өз басым әлемдік саясаттағы тектоникалық өзгерістермен, әр елдің, әр аймақтың, әр блоктың жаңаша жағдайда өз орнын табуға ұмтылуымен және Орталық Азия секілді бірегей аймақтың жаңа жағдайдағы ролінің артып, оған деген қызығушылықтың өсуімен байланыстырамын.

Бұл саммиттің ерекшеліктері қандай? Тұңғыш рет өткізіліп отырған форумның болашағы не болмақ? Сол туралы бірер сөз.

Осы саммитті әзірлеуге тиіс сыртқы істер министрлері былтыр бас қосқанда, болашақ ынтымақтастықтың негізгі бағыттары жария етілген. Олар – пандемия кезінде үзіліп қалған тауар және транспорт байланыстарын қалпына келтіру, азық-түлік, энергетика және су қауіпсіздігін нығайту, жасыл экономиканы дамыту, экологиялық проблемаларды шешу және климаттық өзгерістердің салдарымен күресу, барлық саладағы озық тәжірибемен алмасу, тиісті сауда-саттық және инвестициялық механизмдерді орнықтыру.

Әрине, өзекті мәселелер. Бірақ, мұндай мақсаттар кез келген елдер арасында рәсімделуі мүмкін ғой.

Сол себепті бұл саммиттің екі ғана ерекшелігіне тоқталайын.

Біріншісі, меніңше, Парсы шығанағындағы араб елдерінің қалтасының қалыңдығында, яғни орасан зор инвестициялық мүмкіндіктерінде жатыр. Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Катар секілді елдер кез келген елді жарылқап тастай алады. Ал Орталық Азия елдері сол қаржыға өте-мөте зәру!

Президент Тоқаев айтқандай, «UNCTAD баяндамасына сәйкес былтыр Орталық Азияға тартылған таза инвестиция 40 пайызға артып, 10 миллиард долларды құрады. Оның 60 пайызы Қазақстанға тиесілі».

Міне, Орталық Азия елдері осы қаржы үшін өзара бәсекеге түсіп, таласып қалатын да шығар. Бәрі мүмкін.

Тек әйтеуір, қаржылы араб елдері инвестиция салу ісін діни ағымдардың дамуымен байланыстырмаса болды. Әйтпесе, тым алысқа кетіп қалуымыз мүмкін.

Екінші фактор араб елдерінің мұқтаждығына қатысты. Әңгіме XXI ғасырдың өте-мөте өзекті проблемасы – азық-түлікпен қамтамасыз ету туралы болып тұр. Шөл мен шөлейт аймағында орналасқан араб елдерінде бұл мәселе күннен күнге ушығып бара жатқаны белгілі. Ал Орталық Азияның азық-түліктік әлеуеті зор.

Президент Тоқаев айтқандай, «еліміз – әлемде бидай мен ұн өндіретін ең ірі он мемлекеттің бірі. Араб әріптестеріміздің «органик» және «халал» өнімдерін өндіру, өңдеу және сертификаттау тәжірибесі мен мүмкіндігі мол. Сондықтан оларға сұраныс жоғары».

Міне, осы екі басты мүдде Орталық Азия мен Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастығының баянды болуының басты алғышарттары болмақ.

Саяси ынтымақтастық жайлы айтудың өзі қиын болар, өйткені саммитке қатысқан елдердің ішкі және сыртқы саясаттағы ұстанымдары әрқилы.

Араб әлемі дегенде, діни фактор, әрине, бірден көзге ұрады, алайда ол шешуші болады деп ойламаймын. Оның үстіне Шығанақтағы кейбір араб елдеріндегі діни ағымдардың Орталық Азия аймағына жат екенін де естен шығармаған абзал.

Шығанақ елдерінің Орталық Азия аймағына осылайша ден қоюына әлемнің басқа саяси ықпал орталықтары жай қарап отыра қоймас, сол себепті АҚШ, Еуроодақ, Қытай мен Ресей де біздің аймақта өз позицияларын одан сайын күшейтуге тырысатыны хақ.

Ол да біз үшін жаман емес: ең болмаса, инвестиция беру шарттары жеңілдейді де, олардың сомасы артады.

Әміржан Қосан

Abai.kz

28 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394