Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Ақмылтық 2690 18 пікір 24 Шілде, 2023 сағат 13:31

«Қазақстан-2030» - қазба байлықты жымқыру жоспары»

Сурет: orda.kz

Менің «ПУТИНСІЗ ҚАЗАҚСТАН» атты мақалама қатысты ой-пікірлерге қарап, Қазақстанның егемендігі мәселесін көпшілік қауым сезім мен эмоция деңгейінде қабылдайтыны байқалады. Егемендік күрделі және ұзақ уақытта шешілетін мәселе ретінде қарастырылмайды. Бұл дұрыс емес.

Нағыз егемендікке жету мәселесінің екі қыры бар: тәуелсіздігімізді шектеуге тырысатын сыртқы әрекеттер мен ондай агрессияға қарсы тұратындай ішкі мүмкіндіктердің болуы. Біз Кремльдің империялық амбициясы жақын арада айтарлықтай әлсірейді деп күтеміз. Алайда бұл егемендік мәселесін толық шешу үшін жеткіліксіз. Мемлекетіміздің тұғырын бекемдемей, тұрақтылығын түбегейлі нығайтпай, егемендікке қол жеткізе алмаймыз. Ол үшін саяси, ең алдымен, конституциялық реформа керек.

Қазақстанның отыз жылдық тарихы Н.Назарбаевтың «алдымен экономика, сосын саясат» доктринасы ел егемендігі үшін қаншалықты зиян болғанын көрсетті. Бара-бара бұл «саясат мүлде жоқ» доктринасына, немесе елбасыдан басқа азаматтардың саясатпен айналысуына тыйым салуға айналды. Осылайша, әу бастан-ақ ұлт жеңілісіне шикілік жаратылды. Еркін мемлекетке тән өкілетті парламент, оған бағынышты үкімет, әділ сот, тәуелсіз БАҚ және т.б. институттар болмай, егеменді Қазақстан құру мүмкін емес.

Осы орайда, бір кездері шен-шекпендінің аузынан түспеген, қазір мүлде ұмыт болған «Қазақстан-2030» Стратегиясы еске түседі. Кезінде, 2004 жылы Құсмұрын колониясында отырғанымда «ПОКУШЕНИЕ НА МИРАЖИ» атты көлемді мақала жазғанмын. Мен онда осы стратегиянын нақ атасы, аты шулы тыңшы әрі жемқор Джеймс Гиффен елімізді дамыту жоспары орнына шын мәнінде қазба байлықтарымызды жымқыру жоспарын ұсынғанын көрсеткен едім.

Назарбаев мемлекеттің ақшасы (өз ақшасы деп оқыңыз) неғұрлым көп болса, соғұрлым еліміз (өзі) күшті болады деп есептеген сияқты. Шындығында, бәрі олай емес. Табиғи ресурстардан түсетін «оңай» ақша көбейген сайын мемлекет басшысы қалтасын тез қомпайтып, халықты алдап-арбап, диктаторға айналады. Сонымен бірге мемлекеттің осал тұстары көбейіп, әлсірейді, ал диктатордың өзі ақырында келмеске кетеді. Қазіргі президент өзінің «Стратегия-2029» бағдарламасын жоспарлағанда (7 жылдық мерзімі аяқталғанда) осыны ескеретін болар.

Ғалымжан Жақиянов

Abai.kz

18 пікір